Quantcast
Channel: Табиғат | National Geographic Qazaqstan
Viewing all 146 articles
Browse latest View live

Ұлы көш

$
0
0

Жыл құстары бастан кешетін қиын сапарлар мен адам баласының оларға жасайтын залалы туралы ойланып көрдік пе?

Солтүстік бозшағаласы. Басс аралы, Шотландия. Жұптасу маусымында 150 000 бозшағала Ферт-оф-Форт шығанағындағы осы аралға жиналады. Қыста бұл құстар Батыс Африкаға дейін ұшып барады. Вилькес пен оның көмекшісі жартасты жерде 28 сағат ұйқысыз тұрып, 1176 кадр түсірді. «Бұл медитацияға ұқсайды, – дейді ол, – ештеңені назардан тыс қалдырмайсың». Осы кескінді алу үшін шамамен 150 фото пайдаланылды.

Фото: Далримпл отбасы мен Шотландия теңіз құсы орталығының рұқсатымен түсірілген.

Панорамалы суреттерде құстар өмірінің бір күні бейнеленген. Фотограф Стефен Вилькес көріністі таңдап, аппаратын ыңғайластырып түнге дейін суретке түсірумен айналысты. Вилькес кейіннен үздік сәттерді таңдау үшін фотоларды редакциялап, тігіссіз құрама сурет шығарды. «Бұл суреттерден сол күнгі шынайы оқиғаны көресіз», – дейді ол.

Кіші фламинголар. Богория көлі, Кения. Африканың Ұлы рифт жазығын мекендейтін кіші фламинголар биік орналасқан тұзды көлдердің экстремалдық табиғи ортасында тіршілік етеді. Олар басқа жануарлар үшін улы болып табылатын балдыр гүлдерімен қоректенеді. Бұл құстар жыл құстарына жатпайды, бірақ олар көшпенді, қорек молдығына қарай бір өзеннен екіншісіне көше береді. Вилькес 10 метрлік құрама саты үстінде камуфляжға бүркеніп, 36 сағаттан астам уақытта 1742 кадр түсірді.

Канада тырнасы. Роу қорығы, Небраска штаты. Ақпанның ортасынан сәуірдің ортасына дейін жарты миллион Канада тырнасы Платт өзені бойына жиналады. Олар Мексика мен АҚШ-тың оңтүстігінен арып-ашып келіп, Арктиканың төменгі бөлігі мен өзендеріне жету үшін осында қоң жинайды. Сегіз метр жоғарыда жасырынған Вилькес 36 сағаттан астам уақыт жатып 1377 фото түсірді. Оның шамамен 200-і осы суретті жасауға пайдаланылды. Күндіз тырналар алқаптағы қалдық бидайға қарын тойғызады. Кешке толқын-толқын болып өзенге ағылады. «Бұл – бұрын-соңды мен көрген ең тамаша көріністердің бірі», – дейді ол.

Фотолар: Аудубонның Роу қорығының рұқсатымен түсірілген.

Қара қасты альбатростар мен оңтүстік Рокхоппер пингвиндері. Стипл Джейсон, Фолкленд Аралдары. Альбатростар теңіз маңайындағы шүйгін жерді пингвиндермен бөлісе жайғасады. Бірі – ұяларында балапандарын қорғап отырған кезде олардың серіктері мұхит үстінде қалықтап, жем іздеп жүреді. Олар Патагон қайраңы мен Аргентинадағы өзен тармақтарында қыстап, сол орталарына қайтып келеді. Осы қашықтағы мекенге жету үшін Вилькес ашулы оңтүстік тау каракаралары үйірінің арасынан өтіп келді. Ол үздік ракурс үшін шөп арасында тұрып 26 сағатта 926 фото түсірді, соның ішінен шамамен 80 фотодан осы сурет құрастырылды.

Фотолар жабайы табиғат қоғамының рұқсатымен түсірілген.


Күн ұясына қонар уақытта Жаңа Зеландиядағы Темза өзені үстімен кіші шырғалақтар үйірі ұшып-қонып жүрді.

Шырғалақтар ұзын тұмсықтарымен шұқылап, құрт-шаянын теріп жеп жүрген жұмсақ жағалау су астына кетіп жатты. Су ілгерілеген сайын олар жем іздеуін тоқтатып, мығым сирақтарына қадалған майлы денелерімен кербездене қозғалып жағалаудан әрі жылжиды. Түрі біраз ұсқынсыз және тұрпайылау, қауырсындары өңі кеткен қоңыр-сары шүберектей кіші шырғалақтар соншалық қарапа­йым көрінеді. Аспан алқызыл түске боялғанда олар ұясына қарай бет алды. Сағаттар бойы үзіліссіз демалып отыратын олар кәдімгі мақұлықтай көрінеді.

Еш нәрсе шындықтан қашық бола алмас еді. Алты ай бұрын бұл құстар Аляскадан ұзақ жол ұшып келген болатын. Таңғаларлығы сол, олар еш жерге қонбады. 8-9 күн қанаттарын тынымсыз қағумен болды, бұл шамамен 11 500 шақырым немесе Жер шарын айналып өтетін жолдың ширегінен асады.

Шырғалақтар мұнда келгенде әбден қалжырап әлсіз күйге түсетін. Қазір олар Аляскаға жетіп алатындай қоң жинап алды. Олар жазда сол жерде ұрпақ өрбітеді. Сары теңізге дейін шамамен 10 000 шақырым ұшады. Ол жерде алты аптадай азықтанып «демалып» алады да, тағы 6500 шақырым ұшады.

Кіші шырғалақтар мыңдаған жыл бойы көшіп-қонумен келеді, алайда олардың сапарлары туралы анық картина кейінгі он жылдықта ғана пайда болды. Құстар миграциясы ғасырлар бойы таңданыс тудырып келсе де, жаңа ғылыми ашылымдар олардың құпиясын жарыққа шығаруға көмектесуде. Сонымен бірге ғалымдар адам әрекеті мен климат өзгерісі осы ежелгі көш дәстүріне қалайша кедергі келтіріп, қауіп төндіріп жатқанын зерттеуде.

Кіші шырғалақтар Жаңа Зеландиядағы Хиткот және Авон өзендерінің сағасынан жем іздеп жүр. Олар Аляскадан Жаңа Зеландияға дейін тоқтамай ұшып келеді. Бірақ кері қайтарда Сары теңіз үстінде аялдайды.

Шырғалақтардың шағылысу маусымында Жаңа Зеландияда көзден ғайып болуына байланысты маори халқы оларға мистикалық құс ретінде қарай бастады. 1970 жылдары құс бақылаушылары мен биологтар: «Жаңа Зеландиядағы шырғалақтар мен Аляскада ұя салатын шырғалақтар бір емес пе екен», – деп күдіктене бастады. Алайда ғалымдар олардың миграция бағытын тек 2007 жылы ғана анықтай алды.

АҚШ Геологиялық басқармасының тұмса табиғат биологтары Боб Гилл мен Тереза Ли Тиббитс бірнеше шырғалақ ұстап алып, олардың ауа қапшығы ішіне спутниктік трансмиттер орнатты. Наурыз-мамыр аралығында солтүстік миграциядағы құстар тобын бақылады. Трансмиттер батареясының қуаты жаз бойына жетпейтін, сондықтан олардың біреуінен басқасы біртіндеп істен шықты. 2007 жылдың 30 тамызында Е7 код атаулы бір шырғалақ Аляскадан шықса да, сигнал таратуын тоқтатпады.

Зерттеушілер чип тағылған құстың Гавай аралдарын, Фиджиді артқа тастап, 7 қыркүйекте Жаңа Зеландияның солтүстік-батысындағы мүйіс үстінен ұшып өткенін тіркеген. «Бұл сәт жүйкені жұқартты, себебі батареяның қуаты таусылуға шақ қалған болатын», – деп еске алады Тиббитс. Сол түні E7 Темза өзенінің сағасына қонды. Сегіз күн сегіз түн және 11 500 шақырым, бұл – бұрын-соңды тіркелмеген ең ұзақ кідіріссіз ұшу сапары.

E7-ні бақылау жыл құстарының көшіп-қонуына деген қызығушылықты одан сайын арттыра түсті. Олар қайда барады? Соншалық алыс жерге қалайша ұшып бара алады? Жаңылыспай қалай жол табады? Спутниктік бақылау және басқа да технологиялардың дамуы зерттеушілерге осы сұрақтарға бұрын болмаған деңгейде тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

Канаданың Альберта провинциясындағы орман ішін шарлап келе жатып, эколог Майкл Холлворт коннектикут сайрағыш құсының әніне құлақ түрді. Бұл – кеуде тұсы сары және көз сақинасы ақ түсті айрықша құс. Өздері электрондық құрылғымен белгілеп қойған аталық құс назарға ілінген кезде Холлворт пен оның әріптестері екі ағаш арасына көзге көрінбес тор құруға жедел кірісті. Холлворт тордың артына спикер орналастырып, оны кабель арқылы өз телефонына жалғады. Артынша  ағаш артына жасырып, аталық айқабақтың дыбысын қосты. «Бұл аумағыма әлдебір бәсекелес кіріп кетті ме» деп жанұшырған айқабақты тартудың қитұрқы тәсілі еді. Әрине, аталық құс «торға» түсті.

Сары теңіз – миллиондаған құстың аса маңызды азықтық мекені. Бірақ Қытай мен Оңтүстік Корея жағалауындағы қарқынды даму құстардың қоректену ортасын тарылтуда. Ирландия құмдауықтары, шырғалақтар мен балшықшы тәріздес жағалау құстары тартылып бара жатқан батпақтарда азық іздеп шарқ ұруға мәжбүр.

Құсты босатып жатып Холлворт оның арқасына орнатылған белгіні еппен алып тастады. Белгі деп отырғанымыз – салмағы бір граммға жетпейтін жарық деңгейін тоқтаусыз өлшейтін геолокация­лық құрылғы. Аймақтарға қарай күннің шығу-бату уақыты өзгеретіндіктен ғалымдар құс ұшып өткен жолды анықтау үшін алынған деректерді талдай алады. Холлворт пен оның әріптестері әлі жүргізіп жатқан осы талдау сайрағыш құстың қыс айларын нақты қай жерде өткізетінін анықтауға мүмкіндік береді. «Біз бұл құстың Оңтүстік Америкаға ұшып кететінін білеміз, бірақ әлі нақты қай жерге баратынын анықтауымыз қажет», – дейді ол.

Мұндай талпыныс құс миграциясын бақылауда қаншалықты ілгерілегеніміздің астын сызып көрсетеді. ХІХ ғасырдың басына дейін құстар популяциясының жылдың бір бөлігінде көзден таса болуын түсіндіретін теориялар ерекше қиял-ғажайып еді. Аристотель кей құстар қысқы ұйқыға кетеді не басқа түрге ауысады деп ойлаған. Орта ғасырдағы Еуропада ақжақты қарашақаздардың қыста пайда болуын олардың ағашта өсуімен түсіндіретін. XVI ғасырда әлдебір ағылшын ­минис­трі олардың Айға ұшып кететіні туралы теория ұсынған. Құстардың көшіп-қонатыны туралы ең ғажап айғақ 1822 жылы Германияда бір аңшы мойнына жебе қадалған ақ дегелекті әуеден атып түсірген кезде пайда болды. Жебе орталық Африкаға тән болатын. Натурализм жақтаушылары бұл оқиғадан дегелек мыңдаған шақырым жерді ұшып келген деген қорытынды жасады. 1906 жылы құс бақылаушылары ақ дегелектердің аяқтарына сақина тағып, олардың Африкадағы Сахара шөлінің төменгі аймағындағы қай жерлерді қыстағанын анықтай бастады.

Жебе қадалған дегелекті атып түсіргелі бері екі ғасырда ғалымдар мен құс бақылаушылары қанаттылардың мыңдаған түрінің мекен ауыстырулары жөнінде деректерді анықтады. Бізге белгілі құс түрлерінің шамамен жартысы жыл құстарына жатады. Лайсан альбатростары Тынық мұхиттың тропикалық аралдарында ұя салып, жылдың жартысына дерлігін азық іздеп мыңдаған шақырым қашықтыққа қалықтаумен өткізді. Олар тіпті Жапония мен Калифорнияның жағалауына де­йін ұшып барады. Қызылжемсаулы колибридің ұшуы құс қанатының құлашы үлкен болуы қажетті алғышарт емес екендігіне дәлел. Олар АҚШ және Канададағы үйірлерін тастап, Мексиканың оңтүстігінен Панамаға дейінгі қыстақтарына жалғыз ұшып барады.

Құстар өміріне төнген қауіптен қашу үшін мекен ауыстырады. Солтүстік Америкаға қыс келгенде қызылжемсаулы колибриге азық болатын нәрлі гүлдер мен жәндіктер өліп қалады. Сондықтан оның азығы мол жерге көшуден басқа амалы қалмайды. Канада мен АҚШ-та күн жылынуымен олардың ресурстары қайта жанданатындықтан солтүстіктегі үй көрік тарта бастайды.

Канада тырналары жұбы Нью Мексикодағы Боск-дель-Апаче ұлттық табиғи қорығында жұптасу биін билеуде. Қорық, негізінен, 1939 жылы осы Канада тырналары мекендейтін табиғи ортаны қорғау мақсатында ашылған. Олар жартасты тауларда жұптасып, АҚШ-тың оңтүстік-батысы мен Мексиканы қыстайды.

Көптеген құстың миграциясына су тасқыны да себеп болады. Амазония су бассейніндегі Ману өзенінің жалаң құмды аралдарында ұя салатын қара сукесердің қосалқы тұқымдастары соның мысалы. Қыркүйектен бастап өңірде нөсерлеген жаңбыр басталған кезде бұл құстар Тынық мұхиты жағалауына жылжиды не биігірек жерлерге көшіп, су деңгейі түскенде қайта оралады.

Бұл миграция жолдары мыңдаған жылға созылған бейімделуден туған. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, құстар көші өрісін қоңыржай аймақтарға кеңейтуден пайда болған. Басқа көзқарас бойынша көптеген құс түрі қоңыржай аймақтарда пайда болып, артынан жылдың салқынырақ мезгілдерін тропикалық өлкелерде өткізуді үйренген. «Шындығында, екі нұсқаның да белгілі бір дәлелі болуы мүмкін», – дейді Вингер.

Бүгінгінің ұшу бағыттарын тудырған бейімделу сырын кейбір қалыптан тыс миграциялардан іздеп табуға болады. Макс Планк атындағы орнитология институтының бұрынғы директоры Питер Бертхолдтың айтуынша, оның бір мысалы – батпақ айқабақтары. Бұл құстар Германияның солтүстігінен Шығыс Африкаға дейін ұшып барады. Ол жерде бірнеше апта болып, әрмен қарай Оңтүстік Африкаға бет алады. «Бұрынғы кездері олар қысты Сахараның оңтүстігінде өткізе беретін, өйткені аймақ біразға дейін жасыл болып қалатын. Бұл олар үшін жұмақ еді, – дейді Бертхолд, – кейіннен ол жердің шұрайы таусылып, батпақ айқабақтары оңтүстікке қарай кетуге мәжбүр болды».

Осындай көші-қон әдеті құстардың генінде жазылған ба, әлде олардың кішілері үлкендеріне қарап үйрене ме? «Табиғат па, әлде тәрбие ме» деген сарында көптеген сұрақтың жауабы осы екеуінің әлдебір араласынан тұратынға ұқсайды. «Бұл сала әлі өзінің «сәбилік» кезеңінде», – дейді зерттеуші ғалым Джессе Конклин.

Аляскадан Жаңа Зеландияға дейін тоқтаусыз ұшу адам ақылына қонуы оңай емес, сондықтан Гилл балалармен кіші шырғалақтар туралы әңгімелес­кенінде өз «фишкасын» қолданады. «Жарайды, қане, бәрің тұрыңдар, қолдарыңды созыңдар, енді қанаттарыңды қағыңдар, мұны қаншалықты ұзақ істей алатындарыңды көрейік», – деді Гилл оларға. Сосын қуақылана былай деді: «Енді осылай сегіз күн қатарынан істеп көріңдер».

Алысқа ұшатын басқа құстар секілді шырғалақтар да жолға шығардан апталар бұрын денесіне барынша май жинап, сапарға дайындалады. Осы май құстарға қуат береді. Сапарға шыққан кезде шырғалақ салмағының жартысы майдан құралады. Май олардың терісінің астында үш сантиметрге дейін қалыңдықта болады және іш құрылысын «қаптап» алады. «Мен оларды майбөксе деп атаймын», – дейді орнитолог Фил Бэттли.

Нью-Мексиконың Боск-дель-Апаче қорығында ақ қаздар аспанды торлап жүр. Бір кездері жойылуға шақ қалған олардың саны артқаны соншалық, қазір олар жұптасу мекендерін жұтаңдатып, басқа түрлерге қауіп төндіріп отыр. Бұл құстар Канаданың солтүстігінен шамамен қараша айында келіп, осы аймақта үш айдай қалады. Ақпан соңына таман көбі жұптасу өңірлеріне қарай ұшып кетті. Дональд Джеске, National Geographic шығармашылық қызметкері, Your Shot.

Май жинаған кезде олардың көкірек және аяқ бұлшықеттері үлкейіп кетеді. Басқа алыс қашықтыққа ұшатын құстар, мәселен, ирландия құмдауықтары ұшуға дайындық ретінде бұлшықетті асқазаны мен басқа мүшесін жиырып алады.

Басқа жыл құстары тәріздес шырғалақтар да желдің қуатын пайдаланады. Олар дауылдардың артынан Аляскадан оңтүстік бағытта соғатын желмен ілесе шыққанды «жөн көреді». Олардың Жаңа Зеландиядан ұшып шығуы жолға ыңғайлы ілеспе желмен тұспа-тұс келеді. «Жаңа Зеландиядан ұшып шыққанда жұмсақ жел сапарлас болады, – дейді Гилл, – бірақ артынан олар солтүстікке баратындықтан басқа желге «ілініседі». Олар Сары теңізден Аляскаға қарай ұшып шыққанда қайтадан жел олардың ыңғайына қарай соғады. Зерттеушілердің пайымдауынша, қалықтап жүргені байқалмаған шырғалақтар, тіпті жел ыңғайына келсе де, сапар бойы қанат қағумен болады. Ал альбатрос тәрізді түрлер қалықтауды пайдаланады.

Кей құстар ұйқы режимін реттеп отыратын таңдай қақтырар қабілетке ие. Макс Планк атындағы институтта істейтін Нилс Раттенборг пен оның әріптестері құлашы екі метрден асатын және Тынық мұхиты үстінде азық іздеп мыңдаған шақырым шарлайтын үлкен фрегаттардың ұйық­тау әдетін зерттеу үшін Галапагос аралдарына барды. Зерттеушілер мидың электрлі белсенділігін бақылау үшін датчиктер орналастырып, бастарына мәлімет жазатын құрылғыларды жапсырып қойды. Бұл құрылғылар құстардың орналасқан жері мен биіктікті тіркеп отырудан бөлек, олардың ұйқы режимі туралы ақпарат береді.

Тынық мұхиты үстінде 10 күн уақыт өткізгеннен кейін фригаттар ұяларына қайта оралды. Мәліметтер көрсеткеніндей, олар орташа 12 секундқа созылатын болар-болмас уақытқа ғана «көз шырымын» алған. Әдетте қалықтап жүріп ұйықтаған. Осындай үзік-үзік ұйқыларды қосқанда күніне орташа 42 минут шыққан. Ұяларындағы 12 сағаттық ұйқымен салыстырғанда, бұл – болмашы ғана нәрсе. Әуеде өткізген уақыттың басым бөлігінде құс миының жартысы ғана ұйықтаса, екінші жартысы ояу қалған.

Ұшу кезінде шырғалақтар да осы «әдіске» сүйене ме, жоқ па – мұны анықтау үшін зерттеушілерге айтарлықтай кіші өлшемдегі батареялар қажет. Раттенборгтың айтуынша, бұған қол жеткізуге болады. «Олар ұшып жүріп көз шырымын алуы мүмкін, бәлкім, тіпті қанат қағып жүріп те», – дейді ол.

Данияда өскен Хенрик Моуритсен өз өңіріне тән емес құстарды ауық-ауық көретін. Бірде ол шөл тасшымшығын суретке түсіріп алады. Бұл құс­тың кейбір үйірлері Орталық Азия мен Солтүстік Африкадан Үндістанға дейінгі аралықты мекендейді. «Соншалық алыс, беталды ұшатындай бұл құстарды не түлен түртті екен деген ой мазалады мені», – дейді ол. Осы ынтызарлық бүгінде профессорлыққа жеткен Моуритсенді дәл сол жұптасу мекендері мен қыстақтарға оралуда жол табу құпиясын іздеген зерттеушілердің еңбегіне жетеледі. Ғалымдар мұның бірнеше механизмін тапқан. Сірә, құстар осы механизмдерді пайдаланатынға ұқсайды.

Ақ дегелектер биік жерлерге ұялайды. Испанияның батысындағы Экстремадура облысында қаңырап қалған ғимаратта ақ дегелектер үйірі тіршілік ететін. Осы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде қолдан жасалған ұя бағандары оларға пана болды. Ақ дегелектер миграциясы әртүрлі: кейбірі – Африкада қыстаса, кейбірі – Еуропадағы мекендерінен қашықтамайды.

1951 жылы неміс ғалымы Густав Крамер кәдімгі қараторғайлар компас ретінде күнге сенім артатынын анықтады. Артынша 1960 жылдарда эколог Стефен Эмлен америкалық шұбар шымшықтарды планетарийге орналастырып, құстардың жұлдыз­дарға қарап бағыт-бағдар табатынын көрсетті. Сол уақыттар шамасында ерлі-зайыпты неміс зоологтары Вольфганг және Росвита Вильчколар таңшымшықтар бойынша зертханалық жұмыс жүргізіп, құстардың ішкі магниттік компасы болатынын анықтады.

2003 жылы Моуритсен мен оның екі әріптесі Вильям Кохран және Мартин Викельски жабайы табиғатта мекен ауыстыратын сайрауықтардың навигациялық қабілетін зерттеу үшін тәжірибе жүргізді. Бастапқыда зерттеушілер құстарды күн батарда даладағы торға салып, оларды Жермен салыстырғанда шығысқа қарай 70-тен 90 градус аралығында ауыстырылған магниттік өріс ықпалында қалдырады. Денелеріне титімдей радио­-трансмиттерлер орналастырылған құстар түнде бостандыққа жіберіледі. Зерттеушілер олардың артынан 1100 шақырымға дейін аңдиды. Сапардың алғашқы түні құстар солтүстікке қарай ұшудың орнына батыс жаққа бет алған. Бірақ кейінгі түндері олар солтүстікке ұшқан, бұл солай болуы керек те еді. Зерттеушілер: «Құстар өз «магниттік компастары» арқылы ымырт түскенде бағыттарын түзеп отырды», – деп қорытындылады.

Моуритсеннің жорамалдауы бойынша, шыр­ғалақтар өз «магниттік компасына» сенім артып,  күн көрінген сайын оны қайта түзетіп отырады.

Шырғалақ тәріздес ирландия құмдауығы қиыр солтүстікте жұптасады да қыстау үшін оңтүстікке қарай мыңдаған шақырым ұшады. Ол жағалауда арық тұмсығымен ылғалды топырақты шұқылап ұлу іздейді. Джан ван Гилс әріптестерімен бірге осы құстардың теңіз шөбімен қоректеніп жүргенін көргенде бұл жағдайды түсіне алмады. Джан – теңіз экологі, ол Арктикада жұптасып, Мавританияда қыс­тайтын қосалқы түрлерді зерттейді. Зерттеу­шілер бұлардың тұмсығы қысқа, денесі әдеттегіден кішкентай балапан құмдауық екенін анықтады. Сондай-ақ олар балапандарының дене көлемі жылына қарай айтарлықтай өзгеретінін де білді. Арктикада ауа райы жылы болған кезде дүниеге келгендерінің денесі кішілеу, тұмсықтары қысқалау келеді. Мұның ең ақылға қонымды түсіндірмесі сол –  балапан кезінде қорегі жеткіліксіз болғандығы. Өйткені қар ерте еріп, олар қоректенетін жәндіктер тым ерте көбейіп, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандарды азықсыз қалдырып, «тонап кеткен».

Олар Мавританияға көшкен кезде қысқа тұмсықты құмдауықтар балшыққа терең жасырынған ұлуларды аулауға тұмсықтарын жеткізе алмаған. «Теңіз шөбінің құнары аз, – дейді Гилс, – құмда­у­ықтар онымен қоректенеді деп еш ойламайтынбыз, бірақ олардың басқа амалы жоқ еді». Зерттеушілер сонымен бірге қысқа тұмсықты Ирландия құмдауықтарының ғұмыры да қысқа болатынын анықтады. «Арктикадағы қоректің азаюы­нан қашқанымен айналып келгенде тропикада аштан өлуге тура келді», – дейді ол.

Ирландия құмдауықтарының үйірі Ирландия теңізі жағалауындағы жел стансасы алдында топтаса ұшып жүр. Құмдауықтардың бұл түрі Арктикалық Канадада және Гренландияда жұптасып, батыс Еуропа жағалауларында қыстайды. Жел турбиналары құс популяциясына қауіп төндіре ме, жоқ па – Еуропа зерттеушілері осыны анықтауда.

Ирландия құмдауықтары климат өзгерісі мен экологиялық залалдың жыл құстарына зияны тиіп жатқанына нақты дәлел бола алады. Көптеген теңіз құсының түрлері өткен жарты ғасырда күрт азайып кетті. Ал Солтүстік Америкадағы жағалау құстарының саны 1973 жылдан бері 70 пайызға қысқарған. Шығыс Азия-Австралия әуежолын пайдаланатын түрлер де күрт азайған. Мұның басты себебі Сары теңіз үстіндегі аялдау мекендерінің тоқтаусыз бүлінуімен байланысты сияқты. Мұндағы судың көтерілуі мен қайтуына тәуелді жағалаулар айлақ, зауыт немесе тұрғынжай құрылысы үшін бас айналдырар жылдамдықпен игеріліп жатыр.

Сол сияқты заңсыз аңшылық пен жер пайдаланудағы өзгерістер Еуропа мен Африка және Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка арасында көшіп-қонатын құстарға қауіп төндірді. Табиғат қорғаушылар: «Тек Жерорта теңізі аумағының өзінде жылына 11 миллионнан 36 миллионға дейін құс өлтіріледі», – дейді. Африкада Сахара шөлінің төменгі жағындағы қыстық мекендер алыс қашықтықтан келетін көптеген жыл құсына бұрынғыдай «қонақжай» емес. Өйткені жерлердің көбі ауыл шаруашылығы үшін өсімдік жамылғысынан айырылған. Аялдау мекендеріндегі фермалардың қанат жаюы жыл құстарын азықсыз қалдырды. Мәселен, оңтүстік Еуропада шағын ферма кластерлері аз болатын, олардың арасында адам қолы тимеген алаңдар бар-тұғын. Осы жерлер мол қорек көзі еді. Қазір бұл ландшафт үлкен массивтерге гомогенизделген. Мұнда жүгері тәріздес дара дақылдар егіліп, өнім шашаусыз жиналады.

«Әр дара дақыл толық пайдаланылады, сондықтан соңында еш нәрсе қалмайды, – дейді зерттеуші ғалым Ганс-Гунтер Бауер, – құстар үшін бұл зор қиындық тудырады, өйткені алдағы сапар үшін оларға қоң жинау қажет».

Осы дабылды тенденцияларды кері қайтару үшін табиғат қорғаудың түрлі шаралары – ормандар мен жағалауларды қорғаудан бастап, жыл құстарын аулауға және атуға тыйым салатын заңдарды қабылдауға дейін қажет болар еді. «Жаңа технологиялар табиғат қорғау шараларына көмектесе алар еді, – дейді Смитсонов жыл құстары орталығының басшысы Пит Марра, – соңғы елу жылда саны 60 пайыздан астам азайып бара жатқан орман сайрауықтары тәріздес түрлерге АҚШ-тың оңтүстік-шығысындағы жұптасу аймақтарында болып жатқан жағдайлар, Мексика мен Колумбияның қысқы мекендеу аймақтарының жойылуы ықпал етіп отыр». Зерттеушілер құстардың жұптасу мекендеріндегі орманды алқаптардың жойылуынан көбірек зардап шегіп отырғандарын анықтады.

Жаңа Зеландия күні жарқырап тұр. Түс ауған шақ. Джессе Конклин есімді бұл азамат Манавату өзенінің сағасындағы тұзды батпаққа бет алды. Құмды жағалаудан шамамен 30 метрде бес-алты шырғалақ қонақтап отыр.

