Quantcast
Channel: Табиғат | National Geographic Qazaqstan
Viewing all 146 articles
Browse latest View live

Аустралиялықтардың сүйікті жануары

$
0
0

Қызыл кенгурулер мына Стурт ұлттық паркіндегідей сусыз жайылымдарда көбейіп кеткен. Аустралияның 25 миллион адам мен 50 миллион шамасындағы кенгуруге пана. Кей аустралия­лықтар бұл көрсеткішті «сойқан пропорция» деп атайды.

Кенгуру – Аустралияның «секіргіш» символына баланады.Сондай-ақ олар дәнді дақылдардың һас жауы әрі жол-көлік апаттарының негізгі себепкері.

Кенгуру мен оның төлі жайылым жер іздеп жүріп, Мейн-Стрит көшесінен бір-ақ шығады. Бұл Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының опал өндіретін ашық шахталы Уайт Клифс қаласындағы көктемнің салқын кеші еді. Күн қақтаған шексіз далада мыңдаған шахта ұңғымасы көзге еріксіз түседі. Мұндағы халық хоббитер секілді вентиляцияланатын үңгірлерде тіршілік етеді. Бірақ мына екі шығыстық сұр кенгуру айналадағы көрініске сай келмейтіндей.

«Мен олардың қала ішінде осылай кезіп жүргендерін бұрын-соңды көрмеппін», – дейді кенгурулерді 50 жылдай зерттеп келе жатқан эколог-профессор Джордж Уильсон.

Туристердің көздері шарасынан шығып, саусағын шошайтса, балалар таңдана шулас­ты. Күн ұясына батуға шақ қалғанда аустралиялықтар «ру» деп қысқартып атайтын мақұлықтар қаладан шығып кете барды. Біраздан кейін әлдебір жігіт үстінде ілмектері бар ақ көлігіне мініп, заулай жөнелді. Бұл түні ол мүмкіндігінше көп кенгуру аулап, көзін құртпақ.

Осы күні аустралиялықтар мен «ұлттық символ» арасындағы қатынасы күрделеніп кеткен. Кенгуру – Аустралияның ерекше био­алуандығының тірі әрі секіріп жүрген нышаны. Олар – эволюцияның ғажайып нәтижесі әрі ірі жануарлар ішінде секіре алатын жалғыз түр.

Аустралиялықтар осы мақтаныштарын жасырмайды. Кенгуру фильмге түсіп, телевизиялық бағдарламаларға да қатысады, поэзия, ән мен балалар әдебиеттерінің тақырыбы да бола алады. Олардың бейнесі ел валютасы, елтаңба, коммерциялық әуежелілер мен әскери кемелер, сондай-ақ олимпиада эмблемалары мен спорттық киімдерде де бар. Жер бетінде осыншама танымал жануар мен халық та жоқтың қасы.

Шығыстық сұр, яғни алып кенгурулер Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының Норт Дуррас ауылындағы көгалда жайылып жүр. Құрғақшылық кесірінен кенгуру (оларды «қарақшылар» деп атайды) адамдарға үйір боп барады.

Ресми мәліметтер бойынша, жасыл құрлықта кенгуру саны халық санынан екі есе көп және аустралиялықтардың көбі оларды зиянкестер қатарына жатқызады. Мал шаруа­шылығымен айналысатын фермерлердің айтуынша, популяциясы 50 миллион шамасындағы кенгурулер олардың егістіктерін бүлдіріп, онсыз да тапшы ресурстарды тұтынуда қолдағы малға бәсекелес болып отыр.

Аустралияның сақтандыру компанияларының деректері бойынша, жыл сайын тіркелетін 20 мыңнан астам жол-көлік апаттарының 80 пайызы кенгурулердің кесірінен болады екен. Елдің құрғақ әрі халық аз қоныс­танған аудандарында кенгурулердің көптігін «санап шығу мүмкін емес» дейтіндер көп. Динголар мен аборигендік аңшылар сияқты дәстүрлі жыртқыштың орнын толтырып жүргендер де жетерлік. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұру өз септігін тигізуде.

Коммерциялық мақсатта еті мен терісі үшін кенгуру аулауға үкімет рұқсат берген.  Бұл саланың ауылдық аймақтардың экономикасына қосар үлесі де көп. Бұл кәсіпшілік 2017 жылы 29 миллион АҚШ долларына пара-пар өнімді экспорттап, халықты 4 мың жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Бүгін кенгурулердің жойылу қаупі жоқ төрт түрі – шығыстық сұр, батыстық сұр, қызыл мен ірі кенгурудің еті, терісі мен былғарысы 56 елге экспортталады. Nike, Puma мен Adidas сияқты әлемдік брендтер түрлі спорттық инвентарь жасау үшін мықты әрі икемді кенгуру былғарысын сатып алады. Бір кездері негізінен үй жануар қорегі ретінде сатылған кенгуру еті қазір азық-түлік ретінде саудаға шығарылып, қымбат ресторандардың мәзіріне еніп отыр.

Аустралияның алты штаты мен екі ауданының (барлығы сегіз) төртеуінде осы индустрия­­ны қамтамасыз ететін жануарларды аулауға жылдық квота беріледі. Бұл кәсіпті жақтайтындар майы аз әрі протеині көп кенгуру еті парниктік газды анағұрлы көп шығаратын қой не ірі қараға қарағанда қоршаған ортаға зияны төмен дегенді алға тартады. «Азық-түлік және текстильдік өнеркәсіптің шикізатын Аустра­лияның жұмсақ жайылымдарына бейімделген жануарлардан алу – дұрыс бағыт. Қызыл ет алудың бұдан өткен гумандық әдісі жоқ екенін көптеген экологтар растайды», – дейді Аустралия кенгуру кәсіпшілігі ассоциациясының бұрынғы атқарушы директоры Джон Келли.

Виктория штатының Грампианс ұлттық паркі. Екі жас аталықтың мықтыны анықтап жатқан сәті. Бұл «бокстасқан» кенгуру көрінісі Аустралияның символына айналып та үлгерді. Адамды кенгуруге қарсы қойған көрініс көрмелерде қылаң бере сала, 1891 жылы мұндай жекпе-жек жайлы мультфильм түсіріледі.

Бұл кәсіпшілікке қарсы болғандардың қарасы аз болса да, дауыстары зор. Жануарлардың құқығын қорғайтын ұйымдар, атақты адамдар мен қатары күн санап артып келе жатқан ғалымдар кенгуру бизнесі адамдарды жауыздыққа итермелейтіндіктен бұл кәсіптің қажеті шамалы деген ұстанымда. Олар кенгуру популяциясы шамадан тыс көбейді деген пікірмен келіспейді. Бұл ұйымдар кенгурудің көп бөлігі жасына жетпей өліп қалады, сондай-ақ әрбір төлдің есеюі көп уақыт алатынын айтып шамданады. Сондықтан олардың популяциясы жылына небәрі 10-15 пайыз ғана өседі. Оның өзінде бекітілген шарттар мінсіз болған жағдайда ғана.

Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының байырғы юин халқы өкілдерінің бірі Двейн Баннон-Харрисон кенгурулер адамдардың өмір сүруіне кедергі келтіріп жатыр деген пікір күлкі тудыратынын айтады. «Олар бұл жерде адамдардан бұрын тіршілік етіп келеді. Олар елді қалай «бүлдіріп» жүр екен?», – дейді ол.

Көп жағдайда осы қарама-қайшылықтан пәлсапалық сұрақ туындайды: Кенгуру дегеніміз не өзі? Баз біреулер үшін олар зиянкес, басқаларына олар қолда тұрған ресурс. Десек те, оларға қорғалуы тиіс сүйікті де, сүйкімді «біртуар» жануар деп қарайтындар да баршылық.

«Мына көріп тұрғаныңыз кенгурулер елі», – дейді ұшағының терезесінен 2500 метр төмендегі тал-шілік қалың өскен алқапты нұсқай эколог Вильсон Сессна. Төменде күн қақтап, шаң басқан жайылымдар мен елдімекендері өте сирек шексіз дала бар. Онда құнарлы топырағы жылдам шаңға айналатын сезімтал ландшафты мен су ресурстары қажеттілікті ешқашан қанағаттандырмайтын өңір орналасқан. Ғаламшарымыздың ең құрғақ екінші контитентінде егіндік пен мал шаруашылығы бұрыннан ақсап тұр, ал енді өзгеріске ұшыраған климаттан құрғақшылық жайлап барады. Соның кесірінен ауылшаруашылық саласына орасан залал келуде.

«Жайылымдық жерлердің тарылуы құтымызды қашырып барады, – деп қынжылды тамыздың кешінде Лорелвейл ауылының екі иығы қақпақтай, алып денелі фермері Леон Занкер, – ал қалталы сүтқоректілер жағдайды одан сайын ушықтыруда». Құрғақшылық келгенде ол азық-түлік, су мен малын тиісінше жеткізуге тырысып бағатыны белгілі. Ал территориясындағы шөптің түгін қалдырмайтын әрі үкіметтің қарауындағы кенгурулер оның шаруашылығын тежейтін фактор.

Виктория штатының Англиси гольф клубы. Ойыншы мен шығыстық сұр кенгурулер бір алаңды бөлісуде. Гольф курстарында кенгурулерді жиі көруге болады. Ғалымдар үшін бұл қалталыларды белгілеу, бақылау мен зерттеу мүмкіндігі болса, кәсіпкерлер үшін бұл туристерді тарту құралы.

«Егер мен ірі қараларым мен қойларымның көтерем болып өлуіне жол берген болсам, жануарларға мейірімсіз болғаным үшін түрмеден бір-ақ шығуым мүмкін, – дейді Занкер, – алайда мен еліміздің кенгуру кесірінен деградациялап жатқанын байқаймын және қолымнан келер қауқар жоқ».

Оның аз-кем таңдауы бар. Солардың бірі – коммерциялық түсім, яғни бақташылар лицензиясы бар аңшыларға өз жерлерінде «қарақшылар тобы» деп аталып кеткен кенгурулерді аулауға рұқсат беру арқылы пайда табу. Жануарлардың құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдардың белсенділігінен кәсіпшіліктегі жылдық кенгуру аулау квотасы қысқарып, енді квотаның тек бір бөлігін ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Соның кесірінен кенгуру өнімдеріне деген сұраныс та азайып кетті. Мына дерек соған дәлел: 2017 жылы Аустралияның жалпы квотасы 7,2 миллион бас шамасында-тұғын. Алайда атылған кенгурулер саны 1,5 миллионға да жетпейді.

Тағы бір таңдау – жай ғана өлтіріп тастау. Бақташы хайуандардың белгілі бір санының көзін жоюға рұқсат алуға арыз бере алады. Мен барған кезде Занкердің 500 кенгуру өлтіруге рұқсаты бар болатын. Алайда көп бақташы жалданбалы әрі ресми кәсіби атқыштардың орнына оқудан өтпеген не аккредитациясы жоқ әуесқой «киллерлерді» жалдайды.

«Егер сіздің мүлкіңіз болса, алқымыңыздан қысып, ақшасын қайтаруға тура келетін несиеңіздің болуы да ғажап емес. Бірақ, өзіңізге тиесі жайылымнан шықпайтын бір бөтен мал шаруашылығыңызды «тірідей» жеп жатса, мұндайда не істейсіз? Барып, кілтті банк менеджерінің қолына ұстатасыз ба, әлде бір қорап оқ сатып аласыз ба?» – дейді Занкер.

Квинсленд штатының едімекендерінің бірі. Күн ұясына қонар кезде Брэд Купер жұмысқа шығып барады. Мығым денелі кенгуру аңшысы көлігін Митчеллден шығысқа қарай, шамамен 30 шақырым жердегі қоршалған жайылымдағы жол жиегіне тоқтатты. «Бүгін қолдан келгенінше көп кенгуру ату керек. Бірақ мына жел маған ұнамай тұр. Бұл оларға да ұнамайды», – дейді ол.

Муррамаранг ұлттық паркіндегі Депот жағажайында шығыс­тық сұр кенгуру тобы жартасты жағалауды барлап жүр. Зоолог Фленнеридің айтуынша, бұл сүтқоректі жерасты апандарынан тропикалық ормандардағы ағаш бастарына дейінгі Аустралиядағы барлық дерлік тіршілік ортасына бейімделген.

