
Хэллбендер саламандрасы су жыланына көп әуес емес, көбіне ол ұсақтау жемтіктерді таңдайды. Фотограф Дэвид Херасимчук мына ерекше кадрды штаттың шығыс бөлігінде түсірген.
Өзен, жылға мен көл астындағы жойылу қаупі төнген әлем…
Жердегі судың үш пайызға жетпейтін мөлшері ғана тұщы, десе де осы бассейндерде барлық балық түрінің жартысына жуығы мекендейді.

Суды ауылшаруашылыққа бұру Каскад тау жоталарындағы Орегон дақты бақасының тіршілік ортасын тас талқан етті
Дэвид Херасимчуктің мұз қатпайтындай суда 10 сағатқа дейін жүре беретін кездері көп. Ол сүңгуір костюмін киіп алып, камерасын құшақтап, суда қалықтап күтумен көп уақытын өткізеді. Соншалық сабырына қарап оның асыққанын байқау қиын. «Мына тіршілік иелерінің көбі миллиондаған жылдардан бері бар, – дейді ол, – тек соңғы жүз жылда ғана олар жойыла бастады».

Бақтақ аталықтары уылдырық шашуда басымдыққа ие болу үшін бір-бірімен долдана шайқасуда

Теннесси тортасы сияқты талма балықтар жұптасуға дайындалғанда күміс түстен жарық ашық бояуға өзгереді
Херасимчук Freshwaters Illustrated коммерциялық емес табиғат қорғау ұйымында фотограф әрі оператор болып істейді. Аталған ұйым үшін ол әлемдегі өзен-көл атаулының жойылу қаупі төнген жабайы табиғатын түсіреді. Ғалымдар тұщы суда тіршілік ететін балық түрлерінің кемінде 20 пайызына жойылу қаупі төнген не мүлде жойылып кетті деген баға береді. Өйткені су бөгеттері олардың көшу жолдарын жауып, сарқынды судан ластанған әрі температурасы жоғарырақ тіршілік орталары оларға жат болып келеді.

Тынық мұхит миногасы сарқырамамен жоғары жүзіп барып, тастарға жабысып қала алады

Ересек қатпар терілі тритон жұптасу үшін орманнан батпаққа көшеді.
Олардың жойылуының адамға әсері жоқ емес. Ауызсу алатын тұщы су бассейндері экожүйенің саулығына тәуелді. Қосжарнақтылар мен батпақ өсімдіктері ластаушы заттарды сорып-сіңіріп алады. Ал кей жануарлар су сапасын түсіретін детриттерді тұтынады. Олардың ареалына әсер ететін ластаушы заттар аталған жануарларды жойып жіберуге жеткілікті. Олар адамнан үріккіш келеді, сондықтан Херасимчуктің сабыры үнемі жемісті бола бермейді. «Мына тіршіліктің бәрі жойылып барады», – дейді жан-жануардың жойылу процесіне қарсы жарысып жүргенін есінен еш шығармайтын ғалым.

Авторы: Мелисса Суран, фото: Дэвид Херасимчук