Өздері жұптасатын Арктикадан қыстау үшін АҚШ-тағы Тынық мұхиты жағалауына ұшып шыққан үш тундра аққуы бұлтты аспанда қанаттарын үйлесе қағады. Әдетте олардың топтағы саны жүзге жетеді, не одан да асады.

Конклин штативке телескоп орнатты. Он жылдан бері ғалым осы өзен сағасына жылда келеді. Конклиннің бақылауына жылма-жыл оралатын 160-тай шырғалақ іліккен. Оларды аяқтарына байланған түрлі-түсті баудан тануға болады. Ол желдің теріс келуінен сақтанып, ұшу күнін өзгерткенімен, жалпы шырғалақтар жыл сайын бір уақытта ұшып кететінін байқады.

Алайда біраздан бері бұл құстардың өзен сағасынан ұшып кету уақытының өзгергені білінеді. Конклиннің шырғалақтары қазір 2008-2010 жылдарға дейінгі аралыққа қарағанда орташа бес күн ерте ұшып кетеді. Қалғаны басы артық күндері Сары теңіздегі қоректік жерлерде қоң жинап, Аляс­каға шамамен бірдей уақытта жетеді. Олардың ерте ұшып кетуі аялдау алаңдарында ұзағырақ қалу үшін бе, әлде Аляскадағы жаз маусымына үлгеру үшін бе – түсініксіз.

Сол күні түс қайта Конклин телескоппен шыр­ғалақтарға үңілді. Құстардың кейбірі шомылып, тарану үшін суға күмп бергенде Конклин олардың бұл әдеті кетуге ыңғайланғандарының белгісі болуы мүмкін екенін білді.

Артынша шырғалақтардың бірі қатты, жоғары дауыспен шаңқылдай бастады. Басқа шырғалақтар жауап берді. Бір жұп шырғалақ топқа қосылу үшін жандарына ұшып барды. «Олар шын ақпарат алмасуда ма, айталық, «жел ұнап тұр ма» деп «сөйлесті» ме, әлде олар кеткісі келетін барлық құсты жинау үшін осылай дыбыстай ма, білмеймін», – дейді Конклин.

Күн батуға таяғанда құс шаңқылы күшейіп, артынша бірден бәрі ұша жөнелді. Ол құстарды бақылау үшін телескопты ыңғайлады, белгі салынғаны 10 екен. Өзен сағасы үстінде жылдам көтерілген үйір созыла келе V тізбегін құрады. Конклин олар күңгірт көк аспанда көзден ғайып болғанша қарап тұрды.

Автор: Юдиджит Баттачарджи, фото: Стефен Вилькес


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Атырауға қауіп төніп тұр

$
0
0

Құбылмалы су ағысы Окаванго өзенінің жабайы аңдары мен өсімдіктеріне нәр береді. Піл сүрлеулері уақыт өте келе арналарға айналады.

Әлемнің ең бір ғажайып атыраулы (дельталы) аймағына сапарлаған экспедиция мүшелері оған төніп тұрған қауіп жайлы дабыл қағады.

Африканың үстінен қарағанда Окаванго атырауы солтүстік Ботсванадағы ландшафтпен араласып, сәуле шашқан жұлдызға ұқсайды. Оның ағысы Намибия шекарасынан оңтүстік-шығысқа қарай бұрылған, оның тармақтары Калахари су бассейні бойымен 150 шақырымға жайылған. Қаңсыған шөлдің ортасында тіршілікке нәр берер су арналары, шағын аралдар мен маусымдық көлшіктер шашырай орналасқан.

Бұл өзен атырауы ешқандай теңізге құймайды. Оңтүстік-шығыс бойлыққа жеткенде кілт тоқтап, Калахари құмдарына сіңіп жоқ болады. Әлемдегі ең алып оазис десе, көз алдыңа жыл сайын жүз миллиондаған долларға қанжығасы майланатын туризм, піл, сусиыр, қолтырауын, жабайы иттер мен киіктер, сүйелді қабан мен енеке, арыстан мен зебра, сондай-ақ түрі мен саны таңғаларлықтай шексіз құс әлеміне бай тіршілігі қайнаған алқап елестейді. Алайда биік ғарыштан көз салсаңыз, бұл жерде бәрі басқаша. Қуанышты жүздері бал-бұл жанып, қалың орман саясына жайғасқан туристерді мүлде таба алмайсыз.

Мұндағы су түгелдей дерлік Ботсвананың беймаза көршісі Анголадан ағып келеді. Өзен Анголаның жауын көп түсетін орталығындағы таулардан басталып, мемлекеттің оңтүстік-шығысына қарай жүреді. Негізгі саласының бірі – Кубанго бойында судың ағысы пәрменді, ал көлдерге құятын келесі тармағы – Куито баяу ағады, әрмен қарай шалғынды алқап, шымтезекті ойпаттар мен құмға сіңіп, тармақтарға бөлініп кетеді. Куито мен Кубанго салалары Анголаның оңтүстік шекарасында қосылып, Намибиядағы жіңішке белдеу Каприви қолтығы арқылы Ботсванаға ағатын үлкен Окаванго өзенін құрайды. Мұнда орта есеппен бір жылда 9,4 триллион литр су ағады. Жыл сайын Анголадан Ботсванаға келетін бұл су болмаса, Окаванго атырауы жойылып, онымен бірге сусиыр, ситатунга, африкалық су бүркіттері жоғалуы мүмкін. Жер пайдалану өрісінің кеңеюі, су бұру, халық тығыз­дығының артуы, сауда секілді Анголаның оңтүстік-шығысында болып жатқан өзгеріс­тер осы тұманды болжамды шындыққа айналдыра түсті. Шалғайдағы су көздері – Куито мен Кубанго өзендері, осылайша, белгілі топтардың меншігіне айналды. Сондықтан «National Geographic» қоғамының қолдауымен Оңтүстік Африканы қорғау бастамасы бо­йынша жанкешті биолог Стив Боис ғалымдар, шенеуніктер, жас зерттеушілерден құралған халықаралық топтың басын біріктіріп, «Окаванго тұмса табиғаты» жобасы аясында зерттеу, деректер жинау және табиғат қорғау ісімен айналысуға көп күш салды. Үлес қосып жатқандардың барлығы Окаванго өзенінің болашағы мен қазіргі жағдайына қатер төніп тұрғанын түсінеді. Бұның Окавангоның жұпыны туысы – Анголаға да қатысы бар.

Өзен атырауында толып жүрген сусиырлар күндіз – суда, түнде құрлықта жайылады. Аталықтары мекен үшін тартысып, аналықтары төлдерін қорғайды. Олардың ұзын әрі өздігінен ұшталатын тістері аса қауіпті.

Төменгі ағысты бойлай мокоростарымызбен (Окаванго стиліндегі қайық) күнұзақ ескек есіп келіп, Кубанго өзені бойындағы лагерь жанында отырғанбыз. Бір кезде Бойс: «Біздің уақытымыз тапшы», – деді. Йоханнесбургте табиғатқа құмартып өскен Бойс көп жыл бойы шарапханада – бармен, Окаванго сағасында табиғаттанушы, гид және лагерь менеджері секілді түрлі жұмыстардың басын шалып көрген. Осы уақыт аралығында ол докторлық қорғап үлгерді. 2007 жылы ол суға қатысты өткір мәселені жіті түсініп, Ботсвана тұрғындарына насихат жасаған. Алайда көпшілік тағдыр­ға бой ұсынғандай қозғала қоймады. «Олар тіпті бұған құлықсыз еді», – деп адамдардың немқұрайды қылығына күйінеді ол. «Иә, Ангола – жемқор әрі қауіпсіз емес ел болуы мүмкін, бірақ өзеннің жойылып кетуіне жол бермеу керек, бұл – Табиғат-ананың алдында кешірілмес күнә. Біз мұны қолға аламыз. Жү­йенің қалай жұмыс істейтінін білеміз», – деп ант етті ол. Негізінде, Бойс жай ғана түсініп қоймай, өзенді сақтауға көмектесуден үмітті еді. Осындай ұстаным оны әрекетке итермеледі. Осылайша, ол солтүстіктегі судың бастауына назар аударды.

2017 жылғы жағдай бойынша Ангола табиғатты қорғауға күш салып жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Аймақты бір кездері соғыс өрті жайпап өтсе де, қазір бейбіт өмір орнаған. 1960 жылдардың басынан жаңа мыңжылдыққа дейін Ангола қауіпті елдер тізімінің жуан басында тұрғаны анық. Егер сіз жалдамалы әскер не бриллиант сатып алушы жанкешті болмасаңыз, әрине. Бір кездері Португалия колониясы болған ел 1975 жылы азаттық үшін қантөгіс шайқастан ке­йін егемендігін алды. Кейінірек елде 27 жылға созылған азаматтық соғыс өрті тұтанып, алып державалардың соғыс алаңына айналып, жер үсті минаға толды. Жантүршігерлік азап пен қиын-қыстау кезеңге тап келді.

National Geographic «Окаванга тұмса табиғаты» жобасы атыраулардағы су көздерін зерттеуге және оны қорғауға талпынады. Жоба 2015 жылы Анголадағы Куито өзеніне барғаннан басталды. Экспедиция мүшелері қайықтарды сегіз күн бойы сүйреді.

2002 жылы көтерілісшілердің ЮНИТА партиясы оңбай жеңілгеннен кейін жағдай түбегейлі өзгере бастады. Көп мөлшердегі мұнай экспортқа шығарылып, бизнес дами бастады. «Ең маңыздысы әлемге Анголаның тұрақты ел екенін айту керек. Біз табиғатты қорғауға міндеттенеміз», – дейді маған Қоршаған орта министрі Мариа де Фатима Монтейро Жардим ел астанасы Луандадағы жиында. Алайда бұл міндеттеменің, шындығында, нақты нені білдіретіні белгісіз.

Бойс командасы Ангола билігінің рұқсатын алған және халықаралық қолдауға ие. Осы арқылы олар Куито мен Кубанго өзендерін ерекше мақсатпен зерттеуге, ондағы әр шақырымға үңіліп, тұмса табиғатын бақылауға, су сапасының үлгісін алуға, адамдар тұрағы мен тұрмысын тіркеп, үлкен әрі жалпыға қолжетімді деректер базасын құруға және Анголаның оңтүстік-шығысынан келетін таза судың Ботсванадағы Окаванго атырауына қалай нәр беріп жатқанын түсінуге жағдай жасайды.

Бүгінге дейін сегіз рет жасалған бақылау экспедициясы қиын да болса тыңғылықты жүргізілді. Алғашқысы 2015 жылдың 21 мамырында басталды. Ол кезде Бойс пен оның командасы Куито өзені құятын көлге келді. Олар өздерімен бірге бірнеше тонна құрал-жабдық пен адамдарды ағыс бойымен төмен тасуға арналған жеті мокорос әкелді. Алғашқы күні көлдің ұзындығын есептеп жүргенде олар Куитоның ашық суға құяр тұсы белден келетінін, ені бар-жоғы метрге жуық баяу ағын екенін және алты метрлік мокороспен одан өту қиынға соғатынын аңғарды. Сондықтан олар жүкке толы қайықтарды төменге жеткізу үшін жіңішке арна бойын жағалай, қалың шөп арасынан сүйреп апарды. Деректер де ұмыт болмай жол бойы қағазға түсірілді. Мокорос­тар Окавангода өсетін эвен секілді талдардан емес, ағаш аралас шыны талшықтардан жасалса да әжептеуір ауыр. Куитоның ашық аңғарына жету үшін бір апта уақыт керек. Экспедиция мүшелерінің қайыққа мінгені сол еді қолтырауын мен сусиырларға тап болды.

Жоба жетекшісі Стив Бойс National Geographic режиссері Нейл Гелинаспен демалып отыр. Он жылын ғылымға арнаған Бойс аударылған қайық, көмілген миналарды шыбын шаққан құрлы көрмейді.

Жағасын қамыс басқан тұнық су, адамзаттың ізі сирек елсіз мекен – осының бәрі Куитоның жоғарғы ағысынан бастап, шын мәнінде, тұмса екенін аңғартады. 2015 жылғы 11 шілденің таңы еді. Үлкен иіннің тұсында қамыс арасынан бір нәрсе ытқып шығып, суға сүңгіп кетті. Қайық «тізгінін» ұстап келе жатқан Бойс: «Қолтырауын!» – деп айғай салды. Жырт­қыштан аулақ болу үшін ол қайықты өзен ортасына қарай бұрып жіберген. Сөйтсек, қайықтағылардың қолтырауыннан жалтару әрекеті сусиырға қарай, яғни қате бағытта жүзуге әкеп соққан екен. «Сусиырлар – терең судың иесі, қолтырауындар секілді жылына жүздеген адамды өлтіреді. Бұл үлкен қателік болды. Толықтай біздің кінәміз. Біз қорғанып жатқан жануардың тура үстінен өтіппіз», – деді Бойс кейінірек.

Сусиыр төменгі жақ тістерімен (шамамен 50 сантиметрдей әрі өткір) қайықтың астыңғы жағынан бас салды. Мокоросты дәл ортасынан қақшып, үстіңгі азулары жақтау­ға ілінген алып мақұлық қайықты аударып жіберді. Бойс пен ескекші Джилс Треветик судан бір-ақ шығып, бірден жақтау­ға жармасты. Бұл кезде топтың бір мүшесі жедел үркіткіш қару атып, шабуылды тоқтатуға тырысты. Арттағы қайықта отыр­ған Бойс­тың інісі және экспедиция басшысы Крис: «Жүз!» – деп айғай салды. Бойс пен Треветик зәре-құты қашқан күйі аман-есен жағалау­ға жетті. Шыны талшықтарын жөндейтін құрылғымен екі сағат ішінде қайық қалпына келтіріліп, экспедиция суға оралды.

Бұл оқиға әбжілдіктен бөлек, Окаванго тұмса табиғатын зерттеу жобасының қандай қиыншылықпен жүзеге асатынын көрсетеді. Бір сағат ішінде көзбен көрген, сондай-ақ электронды құрылғылар жазған дерек бо­йынша Куито өзенінің маңайындағы ағыстың ерекше қатты, табаны құмды және су өсімдіктеріне тапшы екенін, мекендейтін балықтар ішінде кіші ауызды табан кездесетінін аңғардық. Треветиктің әуелі – теңбіл көктарғақ, сосын – жасыл көктарғақ, одан кейін жағалауда дүңкиіп отырған қызғыш құс туралы қойын дәптеріне түртіп алғанын байқадық. Шабуыл болған жердің ендігі мен бойлығы GPS-те анық көрсетілгенін білеміз. Стив Бойстың тамыр ырғағының жиілігі (жүйеге қосылған Суунто қол сағаты тіркеді) минутына 81-ден 208-ге дейін бір-ақ көтерілген. Дәлме-дәл уақыт та белгілі – 10:57. Судан шыққан сусиырдан жүзіп қашқан, денсаулығы мықты жас жігіт үшін 208 мәрте жүрек соғысы қалыпты деп санадық.

Бақылау кезінде көзге түскен, сондай-ақ сақталған бірнеше амфибия үлгілері өзендердегі қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың алуан түрлілігін көрсетеді. Экспедиция жұмысы 2016 жылы кең алқапта 64 бауырымен жорғалаушы және 35 қосмекенді түрін, оған қоса су жыландары, кесірткелер, құрбақалар және осы елге ғана тән қошқыл, сарғылт таңбалары бар өзен бақаларын анықтады.

Екі жылдан кейін Кубанго өзенінің бойындағы Бойс тобына қосылғанымда, олардың дерек жинау жүйесі жетіліп, мәлімет түрлеріне тағы басқа санаттар қосылыпты. Бірде таңертең Гетц Нив есімді жас намибиялықтың ауға түскен балықтарды айналсоқтап жүргенін байқадым: үлкен ауызды дөңмаңдай, «чер­чилль» деп аталатын тоқ соғатын пілбалық, мұртты жыланбас және т.б. маған бейтаныс болса да Африка балықтарынан хабары барларға баға жетпес биогеографиядан хабар береді. Жобаға атсалысып жүрген ихтиологтар Кубангодағы балық фаунасы Куитодан қаншалықты ерекшеленетінін, бірегей балықтың түрлері мен түршелері екеуіне де қаншалықты тән екенін анықтауға көмектеседі.

Мәселен, зерттеушілер шымтезекке толы су ішінен ауамен тыныстайтын, ирелеңдеуге бейімделген Clariallabes жыланбалығына ұқсас жайынның жаңа түрі болуы ықтимал балық тауып алды. Ангола, Оңтүстік Африка және Англиядағы басқа да мамандар жобаға қосмекенділер, бауырмен жорғалаушылар, жәндіктер, кішкентай сүтқоректілер мен өсімдіктер секілді топтама жинауға жәрдемдесіп, анықтау мен сараптама жұмыстарына атсалысты. Бақа мен инеліктер, олардың судағы жетілмеген дернәсілдері ластануға сезімтал және олар су сапасының индикаторы ретінде жағдайдан хабар береді. Уақытша көлшіктер мен батпақтарды мекендейтін Vlei атжалманы мекен ету аймағының тарлығымен ерекшеленеді. Бұл кеміргіштің тұқымы таулы аймақта бірнеше түрге бөлініп кеткенге ұқсайды. «Егер Анголаны мың жұмбаққа теңесек, бұл жырт­қыш – соның бірі», – дейді маған кішкентай сүтқоректілер биологі, жоба сарапшыларының бірі Питер Тэйлор. Бойстың мақсаты – биология­лық және гидрологиялық деректерді жинау арқылы екі өзеннің жағдайын анықтау.

Балық аулау Куито мен Кубанго тұрғындары үшін бұрыннан маңызды. Жақсы ау болса олар үлкен жөргемге, көп балыққа кезігіп, оны ыстап, базарға апарады. Бойс пен оның әріптестері осы бақытты күннің де кеші таяу ма деп қауіптенеді.

Балық аулаудан бөлек Ниф су сапасын тексеретін аса сезімтал екі сенсорға жиналған деректерді тексерумен айналысты. Сондай-ақ ол 360 градустық камерасы бар триподтың бірін және оған қоса екі сандық айналы фотоаппаратты өзінің мокоросының ескегіне қойып, бес минуттық интервалда кадр жинап, үздіксіз камераға түсірумен болды. Қараңғы түскенде Ниф хироптерандардың жоғарғы жиіліктегі дыбыстарын жинақтайтын кішігірім сары қорап – жарқанат детекторын асынып алды. Құрылғы кейінірек хайуандардың түрлерін анықтауға қолданылды. Экспедицияның басқа мүшелері құстардың, қолтырауындар мен адамдардың әрекеті туралы деректерді тіркеді. Бойс өзендердің бас орнитологі болды. Ол алып көктарғақ, балғабас, ақ маңдайлы арасақ, мамыргүл төсті көкқарғалар тәріздес құстарды көргенде айғай салып белгі беріп, анголалық жас биолог Керллен Коста планшетке олардың GPS мекендерін тіркеп отырды. Бойстың командасына Зимбабве, Оңтүстік Африка, Намибия, АҚШ және мокорос отаны – Ботсвана балықшылары енді. Олар Окаванго өзенін басынан аяғына дейін білетін адамдар еді.

Мен мінген мокоростың капитаны – бәріне «Уэтер» атымен таныс және орта атырау­да туып-өскен Тумелетсо Сетлабоша есімді бәкене бойлы, бірақ күшті Уайейи тайпасының жігіті. Анасының оған суға қатысты есім беруіне батпақта дүниеге келуі себеп болыпты. Оның жасын сұрағанда Уэтер: «Жерде 54 жастамын, ал ескек ескенде 25-тегі жігіттеймін», – деп жауап берді. Ол менің апта бойы қайығының тұмсығында отырып, деректерді түртіп отырғанымды және ебедейсіз ескен ескегіме де асқан сабырмен қарады.

Соғыстың аяқталуы тұрғындардың өз ауылына қайтуына мүмкіндік берсе де, Кубангоның жоғарғы ағысында кісі өте сирек. Қамыс басқан жағалаумен жүзіп келе жатып ара-тұра жиекке шығып қалған мокоростарды, жалғыз-жарым балықшы шатырын, сиыр, ешкі, бірнеше әйелдің киім жуып, итмұрын не басқа да жабайы жиделерден сүзілген шарап (kashipembe) жасап жатқанын көрдік. Кейінірек, төменгі ағыста біраз өткен соң, көптеген адам, қайық, ірі-қара мал, егіс алқаптары, футбол алаңы мен бірнеше мотоцикл кездесті. Түнде бар жылдамдығымен жүйткіген жүк көліктерінің дырылын және серіппелерінің сартылын естідік. Бұл жол Намибия аумағымен қиылысатын шекаралық аймаққа апарады. Ол арқылы тауар әкелініп, ангола ағашы тиеліп экспортталады. Заңсыз аң еті мен судан басқа, Кубанга алқабының әлемге ұсынатыны аз. Анголаның бұл бүйі­рінен әлі ешкім бриллиант, алтын не мұнай тапқан емес. Мұнай да, алтын да – таза су.

Әлемдегі ең алып оазис дегенде, көз алдыңызға мыңдаған туристер келетін тұмса мекен елестейді. Алайда биіктен көз салсаңыз, бұл жерде бәрі басқаша. Қуанышты жүздері бал-бұл жанып, қалың орман саясына жайғасқан туристерді мүлде таба алмайсыз.

Аузы-мұрны шыға толған мокорос гүрілдеп аққан суда қолайсыз әрі осал болғандықтан, бір күні түске таман ағысы қатты тұсқа келгенде сол жағалауға шығып, ыңғайлы өткел іздедік. Жүріп келе жатқанда Бойс бегемот аулауға арналған жуан тұзақты байқап қалды. Оның айтуынша, «тұзаққа түскен сусиырдың өкіргенінен асқан аянышты ештеңе жоқ». Ол пышағымен сымдарды кесіп тастады. Бойс Кубангода тұратын халықтың қажеттіліктеріне түсіністікпен қарайды. Олардың жақсы өмірге деген құлшынысы екі өзенді, су ағысын және Анголаның оңтүстік-шығысы мен Окаванго атырауындағы табиғи байлықты қорғау жөніндегі келісімнің бір бөлігі болуы керек деп есептейді.

Тағы бір күні біз айналасы әлі күнге де­йін миналарға толы Савате деп аталатын ауылға жетпей аялдап, шатыр құрдық. Сан батпан құрал-саймандарды, шатырлар мен үстелдер, тамақ қораптары, әбзелдер, жиналмалы орындықтар және сәнді электронды жабдықтарды түсіріп жатқанымызда балалар бізге таңырқай қарады.

Солтүстік Ботсвананың үстінен, яғни 150 метр биіктікте ұшып келе жатқан «Тсессна» ұшағынан қарағанда Окаванго өзені сопақшалар, ойпаңдар мен төбешіктер – реңі қанық жасыл түстің көлеңкесімен көмкерілген өрнек­ті кілемге ұқсайды. Кішкене ұшақтың ішінде отырып судың ғасырлар бойы жерді қалай кертіп өткенін, жаңа арналар тауып, ескісін көмгенін, дымқыл ортаға бейімделген сүтқоректілер, балықтар, қолтырауындар мен ұзын аяқты құстарға лайық өте ерекше экожүйе құрылғанын көресіз. Осының бәрін мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі зейнеттегі биолог Джон Тико Макнаттың арқасында көрдім десем еш әбестік емес шығар.

Теңбіл қорқаулар Окаванга атырауына орнатылған фототұзақты байқап, айналшақтап жүрген сәт. Өзгеріске бейім келетін бұл жыртқыштар мұнда көп кездеседі.

Досымның әріптесі Макнатт мені Маун әуе­жайында күтіп алып, жойылу қаупі төнген Африка жабайы иттерін бақылауға арналған лагеріне әкелді. Ол бұл мәселеге 30 жыл уақытын арнапты.

Сол жақта – Бастық аралы. Оң жақта – бір кезде лагерьге дейінгі жолды суға толтырып жатқан Могогелоның ескі арнасы. Төменнен үлкен лечидің табынын, кейбір редунка және импалаларды, кішкене аралдардың ортасында крем түсі секілді көтерілген термиттер қорғанын, арна шалғыны арасына түскен жырыққа ұқсас сусиыр соқпағын, күн қайтқанда пілдердің сорайған көлеңкесін көрдік.

Атыраудағы термит илеуі чакма бабуиндерінің айналаны алақандағыдай көруіне өте қолайлы.

Қолтық – батпақты ойыстан көтерілген жоталары бар, Намибия шекарасының дәл оңтүстігінен басталып, оңтүстік-шығысқа, Макнатт ескерткен және геологтар «Гумаре күйреуі» деп атаған сызыққа қарай кеңінен созыла баяу жылжып ағатын су. Осынау табиғи бөгетке кездескенде су беті батысқа қарай ұзынша келген Нгами көліне құяды не құмға сіңіп кетеді. Оңтүстіктегі көрініс осы: тұзды көлшіктер мен шөлді алқап.

Бастаудан – атырауға, Анголадан Каприви жолағы арқылы Ботсванаға дейін өзімен бірге биологиялық байлықты әкелетін судың жетуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атырауға жаңбыр аз мөлшерде, көбіне жазғы маусымда – желтоқсаннан наурызға дейінгі аралықта жауады. Анголаның орталық таулы аймақтарында жауын жылына 130 сантиметрге жуық түсіп, Куито өзен алқабының жоғарғы жағындағы құм мен шымтезекке сіңе келе басқа салаларына қосылады.

Өзара байланысқан каналдар су мақұлықтарына пана.

Осының нәтижесінде Окаванго өзені суының деңгейі бірқалыпты сақталып тұрады.

«Окаванго тұмса табиғаты» жобасы тап болған ең үлкен сынақ жүйенің күрделілігін ұғыну ғана емес. Одан да қиын әрекет – Ангола ресми билігі мен халқын Куито мен Кубанго өзендерін осы қалпында сақтау­дың маңыздылығын түсіндіру, ағашты отын мен құрылыс үшін отамауға, аң етін коммерциялық мақсатқа жұмсамауға көндіру. Бұл – уақыт күттірмейтін және күрделі мәселе. Кей оптимистер Куито мен Кубанго халықаралық туристік орынға айналатынынан, көбі он жылдық соғыс кезінде жойылып кетіп, саны қайта қалпына келген Ангола үлкен антилопасы секілді таңғажа­йыпты тамашалау­ға келушілер жоғары сапалы лоджияларға ағылады деп үмітті. Ботсвана билігі мен туризм индус­триясы өздерінің ғажайып жерлерінің қауіптің алдында тұрғанын сезініп, Куито мен Кубанго өзендері құрғаса, Окаванго атырауы жо­йыларын түсініп, су саясатын мемлекеттік деңгейде қолға алады деп сенейік.

Өзен көздері өзгергенге дейін Макгадикгади Ботсвана солтүстігінің көп бөлігін басып жатқан көл болатын. Бір кездері тіршілігі қайнаған көл бүгінде тұзды тақырға айналған. Окаванго өзенінің тартылып қалғанын көрсету үшін Койсан бушмендері туристерді осында алып келеді.

Бойстың айтуынша, Ангола үлкен өзгерістің алдында тұр. «Егер бұл әрекетті үш жылдан кейін бастағанда, қорғайтын ештеңе қалмас еді». Болашақ деген – жанашыр жандардың арқасында ағып жатқан өзен секілді көрінеді кейде.

Авторы: Дэвид Куаммен, фото: Кори Ричардс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

«Бөрітостаған»: Аңыз ба, ақиқат па?

$
0
0

 

Бұрынғы Ақсуат, қа­зір­гі Тарбағатай ауда­ны­на қарасты Кіндікті ауылының маңында Бөрітостаған деп аталатын жартас бар. Ел ішіндегі аңызға қа­рағанда, ерте заманда мұнда бір дәу кемпір өмір сүріпті. Күндердің күнінде әжей Тарбағатай тауының басына шығып, ұршығымен жіп иіріп отырғанда жазықтағы қойына қасқыр шаппай ма? Сонда ашуға булыққан кемпір ойқастап жүрген бөрілерге қолындағы ұршығының тостағандай тасын толғап-толғап лақтырып кеп жіберіпті-мыс. Қазіргі Бөрітостаған сол ұршықтың тасы екен.

Алайда Бөрітостағанда (кейбіреулер оны Бөрітастаған деп те айтып жүр) болып қайтқан мамандар түрлі болжам айтуда.

Дала төсіндегі осы алып жартасқа физика-математика ғылымының кандидаты Тоқтар Нұрекенов өткен ғасырдың 80 жылдары бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Оның пайымдауынша, бұдан 4-5 мың жыл бұрын Жер шарына үлкен метеорит соқтығысып, жерге тас пен темір қалдықтары шашыраған. Ғалым жартастың орта тұсынан 1,5 грамм тас сынығын тауып алып, электрлік анализден өткізгенде тастың құрамы темір және никельдің қоспасынан тұратындығын анықтаған. Яғни, темір бөлшегі плесситтік метеорит екендігін дәлелдейді. Т. Нұрекенов бұл жартасты темір метеорит деген тұжырым жасап, оның жерге түскен уақытына төмендегідей болжам айтады.