Олар шығыстық сұр кенгуруны аулауға келді. Жел ұйытқыған кездері бұл қалталы сүтқоректілер сақтана топтаса қалады. Бұл атушылардың жұмысын қиындатады, өйткені оларға заңмен тек ересек аталықтарды ғана атуға рұқсат берілген. Кәсіби атушылар емтихан тапсырып, жануарлардың жағдайы мен гигиенасы бойынша оқудан өтулері тиіс. Ай сайын олардан квотадан асып кетпеулері үшін есеп беруі талап етіледі.

Купердің жасы 41-де. Ол алғашқы кенгуруін бес жасында атып алған. Бүгінде ол әр жолы үштен-алты сағатқа дейін аптасына үш түн жұмыс істейді. Бүгінгі жоспары – 30 кенгуру атып алу. Оның бір түндегі рекорды 104 бас.

Төбемізде жырым-жырым бұлттар жөңкіп өтіп жатқанда түнгі аспанда жарты ай жасырынбақ ойнап тұрғандай көрінді. Ауаны алаботаның өткір иісі кернеген. Купер көлігінің үстіндегі шамдарды қайта-қайта алға-артқа қозғауда. Бір минуттан кейін ол іздегенін тапты. Жүз метрдей жерде бойы екі метрдей ересек аталық алып кенгуру көліктің шамдарына қарап гипноз әсер еткендей қалшиып тұра қалыпты. Бум! Купердің мылтығынан шыққан дауыс түнгі ауаға таралды. Кенгуру бір секірді де жерге гүрс ете түсті.

Купер сұлаған кенгуру аяғын салбыратып өңгеріп алды. Кәсібіне шыныққан ол ең әуелі олжасының нарықтық бағасын түсіретін жарақат не паразиттердің бар-жоқтығын тексереді. Кейін кенгурудің қанын ағызып, ішкі құрылысын, сондай-ақ алдыңғы аяқтары, басы мен құйрығын кесіп алып тастады.

Одан кейін қағаз жұмысы басталады: аңшы кенгуруді атқан күні мен уақытын, меншіктегі жер атауын, кенгуру түрін және азық-түлік өңдеуші компания мен мемлекеттік құзыретті орган талап ететін барлық ақпаратты құжатқа түсіреді. Купердің айтуынша, бюрократиялық талаптар адамды қинаса да, бұл жұмыс соған тұрады. Ол далалық жерде атып-сойған кенгуру тұлыбының әр келісіне 70 цент ақша алады. Кей түндері ол мың долларға дейін табады.

Кәсіби атушы Питер Абсалом Оңтүстік Аустралия штатындағы Малиунгари стансасынан атып алған аталық қызыл кенгуруді өңдеуде. Анасы оққа ұшқанда төлі жетім қалатындықтан 2013 жылдан бері тек аталықтар ғана аулана бастады.

Түн ортасы жақындағанда жел күшейіп, Купер жұмысын аяқтайтын болып шешті. Бүгінгі түнгі оның олжасы – 10 кенгуру.

«Бұл жұмыста қандай да бір қалыпты нәрсе жоқ», – дейді ол Ромаға қайтар жолда. Ол Ромада олжасын «мұздатқыш камерада», яғни тұлыптар өңделгенге дейін сақталатын салқындатқыш қоймаға жинайды. Аяушылыққа жол жоқ жұмысының уақыты қалыпты емес әрі ауыр. Қалалықтар оның мамандығына мұрнын шүйіре қарайды.

«Олар үшін біз ең төменгілерден де төмендегі сатыдамыз, – дейді Купер, – бірақ қала адамдары кенгуруден жырақта өмір сүреді. Егер де мысық не итті мәңгі ұйқыға аттандыру керек болса, мархабат, ветеринар бар. Жауапкершілік тікелей өз мойындарына артылмайды. Ал бізге зор жауапкершілік жүктелген».

Ұзынтұра, тұла бойы жинақы келген дәрігер Хоуард Ральф салқын самал желі бар күту бөлмесінде отырып, кенгурулерге қатысты жауапкершіліктің басқа түрі жөнінде әңгімелеуде. Ральф пен оның жұбайы Гленда 18 жыл бұрын Канберрадан көлікпен бір сағаттық жердегі Брейдвудтегі жерлерін табиғи қорыққа айналдырған. Бүгінде еріктілердің шағын тобы көмектесетін Southern Cross Wildlife Care қорығында жылына 2000-нан астам жануарға көмек көрсетіледі. Олардың жартысынан астамы – кенгуру.

«Біздің басты мақсатымыз – жан-жануардың амандығы, – дейді Ральф, – осы мақұлықтарға көмектесіп, оларды қайтадан тұмса табиғатқа жібере алатындай күйге жеткізу. Біз түрлерге қатысты дискриминациядан адамыз және оңайлықпен беріле салмаймыз».

Бұл ауруды емдеу мен күйзелістен айықтыру дегенді білдіреді. Кенгуру, әсіресе шығыстық сұр түрлері күйзеліске тез түседі, соның салдарынан олардың бүйректері істен шығып, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. «Мұндай жағдайға үнемі кезігеміз, – дейді Ральф. –Бетіне оқ тиген, балтамен шабылған, қасақана көлікпен қағылған кенгуруді көрсеңіз жүрегіңіз қалай елжіремейді. Кейбірі, тіпті, аяқтарындағы көптеген сынық кесірінен тұра да алмай қалады. Олар, осындай қатыгездікпен жиі кездеседі. Өркениетті деп атаған қоғамымызда жол берілмеуі керек дүниелер болып жатады. Олардың басым бөлігі кенгуру көбейгендігінен емес. Мұның себебі адамдар осы кішкентай мақұлықтарды жөні-жозықсыз қинағанды қызық не күлкілі көруінде. Біз қандай жағдай болмасын қатыгездікке жол берілетін түсініктен қашық болуымыз керек», – дейді Ральф.

Гарри МакЛин Квинсленд штатының Агнес Уотер қаласындағы кенгуруге арналған «Хоризонс» қорығында жетім қалған төлдерге жем беруде. «Олар отбасымен тіршілік ететін аң, тура біз сияқты, – дейді Аустралия кенгурулер қоғамында істейтін Никки Саттербай, – олар төлдерінен айырылғанда, не төлдері аналарынан айырылып қалып жатса, қатты қайғырады».

Соңғы жылдары Аустралияда кенгуруге қамқор жандар мен пана берген «Оңтүстік кірес» сияқты қорықтар көбейіп келеді. Олардың көбі әрбір түскен тиынды дәрі-дәрмек пен керек-жараққа жұмсайды.

«Мен көпшіліктің қандай пікірде екенін білемін, мен реалистпін. Жағдай өзгереді деп үміттенемін. Қазірдің өзінде қоғам пікірі өзгеріп жатқанын байқауға болады. Жиырма жыл бұрын осы мақұлықтарды қастерлейтіндер кемде-кем тұғын. Алайда олардың зардап шегіп жүргендерін, олардың тірі жан екенін түсінетіндер көбеюде», – дейді Ральф.

Аустралиялықтардың кенгурулерге қатысты кереғар пікірін бейбіт арнаға бұруға бола ма? Джордж Уилсон егер олардың қожайындары болғанда, иеленушілері кенгурулеріне мүліктері ретінде қарап, тәуелсіз түрде не аймақтық жабайы табиғатты қорғау ұйымдарымен бірлесе отырып оларды қорғар еді. Қожайындары оларды асырап, жалға беріп, көбейтіп, атуға рұқсат беру үшін аңшылардан ақы алар еді. Ол үшін тек жігер мен ниет қажет.

«Егер әлдебір нәрсені сақтағыңыз келсе, оған құнды заттай қарау керек, – дейді Уилсон, – өкініштісі, зиянкес деп қарастылырған жануарлардың құны жоқ».

Жекешелендіру жайылымдарға түсетін ауыртпалықты да азайтар еді. Егер кенгуру ірі қара не қойға қарағанда пайдалырақ болса, фермерлер мал басын азайтар еді. Бұл қоршаған орта үшін де тиімді. Бұл сценарий орын тапса, жер иеленушілер мен кенгуру кәсіпшілігі арасындағы ынтымақтастықты көрер едік. Ары қарай брендинг, маркетинг пен сапа бақылау бойынша жұмыс өрби беретін еді. Мұндай жағдайда үкіметке тек процесті бақылап, басқарып отыру ғана қалар еді.

Леон Занкер мұндай идеяны жан-тәнімен қолдайды: «Біз үшін бұдан шығар ең жақсы нәтиже – кенгуру саны мен жайылым-су ресурстарының тепе-теңдігін сақтайтын коммерциялық индустрияға қол жеткізу. Бірақ бұл үшін балансты сақтайтын басқару тетіктері мен қабілет болу керек. Жер иеленушілердің талап еткендері де осы».

Туристер Квинсленд штатының Макей қаласындағы Хилсборо мүйісінің жағалауында шығыстық кенгурулерді тамашалауда. Бұл жер туристерді қызықтыратын танымал орын әрі ол жергілікті экономиканы да көтеріп отыр. Аустралия – кенгуруді жабайы табиғатта көруге болатын дүниедегі жалғыз мемлекет.

Сиднейден жарты сағаттық жердегі Воронора шаһарындамыз. Түс ауған шақ. Қыркүйектің жылы ауасында юиндердің ақсақалы 82 жасар Макс «Дулумунмун» Харрисон Аустралияның байырғы тұрғындары мен кенгурулер арасындағы күрделі байланыс туралы сыр шертті. Бұл – мәдени, әлеуметтік және рухани байланыс тарихы кемінде 50 мың жылға созылады.

Аустралияның байырғы тұрғындары бұрыннан кенгуру етін жейді, бірақ олар мұны қатаң тәртіптерге сай істейтін болған. Макс көкенің айтуынша, байырғылардың заңы аңшылыққа рұқсат етеді, бірақ оның өз маусымы бар. Мәселен шағылысқан шақта оларды аулауға болмайды. Әрі рәсуаға да жол берілмейді. Кенгурудің әр бөлігі пайдаланылуы тиес: еті желінуі не таратылуы керек; сіңірінен жіп иіріледі; терісінен жылу сақтайтын, су өткізбейтін киімдер тігіледі, сүйектерінен ине мен түрлі бұйым, ал жүнінен дорба не мата жасалады.

Бірақ кенгурумен арадағы байланыс әлдеқайда жоғары деңгейге жеткен. Пайда ол бергі жағы ғана. Тіршілік пен жаратылыс пайда болуы туралы әңгімелерде, аборигендер «арман шақ» деп атайтын бай символикалық әлемде кенгуру басты назарда. Осы әңгімелердің ажырамас бір бөлігі саналатын «өлең жолдары» арқылы аборигендер жол тауып, ата-бабаларын еш қиындықсыз тапқан. Макс көке кенгуруді өлтіру табиғат пен адам арасындағы осы үйлесімділікті бүлдіріп, «өлең жолдарын» жойып жатқанын айтады.

Қалталы сүтқоректілермен көп ғасырлық байланысы бар деп білінсе де, елдің ұлттық символымен ара қатынасты реттеуде Аустралияның байырғы тұрғындарының пікірі ескерілмейді. Олардың пікірі бір арнада тоғыспағанымен, географиялық және мәдени тұрғыда әр алуан келетін байырғы халық өкілдерінің көбісі кенгуруді қыру үлкен мәселе екендігімен келіседі.

Стурт ұлттық паркі. Батыстық сұр кенгуру мен фотографтың ұлы бір-біріне зерттей қарауда. Ру сияқты өзгенің таңданысын тудыратын жануар кемде-кем. «Кенгуру басқа жануарлардан қатты ерекшеленетіні сондай, олар болмағанда біз оларды елестете алатын ба едік, алмас па едік, Құдай білсін», – дейді зоолог Фланнери.

«Аустралия өте ерекше ел, ерекшелігі сондай ол өз елтаңбасындағы символды жейтін жалғыз ел», – деп басын шайқады Сиднейдегі Маккуори университетіндегі кабинетінде отырған гомерой тайпасының көсемі Фил Дункан.

