Ұлылар мекені, дүрлер даласы – қасиетті Маңғыстау жері!
Ержүрек бабалардың қаны сіңіп, күреңіткен киелі топырағы көне тарихтан ғажайып сыр шертіп жатқандай…
Маңғыстау облысы Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан. Жер көлемі 165,6 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Аймақ халқының саны — 624 мың. Ауа райы күрт құбылмалы, шөлейт дала болғанымен, құм сахарасының арасында жұмақ аралындай көкпеңбек оазистер кездесіп жатады. Төрт құбыласы тең даңғыл, транспорттық әлеуеті зор, Қазақстанның теңіз қақпасы саналатын өлке өзінің экономикалық жетістіктерімен де мақтана алады. Орталығы — Ақтау қаласы.
Маңғыстау жері ІХ-ХІХ ғасырлар, тіпті, одан да ерте дәуірлерге тән тарихи-мәдени жәдігерлер топтастырылған Қазақстандағы бірден-бір жер. Олардың жиынтық атауын халық «362 әулие» деп атап кеткен. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Сейсем ата секілді қасиетті орындар ғасырлар бойы халықтың рухани қажеттілігіне қызмет етіп келе жатыр. Қазақ мемлекеттілігінің мызғымас тірегі болған қастерлі есімдер талай ғасыр аунаса да, ұрпақ санасынан еш ұмытылмақ емес. Керісінше күн өткен сайын жаңарып, жаңғыруда.
Маңғыстау табиғаты мүлдем ерекше. Үстірт пен ойпатты иен жайлаған арқар, ақбөкен, қарақұйрық секілді 200-ден астам сирек сүтқоректілер бұл даланың мақтанышы болып табылады. Көптеген жануарлар мен өсімдіктер халықаралық және қазақстандық Қызыл кітапқа енгізілген. Жусан, бұйырғын, күйреуік, сораң, жантақ, жыңғыл, қараған, қара сексеуіл сынды өсімдіктері ошаққа — от, малға — азық. Маңғыстау аспанының да өз тіршілігі бар: солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын жыл құстарының негізгі трассасы осы жер арқылы өтеді.
Фото: Андрей АСТАФЬЕВ, Ерболат ШАДРАХОВ