«…Ақсуатқа барған сайын мен үнемі ерте тіршілік еткен жануарлардың сүйегіне көңіл аударып жүрдім. 1981 жылы Қарғыба өзені арнасынан түйенің бақайын таптым. Ол біріншіден, салмақты болып шықты. Екіншіден, сүйектің өн бойында ұсақ темір жарықшақтары қадалғаны және оның кемікке кірген іздері де көрініп тұрды. Магнитті қасиеті бар ол темір ұнтақтарының түсі сұр реңді еді. Түйе біз айтқан метеориттер түскенде өлген десек, метеориттің алғашқы бөлшегі бұдан 4-5 мың жыл бұрын түскен болып шығады. Себебі, үй түйесінің пайда болуы сол жылдарға тиесілі екені белгілі».

Бұл орайда, біз де Бөрі­тостаған туралы өз ойымызды айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, жерге мұндай дәу күйінде келіп түскен алып метеоритті тарих көріп-білген емес. Рас, Африкадағы Намибия елінде «Гоба» деген тас бар. Салмағы 50 тонна болатын оны осыдан 80 мың жыл бұрын құлаған метеорит дейді. Бірақ бұл пікірдің өзі де соңғы кездері дауға айналуда. «Гоба» тасы солай, яғни, метеорит болғанның өзінде ол біздің Бөрітостағаннан бәрібір бірнеше есе кіші. Себебі, Бөрітостаған бөлініп түскен «Гоба» сияқты үлкен тас емес, ол алып жартас.

Екіншіден, қандай метеорит болсын жерге жеткенше бірнеше бөлікке бөлініп, жартылай жанып барып жететіні белгілі. Соның өзінде жерге жеткен оның сынықтары Сібірдегі ХХ ғасырдың басында түскен «Тунгус жасыны» сияқты төңірегін жайпап, шұңқыр ғып кететіні анық. Неше заман өтсе де Бөрітостаған аумағынан сондай бір кездегі жойқын соқтығыстың алапат белгілері сақталса керек еді. Бірақ ол жерде ондай белгі жоқ. Айнала төңірек 50-60 шақырымға дейін керілген кең жазық. Сол жазықтың ортасында алыстан көкшіл сағым көтере, әлдебір алып кемеге ұқсап Бөрітостаған қалқып шығады да тұрады.

Жартастың ұзындығы 250, ені 10, биіктігі 50 метрдей. Терістік батысы жадағайлау, күнгей жағы тіп-тік жалама жақпартастар. Олардың сызат-сызат жіктері арасында шөп, бұта өсіп, өркен жайған. Жай, ашық күндері құзардың тастары жалтылдап тұрады. Егер оларды анықтап қараса, су астында жатып, кеуектенген сары сұр гранит екені көзге еш қиындықсыз көрініп тұр.

Біздің ойымызша, Бөрітостаған далаға сіңіп кеткен тастақ қыраттың жұрнағы, сөйтіп өзінен 50-60 шақырым қашықтықтағы Қалба тауымен жер асты арқылы байланысып жатқан (интрузи.пород) жартас секілді көрінеді де тұрады.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Ерден Оралбай

Сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін – Мұзтау

$
0
0

Мұзтау. Оралхан Бөкеев шығармасының басты тақырыбы болған осы бір шың республикамыздағы Алтай тауының төріне орналасқан. Жалпы пошымы түйенің өркешіндей болып жатқан қос шоқының  шығыс жақтағы бір бөлігінің биіктігі 4506 метр де, батыстағы екіншісінікі 4435 метр. Мұзтауды әлемдегі биік таулар кірмегенімен оның қауіптілігі басқа шыңдардан асып түспесе, кем емес. Себебі, мұндағы сүңгіленген мұз қатпарларының көптігі соншалық, жоғарыға өрмелейтін жердің өн бойы өңшең сірескен мұздақтардан тұрады. Аталмыш тау басына апаратын жалғыз ғана жол бар. Ал қалғанының барлығы альпинистерге тыңғылықты дайындықты талап етеді.

Мұзтау!

Оның ашық болатын күндері сирек. Көбінесе ол киіздей ұйысқан жабағы бұлтпен тұмшаланып жатады. Бұл шың үнсіздікті, өлі тыныштықты бойына бұқтырып жатқан жұмбақ нүкте. Осыған қарап оны мұндағы ауа райы ғана емес, жер жағдайы да әр сәт сайын өзгеріп тұратын жанды табиғат құбылысы кейпінде көзге елестеткендей  боласың. Оның беткейіндегі күніне әлденеше рет қайталанып тұратын тас көшкіні мен қар көшкіні біз сөз етіп отырған шыңның бұлжымас ерекшеліктерінің бірі.

Мұзтау!

Өзінің болмысына жұмбақтықты, тылсымдықты, құпия­лықты ұстап тұрған осы бір нүктеге әлемнің талай саяхатшылары таңданыс білдірген. Мәселен, ХХ ғасырдың басында атақты суретші Николай Рерих біз сөз етіп отырған тау туралы: «Орталық Азияның кең байтақ кеңістігіндегі Ұлы дала мен асқаралы Алтайдың шырқау шыңы – Мұзтау. Ғарыштан құдіретті қуат алатын жер бұл. Мынау ғаламдағы барлық әулиелердің аруақтары бас қосатын, киелі Шамбаланың қасиетті де ардақты елі ол»,– десе, одан кейін мұнда  ат басын бұрған ағылшын альпинисі Самюэль Тернер былай дейді. «Қарсы алдымнан сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін табиғаттың тамаша көрінісі ашылды. Соған қарап тұрып, бұл тау туралы әлі көп сөз зергерлерінің қалам тартпағаны, көркемдіктің осы келбетін фотокамераның жөн-жосықсыз қорлай қоймағандығы және мұндай мүмкіндікті көрудің адам өмірінде бір-ақ кездесетіні туралы санамдағы ойдың  жылт етуі мұң екен, жолшыбай бастан өткерген қиындықтардың бәрі ұмытылып сала берді».

Иә, бұл тау қасиетті. Киелі орын. Ғылыми пайымдауларға қарағанда, ғарыш сәулелері мұнда сынбай, шашырамай, еш өзгеріссіз таза күйінде келіп жетеді. Көктен келген қуаттар осы тау шыңына өзінің толыққанды күйінде келіп жетіп, жер бетіне таралады. Жер мен ғарыш арасындағы көзге көрінбес байланыс дегеніміз осы шығар, сірә.

Авторы – Жанболат Аупбаев, фото: Ерболат Шадрахов

Аңызға толы Айрақты

$
0
0

Былайғы жұрт Маңғыстауды құла дүз, қу медиен дала деп ойлайды.

Сондай-ақ, олар бұл өңірді сұрғылт та сұрқай, сүреңсіз жер деп көзге елестетеді.

Бұрын мұнда болмаған жандар үшін ол ысқырған жел мен құм суырған боранның өті сияқты әсер қалдырады.

Жоқ. Олай емес.

Біле-білген жанға Маңғыстау өзге аймаққа ұқсамайтын ерекшелігімен есте қалатын тарихы да, шежіресі де бай өңір.

Көрер көз болса бұл жерде қайталанбас құбылыс, сезіміңді селт еткізер сұлулық та молынан бар. Мұның бәрін сен тек жанарыңмен ғана емес, жүрегіңмен түсініп, жаныңмен қабылдай білуің керек.

Біздің бұл сөзімізге Маңғыстаудағы Қарақия ойпаты, Тамшылы шатқалы сияқты ғажайып жерлер анық дәлел.

Біздің бұл пікірімізге жартастарды қашап жасаған жерасты үйлері, ғасырлар бәйгесінен озып келген мәңгілік ұйқыдағы некропольдар толық айғақ.

Мысалы, мынау өздеріңіз көріп отырған Айрақты тауын сұлу, ғажап көрініс емес деп кім айта алады. Ол осы Маңғыстаудағы Шетпе елді мекенінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерді осындағы көнекөз қарттар Иір ойы деп те айтады екен. Айтса айтқандай, оның бұлың-бұлың бөктерлері мен иыр-қиыр өзектері ақбөкен, арқар секілді аңдарға атам заманнан таптырмайтын мекен болған. Қазірде де солай. Биіктігі 350-400 метрден аспайтын бұл бор таулардың беті неше түрлі шимайлы суреттерге де толы. Сондықтан да болар, оны кезінде пиктограф ғалым Алан Медоев өзінің зерттеу объектісіне айналдырып, артында қызықты тұжырымдарға толы кітап қалдырған.

Айрақты тауындағы назар аударатын нәрсенің бірі «Ораз ұшқан» шоқысына қатысты аңыз дер едік. Осы өңірге есімі белгілі болған ел ағасы Ораз Оңғалбаев сонау жиырмасыншы жылдары бір ғалыммен бәстесіп, шоқының басынан үстіне етегі делдиген шапанымен парашют сияқты төменге қарай құлдилайды. Содан аман қалыпты деседі білетіндер.

Бұл тау туралы бұдан басқа да аңыздар өте көп. Бізді қызықтырғаны оның сұлулығы. Табиғаты қанша қатал болса да Айрақты ғажап көрінісімен елді таңғалдырмай қоймайды. Жергілікті жердің адамдарын ынтықтырып, махаббатын оятып тұрған да оның осы қасиеті болар, сірә.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Андрей Астафьев

Қыземшек

$
0
0

Та­биғат – мүсінші. Ол – зергер. Табиғаттан асқан құдіретті су­рет­ші жоқ. Дәлел керек пе? Айтайық.

Алтайдың алқа­ра­­көк аспанынан қар ұшқыны – қылау тү­сіп тұр. Ғажабы сол, қалыңдығы қылдан да жіңішке олардың түрі де, көлемі де бірдей. Көктен себелеген мың-миллион бұл күміс инелердің бәрін құдды бір жерден, бір қолдан шыққан десе де болады.

Осыған таңғаласың ба, таңғалмайсың ба?

Тянь-Шань тауларының түкпіріндегі қияндағы қыстаудың жалғыз көзді терезесіне мұз қатып тұр. Ақ қыраулы аяз оған нені бейнелемеген дейсіз. Алақандай әйнекте геометриялық сан түрлі «сызық» та, этнографиялық неше түрлі «ою-өрнек» пен пиктографиялық «таңбаларға» толы нәзік нақыш та, бәрі-бәрі бар.

Бұған қызығасың ба, қызықпайсың ба?

Көкшенің түйе өркешті тауларының арасында ғасырлар бойғы қар мен жаңбыр суынан шайылып барып жасалған адамның басы кейіптес тас Жекебатыр шыңы қасқайып тұр. Маңғыстаудағы Баутин портына сұғына еніп тұрған Кетік жотасы жарқабағының үстінде жел мен күн мүжіген бортастан алға қарай атылайын деп тұрған аңның сұлбасы іспеттес Жолбарыстөбе қарауытады. Ал, Баянауылда… иә, Баянауылда қиял-ғажайып ертегілерінің жағымсыз кейіпкері – мыстанға ұқсаған табиғаттың тағы бір төл туындысы – біз мұрынды, шот маңдай, кемиек Кемпіртас тұр.

Осы құбылыстарға таңдай қағасың ба, қақпайсың ба?

Сіздер көріп отырған мына сурет, құрметті оқырман, Алматы облысының Жоңғар Алатауындағы Шымылдық-қарағай жайлауында түсірілген. Аңғардың кіреберіс сағасындағы жазықта топ-томпақ болып бұлтиған қос төбені көріп тұрған шығарсыздар. Міне, соны жұрт «Қыземшек» деп атап кеткен. Айна-қатесіз бейнеленген, әрі тапқырлықпен қойылған қандай дәл атау десеңізші!

Кереметі сол, ол мұндай төбелер мен осыған ұқсас жерлердің Қазақстанда жалғыз емес екендігі. Мысал ретінде ғана алынған жай, қарапайым есепке жүгінсек, «Қыземшек» атты тау, жотаның саны республикамызда 10-нан асып жығылады екен.  Солардың ішіндегі бізге анық белгілілері: Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының Семейтау өңіріндегі, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының Мұғалжар тауындағы, Алматы облысындағы, Райымбек ауданының Сырт жайлауындағы «Қыземшек» төбелер. Осылардың арасындағы  Семейтау өңіріндегі «Қыземшектің» көрінісі тіптен ғажап-ақ. Одан, яғни, шалқасынан жатқан ару сияқты жота төсінен көкке шапшыған топ-томпақ қос төбе – қос анардың ұшындағы бүртігіне дейін анық көрінеді.

…Табиғаттың өзінің ғажайып шеберлікпен жасаған төл туындысы «Қыземшек» – поэтикалық ұғымнан хабар беретін атау. Ол – ақынжанды халқымыздың ұшқыр қиялынан туындаған образды сөз. Ол – сұлулыққа деген іңкәрліктің лейтмотиві. Символ. Сондықтан да ақын Қадыр Мырзалиев өзінің «Дала дидары» атты тапқыр да тың теңеулерге толы кітабында:

Босамашы, ей жігітім, босама!

Босағанмен қыздар ернін тоса ма?!

…Анар емес, кеудедегі қос анар,

Бекежандар бұғып жатқан қос оба! – деп бекер жырламаған. Ендеше, құпиясы мен ынтызарлығы көп, сұлулығы мен сыры да мол сол «қос обаның» бірі, құрметті оқырман, міне, мынау сіздер көріп отырған сурет.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Ерзат Жанатұлы

Бес саусақ

$
0
0

Бұл су­ретті алдымен біз жур­налист әріптесіміз Қайырды Назырбаевтың қолынан көрдік. Ол Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданын­дағы Маралды ауылы маңайынан түсіріліпті. Сөз ретіне қарай айта кетейік, Қайрекең сол өр Алтай өңірінің тумасы. Көп жыл мұндағы «Арай» – «Луч» аудандық газетінде редактор болып, осы бертінде ғана Астанаға қоныс аударған. Осыдан біраз уақыт бұрын еңбек демалысын алып, елге барғанда табиғаттың мына таңғажайып туындысын көріп, суретке түсіріп алыпты.

– Бұрын бұл құбылысты көріп пе едіңіз? Аудандық газетте жүргенде одан хабарыңыз болды ма? – дейміз біз Қайрекеңе суретті аударып-төңкере қарап отырып.

– Жоқ, – дейді әріптесіміз. – Мұны маған айтқан да, апарып көрсеткен де Маралды ауылындағы Сержан Мұқажанов деген жерлесім.

– Сонда ол өзіңіз айтып отырған ауылдың қай жерінде? Нақтылап айтыңызшы… Іргесінде ме, жоқ әлде…

– Маралдыдан 3-4 шақырым қашықтықта терең шатқал бар екен. Міне, сол жерде суы қақаған қыста да қатпайтын Алтынбұлақ атты тұма жерден бұрқылдай қайнап шығып жатыр. Соның дәл түбінде осы «Бес саусақ» жартасы тұр.

Жоғарыдағы әңгімеден кейін де арада он екі жыл өткен. Сол уақыттарда көз алдымызға ара-тұра болса да «Бес саусақ» жартасы келе берген. Ойымызда: «Шіркін, сол жерге барсақ, құпия сыр бүккен таңбалы тасты өз көзімізбен көрсек», – деген арман барды. Биыл Алтай өңіріндегі іс-сапарымызда жоғарыдағы жоспарымыздың жүзеге асқан жайы бар. Сонда жұмбақ жартасты іздеп бардық. Өз көзімізбен көрдік. Ондағы таңбаны қолымызбен ұстап, таңғалдық. Өйткені… Жартастағы бедер құдды бір алып адамның алақанының айна-қатесіз көшірмесі сияқты. Ондағы ұзынды-қысқалы саусақтар бейнесінің әрқайсысы кісі бойынан асады. Біреуі биік, біреуі аласа сол ойықтар баяғы бір заманда балқып тұрған тасқа алып адам алақанын саусақтарымен басып алғаннан қалған белгі секілді боп көрінеді. Бұдан артық суреттеп те, баяндап та бере алмаймыз. Себебі, бұл ғажайып табиғат туындысын тек іздеп бару керек, көзбен асықпай көру қажет.

Осыдан кейін жартастың төңірегін шарлап біраз жүрдік. «Бес саусақ» тұрған Алтынбұлақ тұмасы маңайында ғажайып бейнелер өте көп екен. Қиядағы ауызын аша ысылдап тұрған тас жылан, кемиек құзды жақпартастағы белі бүкірейген кемпір оба, ортасы тесік қақпа тас… Міне, осылардың бәрі «Бес саусақ» жақпартасының төңірегінде топтасқан.

Авторы: Жанболат Аупбаев.

Джей Раш

$
0
0

Қауымдастық суреті

Раш пен туристер үшін таңғы фото сафари жемісті болды деп айту қиын. Тұмса табиғатты түсіру үшін шығып, құрқол қайтқан олар пикникке арналған алаңқайда түстенбек болған кезде үш бірдей үлкен мысыққа тап болады. Тақта отырған әкесіне күмән келтірген болуы керек бұл жас патшалар прайдтан жаңа қуылғанға ұқсайды. Көлеңке іздеп ағаш маңын паналаған олар ойнақ салып жүрді. «Біреуі тал басына шыққанда қалған екі арыстан оны көре алмағандай ырылдады», – дейді Раш.

Кім? Раш, 43 жаста, фриланс фотограф, Колорадоның Игл тумасы

Қайда? Масаи Мара ұлттық резерваты, Серенгети маңы

Қандай? Nikon D800, Nikkor 24-70mm, f/2.8 lens


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Су астына шашылған інжу-маржан

$
0
0

Горн мүйісі жанындағы құлақты медуза теңіз орамжапырағының арасынан жүзіп өтті. Чилидің оңтүстік нүктесіндегі архипелактің алып теңіз ормандарының қалың болғаны сонша, олар Жер серігінен түсірілген суреттерден де көрінеді.

Чилидің 4000 шақырымға созылып жатқан жағалауы теңіз тіршілігіне бай болғанымен кейінгі жылдары оның да сарқылып бара жатқаны байқалуда. Табиғат жанашырлары, балық қауымдастықтары мен билік өкілдері қалған құнды дүниені сақтап қалу жолында жұдырықтай жұмыла бастады.

Соңғы ғасырда жаппай ауланғандықтан хуанфернанд атты теңіз мысықтарының жойылу алдында тұрғаны айтылады. Жүзеге асырылған шаралардың арқасында 1965 жылдың өзінде-ақ теңіз мысықтарының жүзге жуығының қалғаны анықталған. Бүгінде олардың саны 16 мыңға жетсе, ол көрсеткіш жыл өткен сайын артып келе жатқандығы байқалады.

Жүзіп келіп тік жартасқа да жеттік. Алыс­тан қарағанда жартастың төменгі тұсы «тас­пен» қапталғандай болып көрінді. Ал таяғанымыз­да олар  орындарынан қозғала бастады.

Аса қуатты гравитациялық өрістің әсерімен  кейбірі теңізге тартылып, шарпа соққан жеңіл толқындар оларды жұтайын деп тұрғандай. Біз қайығымыздың зәкірін жағалау­дан жүз метр­дей қашықтыққа тастап, түтікті су бетпердемізді киіп, суға сүңгідік. Кенет, әлгі тас­тарға жан бітті: тас дегеніміз хуанфернанд теңіз мысықтары болып шықты. Ересек аталықтарынан бастап, екі айлық төлдеріне дейін теңіз мысықтары жағалауда қаптап жүр. Төлдері құдды жаңадан келген ойыншыққа таласқандай шапшаң қимылдайды, ал ересектері бізге тесіле қарайды.

Хуанфернанд теңіз мысығы, яғни теңіз арыс­таны – теңіз тіршілігін қорғау шарасының ерекше жетістігі. Бір ғасыр бұрын жаппай ауланғандықтан, жойылып кету алдында болған бұл жануарлар бүгінде Чилидің Робинзон Крузо аралында өріп жүр. Бұл ел теңіз тіршілігін қайта жандандырудың жарқын үлгісі болуға қалай қол жеткізді?

Чилидің территориясы ұзын әрі сүйірлеу келеді. Анд таулы қыратының орта бойына созыла, омыртқадай орналасқан. Ол батысқа қарай аласарып барып, Тынық мұхитына келіп тіреледі. Ел аумағының 4000 шақырымы мұхитпен шектеседі. Чилидің ашық мұхитпен шектесетін территориясының көлемі – 3,6 млн кв². Бұл оның құрлықтағы территориясымен салыстыр­ғанда бес есеге артық, сондықтан – оны мұхит-мемлекет десек болатындай.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі мидияларды жемек болған оңтүстіктің мыңдаған жалған патша шаяны алып теңіз орамжапырақтарына жармасып алған.

Чили – балықшылар мемлекеті. 2010 жылы ол теңіз анчоус, чили макрелі және тынық мұхиты сардиналары тәріздес балық түрлерін аулау бойынша әлемде жетінші орынға шықты. 1970 жылдан бері елдегі балық шаруа­шылығының даму қарқыны бәрін тауысатындай қорқынышты деңгейге жетті. Чилидің Балық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, барлығы 25 балық аулау нүктелерінің жетеуі толығымен пайдаланылады, алтауы шектен тыс пайдаланылса, ал тоғызында балық таусылған. Қалған үшеуінің ғана тұрақтылығы жіті бақылануда, яғни балық ауланатын жерлердің жартысынан көбі сарқылған не сарқылуға таяу. Сауданы қыздырып тұрған балыққа Аустралия мерлузасы, Патагония тісті балығы және Чили макрелі кіреді.

National Geographic қоғамының теңіздерді қорғау тобы балық шаруашылығының зардабын әлі тартпаған 500 жыл бұрынғы мұхиттың халінен хабар беретін шалғай мекендерді, мұхитта зерттелмеген жерлерді іздеумен шұғылданады. Теңіздің сау экожүйе­сін сақтап қалу мүмкіндігі бар жерлердің тізімін жасауда дүние­жүзілік дерекқорда қамтылған мынадай факторлар қолданылады: тұрғындар саны, айлақтан қашықтығы мен балық шаруа­шылығының орындары.

Бір қызығы, картадағы жасыл нүктенің бірі – Чилидің солтүстік жағалауынан 850 шақырым қашықтықтағы Десвентурадас (испанша – «бақытсыз») аралдары болып шықты. Олардың бірі – Сан-Феликсте стратегиялық маңызы бар шағын әскери теңіз базасы орналасқан. Соңдай-ақ 1901 жылдан бері Хуан Фернандес­тен лобстер аулауға маусым сайын келетін балықшыларды санамағанда, Сан-Амросио аралы да елсіз мекенге жатады.

Кинематограф Ману Сан Феликс Сан-Амбросио аралының таяз суасты тауларын камераға түсірді. Бұл кадрлар қорғалған теңіз аймақтарын құруға көмектесті.

2013 жылы біз Oceana табиғатты қорғау ұйы­мымен бірлесіп, Десвентурадасқа экспедицияға шықтық. Біздің мақсатымыз – осы аралдардағы теңіз тіршілігін зерттеп, оның жағдайына баға беру және National Geographic арнасына деректі фильм түсіріп, жаңалықтарымызды чилиліктермен бөлісу болатын. Чилидің теңіз флоты бізге Сан-Амбросионы зерттеуге рұқсат берді, ал әскери аймақ Сан-Феликске кіре алмадық.

Біз «Антофагаста» айлағынан жүзіп отырып, екі күннен кейін Сан-Амбросиоға жеттік. Зәкірімізді тастап, балықшылардың лашықтарына келгенімізде, олардың құлыптаулы немесе бос тұрғанын көрдік. Олардың айналасында лобстерлерге арналған алып – бір метрден асатын қақпандар жатты. Алайда  жаға ұстатқан дүние сол қақпан аузының көлемі болатын. Олардың үлкендігі соншалық, біздің басымыз оған оп-оңай сыйып кетеді. Аузы мынадай болса, лобстерлердің көлемінің қандай болғаны?

Бұл сауалға жауап табу мақсатында, біз DeepSee құрылғысын алып, Десвентурадас суына алғашқы боп сүңгуір аппаратын түсірдік. Біз «Аргоны» кемесін Сан-Амбросионың теріске­йінде қалдырған болатынбыз. Аралдың тік жартастары оңтүстік-шығыстан аласұра ұрған алып толқындардан қорғап тұрды. Тынық мұхитының қақ ортасындағы қауіпті мекеннен алыстап, акрильдік көпіршік тәріздес аппаратымызбен жүздеген метр тереңдікке сүңгіп барамыз. Біз жоғарыдағы әлемнен тереңдеген сайын көмескілене түскен күн сәулесі ғана хабар беретін тұңғиық ғаламға еніп бара жаттық.

Горн мүйісі аймағында оңтүстік жас патша шаяндары су жұлдызына таяп келеді.

Жардың саңылауынан екі антеннамыз шығып тұр. Жарығымызды шағын үңгірдің аузында тұрған алып басты лобстерге бағыттадық. Ұзындығы 54 см-лік осындай алып лобстерді бұрың-соңды еш жерден кездестірмегеніміз анық.

Жемтігін іздеген gymnothorax porphyreus әлденеге тесіліп қарап тұр.

Сүңгуір аппаратымызбен су астына жасаған алғашқы сапарымызда біз теңіз түбіндегі акулаларға, басында шыны губкасы бар шаяндарға, суасты коралдары мен балықтарының түр-түріне, ғарыш кемесінің пішінінен аумайтын химераға, әрқайсысы жеті килограмм тартатын жүздеген лобстерге толы әлемге тап болдық.

Келесі екі апта бойы біз таң атып, күн батқанға дейін акваланг және суасты құрылғысымен Сан-Амбросионың суына сүңгіп, тіршілік қайнап жатқан әлемге сапар шегумен болдық. Әлгіндей балықтар тобы Чили су бассейндерінде бары ешқашан жария етілмеген-тұғын. Әр сүңгіген сайын топ-тобымен жүзіп жүрген сары желбезекті күміс пампанитодан бастап, сары құйрығы бір жарым метрге жететін торпедодай жүйткіген амберджектерді көрдік. Мұндағы балық қоры бай болумен қатар, олар топтасып жүретіні анықталды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, экспедицияда анықталған балықтардың 96%-ы тек Десвентурадас және Хуан Фернандес аралдарында ғана кездеседі.

Тор салпы ерінділері мен помпанолар.

Біз анықтаған деректерімізді Чили үкіметімен, Хуан Фернандес жұртшылығымен, соның ішінде лобстер аулайтын балықшылармен және осы аралдар айналасында балық ауланбайтын теңіз саябағын ашуды ұсынған қоғамдастық өкілдерімен бөлістік. 2014 жылдың қыркүйегінде Чилидің Сыртқы істер минис­трі Геральдо Муньос пен Қорғаныс министрі Хосе Антонио Гомез Сан-Феликс аралына барып, ондағы табиғаттың сыйына өздері көз жеткізіп қайтты. «Біз басқа еш жерде кездестіре алмайтын сұлулыққа тап болдық. Көгілдір бұт қазысын тек осы жерден және Галапагос аралынан кездестіре аласыз. Сол себепті ол қорғалуы керек», – деді Муньос.

Робинзон Крузо аралындағы омырқасыз­дармен patagonotothen sima балығы Горн мүйісіндегі спонгияларды паналайды.

2005 жылдың 5 қазанында Чили президенті Мишель Бачелет таяу уақытта Наска-Десвентурадас теңіз саябағы ашылатынын мәлімдеді. 303 000 шаршы шақырымды алып жатқан парк қос Америка құрлығындағы ең ірі қорғалған аймаққа айналды. Осылайша, Чили балық аулауға тыйым салынған, қорғалатын парктер мен су бассейн­дер көлемін 4%-дан 12%-ға арттырып алды.

Осы жеңістен соң, мынадай заңды сауал туындайды: Чилиде тағы да осындай тұмса теңіз табиғаты бар ма? Біздің топшылауымызша, жауап құрлықтың оңтүстік нүктесіндегі Магальянес провинциясы болуы мүмкін.

Магальянес – аумағының басым бөлігі бос жатыр теңізге торланған саусақтай кірген және ақ шыңды тау жоталары бар, сансыз фьорд пен шығанақтан тұратын аймақ. Онда тұмса теңіз әлеміне қажеттінің бәрі бар. Біз бұл ойды Gateway компьютерін ойлап табушылардың бірі, табиғат қорғау ұйымдарына қолдау көрсететін қордың басшысы, серіктесіміз Тед Уэйттпен талқыладық. «Б жоспары» деп аталатын Уэйтт қорының экспедициялық кемесімен Горн мүйісі маңындағы суасты әлемін зерттеуді шештік.