Макс көке сияқты ол да кенгурулерді қыруға жол бермек емес. «Оларды өлтірсек, келер ұрпаққа бұл тотемикалық түрдің отанымызбен арадағы байланысын түсіндіре алмай қаламыз», – дейді ол. Ол ұсынатын шешім қарапайым: кенгуру ахуалы туралы соңғы сөзді Аустралияның алғашқы адамдары айтсын. Бәрін былай қойғанда, олар мыңдаған жылдар бойы қалталылармен жақсы қарым-қатынаста боп келді емес пе? «Егер кенгурулерді қыруды көздеп отырсаңыз, – дейді Дункан, – оны жолға қойылған кәсіп көзіне айналдыру керек. Бұл кәсіпшілік аборигендер тарапынан монополияландырылуы керек. Біз бұл істі гуманды түрде орындаймыз. Бізге лицензия беріңіздер. Бұл кәсіпті біз атқарайық».

Сонымен бірге Дунканның бұдан да маңызды айтпағы бар: «Аустралияға туристер келген кезде олар кенгурумен құшақтасып, коаланы ұстап, аборигендермен кездескілері келеді. Үшеуінің де өзара байланысы күшті. Сол байланысты үзбеу керек. Мұнда өлтіру үшін емес, құшақтасу үшін келіңіз».

Автор: Джереми Берлин, фото: Стефано Унтертинер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Өнерпаз фрегата

$
0
0

Жануарлардың көптеген аталықтары қарсы жыныс өкілдері алдында әсер қалдыру үшін кеуде кере маңғазданады. Алайда түсі, құлашы мен дауысының әуезділігі бойынша лат. Fregata magnificens, яғни керемет фрегатаға жететіні жоқ.

Шағылысу уақытында әр аталық өзге бәсекелестерінен оқ бойы озық тұруға тырысады. Бұл тұрғыда тамағынан салбыраған қызыл қалташаның орны ерекше. Оны ауамен толтырғанда қалташа құстың бойымен бірдей жүрек пішініне енеді. Артынша тұмсығымен тоқылдатып, кеудесінен барабан тарсылындай әуен төгіледі – бұл оның махаббатқа шақыруы. «Өздерін көрмесеңіз де, олардың әуезді әуенін алыстан еститініңіз хақ», – дейді Галапагос табиғат қорғау қорында істейтін Джен Джонс.

Әуеде ұшып жүрген аналықтары турасын айтқанда концерт көру үшін жерге қона бастайды. Дженнің айтуынша, аталықтары дискотекадағыдай билеп, бастарын шайқай жұлқына қимылдап, «қойылымды» қыздыра түседі. Зерттеудің бірі көрсеткендей, аталықтарға өз жұбын табуға осы барабан қағыстары көмектеседі.

ТІРШІЛІК ОРТАСЫ/ТАРАЛУЫ

Fregata magnificens құстары, негізінен, қос Америка құрлығының Тынық пен Атлант мұхиттарының жағалауында, жапсарлас аралдарда, Калифорния мен Джорджиядан, Эквадор мен Уругвайға дейінгі аралықта тіршілік етеді.

ҚОРҒАЛУ СТАТУСЫ

ХТҚО бұл құс түріне айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады. Алайда паразит пен тіршілік ортасының тарылуына байланысты олардың кей популяцияларын ерекше бақылауға алған жөн.

 

ӨЗГЕ ДЕРЕКТЕР

  • Керемет фригаттар жылы ауа ағынын пайдаланып, айлар бойы әуеде самғайтын кез болады.
  • Зерттеу кезінде тамақ қалташасының көлемділігіне байланысты төменгі жиілікте қалыңдау әрі тұрақты дыбыс шығаратын аталықтары аналық құстарға тартымдырақ көрінгені байқалған. Аналықтар осындай дыбыстардан әлжуаз я қуаты тасыған аталықты анықтай алатын болып шықты.

Авторы: Патрисия Эдмондс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Шұбайқызыл десе, Шұбайқызыл!

$
0
0

Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жиі кездесетін «Грейг» қызғалдағын суретке түсіру үшін Алматыдан арнайылап жолға шыққан біздің шығармашылық топ Түркістан облысына барып-қайтуға шамамен 1300 шақырымды артқа тастады.

Биыл сәуір айында жауын-шашын мол болғандықтан жер-жерде көкорай шалғын шөппен бірген гүлдің де түр-түрі жайқалып өскен. Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақ әсіресе Шұбайқызыл алқабын қызыл кілемге көмкеріп, жұпар иісі аңқыған жазиралы кең даланы одан сайын әсемдікке бөлей түскен. Осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысқан фотографтар гүлді әр қырынан түсіріп алып жатты.

Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар болса, олардың басым көпшілігі Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа елдерінде кездеседі. Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады екен. Ал біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артықшылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы», – дейді олар. Ал жалпы Түркістан облысы нақ осы гүлдің ордасы саналады.

Ал жалпы қазақ жерінде қызғалдақтың отыздан астам түрі бар. Қызғалдақ гүлдерін Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабынан кездестіреміз. Тіпті «Қызғалдақтар елі» атанып кеткен Нидерландтың өзінде нақ осы гүлдің түрлері осыншалық әркелкі емес. Соған қарамастан қызғалдақ гүлi нидерландтықтар арасында, аса қастерлі саналып,  жоғары бағаланады. Себебі олар жыл сайын қызғалдақ сатудан 500 миллион АҚШ доллар табыс табатынына қарағанда біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырғандаймыз.

Суретті түсірген: Досжан Балабекұлы


Шұбайқызыл қыраты, Түлкібас ауданы, Түркістан облысы

0

Алвис Лазарус

$
0
0

Тұмса табиғатымен танымал Бандипур ұлттық паркінде таңмен таласа сафариге шыққан Лазарус пен оның бірнеше досы уақытының басым бөлігін жолбарысты аңдумен өткізді. Әлдебір саңылаудың қасына тоқтағанда топ он шақты маралдың жайылып жүргенін көреді. Лазарус әрмен қарай жүре берген достарын тоқтатып, сәл кідіре тұруларын сұрады. Жасыл желек фонында тұрған қос маралдың біреуі, сәлден соң екіншісі туристер тобына басын көтеріп, қарайды. Лазарустың мұндай ғажап көріністі қалт жібермесі анық.

КІМ?

Алвис Лазарус, 37 жаста, Үндістанның Бангалор қаласында тұрады, материалдық-техникалық жабдықтау мен басқару жөніндегі консультант.

ҚАЙДА?

Үндістанның Карнатака штатындағы Бандипур ұлттық паркі

НЕ?

150-600 мм объективті A Nikon D810 фотоаппараты


National Geographic журналының Your Shot қауымдастығына қосылып, nationalgeographic.kz вебсайты арқылы өзіңіздің фотоларыңызбен бөлісіңіз.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Киікке пана болған – Тақыр!

$
0
0

Біздің жақта бір ғажап жер бар, – деген еді осыдан көп жылдар бұрын болған іссапардағы өзара әңгімеде жазушы Мәди Айымбетов. – Күлдірдің тақыры деп аталатын оның ерекшелігі ұшы-қиырына көз жеткізгісіз жазықтың үстінде ештеңе өспейтіндігі. Сосын алғашқы көрген адамға ондағы жерді әлдекім трактор катогымен таптап тастағандай әсер қалдыратындығы. Ұшақтардың әуеге көтеріліп, жерге қонатын аэродромы бар ғой. Міне, айдаладағы табиғат ана жасаған ол соның дәл өзі. Иә, содан аумайды.

…Қазір біз арада жылдар өткен соң барып, осы жерге келіп тұрмыз. Бұл аудан орталығы Қарауылкелдіден 140 шақырымдай қашықтықта екен. Іргесінде Қопа атты елді мекен бар. Ой шақыру үшін ұзыннан ұзақ созылған құмдауыт алқапқа үнсіз қарап тұрмыз. Шынында алдымыздағы жазықта қылайған қылпық көрінбейді. Көз жетер жердің бәрі ықылым заманнан бергі қар мен жаңбыр суынан нығыздалып тұрып шөгіп, мықтап орныққан қиыршық тасты қалың топырақ қабаты. Жылдың қай мезгілінде де берекені алып, жан таптырмас даланың долы желі бар емес пе. Міне, содан көтерілетін шаң-тозаң мұнда атымен жоқ. Өйткені ондай құм-боранның алғышарты болып табылады дейтін ұсақ топырақ үгінділері тақтайдай боп қатқаны мына жер қабатының үстіңгі бөлігімен бірігіп-кірігіп кеткен.

– Бұл алқаптың Күлдірдің тақыры деп аталуының сыры неде екен? – дедік біз айналамызға асықпай қарап алған соң.

– Ертеде, – деп бастады әңгімесін ауыл әкімі Мүрсін Байтақұлы, – осы өңірде Сәңкібай атты дәулетті адам өмір сүріпті. Ол XVII ғасырдағы Әбілқайыр заманында ғұмыр кешкен кісі екен. Міндеті хан әскерін мініс көлігімен қамтамасыз ету болыпты. Осы мақсатпен бай ордадан пәрмен келген сайын даладағы жылқыларын мына тақырға оқтын-оқтын әкеліп иіріп, сарбаздарға ай бойы ат таңдамай ма? Міне, сонда бұл жерде оның кіші әйелі Күлдір есімді анамыздың ауылы отырып, отағасы мен жасауылдарға ас-су әзірлеп беретін болған. Біздің қазіргі айтып жүрген жер атауы содан қалған деседі.

– Дұрыс екен. Ал енді мына тақырдың көлемі қандай? Осы табиғат туындысы туралы өздеріңіз көріп-білген не бар? Соны қазір еске түсіріп, айтып бере аласыздар ма?

Мұны бізбен бірге еріп жүрген жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев жақсы білетін болып шықты. Ағамыздың бұл жөнінде бірінші айтқан дерегі аудан энциклопедиясын жасаймыз деп жүрген әне бір жылдары олар Күлдірдің тақырын зерттеп көрген екен. Сонда оның ұзындығы 12, ені 7 шақырымды құрапты. Демек аталған жер бедері өзіміз сөз етіп отырған сала бойынша еліміздегі ең үлкен массив деген сөз. Жолбасшымыздың екінші келтірген мәліметі кешегі 70-80 жылдары осы жерге дала аруы – ақбөкендер керемет үйір болыпты. Көздері мөлдіреген, дене бітімі өте сүйкімді осы бір бейкүнә жануарлар шілденің шіліңгір ыстығында тұмсығы мен бауырын мына тақырға төсеп, күн екіндіге ауғанша тырп етпей жатып алады екен. Сәл де болса жер астындағы салқын лептен күш-қуат ала ма екен, кім білсін… Осыны білетін аңшылар дәл түс мезетінде жетіп келіп, қорғансыз бейшараларды талай рет жусатып салған ғой. Содан олар кейінгі кезде мұнда жоламайтын болыпты. Неткен қатыгездік десеңізші. Оспадарлық деп осыны айтуға болар сірә…

– Табиғаттың осындай өзгеше көріністері… Мына тақырды айтамыз да… Олар қалай, қандай жағдайда пайда болды екен? – дедік біз қайтуға жиналып жатып. – Бұдан нендей хабарларыңыз бар?

Ғалымдардың не деп пайымдайтынын білмейміз. Ал осы төңіректегі көнекөз қариялардың айтуынша әңгіме былай, – деп сөзге араласты аудандық газеттің бас редакторы Лұқпан Қадыр. – Тақыр – далалық аймақтардағы сазды топырақтың кепкен құрамынан тұратын беті тегіс, үстіңгі қабаты өте қатты ойыс алқап. Оның айналасындағы басқа жерлер қар кетісімен тез көктеп, шөп өсе бастағанда мұндағы қақ суы тұрып қалған тақыр аталмыш үдерістен кеш қалады. Сөйтіп өсіміктерге өте қажет кондициялық кезеңді амалсыз жіберіп алған онда ештеңе өспейді. Ал көктемгі күн қызуынан қақ суы буланып ұшып кеткенде тақырдың үсті тобарсып, беті шытынай жарылған күйі тастай болып қатады да қалады. Сөз орайында бұған осы даладағы ұдайы соғып тұратын өкпек желдің де өзіндік әсері бар екенін айта кеткен жөн. Бірде батыстан, келесіде шығыстан, одан соң солтүстік пен оңтүстіктен екілене ұйытқитын ыстық-суық температурадағы борандар біз сөз етіп отырған алқап топыраған әбден нығыздап тастайды десе де болады.

Әріптесіміздің мына сөзінен кейін біз ұялы телефонымызды қолға алып, «Википедия» сайтын іздей бастадық. Мақстымыз: «Тақыр жөнінде ғалымдар не деді екен?» – деген ой. Босқа әуреленіппіз. Мұнда «Kcell» де, «Beeline» де ұстамайды екен. Ойымыз аудан орталығы Қарауылкелдідегі кітапханаға келген соң ғана орындалды. Ондағы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын таптырып алып қарағанымызда, әмбебеп еңбектің 9-томында «Тақыр» тақырыбы бар болып шықты. Авторы – биология ғылымдарының кандидаты Есбол Жамалбеков ағамыз екен. Мақаланы оқып отырып бірден байқағанмыз, бұл кісі пайымдауының да жоғарыдағы Лұқпан Қадырдың көнекөз қариялардан естіген дәйек-деректеріне ұқсастығы еді. Демек, жергілікті жердің адамдары да, ғалымның айтқандары да дұрыс. Тұжырымдары ортақ. Бірін-бірі толықтырып тұр. Есбол Жамалбеков мақаласындағы жалғыз өзгешелік ол тақырдың Ақтөбе өңірінде ғана емес, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында да бар екенін айтқаны. Бірақ олардың аталмыш аймақтардағы аты қандай? Көлемі ше? Және нақты қай аудан немесе ауыл маңында? Бұл жөнінде ештеңе жоқ. Демек, республикамызда біз білетін, аумағы жағынан да үлкені өзіміз көрген Байғанин ауданындағы осы Күлдірдің тақыры болса керек.

 Авторы: Жанболат АУПБАЕВ

0

Каспий теңізіндегі аң

$
0
0

Каспий итбалығы… Өзіміз сөз етпек болып отырған бұл мақұлық өзінің тегін қазіргі уақытта Солтүстік мұзды мұхит жағалауына түгел дерлік тарап кеткен тюленьдер тұқымынан алады. Олар осыдан миллиондаған жылдар бұрын, әлі Каспий теңізі пайда болмай тұрған кездері, Солтүстік мұзды мұхит пен Паратетис теңізінің аралығын мекен еткен екен. Ал бұдан бес миллион жыл шамасында қазіргі Қара теңіз, Каспий және Арал теңіздері аумағын алып жатқан Паратетис мұхиттан іргесін біртіндеп бөліп ала бастайды. Кейінірек ол әлемге әйгілі мұхитпен аралықтағы су арнасын үзген соң, ондағы итбалықтар да ұлы айдыннан біржола алшақтап қалады. Бұдан кейін арада тағы миллион жыл өткен кезде Каспий жоғарыда аталған құрылымнан да бөлініп шығып, планетадағы ең ірі тұйық су бассейніне айналды.

Қазіргі кездегі Каспий теңізін мекен ететін итбалықтың зоологиялық тұрғыдағы жіктелуі былай. Олар жыртқыштар тегіне, сүтқоректілер санаты мен ескек аяқтылар түріне және аңдар тобына жатады. Бұған қоса, ол әлемдегі құлағы жоқ итбалықтар қатарына кіреді. Денесінің ұзындығы 120-150 сантиметр болса, салмағы 40-60 килограмм тартады. Оның қорегін су астындағы үйір-үйір болып жүретін ұсақ балықтар, негізінен килька құрайды. Бұларды тюлень 80 метрге дейінгі тереңдікке сүңгіп аулайды. Өмір сүру мерзімі 50 жылға дейін баратын ол әрбір 2-3 жылда бір күшік туады. Сөз етіп отырған тіршілік иесін ғалымдар мен жергілікті тұрғындар нерпа деп те атайды. Осылай делініп жүрген итбалық Каспий теңізінің барлық мүйісіне кеңінен тараған. Бірақ мұнда жыл мезгілдеріне қарай жаппай болып жататын маусымдық орын алмастыру кезеңдеріне байланысты олардың су айдынының белгілі бір аумақтарына көбірек жиналатын кездері болады. Мысалы, жазда тюленьдердің негізгі бөлігі теңіздің суы терең оңтүстік жағына қарай ауады. Тамыздың аяғында солтүстік пен шығыс бөлікке қарай шеру тартады. Ал жаппай үдере көшу қараша-желтоқсан айларында жүзеге асады. Тап осы уақытта Каспийдің теріскей қапталын жайлап алған тюленьдер теңіз аралдарының құмды шағылдары мен шығанақтарын басып қалады. Олар мұнда мұз қатқанға дейін тіршілік етеді. Қаңтар айында өзді-өзі үлкен топ құраған ұрғашы итбалықтар солтүстік-шығыс айдында жүзіп жүрген мұз сеңдеріне бет алады. Сол жерде қаңтардың аяғынан ақпанның ортасына дейінгі аралықта күшіктейді. Үстерін жұмсақ, аппақ түк жапқан шақалақтар жалаңаш мұздың үстінде жатады. Сол кезде бұл күшіктердің әрбірінің ұзындығы шамамен 60-65 сантиметрдей, ал салмағы 3,5-4 килограмм төңірегінде болады. 3-4 аптаға дейін енесінің сүтімен қоректенген олар осыдан соң өз бетімен өмір сүруге әрекеттенеді де наурыздан бастап түлей бастайды. Ал сәуір, мамыр айларында теңіз бетінен мұздар толық кеткен кезде, итбалықтар үйір-үйір болып топ құрайды. Сөйтеді де, тағы да оңтүстікке шеру тартады.

Итбалықтың Каспийдегі осы бір ерекше түрі қазір құрып кетудің қаупінде тұр. Соңғы 100 жылда оның саны 90 пайызға дейін қысқарған. Егер ХХ ғасырдың басында өзіміз сөз етіп отырған теңіздегі тюленьдер 1 миллионнан артық болса, тиісті ведомстволық мекемелердің аэротүсірілім арқылы анықтаған 1989 жылғы деректері олардың 400 мың мөлшерінде екенін, 2005 жылы 111 мыңға түскенін, ал 2012 жылы 100 мыңнан да аса алмай қалғанын көрсетіп беріп отыр. «Бұл неліктен?» – деген сұрақ туады осы арада. Оның күрт азайып кетуінің себептері көп. Бұған кезінде оларды аямай, бейберекет аулаудың кері әсері болды. Содан соң теңіздің ластануы. Браконьерлер құрған аулардан келген залал да аз емес. Ақыр соңында теңіздегі тюленьдерге қажет азық-түліктік базаның өзгеруі жағдайды кәдімгідей қиындатып жіберді.

Енді әңгімені осылардың алғашқысы – итбалықтарды аулаған кәсіпшіліктердің залалы мен зардабынан бастайық. Ондай артельдік шаруашылықтар Каспий су айдыны аумағында түу сонау 1867 жылдан бастап жұмыс істеген. «Не үшін?» – дейсіздер ғой. Терісі киімге, майы сабын өндіруге қажет шикізат сол кезден күні кешеге дейін өте өтімді тауар болған. Әзербайжан Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі Саид Гусеинов тюлень аулау ХІХ ғасырдың соңындағы әр жыл сайын 30-40 мың бас көлемінде болса, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұл цифрдың 110 мыңға дейін жеткенін, содан кейінгі кезеңде 50-40 мыңға түсіп, бертінде 20-15 мың деңгейімен шектелгенін айтады. Ал бізде ше?

Бұл сұраққа жауапты жазушы Сәбит Мұқановтың 1954 жылы жарық көрген «Саяхаттар» кітабынан табамыз. 1947 жылы Сәбең өзін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынған сайлаушылармен кездесу үшін Гурьев облысына барады. Сонда Форт-Шевченко қаласындағы балық тресінің директоры Кривохижин деген адаммен кездеседі. Сөзден сөз туып отырып тақырып трестегі әр жылдары ауланған балық көлеміне келіп тіреледі. Оған жауап берген директор теңіздің бұл мүйісінде сазан, қортпа, шабақ қана емес, тюлень кәсіпшілігі де бар екенін айтып, нақты мәліметтер келтіреді. Сондағы цифрларға қарағанда, 1934 жылы мұндағы шаруашылықтар 118 мың итбалық аулаған. Содан кейінгі әр жылда жоспар орындау 50 мыңнан төмен түспей келіп, 1946 жылы кездейсоқ көтеріледі. Колхозшылар орталыққа 85 мың итбалық жөнелткен.

Құжаттарға қарап отырсақ, мемлекет тарапынан берілетін жоспарлы түрдегі тюлень аулау тапсырмасы 1960-1980-жылдар аралығында бәсеңдей бастапты. Бұған сол кездегі РСФСР, Әзербайжан және Қазақстан ғалымдарының дабылы, итбалықтан алынатын май мен теріге балама шикізаттардың табылуы әсер еткен тәрізді. Ал 1990-жылдары… Одақтың ыдырауы, соған байланысты түрлі мекемелер арасындағы байланыстардың үзілуі тюлень аулау кәсіпшілігінің қажетсіз екенін көрсетті. Содан бастап мұнымен шұғылданатын мекемелер тарап, олардың шхуна, баржа, қайықтары Форт-Шевченко айлағында еш әрекетсіз тұрды да қойды. Шіріп, тот басқан соң металл қалдығына өткізілді. Сөйтіп, тюлень аулау тоқтатылды.

Жоғарыда біз итбалықтардың өсіп-өнуіне зиянын тигізіп жатқан теңіздің ластануы деген пікір айтқан едік. Енді соған келер болсақ, мәселе былай. Каспий суы ауыр металдардан құралатын улы химикаттардың әсерінен, сондай-ақ, су құрамына жат элементтер түрлерінен бүлінуде. Ал ол қайдан келеді? Бұған антропогенді және табиғи деп аталатын екі фактор әсер ететінін айтады 2013 жылы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты шығарған «Каспий аймағы: көкейкесті проблемалар» атты жинақта. Мұның біріншісіне адамның тіршілікке қажет өндірістік-шаруашылық әрекеттері, мысалы, сөз еткен өңірден мұнай-газ өнімі сияқты минералдық байлықтарды алу кезіндегі теңіз суының бүлінуі жатады. Табиғи фактор деп аталатын екінші себепті біз теңіз деңгейінің шектен тыс көтеріліп келе жатқанынан іздестіреміз. Осының салдарынан Каспийдің Атырау мен Маңғыстау өңірлеріндегі жағалауға жақын жерлері су астында қалуда. Ал бұл деген кешегі мұнай өндірген ұңғыма-скважиналар, ондағы кенттердің шайынды сулар жинақталған тоспа-катакомбалары мен уранның ашық қалған карьерлері және ауыл төңірегі мен мал фермалары жанындағы төбе-төбе боп үйілген қоқыстар деген сөз. Осылардың бәрі теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалып, айдынды ластауда. Мұның салдары итбалықтардың иммунитетін әлсіретіп, олардың арасында жұқпалы аурулар таратуда. Оның дәлелі 1999 жылдан бері ұрғашы тюленьдердің бедеулікке ұшырауы және оқтын-оқтын қырылып қалуы.