Горн мүйісінің солтүстігіндегі Гермит аралындағы шағын тесікті теңіз табақшасы сары спонгияның үстінде өскен балдырларды жеп тұр.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі тасқынды толқындар мыңнан астам кемені қиратып, 15 мыңдай адамның өмірін жалмаған. Бағымызға орай, құпиясымен бөліскісі келгендей, Горн мүйісі бізді желі самалды, суы сабырлы күйде қарсы алды.

Біз Кейп Горн мүйісіне таңсәріде табан тіредік. Көптеген қайықшыға үміттің шырағы болған шамшырақтың төменгі тұсына тоқтадық. Оның асты омыртқасыздарға толы болатын. Арасында теңіз жұлдызы, ұлулар және ұзын әрі улы аяқты патша шаяндар өріп жүрді. Теңіз бетіне көтеріле бере артынан екі ұрғашысы ерген алып оңтүстік теңіз арыстанымен кезіктік.

Ауа райының жайлылығын пайдаланып, Горн мүйісінің оңтүстік-батысынан 111 шақырым қашықтықтағы Чилидің қиыр оңтүстігіндегі экстремалдық аймаққа баруға тәуекел еттік. Түні бойы жүзіп отырып, таңғы алтыда жеттік. Келе сала бұл жайсыз аймаққа тән емес жер табу үшін «Б жоспары» кемесінің көпіріне беттедік. Диего Рамирес шамшырағының астындағы айлақ қоңыр балдырлармен қапталған кілемге ұқсайды. Сол «кілемді» кесіп өтіп, алып теңіз орамжапырағына бай және қоңыр балдырдың неше түрі жасырынған сиқырлы орманға еніп кеттік. Су бетінде қозғалған кемеміз «кілемді» шұрқ-шұрқ тесіп, төменге енген күн сәулесі калейдоскоп пен собордың арасындағы бірдеңеге ұқсайтын әсер тудырды.

Чилидің қиыр оңтүстігіндегі Диего Рамирес архипелагі – жергілікті су экожүйесінің маңызды бөлшегі болып табылатын сұрбас альбатростардың ең көп қоныстанған мекені.

Біз теңіз орманы арасынан бір топ крильді аңдыдық. Бұл ұсақ қызыл асшаян осы экожүйенің тағам жүйесін қамтамасыз етеді. Асшаяндар өзге балық, пингвин, альбатрос, дауылпаз немесе кейбір кит сияқты жыртқыштардан орамжапырақтардың көмегімен қорғанады. Суасты найзағайындай жарқ еткен теңіз арыс­танының бір тобы орамжапырақтың арасынан асыға жүзіп бара жатып, ұзыннан-ұзын көпіршіктер шығаруда. Олар тамақтанудан гөрі бізді тамашалағанды қызықты деп тапқан сияқты. Бәлкім, біз олар кезіктірген ең алғашқы сүңгуірлер шығармыз.

Аралға қайта оралып, оны зерттей бастадық. Шамшырақтың айналасы – біздің бойымызбен бірдей шөптесін төмпешіктен тұратын қалың джунгли. Сол джунглидегі пингвиндер салып кеткен туннельдерді көрдік. Саңылауға таяғанымызда ондаған үрпек қауырсынды, сұрбас альбатрос балапандарын көзіміз шалды. Олар балшық пен бұтадан жасалған ұяларында отырып, құдды пүліш қуыршақтарды көргендей бізге меңірейе қарап қалды. Диего Рамирес аралы – жабайы және тұмса табиғаттың ғана емес, бай әрі зақымданбаған экожүйе саналады. Горн мүйісінен Чилиге ораларда, осы ерекше аймақтың қорғалуы керектігіне көз жеткіздік.

Экспедиция барысында Горн мүйісінің адамдар сирек сүңгитін аймақтарына бардық. Әр адым сайын таңданумен болдық. Дегенмен ең үлкен сый бізді Горн мүйісінің солтүстігінде күтіп тұрды. Ол жердің атын атамаған жөн деп таптық. Теңіз орамжапырағы орманынына енгенде бұрын-соңды көрмеген көрініске тап болдық. Көз алдымызда бойлары бір қарыс, жүздері үшбұрышты томпақ келген мыңдаған жалған патша шаян өріп жүрді. Олардан ілгеріректе бірнеше шын алып патша шаяндар жүр. Олардың ұзын аяқтары жапонның ғылыми фантастикалық фильміндегі ғимараттарды қирататын алып құбыжыққа ұқсайды. Осынау беймәлім мекен мен мұхиттың шексіз байлығына қызығып, бойымызда адреналин ойнады.

Лобстер аулаумен айналысатын балықшылар отбасы Хуан Фернандестің суын бұрып жатыр. Керемет көрегендігінің арқасында олар 1935 жылдан бері балық шаруашылығын сақтап келеді.

Табиғат байлығымен қоса, Чили бізді адамдарымен де таңғалдырды. Көптеген жағалауында теңіз өнімдері шамадан тыс ауланатын Чилиде Хуан Фернандес қоғамдастығының білек сыбана кірісуінің арқасында Наска-Десвентурадас теңіз саябағының ашылуы ақылға қонымсыз еді. Бұл қоғамды не ерекшелендіретінін анықтағымыз келді. Осы мақсатта қайтадан Waitt қорының көмегімен 2017 жылдың наурызында Робинзон Крузо, Алехандро Секирк, Санта Клара аралдарын зерттеу үшін Хуан Фернандес жаққа қайта аттандық.

Ұшағымыз қонуға таяғанда бұлт сейіліп, құрғақ және толқынды Робинзон Крузо аралын бізге паш етті. Біз жоса түсті тастардың амфитеатрымен қоршалған зүбаржат түсті суы бар аралға аялдадық. Келгенімізге шаттанғандай көрінген теңіз арыстандары күнге қыздырынып жатты.

Сыртқы істер министрі экспедицияны бізбен бірге бастады. Ол жергілікті халықтың Хуан Фернандес лобстерін аулағанын тамашалап қана қойған жоқ, олармен бірге аулады. 1935 жылы Хуан Фернандес балықшылары: «Егер балықшылық күнкөрістің негізгі құралы деп тапсақ, өзіміздің негізгі қорегімізді шамадан тыс пайдаланудан сақтануымыз керек», – деп шешті. Дамыған елдер ғылымға негізделген балықшылықты басқару жүйесін ойлап тап­қанша, олар тәнті боларлық көрегендікпен өздерінің ерекше тәсілдерін жүзеге асырып үлгерді. Ол тәсіл бойынша, балықшылар жылына төрт ай балық аулауды тоқтатып, қалқаншалары 12 см-ден қысқаларын және уылдырығы бар ұрғашы лобстерлерді қайта теңізге қайтарып отырды. Осылайша, тұрғындар тұрақты балықшылық ережелерінің үш өсиетін қалай жазғандарын байқамай да қалды. Балық аулау ережесінде жылдың суық мау­сымдарында лобстерлерге өсіп-көбеюге мүмкіндік беру қажеттігі көрсетілген. Сонымен қатар олар бүгін инновациялық тәсіл деп танылған әр балықшының балық аулайтын суасты жартасы немесе таулармен белгіленген аумағы болады. Осылайша, жеке басының және қоғамның жемісті болуына әркім жауапты болады.

Хуан Фернандес және Десвентурадас архипелагінде ғана кездесетін Хуан Фернандес лобстерлерінің үлкендігі мына суреттегі лобстер секілді ұзындығы 54 см-ге жетеді.

Хуан Фернандес суына сүңгу барысында тұрақты балықшылықпен қоса, Чилидің ешбір аймағында тіркелмеген мол балық қорын кездестірдік. Қос архипелаг бір-бірінен жырақта орналасқанымен, екеуі де Тынық мұхиты биотіршілігінің ортақ аралдар тобына кіреді. Олардың суасты тіршілігіне бай болуы оқшау орналасуына және Перу мен Чили жағалауынан солтүстікке қарай соғатын, антарктикалық судың алып конвейерлік таспасы – Гумбольт ағысына байланысты. Осынау көкпеңбек әлемде нендей тіршілік иелерінің өмір сүретініне бір көз жүгірту үшін буйға және GPS локаторларына бекітілген камераларды қолдандық.

Әрбір жазба бізге индустриалдық көлемде аулау салдарынан жоғалып кету қаупі төнген қысқа жүзбе қанатты мако акулалары мен көк акулаларын паш етті.

Хуан Фернандес балықшылары, туризм қауымдастығы, қоғам – бәрі бірлесіп, экспедиция нәтижелерін талқылау үшін бірнеше рет бас қосты. Табысты пікірталастан кейін «Хуан Фернандес тұрғындары балықты бірқалыпты аулауды жалғастырсын және жоғалып кету қаупі төнген жануарларды қорғасын» деген бірауызды шешім қабылданды. Ұзақ мерзімдік перспективалық мақсат ретінде халық өңірге тән дәстүрлі әрі орнықты балық аулау тәсілдерін қолдана отырып, өздері ғана балықшылықпен айналысулары үшін жергілікті балық аулау аймағын кеңейтуді сұрап президент Мишель Бачелеттің атына тағы да өтініш жазды. Сонымен қатар олар президентті теңіз саябағын ашуға шақырды.

Робинзон Крузо аралында қорек іздеп жүрген сегізаяқ. Балық шаруашылығына тыйым салынса, арал маңайындағы тіршілік қайта жанданып, осы маңызды индустрияның сақталып қалуына үлесін тигізер еді.

2017 жылдың 1 маусымында халыққа соңғы жолдауында президент Бачелет Чилиде екі су саябағы ашылатынын мәлімдеді. Олардың бірі – Горн мүйісінің оңтүстігіндегі ауданы 144 мың шаршы шақырым жерде, екіншісі – 263 шақ. 2 аумақты алып жатқан Хуан Фернандесте ашылатыны айтылды. 2017 жылдың 7 маусымында БҰҰ-ның Мұхит мәселелері жөніндегі конференциясында Муньос аталмыш шешімді дәріптеп Чили үкіметінің ғаламдық жылынуға әсері мол мұхитты қорғау арқылы Чилиді ғана емес, әлемді де қорғауға үлес қосып жатқанын мақтанышпен айтты.

Франциско Колоан су саябағы (2003) мен Моту Мотиро Хива су саябағының (2010) қатарына Бачелеттің бастамасымен үш саябақ тағы қосылмақ. Бұл тарихи қадам Чилиді дүниежүзілік мұхитты қорғау қадамы бойынша 1 млн шаршы шақырымнан немесе 24%-дан астам сулы аймағы толық қорғалған ел ретінде алдыңғы орынға шығармақ. Адамзат шаруа­шылығынан ада бұл ерекше экожүйелер қайта қалпына келтіріліп, қорғалатын болады.

«Мен адамзаттың тек тұрақты даму арқылы ғана алға жылжитынына сенімдімін. Біз өз экономикамызды ғана емес, табиғатты да ойлауымыз керек», – деді президент Бачелет.

Авторлары: Энрик Сала, Алекс Муньос, фото: Энрик Сала


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қор болған қорық

$
0
0

Көктемде солтүстік бұғылары қорықтың жағалау алқабына қоныс аударады. Алты апта олар тундрада жайылып, төлдеп, масалар мен жыртқыштардан қашып жүреді. Жыртқыштардың қатарында Алясканың жергілікті аңшылары да бар. Олар үшін солтүстік бұғылары маңызды ресурс саналады. Бұл жағалау алабы мұнайға да бай болуы бек мүмкін.

Бәске қойылған тәуекел! Мұнай үшін арктика қорығының есігі ашылмақ. Конгресс оны дауысқа салды.

Ұшақ кедір-бұдыр әуе жолымен тербеле қозғалып, Кактовик ауылы үстінен ентелей ұшып барып, қоңыр тундра үстінде сары нүктеге айналды. Бұл – АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік ішіндегі ең даулы жер.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығының жағалау алқабы мың жыл бойы карибулер (солтүстік бұғылары) табыны мен жыл құстарының жазғы, ақ аюлардың қысқы мекені, Аляскадағы жергілікті тұрғындар үшін аң аулайтын аймақ болатын. Сонымен қатар оның қойнауында 7,7 миллиард баррель мұнай болуы бек мүмкін. Мәселенің мәні де – осында.

1980 жылы Конгресс 7,8 миллион гектарлық қорық құрғанда, он жыл болмай жатып елде екінші мұнай дағдарысы пайда болды. Сондықтан заң шығарушылар 607 мың гектар жағалау алабын алып жатқан мұнайы мол аймақтың тағдырын шешуді кейінге қалдырды. Олар содан бері осы мәселеде тартысып келеді.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығы. Брукс сілемі арқылы өтетін жолда тар алқапқа топтас­қан Поркьюпайн табынын­дағы 218 мың бас солтүстік бұғысы Питерс көлі маңында жайылып жүр. Қорық таулардан басталып, Бьюфорт теңізіне дейінді 7,8 миллион гектарға созылып жатыр.

«1970 жылдардың басында алғаш осында келгенімде, бұл шектеулерден таза мемлекет болатын. Қазіргі таңда БАҚ назары осы қорыққа ауған сайын, келушілер саны да көбеймек», – дейді Алясканың Балық және аңшылық шаруашылығы департаментінің зейнеттегі биологі, пилот Пэт Валкенбург.

Валкенбургпен ұшқан сапарым 2005 жылы болған еді. Ол кезде қорық туралы баспасөзде көп айтыла бермейтін. Бұл жердің мұнайы Республикашыларға тыныштық бермей келе жатқанына 40 жылдан асты. Ондаған сәтсіз талпыныстардан кейін күні кеше Аляска сенаторы Лиза Меркауски салық туралы заңнама жобасына бұрғылау­­ды енгізіп, оның партиясы осы заңнаманы өткен жылы қабылдап үлгерді.

Сарапшылардың айтуынша, бұрғылау әлі көп жыл болмайды. Бірақ АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі жаңа заңнамаға сәйкес, әрқайсысы кемінде 162 мың гектардан болатын екі лизингтік сатылымды жалғастыруға ниетті. Түрлі нормативті және заң кедергілерінің жойылу ықтималдығын ескерсек, Аляска мен АҚШ үкіметі түсімді бөліп алады. АҚШ Конгресінің бюджетті игеру департаменті оның құнын 2,2 миллиард долларға бағалап отыр. Кейінгі лизингтік құндар бұл соманың асыра сілтенгенін көрсетеді.

Сату мен табыс салығы жоқ Аляска штаты әр тиынға мұқтаж. Мұнай-газ индустриясы штат бюджетінің 90 пайызын құрайды. Әр аляскалыққа берілетін 1000 доллардан астам жылдық дивиденд те, негізінен, Транс­аляскалық мұнай құбыры (TAPS) арқылы тасымалданатын Норт Слоуп мұнайына салынатын салық есебінен төленеді. Мұнай бағасы 2014 жылы күрт түсіп кеткелі бері, штат бюджетінің шығыны бірнеше миллиард доллар болды. Жығылғанға жұдырық болғандай, кейін бағаның көтерілгеніне қарамастан, құбыр арқылы жөнелтілетін мұнай көлемі 1988 жылдан бері тұрақты түрде азайып келеді. АҚШ Энергетикалық ақпарат әкімшілігінің 2012 жылғы есебіне сай, мұнай бағасы осы төмен күйінде қалса, құбыр 2026 жылға қарай жабылады.

Аюдың үш түрі де, Арктика қорығы мекендейді. Гризлиді байқаған кезде Флориан Шульц Каннинг өзені бойында бұғыларды суретке түсіріп жүрген болатын. Кенет 40 метр жерден ол өзіне қарап тұрған аюды байқайды. «Мұндай алыпты ұмыту мүмкін емес» – деп мәлімдеді қорықты басқаратын АҚШ Балық аулау және жабайы жануар­ларды қорғау қызметі. Мұнда гризлилерді аулауға рұқсат берілген.

«Егер олар құбырды жапса, Аляска қаңсып, тақырға отырады», – дейді еңбек өтілін сонда өткізген бір мұнай геологі. Штаттың жеке секторындағы 300 000 жұмыс орнының үштен бірі осы шикізатқа тәуелді.

Бүгіннің өзінде қорықтың батысындағы Аляска ұлттық мұнай қоры мен осы штатқа тиесілі жердің барлығы барлау жұмыстарына ашық. Жаңа зерттеулер бойынша бұл аймақ қойнауында 8,7 миллиард баррель мұнай бар. Бұл Арктика ұлттық қорығындағы қордан бір миллиард баррельге көп. АҚШ Геологиялық барлау (USGS) жүргізген бұл есептеулер желтоқсанда мәлім болды.

Аляска саясаткерлері үшін мұнай қатты қажет шығар, бірақ төменгі 48 штаттың тақтатас мұнайы мен газына малынып жатқан ел үшін Американың табиғи қорығында бұрғылау жүргізудің шығыны мен пайдасын есептеудің мәні бөлек. «Бұл – миллион долларлық сұрақ, – дейді Анкоридждегі Аляска университетінің экономисі Мучине Гэттаби, – кімнің әл-ауқатын жақсартуды көздейміз? Әр АҚШ азаматының тұмса табиғатқа деген көзінің қарашығындай қарайтын құндылығын есепке алдық па, әлде аляскалықтардың ғана пайдасын көбейтуді көздейміз бе?»

Тұяқтарының екпіні мен мүйіздерінің ауыр соққысымен қошқар­өгіздің құлжасы өзінің мекенін бәсекелестерінен қорғап жүр. Мұз дәуіріне бе­йім­делген қошқарөгіздер Аляскадағы Норт Слоуп аймағында XIX ғасырда жойылып кетті. Олар 1969 жылы Арктика қорығына қайта жіберілді. Бүгінде олардың кішігірім табыны жыл бойы жағалау алқабын кезіп жүреді.

Германияның оңтүстігінен шыққан фотограф Флориан Шульц осындай тұмса табиғатты аңсап өсті. «Еуропада бұған сәл де болса ұқсас дүние жоқ. Расында, бұл – соңғы қалған нағыз табиғи ландшафтты жерлердің бірі. Ол мастодондар ақырып жүрген дәуірге көз салғандай сезім береді», – дейді ол.

Ол кейінгі төрт жылды қорықты барлаумен өткізді. Оңтүстіктегі тайга орманынан бастап, Брукс жотасының шыңдары мен тау шалғындары үстімен Бьюфорт теңізіне жалғасатын еңіс тундраға дейінгі аймақты алып жатқан Аляска қорығында жан баспаған 78 000 шаршы шақырым экожүйе бар. Шашыла орналасқан санаулы күркелер адамзат ізінен хабар береді. Каннинг өзені бойындағы қорық шекарасындағы қарама-қайшылық айқын байқалады: арғы бетте 120 гектар қиыршықты алаңдар, көк түсті болат ғимараттар мен ақпен боялған құрыш цистерналар, айлақтар мен ұшу жолағы және шамамен 18 шақырымдық қиыршық жолдан құралған ExxonMobil компаниясының Пойнт Томсон жаңа газ алаңы бар. Жалғыз мұнай құбыры батысқа қарай қоңыр тұманға сіңіп созылып жатыр.

Ақ аю қонжықтарымен бірге өздерінің негізгі азығы – итбалықты аулау үшін судың жеткілікті дәрежеде мұзға айналуын күтіп, Бью­­­­­форт теңізіне еніп жатқан мүйісті барлап жүр. Климаттың жедел жылынуы салдарынан теңіз мұзының жоғалуы ақ аюларды жағалаудағы қалдықтарды іздеуге мәжбүрлеп, олардың оңтүстік Бьюфорттағы санын 40 пайызға дейін азайтты.

2005 жылы Валкенбург екеуміз Каннингтің үстін бауырлай өтіп, қорыққа бет алғаннан кейін ол қою қоңыр түсті солтүстік бұғыларының шоғырын көрсетті. Олар ұйысып, тар өткелге кіретін кезегін күтіп тұрды. Біз бұғылар орманы үстімен баяу бұрылдық. Арктикадағы күн сәулелерімен табын мен алқап алтын түске малынды. Мұндай көрініс мың жылдан бері жалғасып келеді. Мұны жалғыз Шульц жақсы біледі және ол ерекше есімде қалды.

Бүгінде Поркьюпайндағы солтүстік бұғыларының табыны өсіп-өніп, рекордтық 218 000 басқа жетті. Аналықтардың жартысынан астамы қорықта төлдейді. Бірақ ақ аюлар жойылып барады. Бьюфорт теңізінің оңтүстігіндегі олардың саны осы ғасырдың алғашқы он жылдығында 40 пайызға азайып кетті.

Реактивтік жойғыш ұшақтар секілді қар қаздары оңтүстікке, яғни Калифорния мен Мексикаға аттанбас бұрын күзгі тундра үстінен айналшықтап ұшып жүр. Жылы жаққа ұшатын құстардың 200-ден астам түрі жазды осы қорықта өткізіп, Аустралия­дан басқа барлық континентті өзара жалғап тұр.

Алқаптың астында қанша мұнай бар екенін не мұнай барлау табиғатқа қаншалықты зиян келтіретінін ешкім нақты білмейді, бірақ табиғаттың бүлінетіні сөзсіз. АҚШ Табиғи ресурстар министрлігі (ТРМ) лизингтерді сатпастан бұрын, қоршаған ортаға әсерін анықтайтын зерттеу жүргізуі тиіс. Оның нәтижесін сарапшылар мен қоғам бағалайды. Пікірталастың екі тарабы да ұзаққа созылатын саяси әрі құқықтық күрес­ке дайындық үстінде.

«Біз ақ аюларды қалай сақтау керек екенін әлден білеміз, – дейді ол, – ол үшін мұнай жағуды доғару керек. Кейін тым кеш болмақ, кейін мұның бәрін бірде-бір заң қайтара алмайды».

Алыстан мұнарлаған Сэдлерочит таулары фонында екі қошқар­өгіз адамзат аяғы баспаған жермен маң-маң басып барады. Арктикалық ұлттық тұмса табиғат қорығы – АҚШ-тағы ең үлкен қорғалған аймақ пен Жердегі ең жабайы мекен. Әзірге…

Расында, келешек ұрпаққа үлкен жүк түскелі тұр: Солтүстік Аляска үшін не қымбат? Кесапат әкелетін жанармайдың артық баррелі ме, әлде шынайы Юрий кезеңінің паркі ма? «Бір нәрсе анық, – дейді Амстрап, – қай жер бұрғыланса, сол жер ластанады». Оның қалған экожүйе мен елге қалай әсер ететіні – екі миллиард доллардың сұрағы.

Авторы: Кіші Джоел К. Борн, фото: Флориан Шульц


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Құс әлемінің ақыл иелері

$
0
0

Эклектус тотықұсының аналығы камераға таңданыспен тесіле қарап тұр. Бұл аналық эклектустың шие түстес қызыл қауырсыны жарқырап көрінсе, аталығы жай ғана жасыл «шапан» жамылған.

Тотықұстардың естілігі үш жастағы баланың деңгейіне дейін жетіп, 80 жыл өмір сүреді, ән салады, билейді, бізді қайталап жүріп жүрегімізді жаулап алады. Танымалдығы басына сор болып бітті.

Умгени өзені бойындағы құстар бағында әртүрлі құстардың ән салғанын естуге болады. Примадонна ма? Ол – Молли деп аталатын тотықұс. Көктұмсықты амазон ән салу қабілетін бұрынғы иесінен үйренген. Осы зообақтағы және Оңтүстік Африкадағы Дурбан орталығындағы тотықұстардың басым көпшілігі – қолдан қайтқандар. Машақаты көп құс асырау ісі кейбір адамдарды олардан бас тартуға итермелеген. Себебі тотықұстар мазасыз, тынымсыз және жыбыр­лақ келеді. Одан бөлек, кейбірінің ойлау деңгейі үш жасар баланікіндей болса, ал енді бірі 80 жасқа дейін өмір сүреді.

Қою түсті шашақты белгі Эдуардтың інжір тотысының көзін қоршап тұр. Аты айтып тұрғандай, олар інжір (басқа жемістер, шы­­рын және жәндіктермен бірге) жейді. Таңғажайып орман тұрғыны Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинея­дағы елді мекендерге таяу маңда алаңсыз тіршілік етеді.

Соған қарамастан, «құс ішіндегі адамдар» деп аталатын тотықұстарды асырауға үндеу оңай емес. Қабілеті жоғары және ақылды құстар өздерінің қожайындарымен мәнді де терең байланыс орната алады. Тотықұстардың адам дауысын сала алатыны олардың Жер шарындағы ең танымал асыранды құс атануы кездейсоқтық емес екенін түсінесіз.

Алайда кей жағдайда олардың танымалдығы өздеріне зиян болып тиеді. Әлем бо­­йынша жүйелі өсіру бағдарламаларының болғанына қарамастан, көптеген тотықұс табиғаттан әлі де заңсыз жолмен ауланады. Себеп біреу: піл және мүйізтұмсық секілді жануарларды жөнелту арқылы миллиардтаған доллар тауып отырған ұйымдасқан қылмыстық топтар тотықұстарды да өздерінің «репертуарына» қосып алған. Аустралиялық қара какадулардың қара нарықтағы біреуінің құны 30 000 долларға дейін жетеді екен. Тотықұсты заңсыз саудалау Латын Америкасы және Кариб аралдарында кең таралған, мұнда оған қарсы қолданылатын заң қауқарсыз, не болмаса олардың орындалуы нашар.

Қара қауырсынды васа тотылары шытырман махаббатты бастан өткереді. Себебі олардың аналықтары аңдып жүріп, бірнеше аталықпен қатар шағылысады. Мадагаскардағы аналық құстар мұндай әрекетке жем тапшылығынан барады.

«Егер АҚШ-та тотықұс сатып алуға шешім қабылдасаңыз, оның торда өсірілгенінің ықтималдығы – 99 пайыз, – дейді Техас ауыл шаруашылығы университетінің зоологі Дональд Брайтсмит. – Ал Перу, Коста-Рика мен Мексикада оның табиғаттан ұсталынып алынғандығына 99 пайыз сенімді болыңыз».

Тотықұстардың қауіпті жағдайға тап болуына құс асырауға деген сұраныс, ормандардың оталуы мен өмір сүретін аймақтарының тарылуы айтарлықтай әсер етіп отыр. Шамамен 350 түрлі құстың төртеуінен басқасының жоғалу қауіпі жоғары болғандықтан олар Халықаралық сату конвенциясы (CITES) қорғауына алынған.

Қызғылт ұрты мен әуезді әні арқылы қызыл шығыршықты тотықұстар ғасырлар бойы «үй құсы» атанып келеді. Әсіресе Еуропада. Мьянма мен Тайландттан жиі ауланатын құстың бұл түрі қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие түрі тынымсыз сөйлейтін Африканың сұр тотықұсы екені сөзсіз. CITES-ке сүйенсек, кейінгі қырық жылда кемінде 1,3 миллион сұр тотықұс өздері мекен ететін 18 елден заңды түрде экспортталған екен және жүз мыңдағаны жолда өлген.

Оңтүстік Африка, басқа елдерге қарағанда, Африканың сұр тотықұстарын көбірек экспорттайды. Бұрын сұраныстың басым бөлігі АҚШ пен Еуропадан келетін, бірақ құс тұмауы мен құс саудасын заңмен салынған тыйым ондағы нарықтың жолын кесті. Қазір оның орнын Таяу Шығыс елдері толтыруда. Оңтүстік Африка елдері 2016 жылы бұл аймаққа мыңдаған сұр тотықұсты жөнелткен.

Африканың сұр тотықұсының сәбилер секілді өздері естіген сөздің дәл көшірмесін қайталап беруі – өз алдына, олар тіптен ұғымдарды есіне сақтай алады.

Сол жылы CITES сұр тотықұстарды «Қосымша 1»-ге, яғни жойылып кету қаупі бар түрлерді қамтитын белгіге қосу жөніндегі екіжақты шешім қабылдады. Тотықұстарды шетелдерде сатумен айналысатын құсшылар CITES-тің қадағалау­шыларына Африканың сұр тотықұстары табиғаттан ұсталынбағанын, керісінше торда өсірілгенін дәлелдеуі керек. Көп жағдайда торда туған балапандардың аяқтарына тұрақты куәлік сақиналары тағылады. Заңсыз саудалаушылар жабайы құсқа сақинаны кигізудің жолын табуы мүмкін, сондықтан тормен еркіндікте өмір сүрген құсты анықтау оңай емес. Алайда бұдан шығатын жол да бар.

Оңтүстік Африкадағы КуаЗулу-Натал университетінің генетиктері құсты табиғатта не торда өскенін дербес генетикалық пішініне үңілу арқылы анықтайтын гендік тәсілге үміт артып отыр. Мұндай ДНҚ жұмысы құсшыға, сатып алушыға не әуежай инспекторына құстан сынама алып, сол сәтте оның тегін анықтауға мүмкіндік береді.