Сөзіміз құрғақ, жалаң болмас үшін біз мынадай баяндау тәсіліне көшуді жөн көріп отырмыз. Ол – Каспий суы ластануының «күнәкары» – антропогенді және табиғи факторлар тізбесінің бәріне емес, басты-басты екеуіне бір-бірден мысал келтіру. Сонда әңгіме нақты болмақ. Олай болса, бірінші, теңізден алынатын мұнайдың сол өндірілген жер немесе суға әсер ететін «әттеген-айынан» бастайық. Бұл туралы осыдан біраз уақыт бұрын ғалым Жанұзақ Әкім тюленьдердің Маңғыстау жағалауларындағы кезекті қырылуына байланысты Қазақстан баспасөз клубы өткізген дөңгелек үстел басындағы пікіралысуда былай деген-тін. «Теңіздер мен аралдардағы мұнай өндіру кезінде апатты жағдайлар болып тұрады. Мәселен, «Энрон» компаниясы Аляскада 50 мың тонна мұнайды төгіп алды. Мексика шығанағында да сондай оқиға болды. «Бритиш петролеум» Антарктикада жағалауында ондаған мың тонна қара алтынын мұхитқа кетіріп қойды. «Озық технология» деп қанша мақтасақ та техниканың аты – техника. Ең таза дегеннің өзінде мұнайдың 0,1 пайызы сыртқа төгіліп отырады екен. Егер біз, мысалы, жылына Каспийден 100 миллион тонна өнім өндірсек, ешқандай апат болмаған күннің өзінде соның 10 мың тоннасы теңіз суына технологиялық қалдық боп жайылады деген сөз. Енді: «Ал сол, яғни, шартты түрдегі жоғарыда аталған 10 мың тоннаның экологияға қандай зияны болуы мүмкін?» – деген сұраққа келейік. Бір ғана мысал, ашық мұхитқа шығып жатқан Мексика шығанағында ондаған мың тонна мұнай төгілгенде, соның зардаптарын жоюға 10 жыл уақыт кеткен. Ал, Каспий тұйық теңіз екені белгілі. Екінші, Қазақстанның акваториясы мұнда өте таяз. Тереңдігі 2-15 метр аралығында. Басқасын былай қойып, жоғарыдағы екі жағдайды еске алғанда, теңіздегі тіршілік иелерінің қазіргі ахуалына осылардың өзі өте ауыр тиіп жатыр-ау деген ойға келесің».

Енді Каспийдің ластануына табиғи фактор тудыратын көңілсіз көріністерден бір мысал келтірейік. Ол – теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты қайраңда қалып қойған мұнай ұңғыма-скважиналары. Жасыратыны жоқ бұлар әбден пайдаланылып болған дегеннің өзінде оның әрқайсысында қалдық қара май және жинақталып қалған газ бар. Бұл – қатер. Қауіп. Неге десеңіз, мұндай ұңғыма-скважиналар баяу жарылатын миналар сияқты. Бір күні құбырлардың асығыс бекітілген тұсы тесіліп, мұнай мен газдың бұрқағы атқылауы мүмкін. Ал ол деген теңіздегі тіршілік иелерінің қырылуы, өз күнін өзі көріп жүрген балықтар мен тюленьдердің өмір сүруін тоқтатуы. Мұны біз емес, осы істің маманы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов айтып отыр. 2014 жылдың 23 сәуіріндегі тиісті ведомстволарға жолдаған хатында ол төмендегі жайларды ашына баяндайды. «…Оларды (мұнай телімдерін – авт.) құр­лықта бұрғылады. Алайда, теңіз деңгейі көтерілген 90-жылдары ұңғыма-скважиналардың бір бөлігі су астында қалды. 2004 жылы бұлардың қауіпті дегендерін жою бағдарламасына мемлекет 3 миллиард теңге бөлді. Бес жыл ішінде 47 ұңғыма жойылып үлгерілді. 2009 жылдан бастап жұмыстарды қаржыландыру тоқтатылды. Қазіргі кезде қанша ұңғыма-скважинаның бар екенін ешкім білмейді, өйткені, ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Әртүрлі дерек көздері Атырау облысының аумағында, теңіздің солтүстік бөлігінде цифрлар 1400-ден 2000-ға дейін өзгеріп тұратынын айтады. Қараусыз қалған ұңғымалардың мәселесі тек аталған облыста өткір болып тұрған жоқ. Бұл көршілес Маңғыстау өңірінде де мәз емес. Онда 229 ескі ұңғыма су астында қалған. Бұл мұнайлы аймақтың ортақ қасіреті. Мамандар 10 жылда металдың тот басатынын айтады. Сондай жағдайда бір кездері асығыс жауып кеткен ұңғымалардың құбырлары ерте ме, кеш пе тесілуі мүмкін. Әсіресе, тұздылығы жоғары су ортасында тұрғандары өте қауіпті. Сондай ұңғымалардан мұнайдың ағуы Оңтүстік – Батыс, Тәжіғали және Прибрежный кен орындарында болды. Оларды консервация жасау орасан күш-жігерді қажет етеді».

Міне, сол кездегі Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов шырылдағандай, Каспий суы ластануының көкесі қайда жатыр? Бұған анықтама беру артық қой деп ойлаймыз. Бізді толғандыратыны: «Осыдан 5 жыл бұрын ғана көтерілген сол мәселе алға жылжыды ма?» – деген сауал. Қаражат бөлініп, жұмыс қолға алынып жатса, оны қазіргі топан-сел ақпараттардың ішінен неге көрмейміз, қалай естімейміз? Мүмкін Үкімет бұл бағыттағы іс-шараны онша дабыра қылмай атқарып та жатқан шығар. Бірақ, бізге белгілісі, осы уақытқа дейін «баяу жарылатын үнсіз мина» – 2000 ұңғыма-скважинаның бәрін тастай ғып толық бекітіп үлгермегеніміз анық. Себебі, оның алдындағы, яғни, 2004-2009 жылдары бар болғаны 47 ұңғыма әрең жабылып, қауіпсіздендірілді ғой. Ал мына 2000 скважина…

…Жә, мақаламыздың басында біз Каспийдегі итбалықтардың мүшкіл жағдайына әсер ететін келеңсіздіктердің қатарына тюленьдер талғажу ететін қоректік заттардың азайып кетуін де қосқан едік. Енді сол жөніндегі ойымызды шиырып айтайық та әңгімемізді аяқтайық. Ол былай. Егер бұрын мұндағы итбалықтар негізінен осы судағы килькалардың алуан түрлерімен қоректеніп келсе, қазір көбіне-көп бұзаубас балықтарды талғажу ететін болды. Ал Каспий килькалары 2002 жылы теңіз түбіндегі сейсмикалық өзгеріске байланысты кездейсоқ шығып кеткен газдан қатты зардап шекті. Сөйтіп, олардың мөлшері бірден 40 пайызға кеміп кетті.  Бұл – бір. Екінші, кейбір шет мемлекеттер қазір біздің мұнайды танкерлер арқылы тасиды. Жерорта, Қара теңізден келетін олар Каспийдегі Ақтауға жеткенге дейін жүгі жоқ бос кеме аударылып кетпес үшін цистерналарына су толтырып алып келеді. Маңғыстау портынан мұнай алар тұста әлгі суды айлаққа төгеді. Ал онда Каспийде жоқ медуза қоңызы бар. Бұл жәндік уылдырық пен кильканың жауы. Осыдан келіп біздің тюленьдердің тамағы азаю үстіне, азаюда. Сол себепті, бүгінгі таңда итбалықтардың өздеріне қажетті мөлшердегі калорияны ұстап тұруы үшін бұрынғыға қарағанда, екі есе көп күш жұмсауына тура келіп отыр. Бұдан кейін олар азбағанда қайтсін! Міне, осындай антропогенді және табиғи факторлардың салдарынан Каспий теңізіндегі тюленьдер соңғы 16 жылда 5 рет қырылды. Бұлардың ішіндегі 2000 жылғы көрсеткіш адам шошырлық. Сондағы мамыр-маусым айларында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан жағалауларынан итбалықтардың 30 мыңнан астам өлі денесі табылды. Оның 10 мыңы Қазақстанға қатысты су айдынынан шыққан. Статистика содан кейін теңіздің біз жақтағы бөлігінен 2001 жылы 6 200-дей, ал 2007 жылы 1000-ға жуық тюленьнің өлгенін айтады. 2012 жылғы цифрда нақтылық жоқ. Оны мамандар дөп басып айта алмай отыр. Бұл жерде біз теңіздегі зардап шеккен басқа тіршілік иелерін ауызға алғымыз келмейді. Әңгіме тек тюленьдер туралы болып отыр. Осының бәрі демесек те дені Каспий суы ластануының қалыпты деңгейден бір жерде 1,5, екінші жерлерде 3,8 есе артып кеткендігінен туған келеңсіздік екені анық.

Теңіз айдынындағы итбалықтар… Олардың қазіргі жағдайы қандай? Енді осы сұраққа нақты жауап беруге тырысып көрелік.

«Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында зерттеушілер Каспийдің Қазақ шығанағындағы Кендірлі түбегінен тюленьдердің ірі жатағын тапқан еді – дейді республикамыздағы Гидробиология және экология институтының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Мірғали Баймұқанов. 2018 жылдың 18 қыркүйегінде «Курсив.кз» тілшісіне берген сұқбатында.  – Бірқатар жылдар бойы біз оны бақылауға алып, тюленьдердің тіршілігі мен өсіп-өнуі жөнінде едәуір мәліметтер жинастырдық. Бәріміз тізе қоса отырып, осы жатақты сақтап қаламыз деген үмітте болдық. 2009 жылы біз ол жерден 700-ге жуық тюлень санаған едік. 2016 жылы бар-жоғы 500-дейі, бір жылдан кейін бірнеше ондығы ғана қалғанын байқадық. Ал 2018 жылы бірде-бір тюленьді кездестіре алмадық. Біздің пікіріміз бойынша, бұл – өте қауіпті белгі. Жағдайды апатты деп айтуға болады. Мұндай көрініс жалғыз Кендірліде ғана емес, Каспийдің қазақстандық бөлігінің барлығына да ортақ деп білеміз».

Тюленьдер Кендірлі түбегін көктем мен күзде түлеу және жатақ үшін пайдаланған. Олардың санының бұл жерде күрт құлдырауын ғалымдар, ең алдымен браконьерліктің көбеюімен байланыстырады. Моторлы қайықтардың шуы, құрылған аулар, мылтықтың үні мен арал жағалауының бекіре тұқымдас балықтарды соятын орынға айналуы тюленьдерді өздерінің тұрақты жатақтарын тастап кетуге әкелуі әбден мүмкін. Ал олардың басқа аралдардан кету себептері туралы ғалымдар әртүрлі болжамдар айтады.

«2011 жылы Дурнев аралында 30 мыңға жуық Каспий тюлені шоғырланды. Бірақ бес жыл өткеннен кейін олардың саны едәуір азайып кетті. Біз мұны теңіз деңгейі суының төмендеуімен байланыстырған едік. Осы жағдайға орай өздері үшін өте қолайлы аралға жету қиындығы туындаған болар деп есептегенбіз. Өйткені мұндай аралдардың жатақ ретіндегі маңызы осындай өзгерістерге байланысты жойылатыны бар. Ал былтырғы жылы біз ол жерден бірде-бір тюленьді кездестіре алмадық, тіпті іздері де қалмаған», – дейді сөзін жалғаған ғалым.

Мамандар тюленьдердің азаю себептерінің ішінде мұзжарғыш кемелер әсеріне ерекше алаңдаулы. Солтүстік Каспийдегі аңдардың өсіп-өнуі кезінде корабльдер олардың мұз үстіндегі балалайтын жатақтары қасынан өтеді.

«Теңіздің бұл бөлігінде мұзжарғыш кемелердің тюленьдер үйірімен соқтығысқанын дәлелдейтін ғылыми жұмыстар бар. Мұның өзі итбалықтардың тікелей өліміне, сондай-ақ күшіктердің анасынан айырылуына немесе көз жазып қалуына әкеледі», – дейді әңгіме иесі.

2015 жылы Гидробиология және экология институты Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Каспийдің қазақстандық секторындағы тюленьдер жатақтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Теңіз бетінде тюленьдер үшін оңаша және қауіпсіз орындар барған сайын азайып келеді. Тіпті мұндай орындар таяудағы уақыттың өзінде құрып бітуі мүмкін деген ой түюге болады.

«Келесі зерттеуді біз үстіміздегі, яғни, 2019 жылдың көктемі мен күзінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ үлкен бір проблема, бізді қаржыландыру, өкінішке қарай, айтарлықтай қысқарды. Қазір қосымша көздерді іздестірудеміз. Каспий тюлені, шынымен де өте азайып кетті ме, әлде олар басқадай бір жаңа аралға көшті ме, мұны неғұрлым ертерек анықтап, нақты жауабын беруіміз керек», – деді сөзінің соңында Гидробиология және экология институтының директоры Мірғали Баймұқанов.

Каспий тюлені… Ол экономикалық жағынан соншалықты пайдалы демесек те, түр ретінде бағалы аң ғой. Орталық Азияда жоқ, Қазақстанның батысында ғана бар, өзіндік ерекшелікке ие тіршілік иесі. Ол сонысымен құнды. Бүгінде осы бейкүнә, момын жануар қамқорлыққа зәру.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Сәкен Ділдахмет


0

Кішкене айнаның ерлігі

$
0
0

Оңтүстік Америкада тіршілік ететін шыны көбелектерді «кішкентай айналар» деп атайды. Espejitos-тің түссіз қанаттары (өйткені түсті қабыршақтары жоқ), бір жағынан, камуфляж қызметін атқарса, екінші жағынан, эстетикалық сән береді. Бірақ бұл көрініске алданбаңыз: Олардың кейбірі өз салмағынан 40 есе ауыр жүкті көтере алады.

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Майкл мен Патрисия Фогден, Minden Pictures


0

Аспан ұшқырлары

$
0
0

Балапандарын қарауылдап, Моңғол жазығына көз тастап тұрған аналық ителгі. Шыңғыс ханның жүздеген құсы бар болған деседі. Бүгінде тіршілік мекенінің тарылуы мен заңсыз сауданың кесірінен ителгілерге жойылу қауіпі төніп тұр.

Саятшылық – адамзат тарихы мен мәдениетіндегі бірегей өнер. БАӘ осы аңға салар қыран тектілерді бағып-баптау ісін өзгелерге үлгі болатындай етіп атқарып отыр. Ал шейх пен оның құсбегісі осы құстарды бағып-баптау ісін өзгелерге үлгі болатындай етіп атқарып отыр.

Бутти ибн Мақтұм ибн Жұма Әл Мақтұм шейх пен оның ұлы намазға жығылып жатқанда рауандап атқан таңның көгілдір сәулесі Араб шөлінің көкжиегінен көріне бастайды. Жақын маңда, шағын діңгектердің 12 сұлбасы құм төбенің етегін айқындап тұр, ал дөңнің үстінде ер адам шәй демдеу үшін жазылмалы үстелге дастархан жаюда. Сонау алыстан Дубайдың жалт-жұлт еткен сәулетті келбеті көзге ұрады. Қиырдағы шағын елді-мекенді қазіргі шейхтың атасы Шейх Рашид ибн Саид Әл Мақтұм гипер заманауи портты қалаға айналдырған.

Дубай корольдік отбасының жоғары шенді мүшесі – Бутти шейхі өзінің ең жақсы көретін сұңқарларымен бірге. Құстарды өзі көбейтіп, өсіруді жөн көретін шейх Таяу Шығыстағы құсбегілікке маңызды өзгерістер енгізуге ықпал етті.

Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) құсбегілері үшін қазан айы құстарын аңшылық пен алдағы жарыс маусымына дайындауға мүмкіндік береді. Күн сайын шейх Бутти, ұлы Мақтум және олардың атқосшыларымен бірге таңғы сағат төртте тұрып, күн шыққанға дейін құстарын жаттықтыру үшін бір сағаттан астам уақыт шөлге қарай жол тартады.

Таң алакеуімде, сол күнгі жаттығуларын үнсіз күтіп отырған, томаға киген 12 сұңқарды көрдім. Мұнда, қоңыр мен ақшыл лашындар, ақ шұбар ақсұңқарлар, қарақоңыр қарасұңқарлар мен олардың будандастырылған әр түрі бар. Бұл топ Еуропа, Азия мен Арктика шөлдерінен әкелінген. Олар, бұрын-соңды жинақталған сұңқарлардың ең таңдаулы топтамасын құрайтын шейхтың иелігіндегі жүздеген құстардың тек бірнеше түрі ғана.

Көмекшілердің бірі Пани бір саптаяқ шәйді маған ұстатып, алғашқы жаттығуды жасауға асықты. «Қайырлы таң, Хоуард», – деп шейх менің қасымда тұрған сұңғақ бойлы, тақырбас, көзілдірікті ер адаммен амандасты. 57 жастағы Хоуард Валер шейхтың құсбегісі, досы әрі сенімді серігі. Шейхтың көңілі көтеріңкі болғандықтан ба екеуі бірден сұңқар туралы қызу әңгімеге кірісіп кетті.

Ашық қаумалдардан басқа шейхтің өз ұлдары мен жұмысшылары бірнеше жүз құсты – ақсұңқар, лашын, ителгі мен т.б. түрлерін күтіп-баптайтын тағы бір ғимараты бар. Күзде олар үздіктерін аңшылық маусымына жаттықтырады.

Олардың әңгімесі алдында тізілген және тағы бірнеше қаумалдағы сұңқардың түрлері, бөдене мен көгершіндерінің диеталарының артықшылығы, бұлшықеттерін толтырудың әдіс-тәсілі, құстарының аспергиллез бен аяқ қышымасы секілді ауруларды емдеу жолдары қақында болды. Олар сондай-ақ Дубай құсбегілерінің кейінгі уақыттарда сатып алған құстары туралы және көршілес Сауд Арабиясы, Катар мен Бахрейн елдеріндегі құсбегі қауымдастығындағы соңғы жаңалықтар жайында сөз етті. Олар бір-бірінің жауабын алмастан түсініксіз шартты белгілерді қолдана сөйлеседі. «Мына сұрдың әкесімен екі жыл бұрын аңға шыққанбыз. Бұл біз байлап қойған, құйрығындағы қауырсыны сынған ақсұңқар» деген әңгімелерін бөтен адам түсіне қоймайтыны анық.

Олар жақсы көретін құстарын айтты: Делуа, Ақ саусақ, Қарт Бедфорд пен әрине, өліп қалған қадірлі Хашим де әңгімеден тыс қалған жоқ. Олар қанаттыларын шағылыстыру нәтижесінде пайда болған жаңа түрлері мен олардың дара қасиеттері, таңғалдырар түстері мен генетикалық ерекшеліктерін тілге тиек етті. Олардың арасында ақ құстың орны ерекше. Ол туралы сөз болғанда дауыстары толқып, екеуі де мұндай кербез бір жасар қардай аппақ сұңқар құсты өмірінде еш көрмегенін мойындайды.

Шейх фотограф Брент Стиртон екеумізге құстарды жаттықтыру барысын бақылауға ізетпен рұқсат бергелі екі аптаға жуық уақыт бойы күнделікті таң атқанға дейінгі тірлік осы. Күн сәулесі көкжиектен қылаң бермей жатып екі құсбегі қараңғы шөл далада кетіп бара жатады.

Үнді көркем суретінде сұлтан ханым Чанд Бибі тырнаны жыртқыш құспен аулағаны бейнеленген. Ресей патшайымдары мен Ағылшын Королеваларынан бастап, Бавария герцогиняларына дейін ақсүйек әйелдердің саятшылық құрғаны тарих қойнауынан белгілі.

Соңғы жиырма жылда шейх Бутти мен Хоуард араб құсбегілігінде маңызды өзгерістер енгізуге ықпал еткендей болды. Ең алдымен, олар әрбір құстың түрін көбейтіп, қолдан өсіруді қолға ала бастаған. 1942 жылы неміс көшбасшыларының бірі Херман Горингтің құсбегісі Ренз Уаллер (Хоуардпен байланысы жоқ) тұңғыш рет тордағы лашынды шағылыстырғанға дейін бұл мүмкін емес деп есептеліп келді. Кейбір аң-құс түрлерін заңсыз саудалау мен олардың мекендеу аймақтарының тарылу қаупімен бетпе-бет келген Хоуард пен шейх Бутти осы тәжірибені бастап, сұңқарды сақтап қалуды қолға алды.

Көкжиектен күн толықтай көтеріліп, сары түсті допқа айналғанда арадағы әңгіме кілт тоқталды да байыпты жаттығу басталып кетті. Мақтум – 27 жаста, қолына ауыр биялай киіп, томаға киген сұңқарлардың бірі, тұғырда отырған балапан лашын құсты еппен қолына алып, жол талғамайтын Toyota көлігіне отырып алды да, бірден бірнеше жүз метрге алыстап кетті. Шейх Буттидің қолында қармаққа ұқсас бір ұшы түйілген, екінші ұшы бөдененің қанатына байланған жіп бар. Ол, тербелген қанаттармен бірге иінді қапсыра, жіпті құлаштап сермей бастады.

Мақтум алыстаған соң, сұңқардың тері томағасын сыпырып алып, оны босатты. Құс үлкен қуатты қанаттарын қағып, ашық аспанға ұша жөнелді. Жемтігін бірден байқаған ол, нысанаға қарай ұшты, оның басы қағылған қанаттардың иініне ілесіп барады. Шейх Бутти оған «һаһ» деп белгі берді. Сұңқар көкке тік көтеріле, жемтігіне қарай шүйлікті, алайда соңғы сәтте шейх қанатты әріге лақтырып жіберіп: «һаһ», – деп тағы белгі берді. Жемтігінің орны ауысқаннан кейін сұңқар де ебедейсіз теңселіп кетті. Ол төбемізден ұшып барады, оның көкке самғаған қанаттарының сусылы құлағыма жетіп тұр. Адамнан сегіз есе өткір сұңқар көздері – жемтігін лазер көздеуіштей нысанаға алады. Ол көкке шаншылып барып, жерге асқан жылдамдықпен жақындап келген сәтте шейх тағы да жемтікті басқа бағытқа лақтырады.

Ақырында, үшінші рет Шейх Бутти құсқа қанатты ұстатқызып, оны құмға батыра, бүре түсуіне рұқсат берді. Пани жемтікті жедел бөдененің төстік етімен ауыстыра қойды, сұңқар балғын етті арши бастады. Шейх құсқа берілетін тамақтың мөлшеріне қатысты нақты нұсқаулар берді. Тым көп болса лашын май жинап, баяулайды; тым аз болса бұлшық еті толмайды.

«Бұл жас аталық құс, – дейді Хоуард, – ол әлі үйренуі қажет. Қазір оның қапа болуына жол бермеу маңызды. Ол үмітін үзбей тұрып жемтігін ұстауға мүмкіндік бересіз».

Хоуард Валер арнайы баскиім киіп аталық ақсұңқардан ұрық алу үшін аналығының шиқылдаған дауысын салды. Сұңқарды балапан кезінен өсіретін Валер бұл процесті басып шығару деп атайды. «Басында олар маған ата-анасындай қарайды, – деді ұрықты анаға енгізу үшін қысқышты қолына алған Хоуард, – ал жетілгеннен кейін, олар мені жақыны көреді».

Шейх пен оның ұлы әрбір сұңқарды өз мүмкіндігіне қарай жаттықтырып отырады. Жас аталықтар біршама жасы үлкен құстармен салыстырғанда ебедейсіз көрінеді. Мақтум оларды шөлдің ішіне қарай алып кетті, бірнешеуін бір шақырымдай жерге алып барды да еркіне қоя берді. Олар көкке жеңіл көтерілгені соншалық, тіпті тартылыс күшін сезінбейтін секілді. Олардың ұшу бағыты анағұрлым тиімді әрі шапшаң, қанаттарын кеңге жая, екі аяғын ауада бүріп, шыр айналған жемтігінің әр қимылын назардан тыс қалдыр­мауға тырысады. Жойғыш-ұшқыштар секілді, олардың артында шығып келе жатқан күнмен бірге әртүрлі әдістер «жемтіктің» көзін шағылыстырып ештеңе көрсетпеу үшін қолданылады. Өзгелері жер бауырлай ұшып, соңғы жедел әрекет жасамас бұрын, жемтіктің жан-жағын барлауына мүмкіндік бермеу үшін тоқтап тұрған Toyota көлігінің артынан жақындайды.

Делуа дейтін сұр ителгі, тіпті Брентті қорған ретінде пайдаланды. Сұңқар жемтікті соққылап жатқанда қанаттарының ұшы Шейхтың шашына тиіп кете берді. Ал құмға тізерлей отырған Брент шейхты суретке түсіріп жатты.

Бұл мұндай сұңқарлардың неге аса қатыгез болатынының қарапайым мысалы.  Табиғи жағдайда (еркіндікте) ителгі сағатына 95 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Ал, шүйіле ұшқан лашын құс жылдамдығын сағатына 385 шақырымнан асыра алады, ал мұндай жылдамдық оны әлемдегі ең ұшқыр жаратылыс иесі етеді. Мұндай жылдамдықпен, салмағы болмашы ғана құстардың өзі жойқын соққы бере алады. «Қауырсыны найзағайдай», – дейді Хоуард.