Гангганг – әдетте Аустралияны мекен ететін шамамен 20-ға жуық какаду түрінің бірі.

Ұқсас тәсілдің тағы бірі – тотықұстың қанатындағы химиялық изотоптарды тексеріп, олардың тамақтану дәстүрін анықтайды.

Кейінгі кездегі тотықұстарға қатысты жағымды оқиға: бұған дейін CITES-тің шектеу­лерінен бас тартып келген елдер – Сауд Арабия­сы мен Біріккен араб әмірліктері бұдан былай табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарды импорттамайтынын мәлімдеді.

Аустралия, Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинеяға тән қызыл қанатты тотықұстардың аталықтары тартымды көрінуі мүмкін. Алайда аналықтардың қанық түстерге малыну ықтималдығы жоғары. Кей тотылардың қауырсындары ультракүлгін сәуледен флуоресцент шашып, олардың кешенді жарық шоғырын болашақ жұптарымен байланысу мақсатында қолданатынын көрсетеді.

Автор: Кристин Дэлл Аморе, фото: Джоел Сарторе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ресей бүккен қазына

$
0
0

Чукот теңізіндегі Врангель аралында бұғы мүйіздерінің арасынан көлбеңдеген арктикалық түлкішек күн сәулесіне қыздырынып тұр. «Врангель» – Ресейдегі қатаң қорғалатын 105 қорықтың бірі. Онда адамдардың кіріп-шығуы жіті қадағаланады.

Ресейде бұрын-соңды адам аяғы баспаған 34,6 миллион гектар жер.

Ресейдің тұмса табиғатты қаз қалпында сақтауының сыры ол жерлерге адам жолатпауында болып отыр.

Ресейдің табиғатты қорғау ұстанымы адамдарды тұмса табиғаттан ғасырлар бойы аулақ ұстаумен шектелген. Олардың кейбіреулері тым шалғайда орналасқаны соншалық, ол жаққа аяқ басқан адам саны бірен-саран.

Дулисмар өзені Путорана қорығына таяғанда қата бастайды. Ол солтүстік ормандардан мұзды шөлдерге дейін созылып жатыр.

1917 жылы Ресейдің соңғы патшасы Николай II тақтан қуылардан бірнеше ай бұрын Сібірдегі Байкал көлі маңынан елдегі алғашқы «қатаң табиғи қорықты» ашқан. Көп ұзамай большевиктер оған өлім жазасын кеседі. Николай II өзі ашқан қорықтың арқасында баргузин бұлғынын сақтап қалғанын біле алмай кетті. Патша отбасында терісі жоғары бағаланатын бұл жануарды «жұмсақ алтын» деп атаған.

Григорий Кожевников секілді табиғат жанашырлары тұмса табиғаттың кіршіксіз зертханалары ретінде Ресейдің жаңа қорықтарынан адамдарды аулақ ұстауға тырысып бақты. Ол: «Ештеңені қозғаудың, қосудың немесе жетілдірудің қажеті жоқ. Табиғатты өз бетімен қалдырып, жай ғана бақылау керек», – деп өз уәжін білдірген.

Камчатка түбегінде орналасқан Ключев ұлттық саябағындағы Плоский Толбачик жанартауының қарлы шыңында лавалар ағыны түйіседі.

Бүгінде Ресейде 70,3 миллион гектар федералды қорғалатын жер телімі сақталып қалды. 105 қорықтың үлесінде Табиғатты қорғау халықаралық ұйымының «Ia» категориясына кіретін, халықаралық талаптарына сай келетін 34,6 миллион гектар жер бар. Қорықта адамдардың жүріп-тұруы шектеліп, жіті бақылауға алынған.

Ортадағы саңылаудан жоғары көтерілетін көл суы балдырға боялған қар мен Лама көліндегі мұздың бетінде жарқырайды. «Осынау адам аяғы жете бермейтін аймаққа көктем келгенде су нағыз суретшіге айналады», – дейді Сергей Горшков. Бедерленген аймақтың ұзындығы шамамен – 9 метр.

Сергей Горшков осынау жабайы табиғатты жиырма жыл бойы суретке түсіріп келген. Ол сирек кездесетін жанартау атқылауын, адамзатқа белгісіз жануарлар әлемін, адам аяғы баспаған Арктикалық су жолдарының маусымдық еруін суретке түсіріп отырған. Оның жұмыстарынан біз табиғаттың өз бетімен қалғандағы әдемі келбетін көреміз.

Путорана қорығындағы Кандин сарқырамасы Путорана таулы қыратының төменгі шатқалына қарай 208 метр биіктіктен құлай ағып жатыр. Еуразия бұланы, қасқыр, құну, алып мүйізді путорана қойы, қоңыр аюмен қоса, солтүстік бұғысының қоныс аудару жолдары қорықтың ортасын кесіп өтеді.

Ресейдің Арктикалық ұлттық саябағындағы Франц-Йосиф архипелагі үстінде аспан түнеріп тұр.

Авторы: Ив Конант, фото: Сергей Горшков


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жер ананың айтары көп, бірақ тілі жоқ

$
0
0

Напа округіндегі жүзімдікті шарпыған өрт – 2017 жылы солтүстік Калифорния­да болған еді. Сол алқаптар бүгінде құрғақшылықтан тозып барады.

Жаһандық жылыну экологияның нашарлауынан болғандығын дәлелдейміз дегенше, ол одан да маңызды мәселеге айналуда.

Отыз жыл бұрын табиғи отынды жағу мен қалың орман өртінің кесірінен ауада жылуды ұстап қалатын қалдықтардың түзілетіні, оның климатқа қауіпті әсері жайлы жиі жазылатын.

Ғылымның есін жинап, мұны түсіну үшін бір ғасыр мен қабылдау-түйсігімізге үлкен өзгеріс қажет болды. Шындығында, 1896 жылы жаппай көмір жағудың қаншалықты жаһандық жылынуға сеп болатынын ең алғаш болжаған швед ғалымдарының бірі – Аррениус Сванте бұл құбылысты жақсылыққа балады.

Кейін баспасөз беттерінде жаһандық жылынуға қатысты мақалалар қаптады. Солардың ішіндегі ең елеулісі – 1956 жылы New York Times газетінде жария­ланған мақала болатын. Мақаланың соңында болжанғандай, ауаны таза күйінде сақтап тұруға болашақта қазба байлықтардың молдығы себеп болады деп көрсетілген екен. Көптеген елде көмір мен мұнай қоры мол, ал бағасы арзан. Олардан түсетін пайда барда екеуінің өндірісте қолданылуы доғарылмақ емес.

Көптеген фактор парникті газдың салдарын ортаға шығарғандықтан 1988 жылдың соңына таяу жаһандық жылынуға қатысты үкіметаралық кеңес құрылды. Проблема шешімінің жоспары содан бір жыл бұрын Монреаль протоколында оған мүше елдердің келісімімен жасалған болатын. Аталмыш хаттамада атмосфераның қорғаушы озон қабатын зақымдайтын кейбір синтетикалық заттардан арылудың жолдары көрсетілген.

Маусымның 23 жұлдызында Сенаттың бекітуімен бұл жоспар нақтыланды. Шолпандағы зерттеу жұмыстарын тоқтатып, Жердегі адам қолымен өзгерген атмосфераны зерттеуге бет бұрған климатолог Джеймс Э. Хансен сенімді түрде парникті газдың бар екенін әрі олардың климат өзгеруіне әсер етіп жатқанын баса айтты.

Торонтодағы Атмосфера өзгерісі туралы дүние­жүзілік конференциядан кейін сол айда климат өзгерісі ғылымына, оның әсері мен энергия түрін таңдауға қатысты журналистік қызығушылығым оянды. Кей дүниелердің өзгергені болмаса, негізгі проблемалар біз 1988 жылы журналистермен бірге анықтаған күйде қалып отыр.

Сол жылдың қазанында Discover журналының басты мақаласы болып жарияланған еңбегімде Маямиді сел басу қаупі бар екенін, қуатты дауылдардың потенциалдық күші, Қытайдың ауаға бөлетін зиянды газдың күрт артып кетуі, Калифорнияның қар жамылғысы мен одан шығатын су қорының азаюы секілді көптеген мәселе қозғалған болатын. Мақалада қазірде сақталып отырған климаттың жылыну болжамдарына қатысты жағымсыз екіұшты пікірлер де келтірілген. Мақала Гарвард университетінің сол кездегі профессоры Майкл Мак Элройдың мынадай сөздерімен аяқталған: «Дәл қазір қауіптің қарқынын баяулату ғана қолымыздан келеді. Қоғам мен экожүйемізге тиетін зардапты барынша азайтатын механизмдерді ойлап тапқанша уақыт тым ұзап кетпесе жақсы болар еді. Болмаса, осының бәріне көз жұма қарап, жақсылықтан үміттеніп, уақыты келгенде зардабын тартатын боламыз».

Осындай ескертулер сізге де таңсық емес шығар. Ғалымдар, қоршаған орта жанашырлары, саясаткерлер осындай тұжырымдарды бұған дейін де жасап келген. Олардың ескертпелері ластаушы газ мөлшерін азайта алмады.

Жаңғырмалы энергия технологиялары да жаңалықтан кенде емес. Күннен, желден қуат алатын жүйелерден бастап, ауа тұнық кезде, тіпті күн батқанда да жарықпен қамтамасыз ете алатын батареяларға қатысты технология­лар қарыштап даму үстінде. Алайда энергияға қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін әлемнің 85 пайызы әлі де қазба отынға тәуелді. Кедейлік азайған сайын қазба отынға деген сұраныс артып, оның түсімі тиімді энергия мен жаңғырмалы энергиядан түсетін пайдадан асып түскен. АҚШ пен Еуропаның көптеген елінде төмен көміртекті атом стансалары жұмысын тоқтатуға мәжбүр, себебі өткен апаттарға қарап, қоғам стансалардың талап етуде әрі жаңасын салудың құны өте жоғары болып тұр.

Адам кесірінен туындаған климаттың өзгеруін тежеуде нақты ұсыныстардың болмауын қалай түсіндіреміз? Біз басты айыптыларды атай аламыз ба? Түрлі теория мен идеяның жақтаушылары мен даттаушылары секілді, шын мәнінде, себеп аз емес. Солардың арасында – қарапайым зерттеудің жеткілікті қаржыландырылмауы (мен көбіне осы топқа қосылатынмын), өндірістің саясатқа әсері, БАҚ-тың бұл мәселені көп қозғамауы, қазба отынға инвес­тиция бөлушілердің күмәнмен қарауы немесе мемлекеттің араласуы… Солардың арасында «адамзаттың мінез-құлықтық ерекшеліктері мен жаһандық жылынуды түсініп, оған төтеп беруге кедергі жасайтын қоғамдық ережелер» деп суреттеген «қолайсыз санам» да бар.

Көптеген жыл бойы мен Агата Кристидің «Шығыс экспресстегі қылмыс» оқиғасындағыдай барлығы кінәлі деп ойлап келдім. Бірақ басқа да себептері бар екен. Мүмкін климаттың өзгеруі – дұрыс жолға қойылуы тиіс табиғи қателік емес, төніп келе жатқан қауіптің басы шығар. Бұл адамзат пен табиғат күшінің арақатынасын анықтауы да мүмкін. 2009 жылы жарық көрген «Ғаламшар ауқымындағы жыныстық жетілу» атты мақаламда біздің түріміздің жеткіншек шақтан ересек болғанға дейін ескертулерді ескерместен қарқынды өзге­рісте екендігін, қазба отынды тестостеронмен салыстырып осы түсінікпен жүріп көрдім.

Алайда жағдай одан бетер шиеленіскен болып шықты. Заңсыз көмірдің не өздері жинаған бұтақтардың үстінде ас пісіретін Кенияның қараңғы қайыршы аудандары мен Үндістан ауылдарында бұл тақырыпты түсіндірген сайын энергия мен климаттық қауіп-қатерлерге дәрменсіздік тақырыбына келгенде адамдарда «біз» деген ортақ ұғымның жоқтығына көз жеткіздім. Бай саналатын «біз» үнемді энергияға бет бұрып, жылыну мен сел секілді  тағы басқа апаттарға әкеп соғатын факторларды тежей аламыз. Бірақ адамзаттың көбі әлі күнге біздің қазба отынды жағудан алатын пайдамыз арқылы қалтасына түсетін экономикалық кіріске таласуда.

Көптеген ғалымның бірігіп жасаған зерттеуі жаға ұстатар нәтижелерді растайды. Жаһандық жылыну біз бұрын-соңды кездестірген табиғи проблемалардың ешқайсысына ұқсамайды. Біз оны тұман немесе озон қабаты мәселесін шешуге пайдаланған тәсілдермен немесе шектеулі заңнама, ереже не шектеулі технологиялық өзгерістермен реттей алмаймыз. Климаттың өзгеруі кеңістік, уақыт, көлем тұрғысынан тым үлкен. Оны туғызатын шығарындылар – Жер бетінде өсіп-өну үшін тіршілік ететін қазіргі 7,5 миллиард пен алдағы бірнеше он жылдықта саны 10 миллиардқа жететін адам әрекетінің ортақ нәтижесі.

Жерде болып жатқан құбылыстардың шынайы кескіні парникті газды адамзат әрекетінің өлшемдерімен бірге қарастырғанда ғана шығады. 2015 жылғы «Ұлы үдеме» атты ғылыми мақалада тропикалық ормандардың сиреуінен бастап, суды тұтыну, қағазды қайта өңдеуге қатысты мәліметтер бейнеленген ғаламдық графикалар панелінде қамтылды. Табиғаттың ластануы мен климаттың әсері ауқымдырақ жағдайдың симптомдары саналады: бұл – «антропоцен» деп аталатын адам мен Жердің әрекеттесуінің нәтижесі.

Рочестер университетінің астрофизигі Адам Франктың түрлі сценарийлер бойынша ғаламшар тағдыры туралы бірнеше талдауы бар. Оның математикалық модельдері қарапайым, үш ауқымды сценарийден тұрады. Мұны Франк өзінің «Жұлдыз­дар жарығы» атты жаңа кітабында баяндайды. Біріншісі – «жұмсақ қону» жағдайы. Мұнда өркениет пен ғаламшар ақырын ғана жаңа, орнықты күйге көшеді. Екіншісі – «сөну». Қоршаған орта әлсіреп, ауа ластана береді. Бірақ тіршілік жалғасады. «Технологиялық өркениет тұрғындарының шамамен 70 пайызын жоғалтады», – дейді Франк.

Соңғы үшінші жағдай – күйреу. «Тұрғындардың саны өсіп, планета «қатты ысып», жұрт түгел қырылып қалады, – дейді Франк, – біз, тіпті тұрғындар табиғатқа қатты залал келтіретін қазба отыннан бас тартып, залалсыз күн энергиясына ауысқаннан кейін күйреудің қашан орын алатынын да анықтап қойдық».

Франктың планетааралық көзқарасына сүйенсек, климаттағы тоқырау адамдар, тіпті бірнеше буын аса сабырлықпен ғұмыры бойы алысатын қатерлі ісік немесе кедейлікпен күрес секілді өте ауқымды проблема болып шығады. Перспективадағы өзгеріс үрей тудырады, бір жағынан, ол шектеулерден босатады: талабы мен табандылығы бар кез келген мұғалім немесе инженер, артист не инвестор, былайша айтқанда, кәдуілгі ғаламшарлық азамат әлемге өзгеріс алып келе алады.

Франк Жердің перспективаларын бағалап жүріп, Джеймс Хансеннің бастапқы нүктесі – аса ыстық «көршіміз» Шолпан ғаламшарын зерттеуі­­не оралды. Осы жылдың басында мен Франктан Жердің келешегі туралы сұрадым: Біз жарқ етіп ерте сөнген шоқ жұлдыздай боп қаламыз ба, әлде күннен қуат алатын LED шамдай болып жана береміз бе?

Ол ғаламшардағы кез келген дамыған ин­­дус­триал­­­дық өркениет биосфераға әсер етпей қоймайды деген ойда. «Мәселе – өркениеттің өзгерген биосфераның маңызды бөлігі ретінде қалай ауыса алуында, – дейді Франк. Адамдар қисапсыз жауапкершілікті мойнына алып, әрекет ете ала ма, осы маңызды».

Авторы: Эндрю Ревкин


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жұмбақ жер

$
0
0

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бестерек елді мекені маңында ғажайып бір табиғат туындысы бар. Ауылдың солтүстігінен төрт-бес шақырым жердегі тау жоталарында орналасқан оны жергілікті жұрт Ақбауыр қуыстасы деп атайды. Кірер аузы бөктердегі жер деңгейінен 30-35 метр биіктеу тұрған ол үңгірден гөрі тау төсіне тігілген күрке немесе жаппаны көзге елестеткендей. Олай дейтін себебіміз, жалпы, пошымы киіз үйге ұқсас оның қабырғалары дөңгелене иілген кереге сияқты да, төбесінде ішке күн сәулесі еркін түсетін шаңырақтың орнындай ойық бар. Атап айтатын нәрсе, оның бәрі адам қолымен жасалған ба, жоқ әлде табиғаттың құдіретімен өмірге келген бе, бұл әлі күнге жұмбақ. Қалай дегенде де, бұған таңданбасқа, таңдана отырып ойланбасқа болмайды.

Ақбауыр үңгірінің тағы бір кереметі бар. Ол оның қабырғаларындағы есте жоқ, ескі замандарда салынған ұсақ-ұсақ пиктограмма суреттер. Адамдар мен таутекелердің, арбалар мен түрлі шеңберлердің және нүктелердің сұлбалары бейнеленген олардың саны 80-ге жетіп жығылады. Композициясы өте күрделі бұл таңбалардың айналасын ирек сызықтар мен айшық, трапеция, үшбұрыштар мен төртбұрыштар өрнектеп тұр. Әуесқойлар осылардың ішінен кез-келген белгіні қағаз бетіне түсіріп құраса, олардан теріс төңкерілген әлдебір тіршілік иелері мен жан-жануарлардың кескіні шығатынын да айта кеткен жөн. Мұның құпиясын петроглиф пен пиктограмманың ізіне түскен арнайы мамандар болмаса, былайғы бейсауат жандардың түйсініп, түсінуі өте қиын.

Арнайы мамандар демекші, үңгірді көргеннен кейін осы табиғат құпиясымен шұғылданып жүрген ғалымдар бар ма екен деп біраз ізденіс жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сонда облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері бізге археолог Зейнолла Самашев пен Ақбауыр кешенінің меңгерушісі Галина Петенованы атады. Зейнолла Самашев өз сөзінде: «Бұл табиғат сыйы – энеолит – қола дәуірінің ескерткіші. Ондағы пиктограммалар біздің заманымызға дейінгі 4-3 мыңжылдықтағы тіршіліктен хабар береді», − деген тұжырым айтса, Галина Петенова әңгімені әрі­ден бастауға ниетті екенін білдірді.

− Атақты саяхатшы Николай Рерихті кім білмейді дейсіз, − деп бастады сөзін өлкетанушы. − Міне, сол кісі 1929 жылы Моңғолия мен Тибетке бара жатқан сапарында Алтайға соғып, Мұзтау мен Ақбауырды көрген. Соңғысын, яғни біз сөз еткелі отырған жерді ашықаспан астындағы ғибадатхана деп атаған. Саяхатшының пайымдауынша мұнда мыңдаған жылдар бұрын ақылгөй абыздар өмір сүрген. Олар сол замандағы халықтардың тіршілігімен өмір сүріп, қоныстануына бағыт-бағдар беріп отырған. Осындай пайымдауларын айта келіп Николай Рерих: «Ақбауыр төңірегінде тасқа қашалған жазулар, жерлеу рәсімі салынған суреттер бар, – дейді. – Соларға қарап ойланғанда мұндағы өте ертеде өмір сүрген адамдар көз алдыңа елестейді. Жалпы, Алтай өңірі тарихта әлі терең зерттелмеген, көп ізденуді қажет ететін аймақ. Ол – жер жүзінің жауһары. Мұндағы асыл қазынаны бағалап, оның қадір-қасиетіне жете алсақ, соның өзі біздің адамзат өркениетінің ашылмаған аралдарын зерттеуге аз да болса үлес қоса алғанымыз».

Шынында да, Ақбауыр үңгірі мен оның етегіндегі әр тастан өте қызықты, адамды бір көргенде-ақ таң-тамаша қалдыратын бейнелер мен түрлі сурет, таңбаларды көруге болады. Бұлар жөнінде мұнда көптеген жорамал әңгімелер де бар. «Мәселен, сөз етіп отырған жайт туралы Санкт-Петербургтегі Эрмитаж қызметкері, мәдениеттанушы-ғалым Леонид Марсадолов Ақ­бауыр орналасқан пирамида тәрізді төбенің пошымы аспан кеңістігі тылсымына қарай үнсіз жетелейтін символдық бағдар болуы мүмкін десе, – дейді кешен меңгерушісі Галина Геннадьевна, − ал екінші бір ғылым өкілі Владимир Иконников бұл ғажап мекендегі жұмбақ белгілерді көк жүзіндегі жұлдыздардың сол энеолит за­манындағы картасы емес пе екен деген ой айтады. Үшінші зерттеуші Андрей Юрченков төбесі ойық, қабырғалары түрлі таңбаларға толы Ақбауырды бұл өте ерте замандағы аспан әлемін зерттеуге арналған обсерваторияның алғашқы нұсқаларының бірі дейді».

Енді сөз етіп отырған үңгіртастың төңірегіндегі жәдігерлерге келейік. Ақбауырдың өзінен сәл төменіректе амфитеатр тәрізді шағын алаң көзге шалынады. Мұндағы ерте заман адамдарының осында отырып, тізе бүгетін және абыздардың түрлі дәстүр-салтқа арналған тақ, баспалдақ, ошақтарының бәрі үлкенді-кішілі қалақтастардан құралып, жасалған. Жолбасшымыздың айтуына қарағанда, бұл арада түрлі діни рәсімдер өткізілетін болған. Ал сай табанына жақындау тұстағы шомбалтаста солтүстікті бетке алған бұғылар тобы бедерленген. Галина Геннадьевна мұны бізге: «Бұғы мен 12 айды білдіретін 12 маралдың батысты бетке алуынан атқан таңның бататын да сәті бар екенін, туғанның өлмегі де болатынын бейнелеген бабалар философиясын аңғарып, танимыз», – деп түсіндірді.

Осыдан кейін аңғардағы көлемі малшылардың кішігірім жаппа немесе күркесі секілді ақтасқа келдік. Оны ерекшелеп тұрған мынадай нәрселер дер едік. Біріншіден, ол алып тақтатастың үстінде тұр. Салмағы әлденеше тоннаға жететін бұл гранитті мұнда кім, қалай қойды, түсініксіз. Екіншіден, оның астында оларды біреу әдейі қашап немесе кертіп тұрып жасағандай әсер қалдыратын үш ойық көзге шалынады. Мұны құдды үлкен ошақтың үш бұты дерсіз. Үштаған пошымындағы осы тесіктерден боранды күндері ызыңдаған үн шығады екен. Қазіргі заман тілімен айтқанда, резонатор деп аталатын ол есте жоқ ескі дәуірде қалай жасалған және сол қадым ғасырдағы адамдарға не үшін керек болған, бұл енді біз үшін мүлде түсінбейтін, біліп болмайтын жұмбақ, құпия сыр.

– Өздеріңіз көріп, танысқан жердің: «Тағы қандай ерекшелігі бар?» – дегенде оған мына ғажайыптарды айтуға болады, – деді қайтарымызда жолбасшымыз. – Оның алғашқысы Ақбауыр аңғарының ғарыштан көрінетіндігі. Содан соң бұл сайда жағымды биоэнергиялық өрістің бар екендігі. Осы айтылған ерекшеліктердің екеуі де Ресей ғалымдарының тұжырымы. Бұларды олар космос құралдары арқылы біліп, анықтаған. Есте ұстайтын тағы бір жайт, Ақбауыр алқабы мен ондағы ежелгі ескерткіш іздері бар аумақ 63 гектар жерді қамтиды. Соңғы төрт жылдан бері соның 18 гектары қорғауға алынып, кешен мәртебесін алды. Онда туристерге арналған соқпақ жол, үңгіртас пен өзге де жәдігерлер белгіленген көрсеткіш тақта жасалынған. Саяхатшылардың күн көзі мен жаңбырдан паналайтын ағаш үйшік, айбандары да ұмыт қалған жоқ. Қажетті-ау деген нәрселердің бәрі біртіндеп жүзеге асуда.

Осылай деген Галина Геннадьевна аталмыш тақырыпқа қатысты әттеген-айлардың да бар екенін айтып қалды. Ол біздің қоғамдағы экологиялық түсінік зерденің әлі де жөнді қалыптаспағандығы. Мәселенің мәнісі, тарихи және мәдени құндылықтардың бізге ғана емес, болашақ ұрпаққа да тиесілі екендігін естен шығарып алу. Сондықтан, археологиялық ескерткіштер бар жерді тапсақ болды, сол сәттен бастап оларды жабайылықпен пайдаланудың басталып кететіндігі. Оған бір ғана мысал келтірейік. Өзіміз сөз етіп отырған осы Ақбауырдан онша алыс емес жерде  Абылайкет атты қорған бар екен. Ол ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жоңғар нояндары тұрған қамал деседі білетіндер.  Міне, бейсауат адамдар сондағы ғибадатхананы ғана емес, оның белгі, таңбаларын да аямаған. Алдымен олар бұл ежелгі ескерткіштің мемлекет тарапынан қорғалатындығы туралы жазған металл тақтасын ұрлап әкетіпті. Одан кейін сол тақта бекітілген темір бағанның да көзін құртқан. Қорғанды қиратып, тастарын мал қора салуға тасып әкеткен. Ал енді мына Ақбауырды соңғы жылдары елдің жаппай көріп тамашалауы, туристер легінің көбеюі қазір неге алып келе жатыр дейсіздер ғой. Тастағы таңбаларды қолмен сипап, оған тәу ету, орынды-орынсыз ұстай беруден көп белгілер өшіп, жоқ болуда. Жартастардағы осыдан бес-алты жыл бұрынғы бар суреттерді қазір іздесеңіз де таппайсыз. Таңбалар тек Ақбауыр үңгіртасының ішінде ғана сақталып қалған.

Осыны естігенде біздің ойымызға мына бір жайт оралды. Батыс Еуропада Фон де Гом, Монтеспам, Альтамира секілді әйгілі үңгірлерді ондағы кешен қызметкерлері металл тормен жауып қояды екен. Ақбауырды да дәл осындай етіп жасау керек сияқты. Ол үшін торды қорғауға алынған жер аумағын қоршаумен шектелмей, үңгірге кірер тұсқа да қою қажет. Ежелгі ескерткішті қорғаудың бұдан басқа жолы жоқ. Сол кезде туристер Ақбауырдың қабырғасындағы таңбаларға тиіспейтін болады. Еуропадағы секілді жазуды тордың жанына келіп, сырттан ішке үңіліп қана көре алады.

Ол –акула қорғаны

$
0
0

Крамп Кук аралдарының ең ірі «Раротонганың» маңында суға сүңгуде.

Акуланы аулауға тыйым салуды қолдайтын д.крамптың көкейіндегі сауал: акулаларды заңмен қорғау мүмкін бе?

Кеме айлағына келген олардың қолы сары желбезекті тунаның ішек-қарнымен былғанған. Конини Ронго мен Белла Смит әлемнің ең ірі акула қорығында өмір сүруге енді бейімделгендей.

Кук аралдарындағы 15 порттың ең ірісі – «Раротонгада» 17 жастағы екі қыз балық аулайтын бірқатар қайықтардың маңында ет ұсақтауда. Олар америкалық биолог Джессика Крампқа акула­ларды түсіру үшін суасты камераларын орнатуға көмектесуге ерікті ретінде келген. Ал Крамп оларға шамамен екі миллион шаршы шақырым қорғалатын аймақтың тарихын баяндап жатыр. Крамптың жұмысын National Geographic пен Rolex қолдап отыр.

2011 жылы Крамп рифтері акулаларға толы оңтүстік Тынық аралдарына қоныс аударған. 18 айдан соң Кук аралының ерекше қорғалатын экономикалық аймағында акуланың өзін не етін сатумен, болмаса, тасымалдаумен ұсталған кез келген кемеге ең кемі 73 мың АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салатын заң шықты.

Қазір Крамп қимыл-қозғалыстарын бақылау үшін 28 акулаға спутниктік ен салуды жоспарлау­­да. Оларды қорғау жобасын жүзеге асыру үшін Крамп су бөрілерінің қайда және қаншылықты алысқа жүзетінін анықтауға ниетті.