Адамдардың қай кезден бастап өздері жебемен өлтіріп не қақпан құрып ұстай алмайтын аңға салу үшін құстарды қолға үйрете бастағаны туралы тарихшылардың қолында нақты дерек жоқ. «Гильгамеш жайлы эпос» ежелгі жырындағы жолдардан қазіргі Ирак аумағында 4000 жыл бұрынғы саятшылық туралы деректерді көруге болады. Содан бері сұңқарларды қолға үйрету мен оларды жаттықтыру бүкіл әлем елдерінің мәдениетіне тарап кетті. Тутанхамон сұңқар бейнелі тұмармен жерленсе, гректер сұңқар ұстаған Зевс бейнеленген монета соққан. Байырғы жапон құсбегілерінің бірі, әлдебір әйел адам осы мәселе жөнінде трактат жазған деседі. Норвег көпестері Исландиядан әкелген ақсұңқарларды бүкіл Еуропаға сатқан.

Марко Поло ХІІІ ғасырда Құбылай Ханмен кездескен уақытта Моңғол билеушісінің 10 000 құсбегіні бақылау үшін, 60 басқарушы ұстағаны белгілі. Осы кезеңде, Еуропада, Қасиетті Рим Империясында, ІІ Король Фредерик 30 жыл бойы құсбегілік туралы ғылыми мәліметтер жинаған. Қазірдің өзінде бұл жұмыс спорт техникасы мен тарихына арналған ең беделді еңбектердің қатарына жатқызылады.

Жыл сайын тоқ сымдары Моңғолияда 4000 жыртқыш аң-құс­тың түбіне жетеді. Бұл ресми орындардың жинаған ителгілердің өлекселері. БАӘ осындай электр желілерін жаңартумен қоса, жыртқыш құстарды қорғау мақсатында 20 миллион АҚШ долларын бөлуді өз мойнына алған бірден-бір мемлекет.

Алайда бірде бір аймақ бүгінде әлемдегі құсбегілердің жартысынан астамы өмір сүретін, Арабия секілді озық тәжірибелерімен мақтана алмайды. Құсбегілік (сұңқар ұстау) (қаршыға, бүркіт пен өзге де жыртқыш құстарды қоса алғанда) Еуропада көбіне спорт түрінің бірі болған уақытта, ол Араб шөлінде тіршілік етудің маңызды құралы болған.

Бедуиндер қыстау үшін ұшып келетін сұңқарларды ұстап алып, оларды жорға дуадақ пен шөл қоянын аулауға баулиды. Оқ-дәрімен атылатын қарулар пайда болған уақытқа дейін құстар бедуиндердің отбасын асырап, еттің әрбір кішкентай бөлігінің шешуші рөлі бар табиғаты қатаң шөл далада азық тауып жеу мүмкіндіктерін анағұрлым ұлғайтты. Құсбегілік Ислам діні жер жүзіне тараған уақыттан бері Араб мәдениеті үшін аса маңызды, өйткені Мұхаммед Пайғамбар Құранда сұңқар ұстаған аң мұсылмандар үшін халал тамақ екенін жария еткен.

Алайда ХХ ғасырда Дубай мен өзге әмірліктердің жедел дамуы елдегі құсбегілік өнерін жойып жіберуге шақ қалған. Адамдар жорға дуадақтың табиғи ортасын күшпен басып алғандықтан, олар күрт азайып, нәтижесінде ірі құстарды аулауға тыйым салынды. Тек дәулетті адамдардың ғана сұңқар ұстауға әрі жорға дуадақ аулау үшін Орталық Азия мен Солтүстік Африканы аралауға мүмкіндігі болды.

Кейін, 2000 жылдардың басында мұрагер ханзада Хамдан ибн Мұхамед ибн Рашид Әл Мақтум қарапайым Әмірлік тұрғыны үшін құсбегілікті қолжетімді ету мақсатында сұңқар жарысы дәстүрін енгізді. Құстар белгілі бір қашықтықта жемтіктің соңына түсетіндіктен уақыт есептеледі. Желтоқсанның басынан қаңтардың соңына дейін жалғасатын аралықта Президент Кубогы өтеді, онда 7 миллион долларға жуық ақшалай сыйлық үшін 2000-нан астам сұңқар сайысқа түседі.

Бұл сайыс бүкіл Дубайға ықпал етті, мұнда сұңқар ұстаушылар саны күрт ұлғайды. Қаладағы кеңселер мен мейманхана вестюбильдерінен құс қонақтайтын бағандарды жиі көруге болады. Құсбегілер ауырған құстарын сұңқар ауруханаларына апарып, олардың қажеттіліктерін осы спортқа арналған сауда үйлерінен сатып алады.

XIX ғасыр. Ат үстінде сұңқарларын ұстап тұрған бедуин. Мыңдаған жылдар бойы сұңқарлар Азиядан Африкаға қыстау­­ға барар жолда Араб түбегі арқылы көшетіндіктен көшпелі бедуиндердің қолына түсетін. Көшпенділер оларды маусым кезінде аңға салу үшін жаттықтырып, кейін оларды еркіндікке жіберетін.

Бір күні түсте, Хоуард екеуміз сұңқарға арналған алып дүкенге кірдік. Шынтағына дейін киген биялайына томаға тағылған құстарын отырғызған клиенттер тобы сатушылар ұсынған сұңқар тамағы мен (қатырылған көгершін мен шіл еті) дәрумендерінен бастап, жоғалып кеткен құстарды бақылап отыратын кішкентай трансмиттерлер, Испания мен Мороккодан әкелінген қолмен боялған тері томағаларға дейінгі түрлі тауарларды мұқият қарауда. Мұнда, тіпті жас сұңқарларды титтей құстың соңына түсуге үйрету үшін жорға дуадақ секілді көрінетіндей етіп боялған радиомен басқарылатын ұшақ үлгілерін сататын арнайы дүкен де бар.

Сауда үйіндегі емхана жанынан мен қолына лашын құсын ұстаған арабтардың ұлттық киімі – ақ дишдаша киген ер адамды кездес­тірдім, оның артынан екі ұлы еріп жүр еді. «Бұл сұңқар ауырып қалды ма?», – деп сұрадым. «Жоқ, оны тексертуге әкелдік», – деді әлгі кісі. «Ол жарысқа барады», – деді баланың үлкені. «Ол жеңуге барады», – деп інісі қосып қойды. Ер адам мақтана күлімсіреді.

Хоуард екеуміз моллдың тірі сұңқарлар сатылатын бөліміне бардық, Хоуард қонақтап отырған құстарды барлай қарап, бақандардың арасында баяу қозғалады. Мұнда негізінен Саудия құсбегілері жақсы көретін лашын, ителгі мен бірнеше кішкентай жолақты күйкентай – белгі беруші құстар бар. Ол иелерінен құстардың қайдан әкелінгенін сұрай келе әрбір сатушы құсты әкелген елді білдіретін ресми мөрі бар құжатты көрсетті.

Хоуард мақұлдай басын изеді. «Әлдеқайда жақсы екен», – дейді ол. Ол сұңқарлардың төсіндегі қауырсынын шертіп көріп, олардың аяқтарын тексерді. «Бұл құстардың денсаулығы мықты секілді, тым ашушаң да емес. Мен Сирия арқылы Пәкістан мен Ресейден контрабандалық жолмен әкелінген жағдайы нашар көп құсты көргем, –  деді ол, – алайда үкімет оған қатаң шаралар қолданды. Қазір БАӘ-де әкелінген немесе әкетілетін әрбір құстың жеке төлқұжаты бар».

БАӘ үкіметінің шараларына қарамастан, лашынның заңсыз саудасы әлемнің көптеген елдерінде шешілмеген мәселе болып қалып отыр. Қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының баяндауынша, ителгі мен лашын сұңқарлары Пәкістан арқылы миграциялаған кезінде қақпанға түсіріліп, Таяу Шығыстың бай-бағландарына заңсыз сатылады. Ресейдің Арктика аумағынан да ақсұңқарлар браконьерлік жолмен әкелінеді. Бұл түрлердің арасында тек ителгіге қазіргі уақытта жойылу қауіпі төніп тұрғанымен ақсұңқарлардың да жабайы табиғат аймақтарында саны азайып бара жатқан сыңайлы. Табиғат қорғаушылары, әсіресе Арктика аймағындағы заңсыз сауда мен климаттың өзгеруіне байланысты сұңқарлардың мекен ету аймағының тарылуы құстардың ұзақ мерзімді келешектегі тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдауда.

«Абу Даби Сұңқар госпиталі» – әлемдегі ең үлкен құс емханасы. Жылына мұнда 11 000 пациент емделеді. Құсбегілер мұнда құстарының сынған қанатын ғана емдеп қоймай, оны толық тексерістен өткізе алады.

«Осы мәселелер, – дейді Хоуард, – шейх Буттидің сұңқарларды өсіруді қолға алуының негізгі себебі. Жақында ол Шотландияда да осы бастаманы қолға алды. «Оны барып көруге тиіссің», – дейді ол. Хоуард өте асығыс, өйткені тамақтану уақыты келді және оны 200-ге тарта қарны аш сұңқар күтуде. Бұл мамыр айының соңы еді. Көбею маусымы аяқталуға таяған осы шақта біз Шотландия жағалауындағы тастақ әрі шалғынды жоталары арасында орналасқан шейх Буттидің сұңқар фермасына жол тарттық. Тар жолмен жүріп келе жатып, Хоуард родезиялық бір бала деп, өзі туралы әңгімесін бастады. Әлгі бала құстар туралы қолына түскен әрбір кітапты асқан қызығушылықпен оқып шығып, кейін Оңтүстік Африкаға қоныс аударады да жараланған не жетімсіреген лашын, қара қыран, жерорта теңізі сұңқарларын, африкалық тұрым мен кішкентай жыртқыш торғай («кішкентай әнші, аңшы құстар»), тіпті жапалақты да (бағып-қаққан құстардың ішіндегі «ең ақымағы») асырап ала бастайды да уақыт өте келе нағыз құсбегіге айналғанын айтты.

1998 жылы Дубайға жасаған саяхат барысында досы оны шейх Буттимен таныстырады, ол Хоуардтың БАӘ-де сұңқарларды өсіріп, жаттықтыруға болады деген ойын естіп қатты қызығады. «Мен әңгімелескен ветеринарлардың барлығы да шөл далада сұңқарды өсіріп, мұнда аң аулауға үйрету (торда көбейген құстарды) мүмкін емес деп айтты», – дейді Хоуард. БАӘ-де бірнеше өзге құсбегілер де құстарын қолдан көбейтуге тырысқанымен нәтижесі көңіл көншітерліктей болмаған. Шейх пен Хоуард сарапшылардың қателігін дәлелдеуге кірісті. Олар алғашқы көбею маусымында 20-дан астам ителгінің жұмыртқасын басып шығарып, 15 балапан алады. Келесі жылы олар бұл көрсеткішті екі еселейді.

Олардың жетістігі туралы әңгіме тарағаннан кейін, жергілікті құсбегілер оларға үйретуге көнбейтін сұңқар не аяқ қышымасы секілді сырқаты барларды (аяққа түсетін өлімшіл инфекция) болмаса ұшатын қауырсындары қалпына келместей бүлінген қатардан шығарылған құстарын әкеле бастайды. Хоуард әрбір құс үшін күресуді жалғастыра берді. Ол әрқайсысының жеке қасиеттерін түсініп, сынған қанаттарын желімдеп, құстардың аяқ сырқатын сабырмен емдейді. Тегінге берілген осы сұңқарлардың бірқатары әккі аңшыға айналып, шейхтың көбейіп келе жатқан құстар қаумалына қосылды.

Бірнеше жыл бұрын, шейх пен Хоуард өздерінің бұл жұмысын Шотландиядағы екінші фермаларында кеңейтуге шешім қабылдады, ол жер лашындар мен ақсұңқарлардың табиғи климатына жақын және бұл маңайда генетикалық линияны алмастыруға болатын басқа асыл тұқымды сұңқар фермалары бар. Шейх жыл сайын аңға салып үйретіп әрі көбейту үшін бірнеше жаңа құс асырап алады, бірқатарын туыстарына не достарына тарту етеді, қалғандарын өзге құсбегілерге сатады.