Кемеде Крамп жасөспірімдерді жұмыспен таныстырып, оларды мұхит табанына апаратын GoPro камерасы мен жемнің ұзын таяқ-құрылғыға қалай ілінетінін, GPS координаттарды қалай тіркеу керектігін түсіндіріп жатыр. Акулаларды белгілейтін зерттеу жобасы бойынша ол мақұлықты қармаққа түсіріп, арқа қанатын тіліп, спутниктік ен енгізетіндерін айтты. Мұны естігенде қыздардың көздері шарасынан шыға жаздады.

«Бұл әрекетіміз қатыгез көрінгенімен, оларды осылай ғана қорғай аламыз, – дейді Крамп. – Акула­ларды зерттеуіміздің бір себебі – олардың құрып бара жатқанында. Кук аралындағы заңның қаншалықты тиімді екенін анықтау керек».

Су ресурстары министрлігінде коммерциялық балық шаруашылығы мәселелерін басқарған Джош Митчельдің айтуынша, қорық ашылғанға дейін кез келген кеме күніне кемі бес-алты акуланы ұстап әкететін. Әдетте, заңсыз аулаушыларды анықтау қиынға соқпайды. Өйткені акула терісінен шығатын аммиак иісін жасыру мүмкін емес.

Джессика Крамп Кук аралдары айналасында қорық ашуға үлес қосқанға дейін өлтірілетін мақұлық арасында мына Жібек акулалары да бар еді.

Митчельдің айтуынша, 2012 жылы «Нөлдік толеранттық» заңы қабылданғаннан кейін бұрынғы инспекторлар қызметтен босатылды. Содан бері төрт кеме айыппұл ретінде 247 мың доллар төлеген.

Бірде Крампқа университетіндегі профессоры ең мықты ғалымдардың, әдетте, өздері шығарған теорияларды теріске шығаруға бар өмірін арнайтындарын айтқан екен. Крамп жобасына қажетті деректерді үш жыл жинады. Ол бұл ақпардың табиғат жанашырлары мен заң шығарушы органдарға тиімді тетіктер табуға сеп болады деп үміттенеді. «Мен акулалардың қорықтарда да қырылып жатқанын білемін, – дейді Крамп, – заң тиімсіз болса, марапат пен импульстың құны бір тиын».

Заңдардың мінсіз болғанының өзінде бірлі-жарым кемшіліксіз тағы болмайтынын ол түсінеді. Қорғалған аумаққа тек медициналық көмек сұрауға ғана кірген деген желеумен кейбір акула бөліктерін артқан кемелерге айыппұл салынбаған екен.

Кук аралының халқы үшін акулалар taura atua, яғни жан-жануардың күзетшісі саналып келген. Алайда заманауи пайдакүнем балықшылар үшін ол бәсекелестік құралына айналып кеткен.

Камераны суға түсірмес бұрын Крамп портқа тоқтап, жемдерді қарап шығады. Үстел басына жиналған бір топ балықшыдан ол: «Жігіттер, бүгін қармақтарыңа бірдеңе ілінді ме? – деп сұрайды. – Акула аулағандар бар ма?» Екі сұраққа да «жоқ» деген жауап естиді. «Неге өтірік айтасың?» – деп қанжығасы майланған бірақ түк білмегендей мүләйімсіп отырған жігітті бас салды.

Крамптың бұл портта әжептеуір абыройы бар. Балықшылар оны «акула ханым» деп атайды. Ол балықшыға акула өлтірудің салдары туралы көп түсіндіріп жатпайды, енді ұмытпастай ұрысып кетеді. Өйтпесе ол өзін кінәлі сезінеді.

Кеме діттеген орынға келіп, GoPro камералары қайтадан шығарылды. Бірақ Крамптың жас көмекшілері маңайдан акуланы көре алмады. Келесі күні олар GoPro камерасын қосып қарағанда Крамп қарайған бірдеңені байқайды. Бұл – акула! Барлығы қуаныштан қол алысып жатты. «Бұл камераны суға мен тастаған болатынмын», – деп Ронго мақтанды.

Жоғары сынып оқушылары – Ронго мен Смит теңіз биологиясы мамандығы бойынша жоғары оқу орнына тапсыруды жоспарлауда. «Кеңседе жұмыс істегенше, акула ханымы болғым келеді, – дейді Смит.  – Осындай атау маған жарасып-ақ кетер еді».

Авторы: Нина Строчлик, фото: Энди Манн


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Қалың вампир

$
0
0

Түкті вампир айлы түнге еніп кетті. Мақсаты – кешкі аспен оралу. Мексикадағы Юкатан түбегінің кеміргіштері мен басқа да майда тіршілік иелері үшін түн – аса қауіпті уақыт. Себебі жемтік іздеген жыртқыш жарқанаттар ұясынан шығады.

Олар Мая ғибадатханасының төбесінен бастарын төмен қарай салбыратып тұрды. Бізге тесіле қараған көздері каскамыздағы шамның қызыл жарығымен шағылысып, жан-жақтан жылтырайды.

Азулы, жарқанаттардың құлақтары ұзын әрі түссіз, дене бітімі әжімденген, ал танауларының үстіндегі жапырақ мұрындарын эхолокация үшін пайдаланады.

Мехико қаласының ұлттық дербес университетінің профессоры Родриго Меделлиннің айтуынша, Юкатан түбегіндегі Калакмул биосфералық қорығындағы бұл жарқанаттар басқалар сияқты мың-мыңдап топтаспайды. Олар азғантай ғана топқа бөлініп, бір-бірін қызғыштай қорғайды.

Алты жарқанаттың біріне торын лақтыр­ған Меделлин біреуін ұстап алды. Ол былғары қолғабымен жарқанатты сүйкімді әрі жағымды етіп тұрған қалың үрпек жүні, алға шығыңқы танауымен осы сүйкімділікті бұзып тұрған өткір тістері көрінетіндей етіп қолына алды. Мына біреуі ұрғашы екен. Ол бізге ырсиған тістерін көрсетіп, айбат шегіп тұр. Меделлин байсалды қалпынан танбастан, оның қанатын ашып, бас бармағы астындағы бүгілген, қылыштай өткір тырнағын көрсетті.

«Мынаны жемтігін аулауға қолданады», – деді ол. Тырнағына қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Оның «тамақ рационында» тек шыбын-шіркей емес, кеміргіштер мен сайрағыш құстар, сондай-ақ өзге жарқанаттар да бар.

Тордағы спектрлі жарқанат үстелдегі жапырақ қалдықтары арасындағы тышқанды жегелі тұр. Бразилиядағы жыртқыш жарқанаттарды зерттеген ғалымдар олардың далада аң аулағанын көре алмаған. Сондықтан олар жыртқыштарды камераға түсіріп, зерттеуге қажетті дыбыстарды жазып алуда.

Оңтүстік Мексикадан Боливия мен Бразилияға дейінгі аралықта осы жыртқыштардың екі түрі табылған. Олар – түкті жалған вампир (Мая ғибадатханасынан табылғаны) мен «спектрлі» деп аталатын Линнеус жалған вампир жарқанаттары. Осылардың кейбірі Парагвай мен Аргентинаның оңтүстік аудандарына дейін жеткен. Соңғылары – Жаңа дүниенің ең алып жарқанаттары. Олардың қанат құлашы бір метрге дейін жетеді. Жаңбырлы орман ортасына төнген қауіп Мексика жарқанаттарына да қатер төндіруде, сондықтан жарқанаттар мекендейтін жерлерді анықтау аса маңызды.

Түкті жалған жарқанаттар туралы ақпарат тым аз. Ғибадатханадағылардың бойы мен салмағын өлшеу үшін Меделлин  бірнешеуін ұстап алып, сыртқа алып шықты. Олардың төртеуі – еркек, екеуі ұрғашы, қалған біреуі «жүкті» болып шықты. Жарқанаттардың қарым-қатынасы туралы көбірек білмек болып, зертханаға генетикалық тексеруге жіберу үшін ғалымдар әрқайсысының қанат терілерінен үлгі алды. Олардың жемтіктерін қалай аулайтынын анықтау мақсатында үш жарқанаттың (арасында жүктісі бар) арқасына шағын GPS құрылғысы орнатылды.

Жарқанат паналаған жер жартылай желінген тікенді қалта тышқанының сүйектеріне толы. «Біздің ойымызша, бұлар жемтіктерін сыртта жеп, артылғанын үйіне алып келеді», – деді Меделлин. Мұндай олжа көбіне жемтігін өздігінен аулауға мүмкіндігі жоқ жаңа төлдегендерге бұйырады. «Біз олардың бақандарынан қашан ұшып кететіндерін, қайда баратындарын, кім-кімді тамақтандыратынын және жемтіктерін қалай аулайтындарын білмекпіз», – деді ол.

Жарқанаттардың шамамен немен қоректенетіні ғибадатханадағы кешкі астан қалған қалдықтар мен нәжістерінен біршама түсінікті болды. «Қара! – деп таңырқады қолына кішкентай шіри бастаған жас тышқанның қаңқасын ұстаған Меделлин, – олардың мұны түгелдей жеп қоймағанына таңмын. Әдетте,  сүйек, тырнақ, құйрықтарына дейін қалдырмай жеп қоятын». Сондай-ақ олар сары көбелектің қанатын қалдырып, қалған жерін жеп қойған. Кешкі асқа цикада мен құс жеген сияқты. «Біз өзге жарқанаттардың қанаттарын да кездестіріп жатамыз», – дейді ол. Олар сирек кездесетін жарқанат түрлерін азық қылады. Меделлин бұл жарқанаттардың неге өз тұқымдастарын қорек қылатыны мен түкті  вампирлердің бұған қалай келгенін анықтамақ.

Спектрлі жарқанат немесе Линнеус жарқанаты зерттеушінің қолғабын тістеп алған. Бұл жарқанаттың салмағы – шамамен 170 грамға, ал құлашы бір метрге дейін жетеді. Ал оның өткір тырнақтары негізгі қаруы саналады.

Меделлиннің айтуынша, түкті және спектрлі жарқанаттар маялық көне «Popol Vuh» аңызында баяндалған жарқанаттарға ұқсайды. Оқиғада баяндалғандай, егіз Мая батырлары «жарқанаттар үйіне» кіреді. Үңгір мая тілінде Camazotz деп аталатын қанқұмар жарқанаттарға толы болады. Олардың адам мен аңды өлтіруге арналған қылыштай тұмсықтары бар-мыс. Құтылу үшін егіздер бүріккіштеріне кіріп, жан сақтайды. Жарқанаттар түні бойы егіздерді әбден қинайды. Таң атқанда шегінетін жолды тексермек болған егіздің бірі шыға бергенде, Camazotz басын шауып тастайды.

«Мына жарқанаттар тура солай жасайды. Олар жемтігіне  төніп келіп, үстеріне жартылай ашық қанаттарымен мініп алады. Бас бармағының тырнағын батыра басынан тістеп өлтіреді. Camazotz-тың әрекетіне таңғалудың қажеті жоқ», – дейді Меделлин.

Қасқыр, арыстан, жәндік, маймыл, адам сияқты түкті және спектрлі жарқанаттар да жемтігін жақындарымен бөліседі. Ғалымдар аспен бөлісуді альтруизмге балайды. Бұл қасиет, әдетте, бір-біріне етене жақын жануарларға тән. Олар қорегімен жомарттығынан емес, генетикалық байланысы болғандықтан ғана бөліседі. Меделлин мен студенттері түкті жарқанаттар арасындағы осынау генетикалық байланыстың маңыз­дылығына тоқтамауларының  бір себебі де – осы. Жарқанаттар жемтіктерін жақындарына алып келетінін Меделлин мен студенттері біледі. Бірақ жарқанаттардың қайсысы – әкелуші, қайсысы алушы екенін білмейді. Олар мұның жауабын Меделлиннің аспирант зерттеушісі Ивар Влют орнатқан камера жазбасынан көре аламыз деген үмітте.

Влют өз компьютерінен тамақпен бөліскені түскен бірнеше видеожазбаны көрсетті. «Мұнда балалы аналықтың салбырап тұрғанын көре аласыз. Оның қасына  тышқан ілген басқа жарқанат ұшып келді», – дейді ол. Бұл атылығы болса керек, ұрғашыға жақындап келіп, төбесіндегі сырыққа аяқтарымен ілінді. Басы төмен салбыраған ұрғашы құдды әке-шешесінен бірдеңе жалынып сұраған баладай үлпілдек білектерін еркегіне созды да, жемтік алды. Мойнынан бастап, бүкіл денесін ашқарақтана жеген жарқанат құйрығын жеместен қалдырып, жерге тастай салды. Аталығы оның жанында салбырап, қанаттарын жалап, өз бетінше тұрды. «Бұл – оның қалыпты әрекеті, – деді Влют. – Олар, әдетте, үйлеріне оралғанда тойып келеді, сондықтан біз оларды ұзақ уақыт аң аулап, соңғы жемтігін бөлісуге алып келген екен деп қаламыз».

Түкті жарқанат туралы мәлімет жинап, генетикалық талдау жасаған соң, биолог Родриго Меделлин мен ғалым Ивар Влют жарқанаттарға аңшылық үшін қандай ортаның ең қолайлы екендігін анықтады.

Ғалымдар жарқанаттардың жабайы ортада қорегін қалай аулайтынын әлі де болса зерттеулері қажет. Ол үшін Меделлин екі түкті жалған вампир еркекті екі апта бойы бөлмесінде қамап ұстап, өзі жіберген тышқанды қалай тырнағына басатынын бақылаған. Сондай-ақ ол кеміргіштерді шатастыру үшін жапырақтарды шашып тастады. Тышқанның дауысын естіген жарқанаттар алып құлақтарын спутник тәрелкесі секілді айналдырып, жемтігіне бағыттады. «Темір тордың ішінде өзімен-өзі салбырап тұрған жарқанаттар тышқанның шиқылдаған дауысын ести сала әрі-бері ұшып, кеміргішке атылды», – дейді Меделлин. Оның ойынша, түкті жарқанаттар табиғатта аң аулағанда ағаш бұтақтарына жайғасып алып, кеміргіштер мен бауырмен жорғалаушылардың басқан қадамдарын және өзге жарқанаттардың әр қимылын бақылап тұратын көрінеді.

Бір күні біз спектрлі жарқанаттарды іздеп орманға шықтық. Влют оларға алғаш 2009 жылы тап болған. «Олар өте сирек кездесетіндіктен, олар жайлы ештеңе білмеймін», – деді Влют соқпақпен жүріп келе жатып. Ол бірде жарқанат түгендеп жүріп спектрлі жарқанатты жолықтырып қалады. «Мен оған мұқият қарамас бұрын  иіскеп көрдім. Біздің торымыз­­да бірдеңе өліп қалған екен деп ойладым. Осынау алып жарқанаттың тордан шығар жолды таппай жатқанын көргенде абдырап қалдым. Қатты қобалжығаным былай тұрсын, оның алып кескінінен қорықтым да», – дейді ол. Влют оны тордан алып шыққаннан кейін қайта ұстау үшін екі қабаттап былғары қолғабын киіп алды.

Тұла бойын қызығушылық кернеген Влют жарқанаттар туралы мәліметтердің біршамасын оқып шыққан. Оның өзі аз болатын. Сөйтіп, Влют жарқанаттар экологиясын осы күнге дейін ешкімнің зерттемегенін анықтады. Ол Меделлинге хабарласқаннан кейін екеуі бірігіп алып жыртқыштарды зерттеуді бастап кеткен. «Дәл қазір біз мұнда қанша жарқанаттың өмір сүре алатынын анықтап жатырмыз. Олардың мекендейтін орындары туралы хабар бергендерге біздің сыйақымыз дайын», –дейді Влют.

Осылайша, зерттеушілер жарқанаттың бірнеше бақанын тауып алды. Спектрлі жарқанатты торға түсіріп, арқасына трансмиттер орнатқан соң, олар осындай ұяның тағы біреуін тапты. Меделлин мен Влют спектр­­лі жарқанат паналаған қуыс ағаш тауып, бізге белгі берді. Ғалымдар GoPro камерасын кабельге жалғады. Влют камераны ағаштың қуысы бар ең биік бұтағына алып шықты да, қуысқа итеріңкіреп жіберді.

Бірнеше минут камераның мониторы қап-қараңғы болып тұрды. Кейін «біз оларды көріп тұрмыз» деген дауыстар естілді. Үшеуі­міз үңіліп камераның жарығы түсіп тұрған жаққа қарап, ересек ұрғашы, балапан мен бір аталық жарқанатты көрдік. Үйлеріне шақырылмаған қонақтың келгеніне олар қарсылық білдіріп жатты.

Түкті жарқанат Хормигуэродағы археологиялық мекеннен табылған ғибадатхана ішінде көлеңкесін түсіріп, бақанына оралды. Олар жаңа төлдеген жарқанат секілді қорегін өздігінен аулай алмайтын топ мүшелеріне азық ретінде әкеп береді.

«Олар бырылдаған дыбыс шығарып, біздің шегінгенімізді қалап құбылды», – дейді Меделлин көзін экраннан алмай. «Анау төменде қарайған не?» – деді ол жарқанаттың астындағы ағаш қуысына қарап. «Бұл – жарқанаттың қанаты!» – деп студенттерінің бірі жауап берді. Бұл жерге қазір ғана желінген астың қалдығы тасталыпты. Жарқанаттар GoPro-ға тыжырайып қарап, қаңқылдап жатты. Ақыры қорғанысқа көшкен ересек жарқанат балапандарын қанатының астына алды.

«Уф!» – дедік бәріміз бір кісідей. Сәлден кейін: «Камераны шығарыңдар, ол жерден алып кетіңдер!» – деген бұйрық келді. Влют кабельді өзіне тартқанда, экрандағы жарқанаттар жоғалып кетті. Осыдан соң көзге түспейтін камераны ағаштың ішіне тіршілік иелерін мазаламайтындай етіп қалай орнатуға болатыны туралы қызу пікірталас басталды.

Сөзсіз, бұл жыртқыш жарқанаттар жемтіктері үшін қаншалықты қорқынышты болса, Мая үшін де соншалықты қорқынышты. Алайда біз оларды бақандарынан салбырап тұрғандағы және зерттеушілердің қолына түсіп қалғандағы жұмсақ әрі осал тұстарына куә болдық. Тышқан мен қасқырдың қосындысына ұқсайтын осынау түр-тұрпаты ерекше жаратылыс иелері басқа сүтқоректілер сияқты өз жақындарына мейірімді әрі қамқор болып шықты.

Авторы: Вирджиния Морель фото: Ананд Варма


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Құпияға толы –Шартас

$
0
0

Әулие түнеп, нар шөккен атақты Маңғыстау. Аңыздар өлкесі атанған онда Торыш атты аңғар бар. Бұл Үстірт Қаратауының батысындағы Алтынқазған елді мекенінің маңайы. Атшаптырым алқаптағы сансыз домалақ тастардың алдымызда үлкенді-кішілі болып шашырап жатқандығы-тын. «Бұл не ғажайып? Өмірде осындай да ерекше көріністер кездеседі екен-ау!..», дегенбіз іштей.

Іссапардан жоғарыдағыдай таңданыспен қайтқан біз содан бастап Торыш аңғарын ауық-ауық еске салып қоятынбыз. Сөйтіп жүріп ондағы шар кейіптес домалақ тастар туралы ғылыми еңбектерде айтылған болжамдарға ден қоюды әдетке айналдырғанбыз.

Диаметрлері 1-ден 3 метрге дейін жететін, биіктігі 1,5-2 метр аралығындағы до­малақ тастардың қалай, неден пайда болғандығын білу. Ғалымдардың айтуынша, таби­ғаттың мұндай жұмбақ туындысы жалғыз Маңғыстауда емес, Коста Рика мен Кола түбегі және Франц Иосиф аралдарында да бар екен. Олар туралы интернеттегі шаш-етектен келетін деректерді қайталап айтып, ұзынсонар әңгімеге бармай, өзіміздің Торышқа келсек, қазір бұған қатысты мынадай болжамдар бой көрсетуде.

Алғашқысы ғарыш әлемі­мен шұғылданатын ғылым өкіл­дерінің пайымы. Олар есте жоқ ескі заманда біздің осы өзіміз сөз етіп отырған аймақ аспанында метеорит жарылғанын айтады. Содан ондағы қатты дүмпу арқылы жерге әртүрлі жағдайда келіп түскен оның қалдықтары осында уақытша қалыптасқан өзгеше температура, өтпелі климат арқылы мұнда шар тектес құрылым түзген дейді. Екінші ұғым геологтарға тиесілі. Бұлардың көзқарасы бойынша бір кездері Маңғыстаудағы жер қыртысының тектоникалық өзгерістерінен Торыш алабында күшті электр зарядтары пайда болған. Осы құбылыстың құйын секілді айналмалы ағыны төңіректегі құм, топырақты суы­рып, өңірді ғаламат өзгеріске түсірген. Соның нәтижесінде мұндағы жер қыртысының үс­­тіңгі қабаты шар формалы үлкенді-кішілі сансыз домалақ тастарға айналған. Енді үшінші болжамға келейік. Оны айтушылар – биологтар мен географтар. Олар осыдан миллион жыл шамасы бұрын өзіміз сөз етіп отырған аймақта мұхит болып, Каспий мен Арал теңізі бір-бірімен тұтасып жатқан дейді. Кейін бұл акваториядағы жойқын сулар тартыла бастайды. Олардағы балық, ұлу,

бақа-шаян секілді жәндіктер мен қамыс, жалбыз, балдыр сияқты шөптердің шірінділері жиектегі құм, топырақпен араласқан күйі теңіз табанына шөгеді. Сөйтіп бұл қоспалар тартылып бара жатқан су айдынының жерасты сифоны бар иіріміне түскенде шыркөбелек айналып, домалақ-домалақ саз балшықтар кейпіне енген. Кейін уақыт өтіп, жер құрғағанда осы шөгінділердегі ылғал бу боп ұшып, алаптағы кесектер  күн, жел күшімен шар формалы тасқа айналған.

Осының бәрі конкреция деген ұғымға келіп саяды екен. Ол – ғылым тіліне айналған латын сөзі. Мағынасы «өзара араласып қосылған құрылым», «қоюланып, ұйыған түзілім» дегенді білдіретін бұдан оның өзегі неше түрі минералдық заттардан құралып, ал сыртқы қабаттары құм мен топырақ қоспалары бар шөгінділерден тұратын нәрсе деген жалпы ұғым­ды білдіретінін аңғару онша қиын емес. Мұны айтып отырған себебіміз іссапар барысында Торыш аңғарындағы ғажайыптардың сынған, бө­лініп түскен кесектері мен сыртқы қабаттарындағы жарық­шақтардан ұлу мен моллюс­ка қабыршақтарының, балық сүйек­терінің қалдықтарын көріп қалғанымыз еді. Демек, бұл таза табиғат туындысы деген сөз. Және ол кейбір баспасөз беттерінде айтылып жүрген «басқа ғаламшардан келген бөгде жан­дардың ісі» немесе «қадым ғасырдағы атланттардың қол­таңбасы» да емес. Бұл уақыт, заман құбылыстары әсерінен пайда болған дүние. Бұ­ған дәлел – ағылшын ғалымы Алтидор Монтгомеридің пікірі. Ол осындай тастардың күні кешеге дейін ешқандай тіршілік белгісі сезілмеген, сондықтан өркениет атаулыдан мүлдем тыс қалған Франц Иосиф аралдарынан табылғанын айтады. Сөйтеді де осы мысалы арқылы мұндай шар тектес ғажайыптардың адам баласы атаулының қатысуынсыз, тек табиғи ортада түрлі жағдаймен өздері жасалып, өмірге келген дүние дейді.

Авторы: Жанболат Аупбаев, Фото: Дмитрий Ругис

Тастан қатты, темірден берік – Ерен ағаш

$
0
0

Шарын шатқалының Торайғыр тауы маңында ежелгі соғды заманы ағаштары тегіне жататын ерен тоғайы бар. Бұл аңғарды мен ең алғаш 1959 жылы сегіз жасымызда көрген едім. Шонжы ауылы Шарын өзені ағып өтетін Сарытоғайға өте жақын болатын. Сол жерден үлкен кісілер, араларында өзіміз сияқты балалар да бар топ үйлерімізге отын дайындап таситынбыз. Орман күзетшісі Төкір деген қарт еді. Тік тұрған ағашты кескізбейтін. Жел құлатқан кәрі тал-теректер мен өзен жиегіндегі су шайған түбіртек салындыларды жинап алуға ғана рұқсат беретін. Бір күні әкейдің сол кісіге: «Анау құлаған ағашты арбаға сиятындай етіп кесуге қанша әрекеттенсем де болмады. Діңі балтамды кері серпиді де тұрады. Бөле алмадым», деген сөзі есімізде. Сонда қария: «Ол ерен ғой. Басқа ағаштардан темір сияқты қаттылығымен ерекшеленеді, – деді. – Оны отқа жағуға емес, құрылысқа пайдалану керек. Себебі, жоғарыдағыдай ерекше қасиетіне байланысты еренді өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң шірімейді. Үйдің төбесін жабатын белағашқа пайдалансаң сынбайды. Ат арба дөңгелегінің шеңберін жасасаң мүжілмейді. Ауладағы отын бұтайтын дөңбекті қазақ жаңғырық демей ме. Міне, соған да ол таптырмайтын нәрсе. Өйткені, үстіне қанша соққы түссе де, жарылмайды, сынбайды». Содан соң Төкір ақсақал төмендегідей екі қызық нәрсені айтты. Оның біріншісі, өткен ғасырдың 30 жылдары осы Сарытоғайдың шетіндегі Тастықара ауылында пилорама артелінің құрылғандығы. Онда ерен ағашынан тақтай тілініп, ол Іле өзеніндегі баржамен Қапшағай тұсындағы Түрксіб теміржолының разъездеріне әкетілетін болған. Темірге қарағанда жеңіл, бірақ беріктігі сол тектес металдарға пара-пар ереннен алынған жоғарыдағы жұқа фанер тақтайшалар жиегі алюминиймен құрсауланып, аэропланның корпусын жасауға пайдаланылған екен. Екіншісі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жағдай. Сол кездері Сарытоғайға еңбек армиясының бригадасы әкелініп, олар мұнда екі жылдай болыпты. Істеген жұмыстары – учаске басшылары таңдап, рұқсат еткен ерен ағашын кесіп, белгіленген қалып, форма бойынша Тула мен Ижевскіге жіберу. Сөйтсе, шытынап сынбайтын, опырылып кетпейтін одан винтовка мен автоматтың дүмі жасалған екен ғой.

…Кейін біздің үйіміз етектегі Шонжыдан таудың арғы бетіндегі Нарынқолға көшіп, Сарытоғайды ұмыттық. Ондағы ерен ағашы да естен шығып кеткен. Тек арада 30 жыл өткенде… Иә, 90-жылдары газет-журналдар мен телеарналар Шарын шатқалы туралы небір сенсациялық хабарларды дүмпітіп берді дейсіз. Құдды Америка құрлығы енді ашылғандай әсер қалдыратын сол ақпараттар арасында Сарытоғай орманы, ондағы жұмбақ оазис туралы да айтылып қалып жатты. Бақсақ, ол баяғы темір ағаш – ерен массиві екен. Бірақ, атауы басқа. Анықтамалықтар мен энциклопедияларға Шарын шетені деген сөз тіркесімен еніп те үлгеріпті. «Сонда қалай? – дейміз іштей. – Бұлардың екеуі бір-бірінен мүлде бөлек ағаштар ғой». Мұндай тұжырымға келуімізге шетенді де бала күнімізден көріп өскендігіміз. Ол қабығы қызыл, ішкі өзегі ақ, діңі анау деп айтатындай жуан емес, жапырақтары сиыртаңдай кейіпте өсетін, бұтақтарында қойшының қыздары құлақтарына сырға ғып тағып ойнайтын моншақ-моншақ жемісі бар бойшаң ағаш еді. Тез сынатын. Морт, әлсіз болғандықтан көп ештеңеге жарамайтын. Бала кезімізде малшылардың одан бұзау байлайтын қазық жасаймыз деп әрекеттенгенін көргеніміз бар. Сөйтіп балтамен бір басын үшкірлеп жерге қаққанында, үстінен ұрған соққыға шыдай алмаған ол бой-бой боп сөгіліп, түкке жарамай қалатын. Сонда бұл қайдағы темір ағаш? Одан кейін… Иә, шетен Сарытоғай секілді саванналық сипаттағы жерде емес, Тянь-Шанның көкорай шалғынды белдеуінде өседі. Яғни, ол құрғақ, шөлейтті аймаққа жат, тек салқын жер, ылғалы мол таулы өңірге бейім ағаш. Осындай ойлар маза бермеген соң бала кезіміздегі таныс Сарытоғайға барып, бәрін өз көзімізбен көруге бел байладық. Оған жол 2012 жылдың көктемінде ғана түсті. Осыдан 53 жыл бұрын көрген сол өңір. Сол жарқабақты аңғар. Шоқ-шоқ ағаштар өскен сол тоғай. Көп өзгеріс жоқ. Тек өзенде ғана өзгешелік бар ма, қалай?.. Төңіректі азан-қазан етіп жататын бұрынғы дүлей ағын байқалмайды. Су мүлде азайып кеткен. Бұл жерді осы аймақтағы тілшіміз Нұрбол Әлдібаев жақсы біледі екен. Ол мұндағы мекеме мамандарымен амандаса келіп: «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Тоқтам Бектемісов», – деп таныстырды дене бітімі шағын, қимылы ширақ, ашық мінезді кісіні. – Иә, бұл ағаштың аты ерен, – деді ағамыз аман-саулықтан соң. – Өз басым осы атауды құптаймын, қолдаймын. Себебі, ол біздің құлағымызға сонау 50-60-жылдардағы бала кезімізден таныс ұғым. Оған жанкүйер болғандықтан, осы парктің кіреберіс жеріндегі панноға «Шарын реликті ерен тоғайы» деп жаздыртып та қойдым. Ендігі мәселе түрлі анықтамалықтар мен биологиялық оқулықтарда. Сондағы қиғаштықтарды түсіндіріп айтып, жаңсақ ұғымды түзетуге күш салу керек.

Осылай деген Тоқаң келесі кезекте ерен ағашының қадір-қасиетін баяндауға көшті. Әңгіме иесінің сөзіне қарағанда, оның бойында адамға күш-жігер беретін биоэнергетикалық қуат бар екен. Оны құшақтап, діңіндегі қабыққа алақаныңызды тигізсеңіз, жанға жайлы жылы ағын сезіледі. Мұны ең алғаш байқаған Лондондағы королевалық ботаника бағының ғалымдары болып шықты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Шарын шатқалын көруге келген олар осыған таңғалып, сосын тоғайдағы әлі ешкім білмейтін, көп зерттелмеген өсімдік түрлеріне тамсанып қайтыпты. Содан соң атап айтар нәрсе, есте жоқ ескі замандағы соғды дәуірі флорасының жұрнағы бұл ағаш қазір осы Сарытоғайдан басқа Америкадағы Невада штатының Грант резерватында ғана сақталып қалыпты. Сондай-ақ, өте қатты, берік қасиетінен бөлек ерен өзінің текстурасы, яғни табиғи өрнегі арқылы мебель фабрикасы мамандарын да қатты қызықтыратын болып шықты. Бұл жөнінен ол үй жиһаздары үшін айрықша бағаға ие қызыл ағашпен қатар аталып, құрметтеледі екен. – Қоңыр күзде, – деген еді сол сапардағы әңгімесінде Тоқаң, – ереннің жапырақтарындағы тұқымы пісіп жетіледі. Бұтақтарды жел шайқағанда, сол дән-дәнектер сабағынан үзіліп, төменге қарай құлдырайды. Ғажабы, бұл тұқымның үшкір ұшы мен қанат сияқты қауыздарының кеңістіктен жерге түсерде тікұшақ пропеллері секілді естілер-естілмес дыбыс шығаратындығы. Сөйтіп, олар шыркөбелек айналған күйі топыраққа келіп қадалады да, шым қыртысына дендей еніп кетеді. Нәтижесінде, келесі көктемде сол жерден ереннің кішкентай өскіндері қаулап шығып, шып-шымыр шыбыққа айналады. Сосын… Иә, сосын ереннің жапырағы мен жерге төгілген тұқым дәні құрамында май көп болады. Осыны білген орман жұмысшылары көктемнің аяғында өткен күзден қалған ескі жапырақтарды жинастырып, әр жерге үйіп қояды. Себебі, ол аң мен малға өте жұғымды азық. Сөз ретіне қарай айта кетейін, жалпы осы Сарытоғайда ешқашан жұт болмаған. Ол мұндағы тораңғы, қарағаш, ерен, шеңгел сияқты ағаштардың дән-дәнегі мен орман арасындағы жұғымды шөптердің қасиетінен болуы керек. Әңгіме барысында Тоқтам ағамыздан сондай-ақ ереннің көкке бойлап өсуге құштар ағаш екенін, діңінің де жуан болатынын және қурамай, сембей ұзақ жасайтын ерекшелігі бар екенін білдік. Бұл айтқандарымызды нақты деректермен сөйлетер болсақ, өзіміз сөз етіп отырған табиғат сыйының биіктігі 10-15 метрге, жуандығы 7-8 адамның құшағы жетіп, ал орташа өмір сүру жасы 150 жылға дейін барады екен. Тоғайды аралап жүріп 700 жылға жуық уақыттан бері тұрған, одан кейін 400-500 жыл жасаған ерен ағаштарын көрдік. Олардың діңіндегі қалың қыртысты қабықтарға бойлай түскен шимайлы сызықтар өткен ғасыр оқиғаларының табын білдіретін адам әжімдеріне керемет ұқсап тұр.

… Былтыр қараша айында Нарынқолға барып, қайтар жолда Темірлік сайын жүлгелей отырып Сарытоғайға соққан жайымыз бар. Күн жексенбі еді. Түс кезі-тін. Аңғар іші тым-тырыс. Ойымызға осыдан 4 жыл бұрынғы сапарымыз оралды. Содан бері бұл жерде көп ештеңе өзгере қоймапты. Тек… Қорық қақпасын ашқан күзетші жөн сұрасқаннан соң Тоқтам аға Бектемісовтің қайтыс болғанын айтты. «Қашан?» – дедік не дерімізді білмеген біз. «Осыдан екі жыл шамасы бұрын», – деп жауап берді ол. Үнсіз қалдық. Көз алдымызға елгезек, ширақ қимылды, ақкөңіл аға елестеді. Ол кісінің: «Бұл өңірді бізден артық кім біледі?! Әкеміз, әкеміздің әкесі, мына өзіміз өмірімізді арнадық қой осы жерге. Жазыңыздаршы, ғалымдарға айтыңыздаршы… Бұл ағаштың аты – ерен», – деген сөзі құлағымызға жаңғырып жеткендей. «Жазамыз, жеткіземіз жұртшылыққа», дедік жабығып тұрып ішімізден. Осы біздің жақсы сөзге неге жанымыз ашымайды? Тілдік қорымызда шошқатікен, сасыққурай, итсигек, сіңбірік, итмұрын деген атаулар да бар ғой. Оған қарағанда ерен деген ерекше ұғым емес пе? Сөздің төресі десек қателеспейміз. Шетеннен ешкім қашып тұрған жоқ. Ол жоғарыда айтып өттік, басқа ағаштың аты. 2007 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Орысша-қазақша сөздікте» оның «рябина» екендігі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Сонда «ясень» қалай шетен болады? Биолог Қ.Сыбанбеков 1986 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Жабайы өсімдіктер сыры» атты еңбегінде рябинаны Сібір шетені, Кавказ шетені, Тянь-Шань шетені деп жіктеп, жіліктеп жазып кеткен. Енді мына қызыққа қараңыз. Соңғы 5-6 жылдан бері экологтар шетенді былай қойып, Шарын шаған тоғайы дегенге көшті. Ал керек болса… Шаған деп біріншіден, бұта тектестерді айтады. Онда дің болмайды. Көкке бойлап өспейді. Республикамыздағы шаған атауын иеленген жерлерді аралап көргеніміз бар. Сонда оларда қарағайдай қайқайған зәулім ағаштар көзімізге түскен жоқ. Бұталы, бәкене тоғайларды кездестірдік. Екінші, шаған сөзі қураған, құп-қу боп семген емен, шыршаларға байланысты қолданылады. Қыста отынға барған ауыл адамдары тау беткейін аралап жүріп, бұтақтарына дейін аппақ болып қу мүйіз сияқты қатып қалған қарағайды көрсе: «Әне, шаған! Отқа нағыз құрғақ, кебу тамызық», – деп үйлеріне кесіп алып қайтатын. 2011 жылы республика Ғылым академиясының А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» 15-томында да шаған сөзіне байланысты жоғарыдағыдай биологиялық және тілдік тұрғыдағы екі ұғым, тұжырым бар. Осы дәйектерді ой сүзгісінен өткізіп, талғам таразысына салып безбендейтін сарапшы топ – терминком ғой. Ал оны реттеп, өз орнына қоятын, соның өмірде көрініс табуын бақылап, қадағалау жүргізетін кім? Сөз бар. Іс… Шарын шатқалындағы Сарытоғай шұратының ерен тоғайынан біз, міне, осындай екіұдай сезіммен, күпті көңілмен аттандық.

Авторы: Жанболат Аупбаев

Жұтылған құстар

$
0
0

Перудің Лобос-де-Афуера аралдарында құстардың қырылуына себеп болған нәрсе балықты шамадан тыс аулау болса керек. 1907 жылы түсірілген перуандық бірқазан колониясының фотосы мен дәл сол жердің 2007 жылы түсірілген фотосы соған дәлел.

Теңіз құстары жаппай жойылып барады. Оларды аман алып қалудың жалғыз жолы — дерекқор жасау!

Дене тұрқы шағын ғана сұр тышқандай, өмірінің көбін ашық мұхитта өткізетін құсты елестетіп көріңіз.

Салқын су мен кез келген ауа райында салмағы 40 граммға жетпейтін осы құс – күл түстес качурка кішкентай балықтар мен мұхиттың омыртқасыз жәндіктерін аулап, толқынды кезеді. Кішкентай жіңішке сирақтарын ерсілі-қарсылы сермеген ол Інжілдегі Петр сияқты құдды бір су бетімен жүріп бара жатқандай әсер береді.

Кіші качуркалар саны көп әрі кең таралған құстарға жатса да, олардың күл түсті түрлері сирек және оларды тек Калифорния су бассейнінен кездестіруге болады. Көбіне су бетінде үйінде жүргендей сезінсе де, барлық басқа құстай оларға да жұмыртқалап, балапан басуы үшін құрлыққа қайту қажет. Бұл мақсаттары үшін олар тұяқ тимеген саф аралдарды таңдайды. Іргесін жыртқыштардан аулақ салуы үшін олар жер астындағы жарықтарға не індерге ұялап, ұяларына тек түнде ғана келіп-кетеді.

Балықшы кемелері теңіз құстарына «тегін» тамақ ұсынады, бірақ ол мына альбатрос пен ақтамақ дауылпаз (айнала жатқан) үшін «ажал» құрығы болып тұр. Бұлар – 2017 жылы Оңтүстік Африканың жағалауындағы тунец аулайтын кеменің тізбек торына түсіп қалған. Жалпы дүние­жүзі бойынша тек ауға түсіп өлген теңіз құсының саны 300 мыңнан асады.

Сан-Францисконың алтын қақпасынан батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Фараллон аралдарындағы Ұлттық табиғи қорығында бір топ жергілікті суретші негізгі аралдағы ескі ғимараттардың бетон қалдықтарынан өзіндік олпы-солпы бір иглу салды. Шағын есік органикалық әйнекпен қапталған тар кеңістікке ашылады. Оның ішіне жаздың түнінде кіріп, шам жақсаңыз, жарықшақтың түбінде жұмыртқа үстінде отырған күл түстес сабырлы качурканы көруіңіз мүмкін. Жартас арасынан оның жасырынған көршілерінің бірінің басқа әлемнен келгендей түнгі әуенін естуіңіз мүмкін: ол әлем – ғаламшарымыздың үштен екісін жайлаған, бірақ көбіне көзге көрінбейтін теңіз құстарының әлемі.

Осы күнге дейін көзге түспеу теңіз құстары үшін бір артықшылық болып келген еді. Бірақ қазір баса-көктеген жыртқыштар мен балық кәсіпшілігі олардың тіршілігіне қара бұлт үйіріп тұр, оларға адамдардың қамқорлығы қажет, ал көрінбейтін мақұлыққа көмектесу оңай емес.

Бүгін Фараллон аралдары теңіз құстары өріп жүрген бұрынғы заманға ашылған шағын портал іспетті. 2017 жылы маусым айында барғанымда үлкен аралдағы қорықта жарты миллионнан астам құс болған. Айналасын тұңғиық көк су қоршаған құлама беткейлер мен көгі жоқ тегіс жерде пуффиндер, кайралар, суқұзғындар мен титімдей әрі толық пыжиктер жүрді.

Субарктикалық Марион аралындағы терісі сыпырылған альбатрос балапаны – кеміргіштердің теңіз құстарына төндіретін қаупінің сұмдық көрінісі болып табылады. 200 жыл бұрын кемелермен жеткен кеміргіштер түнде құстарды жеп жатса да олар орындарынан тапжылмай тұра береді. Себебі ол құстарда жаңа қауіп түріне қарсы инстинктивтік қорқыныш сезімі жоқ.

Бір күні таңда Фараллон аралдарындағы жабайы табиғатты бақылауға көмек көрсетіп жүрген биолог Пит Варзибок мені шереден жасалған тасалану күркесіне апарды, ол жерден қайралар мегаполисінің үстінен көз тастауға болады екен. 20000 ақ-қара түсті құс жартастың ылди бетін қаптап алған. Қайралар бір-біріне пингвиндерге ұқсап иық тіресіп, 150 шаршы сантиметрге жетер-жетпес кішкентай жер телімшелерінде жұмыртқа басып не балапандарын қорғап тұр. Мұнда тыныш индустрия ауасы еседі. Ауық-ауық баяу қыт-қыттаған дауыс шығады, кейде әлдебір қайра көршісімен «ұрысып» қалады. Бірақ дау қалай тез басталса, солай тез аяқталады да, құстар еш нәрсе болмағандай қайтадан үсті-басын сипалауға көшеді.

«Қайралар өз мінездерінен жалтармайды, – дейді Варзибок, – олар ақылды құстар қатарына жатпайды».

Қайралар өздерінің адалдық қасиетін жаттықтырумен болады. Олар жұптарымен үзілмес байланыс орнатып, кішкентай бір аумаққа жыл сайын қайта оралады. Бір балапан өсіріп, отыз не одан да ұзақ жыл тіршілік етеді. Аталық пен аналықтары жұмыртқа басу міндетін тең атқарады, олардың бірі – мұхит шарлап, хамса балық, теңіз алабұғаларының шабақтарын не басқа «бұйырған» жемтік аулап жүргенде, екіншісі – колонияда қалады. Құс ұзақ «жорықтан» қайтқанда, артта қалған сыңары аштықтан асқазаны ұлыса да, жұмыртқа басуын тоқтатпайды.

«Егер олардың жұмыртқасы болмаса, бір тасты не әлдебір өсімдікті басады», – дейді Варзибок. Сол жарылмаған жұмыртқа үстіне балық қойып, оны қоректендіруге тырысып әлек болады. Олар райынан қайтпайды. Өлі жұмыртқа үстінде 75 не 80 күнге дейін отырады.

Жалғыз ұзын тұмсық қайра Калифорнияның Фараллон аралдарында мыңдаған құс басып отырған жұмыртқа мен балапандар үстімен ұшып барады. 1980 жылдардың ортасынан бері желбезекті ауды пайдалануға шектеу не тыйым салу Фараллон қайраларының қайтадан көбеюіне жол ашты.

Қайра балапандары небәрі үш апталығында суда жүзе бастайды, бұл кезең олар үшін ұшуға не сүңгуге тым ерте. Аталық қайралар балапандарымен бірге жүріп, айлар бойы ажырамай, балық аулауды үйретеді. Ал біраз салмақ пен калория жоғалтып, жұмыртқалаған аналықтары осы мезгілде қоң жинау үшін өз беттерімен кетеді. Ата-аналық адалдық пен отбасы жүгін тең бөлісу қайтарымсыз қалмайды. Фараллон қайраларының өсімі өте жоғары, әдетте бұл үлкен көрсеткіш – 70 пайыздан асады әрі олар Солтүстік Америкадағы популяциясы ең көп жұптасатын теңіз құстары қатарында. Шексіз көрінгенмен Варзибок екеуміз «қонаққа барған» колонияда аралдардағы қайралардың 5 пайызына жетпейтін бөлігі ғана еді.

Бүгін қайралар популяциясы ұзақ әрі мұңды оқиғаның шартты бақытты соңы іспеттес. Екі жүз жыл бұрын Фараллон аралдарында үш миллиондай қайра болатын. 1849 жылы алтын дүрлікпесі Сан-Францисконы дамыған қалаға айналдырды. 1851 жылға қарай Фараллон фабрикасы жылына жарты миллион қайра жұмыртқасын жинап отырды. Фабрика қызметкерлері көктемде катермен келіп, жұмыртқаларды жинап, қалғандарын сындырып отырды. Ғасырдың екінші жартысында кемінде 14 миллион жұмыртқа жиналды.

1910 жылға қарай үлкен аралда 20 мыңға жетпейтін қайра қалды. Жұмыртқа жинау тоқтағаннан кейін де олар аралдағы шамшыраққа қожайындарымен ілесіп келген келген ит-мысыққа жем болды. 1969 жылы үлкен арал федералдық табиғи қорыққа айналғанға дейін қайралар популяциясы қалпына келе алмады. Артынан 1980 жылдардың басында олардың популяциясы қайтадан күрт азайды.

Алгоа шығанағындағы Құс аралында нөсер жаңбырдан кейінгі лай су кап олушаларының (Moruscapensis) қонатын жерлерін балшыққа айналдырады. Су тасқыны кесірінен көп жұмыртқа су астында қалуы мүмкін.

Проблема – балық аулауда талғаусыз әдіс қолданылғанда, ол «желбезекті ау» деп аталды. Алып ауды су бетіне шығарғанда көзделген балық қана емес теңіз шошқасы, сусар, тасбақа мен сүңгитін теңіз құстары торға түсіп жатты. Бүгін жылына кемінде 400 мың теңіз құсы желбезекті ауға түсіп өледі.

1980 жылдардың ортасынан бастап Американың көптеген қаласы, соның ішінде Калифорнияда экологияға мән беріліп, желбезекті ау пайдалануға шектеу қойылып не мүлде тыйым салынды. Нәтижесінде, Фараллон аралдарында теңіз құстарының саны көбейді. Соңғы 15 жылда желбезекті аудан қорғалған әрі өз емін-еркін жіберілген қайралар өз популяциясын төрт есеге аттырды. Олардың тіршілігіне қатер төндіретін жалғыз фактор – климат өзгерісі мен шамадан тыс балық аулау салдарынан пайда болған азық мәселесі.

Пит Варзибок қалқанның артына жасырынып, қайралар ұяларына әкелген балық түрлерін жазып отырды. Қайраларды қорғауға деген уәж этика не эстетикаға ғана сүйенбейді. Варзибок зерттейтін құстар әуеден балық кәсіпшілігін бақылайтын машина іспеттес – зерттеу жұмыстарының «тірі» дрондары. Олар мұхит үстімен мыңдаған шаршы шақырым алқапты шарлайды әрі олар – қорек табудың шеберлері. Варзибок дүрбісі мен қойын дәптерін ғана пайдаланып, аз қаражатқа хамса балықтары мен теңіз алабұғаларының популяциялары туралы деректерді Калифорнияның балық кәсіпшілігіндегі менеджерлерінен артығырақ жинай алады.

Фараллон қайраларының бағы бар деуге болады. Әлемдегі басқа жерлерде соңғы 60 жылда жалпы теңіз құстарының популяциясы 70 пайызға азайды деп топшыланып отыр. Бұл сан естілгеннен де сұрапыл, өйткені теңіз құстары түрлерінің диспропорциялық санына жойылу қаупі төніп тұр. Басқа кез келген салыс­тырарлық құс топтарына қарағанда әлемдегі 360 теңіз құсы түрінің көп бөлігі жойылуға шақ не қатер төнгендер санатында. Теңіз құстары қашықтағы, тыйым салынған аралдарда жұптасады. Өмірлерінің көп бөлігін бізге беймәлім су бетінде өткізеді. Егер олар толықтай жо­­йылып кетсе, мұны қанша адам байқар еді?

Суға сағатына 100 шақырым жылдамдықпен күмп етіп түсетін кап олушалары өздерінің «сүйікті асы» – жоғары калориялы сардиналарды аулайды. Мына фотода бір құс екіншісінің аузынан балығын жұлып әкетті.

Атлант мұхитының оңтүстігіндегі жас альбатросты елестетіп көріңіз. Ол үш метрге созылатын құлашымен күніне 800 шақырым жерді өткереді. Көбіне терең суда жүзетін балық кемелерінің ізі – қорек табылатын ең жақсы жер. Мына альбатрос балық аулау кемесі айналасында қалықтап, борттан лақтырылған балық қалдықтарына таласқан ұсақ теңіз құстарының аласапыран тобына көз тастап тұр. Талас үшін төмендеген кезде оның дене пішімінің үлкендігі артықшылық береді. Басқа құстар жыпырлай қашып, альбатрос суға қонғанда бір нәрсе бұрыс кетті. Оның кең құлашы балықшы кемесіндегі аудың жіптеріне оратылып, құсты төменге тарта жөнелді. Салқын ауа райында кеме экипажынан басқа ешкім далаға шықпайды. Экипаж мүшелері қарауға үлгерген күннің өзінде, ол көзді ашып-жұмғанша су астына кете барады.

Жыл сайын мыңдаған альбатрос көзге көрінбестен балықшы кемелері салдарынан көз жұмады. Тағы ондаған мыңы одан да көп дауылпаз бен дауылпазтәрізділермен бірге қабатты балықшы кемелерінің ілмектерінде өледі. Әлемдік балық кәсіпшілігіндегі кездейсоқ ажал теңіз құстары кезігіп отырған екі үлкен бәленің бірі әрі оны шешу қиын, өйткені терең суда балық аулайтын кемелер интенсивтік қаржылық қысым астында жұмыс істеп, оларды бақылау жоқтың қасы. Кемелерінің теңіз құстарын абайсыз аулануын жіті қадағалайтын елдердің қатары сирек.

Осындай елдердің бірі – Оңтүстік Африкада тунец балығын аулайтын табысты кеме капитаны Деонван Антверпенмен кездестім. Кейптаундағы шағын портта менімен бірге Росс Ванлесс те бар еді. Ол – Оңтүстік Африканың «Құстар өмірі» (BirdLife) табиғат қорғау бағдарламасын басқаратын биолог. Ван Антверпен кеменің артқы жағындағы ақшыл жасыл тралдың төменгі батырғышын мұңая нұсқады. «Біз бұлардың үш мыңынан айырылдық», – деді ол.

Африкалық пингвин балапандары Намибияның жағалауына таяу Меркурий аралындағы гуаноға салынған ұяда отыр. Ғалымдар көп жағдайда жасанды ұя салуға мәжбүр. Меркурий аралының қашық болуы мен қауіпті құлди жерлер гуаноны интенсивті жинауға кедергі болды. Нәтижесінде, мұнда соңғы жылдары теңіз құстары көзден таса панаға ие болып, жинала бастады.

Балықты ярустап аулаудың тралмен аулағанға қарағанда альбатростарға басқадай қаупі бар. Кішірек теңіз құсы суға сүңгіп, жем салынған ілмекті су бетіне шығарады да қармақ жемін тартуға тырысады. Содан кейін альбатрос кенеттен араласып, оны тұтастай жұтып қояды және осылай ілмекке ілініп, батып кетеді. Мәселенің бір шешімі тізбектің салмағын арттыру мен жем салынған ілмекті құстарға үлгертпей, тез батыру. Бірақ елу килолық тунец балығы қармаққа ілініп, тізбекті тартқанда жалаң металл батырғы оқтай болып кетуі мүмкін. BirdLife ұйымы люминесцентті плас­тиктен жасалған (жарық балықтардың назарын аударады) корпусы еркін жалғанған батырғыларды пайдалануды ұсынып, ван Антверпен оны қолдануды көптен ойлап жүр. «Мен үшін қармаққа түскен әрбір құс ұсталмай кеткен әр балықты білдіреді. Бірақ тәжірибелік тұрғыда тиімділік үшін заңнама болуы керек. Егер ол болмаса, балықшылардың көбі мұны назарға алмайды», – деді ол Ванлесске.

Ван Антверпенге ең жақпағаны – BirdLife ұйымы пластик батырғыштарды жем салынған ілмекке тым жақын орналастыруды талап етуі. «Егер тізбекке акула тиетін болса, біз батырғыдан айырылып қаламыз». Батырғы мен ілмек арасындағы айырғышты төрт метрге ұзартса бола ма? Ванлесс қабағын түйіп, бұл жағдайда ілмек құстарды қорғамайтындай баяу бататынын айтты. Бәлкім, батырғының салмағын арттыру айырғыш ұзындығының орнын толтыратын шығар? Ван Антверпен мұны сынап көргісі келетінін айтты, ол, шынымен, альбатрос аулауға қарсы. Оған керегі – батырғылардың бәрін жоғалтпастан тунецтерді қолға түсіру.

Балықшы кемелері құстарды үркітетін тізбекті сүйреу арқылы теңіз құстарының абайсыз аулануын азайта алады. Бұл тізбек соңында пластик конусы, ашық түсті шашақтары бар жіптен тұрады. Олар қымбат емес, қолдануға жеңіл әрі құстарды кеменің құйрығынан аулақ ұстауда аса тиімді. Бір траулер құстарды үркітетін тізбекті пайдалану арқылы ауға ілініп өлетін альбатростар санын 99 пайызға дейін азайта алады. Өйткені кеменің артынан шұбатылған ілмектер құстарды үркітетін тізбек сыртында су бетіне жақын қалатындықтан, Оңтүстік Африка оны қосымша қорғау шарасы ретінде аудың батырғыштарын ауырлатуды не ауды қараңғы түскенде салуды талап етеді. Қараңғыда құстар көп кезікпейді әрі жемді көре алмайды.

Жамылғысы жаңа түлеген алтыншашты пингвиндер үйірі Марион аралындағы ескі жанартау кратерінің жотасымен аяңдай көтеріліп келеді. «Мына бірнеше қабатты кратерде шағылысатын барлық пингвиннің дауысы шынымен әсерлі», – дейді Отто Вайтхед.

Ванлесс пен оның жұбайының, Оңтүстік Африкадағы BirdLife ұйымының альбатрос­тарды қорғау жөніндегі жұмыс тобының басшысы Андреа Ангелдің Оңтүстік Африка үкіметі мен балықшыларымен жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асты. «Бір нәрсеге қол жеткізудің жолы әлдебір ғажайып техника құдіретін ойлап табуда емес, ол үшін адамдарды араластыру қажет», – деді Ванлесс маған. Бұл топтың арқасында Оңтүстік Африкадағы теңіз құстарының жылдық өлім-жітім жағдайы 1996 жылғы шамаланған 35 мыңнан бүгін 500-ге дейін азайды.

Алайда сонымен бірге теңіз құстарын қорғау балықшы кемелеріне тәуелсіз мониторинг жүргізуді де талап етеді және де ең абыройы, теңіз құстарының абайсыз аулануын азайту үшін бұл салада қаржылық бастама қажет. Ярусты балықшылар үшін, Ванлесстің айтуынша, он мың долларлық көк тунецтің бәсі жоғары, сондықтан олар үшін құстардың ауға көп ілінбеуінің себебі қарапайым. Алайда ең күшті ынталандырушы – жүйелі балық аулануды талап ететін нарық. Осындай, әсіресе Еуропадағы, төлемпаздығы жоғары нарық шарты бойынша көптеген онтүстік-африкалық балықшы кемелері абайсыз аулау ережелерін орындауды қадағалаулары үшін тәуелсіз бақылаушыларға ақша төлейді.

Үкімет үшін бұл ережелердің орындалуын қамтамасыз етуде ең тиімдісі – әр кемеден балық аулау мен абайсыз құс аулануын қадағалайтын сандық камерамен жарақталғанын талап ету. 2016 жылы Аустралия тропикалық тунецтерді аулайтын кемелерге қатысты осыны талап еткен кезде кеме капитандары байбаламмен құстарды үркітетін тізбекті қайдан алатындарын сұрап, Аустралия жауапты мекемелерінің мазасын алды. «Кеме бортына камера қойылғаннан кейін, ойын бітті, – дейді Ванлесс, – жүз долларлық қана бір зат үшін лицензия­дан айырылып қалуыңыз мүмкін».

Көбі теңіздегі «жорықтан» оралып келе жатқан корольдік пингвиндер Марион аралының Килда Айки шығанағында жиналады. Олар, әдетте, касатка мен басқа жыртқыштардан сақтану үшін жағалауға шағын топпен келеді.

Тағы бір перспективалық технология жетістігі Hookpod деп аталады, ол – жемтікті ілмектің айналасында бекітілетін қатты пластик корпус. Ол жемтікті құстардан, ал құстарды ілмектен қорғайды. Ол қауіпсіз деңгейге батқанға дейін ашылмайды. Барлық ұзын тізбекті кемелерде Hookpod құрылғысын стандарт етіп бекіту, барлық траулерден құстарды үркітетін тізбектері болуын талап ету мен желбезекті ауды пайдалануға тыйым салу арқылы әлемдегі мұхиттарды құстарға қауіпсіз ету теориялық тұрғыда мүмкін (Оңтүстік Африка істегеніндей).  Әзірге жаһандық жағдай жантүршіктірер күйде қалып отыр. Ванлесс пен Ангел өз байланыстарын Оңтүстік Америка, Корея мен Индонезиядағы балық кәсіпшіліктеріне дейін ұзартты. Жалпы жетістігі жоқ емес, тек ашық теңіздердегі кемелердің үштен екісіне ие флоты бар Қытай мен Тайвань кемелері теңіз құстарының өліміне аса мән бермейді не мүлде назарға алмайды. Олар ауға түскендерді, көбіне табиғат қорғауға бейжай қарайтын нарықтарда сатады.

Ванлесстің топшылауынша, тек ұзын аулы кемелердің салдарынан жылына 300 мың теңіз құсы, соның ішінде 100 мың альбатрос өледі. Бұл қанаттылардың есеюі ұзақ уақытқа созылады. Екі жылда бір рет қана жұптасатын көптеген түріне жойылу қаупі төніп тұр, сондай-ақ теңіз құстарына төнген одан да зор қауіп бар.

Гоф аралы Атлант мұхитының оңтүстігіндегі – миллиондаған жұптасатын теңіз құсының мекені. Солардың арасында Атлант мұхиты дауылпазының әлемдегі біртұтас популяциясы мен жоғалудың алдында тұрған тристандық альбатростардың бірнеше жұбынан басқасының барлығы бар. Зерттеушілер дауылпаз бен альбатрос балапандарының аз бөлігі ғана ғана тірі қалады деп дабыл қаққаннан кейін Росс Ванлесс алғаш рет Гоф аралына 2003 жылы аяқ басты. Адам баласы дүниежүзіндегі барлық аралға апарған егеу­құйрық пен мысықтардың теңіз құстарына қырғидай тиіп жүргені белгілі болды. Алайда ол жерде тек тышқандар ғана бар-тұғын. Видео­камералар мен инфрақызыл сәулелердің көмегімен Ванлесс тышқандар дауылпаз балапандарына не істегендерін жазып алды. «Күн батысымен дауылпаздың інінен бір тышқан шықты. Біраз кідіріп, ол балапанды тістелей бастады. Өзге кеміргіштер келіп бас салған жиіркенішті шабуылдың куәсі болдым. Арагідік етке таласып, қанын сіміріп, ішкі органдарын жеу үшін ішіне қарай жанталасқан тышқандар саны төрт-бесеу болды», – деді ол.

Жер­үсті жырт­қыштарынсыз дамыған теңіз құстарының тышқандарға қарсы ешбір қорғанысы жоқ. Қою қараңғы ініндегі дауылпаз балапанына не болып жатқанын көре алмайды, ал ұясында жүрген тышқанды қауіп көретін түйсік жетіспейді альбатросқа. 2004 жылы Ванлесс Гоф аралындағы тристандық альбатростардың 1353 жұптасуы сәтсіз аяқталғанын тіркеді, олардың көбі жыртқыш кесірінен. Сәтті жұптасулар саны – небәрі 500 ғана. Жуыр­дағы жылдарда мұндай сәтсіздіктер 90 пайызға дейін жетті. Гоф аралындағы барлық теңіз құс түрі арасында кеміргіштер жылына екі миллион балапанның көзін құртып отыр. Бұл құстардың көбі ересектерін балық кәсіпшілігі салдарынан жоғалтады. Тристандық альбатростардың ересектері арасындағы жылдық өлім-жітім 10 пайызға артқан, бұл табиғи өлім деңгейінен үш еседен астам артық. Он пайыз ересектер өлімі қосу 90 пайыз көбею сәтсіздігі – жойылу формуласы, міне, осындай.

Марион аралының батыс жағалауында күннің батуымен дала кезіп жүрген альбатрос­ «квартеті» осы түрге тән ритуалдық биге кіріскен: ол дыбыстау мен қимыл-қозғалыстың күрделі жиынтығынан құралады. Мына оң жақтағы құс аспанға қарап қоқылдауда. Кезуші альбатрос жұбымен өмірінің соңына дейін болады.

Теңіз құстары популяцияларының апатты азаюының себебі көп. Анчоус тәрізділер мен басқа кішкентай балықтарды шамадан тыс аулау олардың қуатын сарқиды. Мұхит толқындарын құбылтқан климат өзгерісі Исландия пуффиндері арасында көбею сәтсіздіктеріне себеп болып отырғаны байқалады, ал ойпат аралдарда ұялайтын құстар көтеріліп жатқан теңіз деңгейі қаупіне қауқарсыз. Пластик қоқыстары, әсіресе Тынық мұхиттағы ластану теңіз құстарының асқазандарын толтырып, оларды қорек болар азықтан қағып отыр. Теңіз сүтқоректілерінің қайта жандануынан итбалықтар жас пингвиндермен қоректеніп, теңіз арыстандары суқұзғынтектес­терді олардың көбею алаңдарынан ығыстырып шығаруда. Киттер де сүңгуір құстармен қорек аулауда бәсекелеседі.

Алайда теңіз құстары үшін бірінші қауіп жыртқыштар болып отыр: егеуқұйрық, мысық пен тышқандар. Мәселенің көңіл көншітер тұсы – жыртқыштардың шешімі бар мәселе екендігінде. Island Conservation тәріздес ұйымдар жыртқыш көзін құртуды мінсіз деңгейге жеткен. Уланған жемтік тастауда олар тікұшақ пен ГИС технологиясын пайдаланады.

Бүгінгі таңда кеміргіштерді жою бойынша ең амбициялы жұмыстарды Оңтүстік Георгияның мәдени-тарихи мұрасын қорғау қоры атқарып отыр. Оңтүстік Георгия аралы Антарктика түбегінен 1500 шақырым қашықтықта орналасқан, сан мөлшері, бәлкім, 30 миллиондай болатын теңіз құсының көбейетін мекені. Егеуқұйрығы мен тышқандары жоқ аралға айтылған мөлшерден үш есе көп құс оп-оңай сияды. 2011 жылдан 2015 жылға дейін 10 миллион АҚШ доллары жұмсалып, үш тікұшақпен Оңтүстік Георгияның мұзы жоқ әрбір аумағына уланған жемтіктер тасталды. 2015 жылдан бері аралда тірі егеу­құйрық не тышқан кезіккен емес.

Енді осындай жұмыстар Гоф аралы үшін де 2019 жылға, Оңтүстік Африканың Марион аралына 2020 жылға жоспарланып отыр.

Теңіз құстары асқан әлсіздік пен ерекше төзімділіктің ғажайып комбинациясындай. Салмағы 10 келі болатын тристандық альбатрос 30 грамдық тышқаннан өз балапанын қорғай алмайды, бірақ салқын теңіз суы мен дүлей желді елемейді, тіпті үлкен шағаланы да үркіте алады. Ұзақ өмір сүретіндіктен, ол 20 жыл көбеймей тіршілік етсе де, ұясына төнген қауіп сейілген соң әлі де балапан баса алады.

Ғалымдар Перудің оңтүстігіндегі түбекте орналасқан Пунта-Сан-Хуан елді мекеніндегі ұяларды зерттеуде. Көбею мекенін жыртқыштардан қорғау үшін гуано кәсіпшілігі түбекті екі метрлік бетон қабырғамен қоршап, оны жасанды аралға айналдырған. Әрбір шаршы метрде үш-төрт ұясы бар бугенвиль суқұзғындары әлемдегі ұялары ең тығыз орналасқан теңіз құстарына жатады.

«Теңіз құстарының қалпына келу қабілеті жақсы, – дейді Island Conservation ұйымының ғылыми директоры Ник Холмс, – жердегі қауіп-қатермен күрес оларды басқа қауіп көздеріне қарсы күшейтеді». Iс ұйымы мен оның серіктестері Калифорнияның Анакапа аралында егеуқұйрықты құртып жібергеннен кейін мұнтазтектестер (ұзын тұмсық қайраның тұқымдасы – Synthliboramphusscrippsi) балапан басу көрсеткішінің табысы 30-дан 85 пайызға бір-ақ көтерілді. Анакапа аралындағы мұнтазтектестер енді қауіпсіздікте әрі алғаш рет осында күл түстес качуркалардың көбею жағдайы тіркелді.

Жойылудың алдын алу үшін оның бұл әлемде бар екенін білуіңіз қажет. Сізге окулярлық дәлел керек, ал теңіз құстары оны ұстап тұруға әсте шебер. Магента дауылпазының оқиғасын еске түсіріңіз. 1867 жылы «Магента» италиялық зерттеу кемесі Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде үлкен, ақшыл сұр дауылпаздың жалғыз бір дарасын суретке түсіріп алды. Бір ғасырдан астам уақыт бұл түрдің бар екендігінің жалғыз ғылыми дәлелі осы болды. Бірақ көзге түспеушілік адамды шатастырады, 1969 жылы әуесқой орнитолог Дэвид Крокет бұл құсты іздеп Жаңа Зеландияның Чатам аралдарына барады. Чатам үлкен аралының басым бөлігі жайылым үшін тазаланған болса да, оның оңтүстік-батыс бөлігі әлі де орманды болатын. Осындағы аралдарда ғасырлар бұрын өмір сүрген палинезиялық адамдар – мориорилерден қалған қалдық үйінділері арасынан анықталмаған тау-тау дауылпаз сүйектері табылды. Крокет мориорилердің жергілікті тілде «тайко» деп атайтын үлкен дауылпазды жеген соңғы жазбасын оқыды. Ол 1908 жылы жазылған екен. Оған «тайко дегендері сол Магента дауылпазы шығар әрі ол әлі де ормандағы індерде ұялап жүрген болар» деген ой келді.

Мориорилер тайко аулаған орманды массив қой өсіретін ферма қожайыны Мануэль Туануи иелігінде болатын. Өз жеріндегі жоғалған жергілікті құсты табу перспективасына құштарлығы оянған Туануи мен оның жасөспірім баласы Брюс екеуі Крокетке көмектесіп, орманда індерді аралап, түнде ұшып келетін теңіз құстарының назарын аударатын шам ілу арқылы тайконы іздеудің қиын-қыстау жұмыстарына атсалысты. Брюс үшін Крокет тайпоны (маори тілінде «аруақ» дегенді білдіреді) іздеген түсініксіз адам еді. Брюс көрші аралдағы Лиз Грегори-Хант есімді жас қызға үйленген кезде Лиз оның отбасының шырмауына оралды. «Әлдебір құйын тартып әкеткендей, бұл сенің өміріңе айналады», – деп ойымен бөлісті.

1973 жылдың 3 қаңтарындағы түнде Крокеттің еңбегі зая кетпей, ол Магента дауылпазының сипаттамасына келетін төрт құсты көрді: окулярлық дәлеліңіз, мінеки. Бірақ ол тайконы ұстап алып, олардың қайда ұя салатынын да білгісі келді. Брюстің көкесі оларға бір жаңалықты айтқанша тағы бес жыл өтті: «Олар екі тайконы ұстап алыпты». Ғалымдар тобының ұсталған құстарды радио-бақылау арқылы тайконың екі қолданыстағы індерінің орнын анықтауға тағы он жыл кетті.

Қиыр солтүстікте бугенвиль суқұзғындары Перудің ең өнімді гуано аралдарының бірі – Гуанапе Нортеде аз ғана перуандық бірқазанға ұя салуға орын босатады.

Туануис үшін бұл тек басы еді. Тайконың жалғыз ғана мәлім көбею мекені олардың жерінде еді. Бұл құсты жоғалудың сәл алдына апарған қауіптерден қорғау қажет болатын. Індер айналасына мысықтар мен қалталы егеу­құйрыққа қақпан құрылды. Мануэль Туануи үкіметке 1200 га орманды жерді тегін берді, үкімет ол аумақты қой-сиырдан қорғау үшін қоршап алды. Азғана жыл ішінде орманда тайко жұптары көбейе бастады, бүгін олардың саны 20-дан асады.

Қаңтар айында С64 код атты аналық тайконың ұясына баратын ұзақ жол сапары үшін теңіз құстары жөніндегі британдық маман Дэйв Бойл мен волонтер Жизель Игл тобына қосылдым. Бойл С64 тайкосының жұмыртқасы жарылып, ол көп уақытын теңіз шарлауға шығатын уақытқа дөп түскісі келді. «Оның жасын анықтау мүмкін емес, – деді ол, – ол басқа жерде басқа жұбымен қосылған не өте жас болуы да бек мүмкін».

С64-тің ұясы құлама жартаста салынған екен. Бойл тізерлеп отырып, ұяның артқы шетіне бұрынырақ орнатылған жерасты ағаш қораптың қақпағын алып тастады. Үңіле қарағаннан кейін ол мұңая басын шайқады. «Жұмыртқадағы балапанның біреуі жарып шығып жатып, қысылып қалғанға ұқсайды».

Гуанапе Норте аралында екі инка-крачка араларына қонып, кішкене жерге таласқан үшіншісіне қарсыласуда. Инка-крачкалар Перу су бассейнінде жиі көзге түсетін теңіз құстарына жатады. Олар топпен түнейтіндіктен күн бата ең жақсы түнеу орнына таласып, үнемі «ұрысып» жатады.

Балапан өлімі сирек құбылыс емес, бірақ көбеюдегі әрбір сәтсіздік барлығын қосқанда небәрі 200 болатын құс түрі үшін бұл кейінге шегінуді білдіреді. Бойл қорапқа қол салып, С64-тің біреуін алып шықты. Ол шиыршық атып, қапшыққа салғанға дейін Бойлды тістелеп тастады. Ұяның айналасында босқа уақыт өткізуден бас тартқан ол өлі балапанды алып, оның аяқтарына тұсау болған жұмыртқа қабығын жарып тастады. Иглмен бірге әрекет ете отырып, С64-тің аяғына лента жабыстырып, ДНҚ сынамасын алу үшін ине шаншыды да, арқасындағы тері астына микрочип орналастырды.

«Бүгін ол үшін сәтсіз күн екен», – деді Игл.

«Микрочип орнатылғаннан кейін оны қайтып еш мазаламаймыз», – деді Бойл.

Тірі қалған азғана тайко орманның түкпіріне барып ұялады, өйткені ол жер салыстырмалы түрде қауіпсіз, болмаса, ең қолайлы мекен болғандығынан емес. Қанаты қатаюы үшін ересек тайконың өзі ағашқа өрмелеуге мәжбүр әрі жас құстың орманнан ұшып шығуы үшін талпынысы бірнеше күнге созылып, бұл оны мұхитта тірі қалуға тым әлсіздендіріп жіберуі мүмкін. 1998 жылы Туануи отбасы Chatham Islands Taiko Trust ұйымын ресми ашқан кезде олардың бір мақсаты – суға жақын, жыртқыштан қорғайтын қоршау салу үшін аралдан тыс аймақтан қаражат жинау болатын. Қоршау құрылысы 2006 жылы аяқталып, орманда жаңа туған балапандардың көбі осы мекенді ұмыттырмас әрі көбею мен осында қайтып келуге «ынталандыру» үшін қанаты біткенге дейін сол аймаққа апарылды. Алғашқы осылай «тәрбиеленген» тайко 2010 жылы оралды, сол уақыттан бері олардың көбі қайтып келді.

Жаңа Зеландияның Чатам аралдарына Те Тара Кой Коя (Пирамида) кіреді. Бұл – осал Чатам альбатростарының жалғыз көбею мекені. Ол жерде жыл сайын 5000-дай жұп ұя салады. Сәуір-шілде айларында Оңтүстік Америка жағалауымен 9500 шақырым ұшады.

Taiko Trust ұйымы, сондай-ақ құстар үшін балама ұялау мекенін ашу мақсатында денесі кішірек, ал жойылу қаупі тайкодан аз түспейтін Чатам дауылпазының балапандарын да таяу маңдағы аралға апарды. Жалғыз ғана үйірі «Те Тара Кой Коя» деп аталатын теңіздегі тастар аралында (Пирамида деген атпен де танымал) ғана бар Чатам альбатростары популяциясын арттыру үшін ұйым 300 балапанды үлкен аралдағы жыртқыштан қорғалған екінші аумаққа апарды. «Ұйым қызметін жалғастыру үшін басқа түрлерді қолға алу керек екендігін білдік», – деді Лиз Туануи.

Лиздің осылай қызмет етіп келе жатқанына қырық жылдан асты. Ол – Taiko Trust ұйымының төрағасы. Брюс екеуі бас-аяғы 13 орман учаскесін қоршап үлгерді. Олардың жетеуіне өз қаражаттарын жұмсады. Мұның теңіз құстарына да, жергілікті құрлық құстарына да, соның ішінде үлкен аралда бір кезде жо­­йылуға шақ қалған көрікті Чатам көгершіндері үшін де пайдасы зор болды: қазір көгершіндердің саны мыңнан асқан. Одан қой өсіріп отырған отбасы әлемнің ең сирек үш құс түрін құтқару үшін күш-қаражат жұмсап, осындай ауыр міндетті неліктен мойындарына алғандарын сұрағанымда иығын көтерді. «Егер мұны біз істемесек, ешкімнің шаруасы жоқ-тұғын. Тайконы табуға көп тер төктік. Ол біздің, Чатам аралының бір бөлігі ғой», – деп жауап берді Лиз.

Ең жақсы қорғалған ұялау мекені – Те Тара Кой Кояның төбесіндегі табиғи үңгір. Қою сұр түстес балапандар бес айдай уақытта ұшуға жарап қалады.

«Ғажап! Қазір 25 жыл бұрынғыға қарағанда орман алқаптарын қорғайтындар саны он есе өсті», – дейді ол.

Менің байқағаным, Чатам аралдары мен көбіміз өмір сүретін әлемнің айырмашылығы аралдықтарға теңіз құстарын елестету үшін көз жұмып қиналудың керегі жоқ. Жақында «жұбайының көңілін аулау» үшін жас альбатростар қайтып оралатын, жыртқыштан қорғалған жартасты Те Тара Кой Кояға дейін катермен екі-ақ сағаттық жол. Бас айналдыратын тік жартасты сол жерде балдыр қаптаған тау тастарына ұрылып жатқан көк мұхит толқындары үстінде альбатростар үлпілдек сұр балапандарына қарай ұмтылады. Төбеде өлшем сезіміңізді алдайтын, теңіз шағаласынан үлкен көрінбейтіндей мөлшерде ұшып жүрген альбатростар айналып, алып қанаттарымен желдің бағытымен қозғалады. Оларды санаулы ғана адамдар көреді.

Чатам альбатростарының бір ғана көбею орнына тәуелді болуына мазаланған Дэйв Бойл мен «Чатам аралдары Тайко Трасты» ұйымындағы оның әріптестері үлкен аралда тағы біреуін ашты. Балапандар Те Тара Кой Каядан осында әкелініп, гүл горшоктарынан жасалған ұяда ересектерімен бірге орналастырылды. Олар қанат біткенге дейін балықпен қоректендіріледі.

Авторы: Джонатан Франзен, фото: Томас П. Песчак


Жазушы Д. Франзен 2018 жылы қаңтарда «Құстар не үшін керек?» мақаласын жазған. Бұл – фотограф Т.П.Песчактың National Geographic үшін орындаған тоғызыншы жұмысы.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Айғайқұм –Тәңірдің бізге тартқан сыйы ғой!

$
0
0

Алтынемелдегі осы құмды төбеге қашан, қай уақытта келсеңіз де ондағы өзгермейтін бір нәрсені көріп таңданасыз. Таңғаласыз. Ол бұл жерде қаншалықты боран соғып, дауыл тұрса да мұндағы тау болып үйілген құмның жан-жаққа шашырап кетпей, жинақы жататындығы. Содан соң ауа райының жел, құйын сияқты қандай да бір әсері болмасын, жота үстіндегі ұзыннан ұзақ созылған пышақ қырындай жалдың өз болмыс-бітімін ешқашан жоғалтпайтындығы. Ал осындағы елгезерден өткізгендей етіп табиғат-ананың сұрыптаған біркелкі құм түйіршіктері ше? Алтындай жарқыраған соның құдіреті шығар, сөз етіп отырған төбеге шығып, етекке қайта түскендегі адам ізі сәлден соң жоқ болады. Сөйтіп Айғайқұм бұрынғы момақан, тылсым, жұмбақ күйіне қайта оралады.

…Бұл жолы да ол бізді осын­дай келбет-көрінісімен қарсы алды. Ұзындығы 2020, ені 551, биіктігі 182 метрлік құм­­ды жота өзі ор­наласқан аңғардағы тақырда оқшау тұр. Төңі­регінде шашау шыққан еш­теңе жоқ. Қыздың жиған жү­гіндей жинақы. Таза.

– Бұл құмды төбенің гүріл­деп, дүрілдейтіні қайда? Жота­ның ән салып, дыбыс шы­ғарады дегені не сөз? – деді жүр­­гізу­ші жігітіміз Думан Мұхамеджанов.

– Ол үшін мына қырдың күн­гей бетіне көтерілу керек. Содан соң бері қарай жүргенде не болатынын өзің көресің, – дедім мен оған 1984 және 2004 жылдардағы өз басымнан өткерген оқиғаны есіме алып.

Бұған онша түсінбеген сері­гім артына жалтақ-жалтақ қарап қойып, Айғайқұмның орта тұсындағы текшеге қарай бет алды. 80-90 метр өрлеп барған соң сәл демалып, тө­менге түсуге ыңғайланды. Сол кезде, яғни етекке қарай 5-6 адым аттағанда аңғарды жаң­ғырықтырған гуіл бастал­ды дейсіз. Бір қызығы, оқыс шыққан үннен секем алған Думан беткейде сәл-пәл кідіріс жасап еді, дыбыс та тоқтай қал­ды. Қозғала бергенде гүрілдеп, дүрілдеген дауыс қайта пайда болды.

– Бұл не жұмбақ? – деді етек­ке түсіп, есін жиған сері­гім. – Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

Мен оған жауап ретінде П.И.Ма­риковский деген ғалым­ның болжамын айттым. Өмір бойы Алматыда тұрып, Жетісу жерін талмай зерттеген биология ғылымдарының докторы Павел Иуистинович Айғайқұмдағы құпия дыбыс­тар туралы кезінде былай деген болатын. «Бұл жотаның дыбыс шығару себептері жө­нінде көптеген жорамалдар бар. Со­лар­дың дені боранды, дауылды күндері құм қозғалғанда, одан сықырлаған үн шықпай қоймайды дегенге саяды. Бірақ жай кездің өзін­де шағылға аяқ басқан адам мен жан-жануарлар қи­мылы әсерінен оның неге гуілдейтінін ешқайсысы түсін­­діре алмайды. Меніңше бұл былай. Құм төбелердің қай-қай­сысының да төменгі қа­баттары дымқылданып жатады. Мұндай ылғал тіпті онша тереңде де болмайды. Көктемгі жауындардан кейін және күз­дігүні әлгі қабаттар жоғарыдағы құрғақ құммен араласады. Бұл жағдайда құм төбеден еш­қандай үн шық­пайды. Жаз­дыгүні ыстықта құм­ның үстіңгі қабаттары әбден кеуіп, төменгі дымқыл қабаттан бөлін­гендей болады. Мұның өзі жоғарғы қабаттардағы ауаның алмасуы себепті ылғал қабаттардың неғұр­лым төмен түсуіне әкеп соғады. Құмның үсті түгел дер­­лік кепті дегеннің өзінде төменде, бәрібір ылғал қабат жатады. Бұл ретте құмның бет жағы әбден құрғап, астыңғы қа­баты біршама дымқылдануы, оның арғы жағында тағы да құрғақ құм желісі жатуы мүмкін. Құм төбелердің үстіңгі қабаты төмен қарай сусығанда оның төменгі қабаттарынан озып кетеді де, бұлардың бір-бірімен үйкелісуі онша қатты болмайды. Сол себепті мұндай құмның үсті бұйра толқынданып жатады. Осы жағдайларда құмның біршама төмен жатқан бөлігі сыртқа шығып қалады. Оның үстімен жылжыған құм музыка аспабына қол тигендей діріл шығарады. Бұл үн кең көлемде таралып күшейе келеді де, біз сөз етіп отырған төбе жаппай гуілдегендей болады.

Профессор П.И.Мариков­ский осылай десе, Санкт-Пе­тербург ғалымдары Я.Рыжко мен Б.Русинов құмның сансыз көп түйірлерінің бір-біріне үй­келуінен дыбыс шығады деп есептейді. Себебі құм түйір­ле­рінің сыртында кальций мен магний қосындыларының жұқа қабаты бар. Солардан шыққан үн скрипка ішегін үйкеген ысқы секілді дыбыс тудыратын сияқты. Сондай-ақ олар құмнан үн шығудың тағы бір себебі құм түйірлерінің аралығындағы ауа­ның қимыл-қозғалысына бай­ланысты деп пайымдайды. Жотадан құм сырғығанда оның ұсақ түйірлері арасындағы саңы­лаулар кейде азайып, кейде көбейеді екен. Ауа осы саңы­лауға бірде кіріп, бірде шығып жатады. Дыбыстың дірілдеп естілу сыры міне, осыдан деп ұғу керек. Бұл зерттеушілер пікірінде тағы мынадай түсінік бар. Құмның электрленуінен де дыбыс пайда болады екен. Үн шығаратын құм таудың ұсақ тас түйірлері бір-бірімен үйкелісу салдарынан әртекті электр зарядтарын тудырады. Сөйтіп бір-бірімен серпіліп қо­сылып, тағы да серпіліп қосы­лу әсерінен дыбыс шығып отырады.

– Міне, өзің қасында тұрған Айғайқұм жөнінде ғалымдар осындай пайымдаулар айтады, – дедім мен Думанға.

…Көлікке отырып, Бес­шатырды басып өтетін Іле жа­­ға­лауына беттеп келе жат­қанда ойымызға: «Айғай­құм­нан шы­ғатын әртүрлі дыбыстар… Мұндай құбылыс тек осы жерге ғана тән бе, жоқ ол әлемнің бас­қа түкпірлеріндегі шөлдерде де бар ма?» – деген сауал оралды. Бала күнімізде атақты жазушы Джек Лондонның «Үш жүрек» атты романын оқы­ғанымызда сондағы баяндалатын оқиғалардың бі­рінде кен іздеушілер Орта­лық Америкадағы далалы ай­маққа жеткенде, олардың табанындағы құм неше түрлі әнге басып қоя беретіні айтылатын. Одан секем алған адамдар жүрістерін тоқтата қойған кезде төңіректің басқа ұрған танадай тынши қалғанына куә болған. Жүргіншілер қайта қозғалғанда, құм тағы да әндете жөнелген.

Жазушы бұл детальды әдеби тұрғыда суреттегенімен, оны ойдан алып отырмағаны анық. Оған өзіміз жаңа ғана жанында болған Айғайқұм, ондағы текшеге көтеріліп, одан төмен түскен серігіміздің қимыл-қозғалысынан туған гуіл анық дәлел. Құдды Джек Лондон шығармасындағы сюжеттің көшірмесі дерсің. Көлік ішінде осыны еске алған біз: «Мұндай құбылысқа байланыс­ты интернет не дейді екен?» – деп іштей күбірлеген күйі ноутбукке үңілдік. Сөйт­сек…, әлем картасында жоға­рыдағы жағдайға ұқсас 3-4 жұмбақ құм төбелер бар болып шықты. Олар: Ауғанстандағы Рек-Раван деп аталатын «діріл­деуік қырат», Таяу Шы­ғыстың Синай түбегіндегі Джебель-Накунгтегі «дабыл жотасы» және Чилидің Копиано аңғарындағы Эль-Бармадор атты «ұлитын шоқы». Осы­лардың бәріне тән ортақ белгі – бұл құм­ды жоталардағы гуіл­дердің жел мен боран әсері, адам және жан-жануарлар қи­мы­лынан кейін ғана туып, ал жай уақытта тым-тырыс жата­тындығы.

Жер бетіндегі құм төбелер… Олардан шыққан әртүрлі үн мен дыбыстар… Қалай бол­ғанда да бұл өте қызық құбы­лыс. Осы ғажайыптың дүние жүзіндегі жоғарыда айтқан санаулы елдерден басқа өз атаме­кенімізде, туған еліміз – Қазақ жерінде тұрғаны бізді таңғалдырмай қоймайды. Содан да болар, табиғаттың осы қайталанбас құпиясына деген ын­тызарлығың артып: «Бұл Тәңірдің бізге тартқан сыйы ғой», деп қуанып, мақ­танасың. «Тәубе! – дейсің.

Автор: Жанболат Аупбаев, фото: Ерболат Шадрахов

Viewing all 146 articles
Browse latest View live