Шөл далада шеберлігін шыңдағаннан кейін сұңқарлар қалаға – үйіне қайтады. Жарықтағы білінер-білінбес өзгеріс өткір көзді құстарды шошытуы мүмкін. Оларды тыныш ұстау үшін, ежелгі арабтар томағалау әдісін ойлап тапқан.

Біз Хоуардтың үйіне жеткенде, күн алыс көкжиекте Солтүстік Теңіздің көрінісімен бірге көкке көтеріліп келе жатыр еді. Күтіп отыр­ған аш сұңқарлардың шаңқылдаған дауыстары жаңғырып жатты. Біз үйдің артындағы ғимараттардың шағын кешеніне қарай бет алып, іші шіл мен кептерге толтырылған жеке мұздатқышы бар бір ғимаратқа ендік. Хоуард бір шелекті толтыра төстік жинады, содан кейін біз лашын мен ақсұңқарды шағылыстыруға арналған оншақты бөлмеге кірдік, әрқайсысында екі немесе үштен балапан бар. Хоуард етті шағын сөреге қойған бетте айнала ұшып жүрген аталық құстардың, етті іліп алған бойда аналықтарына бергеніне куә болдық. Жұп құс одан кейін шиқылдаған балапандарын қоректендірді.

Хоуард – аталықтың ұрығын алып, жасанды түрде аналыққа салу арқылы лашын мен ақсұңқар гибридін өсіруде. «Ақсұңқар өте зерек құс, лашынға қарағанда ол анағұрлым ақылды, – дейді ол, – олардың арасында темпераменттілері көп, алайда оны лашындармен шағылыстырған кезде, сіз үлкен, мықты аңшы құс аласыз, оны қолға үйрету жеңіл әрі оның ауруға қарсы тұру қабілеті жоғары».

Абу Даби маңындағы база. Шейх Буттидің ұлы Рашид тұғырға сұңқарын байлауда. Ғасырлар бойы араб құсбегілері жорға дуадақты аулап келді. Бұл – олар үшін қызықты саятшылық. Құсбегілер БАӘ-де тек қолда өсірілген жорға дуадақты қуалайды немесе оларды Өзбекстан мен Марокко секілді аймақтарда жабайы табиғатта аулай алады. БАӘ бұл құс түрін көбейту үшін ауқымды бағдарлама қабылдады.

Бөлмелердің бірінен мен сұр немесе қоңыр дақсыз, аппақ қар түстес ақсұңқарды байқадым. Бұл әлгінде айтылған асыл «Аппақ ақсұңқар» (White One) еді. Мыңдаған жылдар бойы тарихшылар түсі қардай осындай ақсұңқарлар туралы түрлі дерек қалдырған. Ұрланған ақсүйектер үшін төленетін ақы, халықаралық дипломатияның увертюрасы, түрлі корольдік арасындағы некенің өзі осы бір ғажап құстарсыз шешілмеген көрінеді. Крест жорығы кезінде Мысыр мен Сирияның сұлтаны Саладин Франция Королі Филипптің майдан шебі арқылы ұшып өткен аппақ ақсұңқарын қолға түсіреді. Қарсы тараптың құсты қайтару үшін ұсынған мыңдаған алтын дукат пен сансыз қаржысынан Саладиннің бас тартқаны туралы дерек бар.

Хоуард пен Шейх Буттиді қызықтыратын аппақтың сұлулығы ғана емес. Ол өзін ержүрек, қатыгез аңшы ретінде көрсетті. «Аппақ, – дейді Хоуард. – Бұл – арман құс».

Таяу Шығыста сіз аппақты жүз мыңдаған долларға қуана-қуана сатып алатын дәулетті құсбегіні емін еркін табасыз», – деп атап көрсетті ол. Алайда Шейх Бутти оны ешқашан сатпайды. Хоуард екеуі үшін де аппақтың орны бөлек. Ол енді келмеске кеткен, яғни 1990 жылдардың аяғында оған әкелінген асыл ақсұңқарлардың соңғы тұқымы. Хоуард – еркіндікте өскен сұңқарлардың тордағылардан мықты бола алмайтынының тірі дәлелі. Шейхтің торда өсірген сұңқарларымен бірнеше жыл бойы табысты аң аулауы корольдіктегі өзге құсбегілерді торда көбейген құстарды іздеуге итермеледі. Кейбіреулері өздерінің жеке көбейту бағдарламаларына қаражат құйды. «Бұл маңызды үрдістің белгісі, – деп қорытындылайды Хоуард, – осылайша жабайы сұңқарларды заңсыз ататын нарықты әлсіретуге болады».

Құсбегі Джон Прусич Сиэтл маңында ерекше кадр үшін модель қолына жыртқыш құс ұстатып жатыр. «Сұңқарлар кірпияз бола алады, – дейді ол, – алайда сіз олармен байланыс орната алсаңыз, оның толық табиғи әсемдігін, мінсіздігін көресіз».

Түптеп келгенде, Хоуард пен шейх торда көбейтілген ақсұңқарлардың саны азайып жатқаны байқалған Арктиканың кейбір аймақтарына, табиғи ортаға жіберуден үмітті. Бұл – іс жүзінде лашындарды сақтап қалған тәжірибе. 1970 жылдарға қарай АҚШ-да ДДТ пестицидін кеңінен қолдану салдарынан лашын құс түгелімен дерлік жойылып кетті. Орнитолог әрі құсбегі Том Кейт «Лашын» қорын құрып осы құс түрін сақтап қалу үшін бүкіл Солтүстік Америкадағы құсбегілерді жинады. Олардың күшімен торда өсірілген 6000 сұңқар босатылып, лашын құсының популяциясы қалыпты жағдайға келді. «Нәтижесінде біз өзіміз өсірген құстардың көпшілігін бостандыққа жібергіміз келеді», – дейді Хоуард.

Автор: Питер Гуин фото: Брент Стертн


0

Құпия бақшалар

$
0
0

Калифорнияның алтын дүрлікпесі кезіндегі кен алаңдар әлі де қазынаға бай. Мұнда адам көмегінсіз-ақ құрғақшылық, түрлі ауру мен зиянкес­терден 150 жылдан астам уақыт бойы аман қалып отырған сирек кездесетін гибридтік емес жеміс-жидектер мен жаңғақтар бар. «Адамзат болашақта осындай қатаң климат жағдайымен бетпе-бет келуі әбден мүмкін», – дейді Калифорния университетінің селекциялық орталық директоры Чарли Браммер.

Авторы: Марин Маккенна


0

Тілсіз жаумен арпалысқандар

$
0
0
Жаз сайын сайдың тасындай іріктелген орман өрт сөндірушілері Алясканың шалғай жерлеріне парашютпен түсіп, тілсіз жаумен күресте басын қауіпке тігеді.

Құрал-саймандар сөмкесіне камерасын орнатқан Мэтт Оклиф команданың ең соңынан сығырая жанған бореалды орман жанындағы қону алаңына секірмек. Өрт сөндірушілер сөмкелеріне 50 келіге дейін жүк тиеп, санаулы минуттар ішінде ұшаққа отырулары тиіс. Олардың миссиясы – өрт күш алмай тұрып, оны бақылауға алу.

Кешкі сағат 21:47-де дабыл қағылғанда күн әлі тас төбеде тұрған болатын. Бұл Аляска үшін қалыпты құбылыс.

Дабыл қоңырауы естілісімен тоғыз смоук­джампер киім ауыстыруға тұра жөнелді.

Радиобайланыстан «Бірінші топ, дайындал!» деген бұйрық айтылды. Итчи, Блумкер, Обрайан, Диберт, Сиуше, Коби, Суон мен Крамер есімді үздіктерден құралған топ селк ете қалды. Форт-Уэйнрайт базасында күні бойы орын таппай жүрген олар шалғай аймақтағы орман өртімен күресу үшін ұшақтан секірер өз кезектерін тағатсыздана күтіп жүрген еді.

Оларға киім ауыстырып, ұшаққа мінулері үшін бар болғаны екі минут қана берілді. Олар бірден тізеқап пен қалқандарын киіп, комбинезондарына сүңгіп, зілдей нейлон арқандарды асып алды. Комбинезон балағының кең қалтасының біреуінде құрылғыларды қуаттауға арналған күн батареясы мен су өткізбейтін плащ болса, екіншісінде энергетикалық тіскебасар мен 45 метрлік арқан, сондай-ақ ағаш басына ілініп қалған жағдайда арқанмен түсуге арналған құрылғы бар. Бұған артқы үлкен қалтадағы шатыр мен парашютке арналған су өткізбейтін дорбаны тағы қосыңыз.

2016 жылдың маусымы, Брукс Рейндж. 320-сыншы өртке шамасы жетпеген смоукджамперлердің бір жағына шығысқан Fire Boss («Әуе тракторы») ұшағы су шашып барады. Жалғыз моторлы ұшақ бірнеше минут сайын 3000 литр су толтырып, оны шашатын понтонмен жабдықталған.

Қалған смоукджамперлер, яғни арнайы өрт сөндіруші жасағының десантшылары оларды тез ортаға алып, негізгі және қосалқы парашютті киюге көмектеседі. Кейін әрбіреуі өзімен бетті бұталардан қорғайтын тор шлем, бір литр су, былғары қолғап, каска, белгі беруші ракета, пышақ, компас, радио мен өрттен қорғайтын арнайы алюминий қапшығы бар жеке құрал-сайман сөмкесін алады.

Екі-ақ минуттың ішінде әрқайсысы жалпы салмағы 50 келіге жуық құрал-сайман артып, ұшу жолағында тұруы тиіс. Сырттан қарағанда олардың қабат-қабат киініп алғаны көзге оғаш көрінгенімен, әр адамның артқаны ит тұмсығы батпайтын, шалғайдағы орман өртімен күресу үшін уақытпен сыналып, сұрыптаудан өткен дүниелер.

Өрт сөндірушілер орнына жайғасқан соң бортында паддондарға оралған өртке қарсы күрес жабдықтары (бірге тасталынады) бар ұшақ асыққандай гүрілдей жөнелді. Ұшақ әуеге көтерілген бойда диспетчер өрттің координаттарын хабарлауға кірісті. Жол ұзақтығы: 1 сағат 28 минут.

Қатты гүрілден әңгімелесу мүмкін емес болғандықтан әр адам тыныш қана белгі күтіп отырады. Қайда бара жатқанын білгенімен бірде-біреуі үйлеріне қашан оралатынынан хабарсыз. Орала алса, әрине. Өрттің аумағы мен соққан желдің қауіпі де белгісіз. Олар табиғаттың ең асау әрі болжап білуге келмейтін дүлей күшімен жекпе-жекке бара жатқанын ғана біледі.

Дерек Паттон мен Спенсер Робертсонның Аляскадағы Беттлс маңына түскен найзағайдан тұтанған 323-інші өрт бетін қайтарғаннан кейін дем алып жатқан сәті. Жыл сайын «Аляска смоукд­жампер жаттығуының» өзіне жүздеген үміткер ішінен он шақтысы ғана іріктеліп алынады. Үміткерлердің тұмса табиғатта өртпен күресу тәжірибесі болуы міндетті.

Бақылаушы Билл Креймер қолын көтеріп, «ілгекті тексеру» керектігін ыммен түсіндірді. Әр жігіт өзімен бірге секіретін серіктесінің құрал-жабдығын соңғы рет тағы тексеріп шықты.

Найзағай себеп болған өрттің қалың түтіні көзге іліккенде олар Брукс жотасының Оңтүстік аймағындағы Солтүстік полюс шеңбері үстімен ұшып бара жатқан еді. Крамер есікті ашып, сыртқа басын шығарды да жағдайды баяндады: «Өрт нөмірі 320, аумағы 6 гектар, 70%-ы белсенді, бұғы қыналы бұталар мен қара шырша жануда, батысқа қарай 2,4 шақырым жерде Иниакук көлінің батыс пен солтүстік жағалауында 11 нысан бар».

Ұшқыш 450 метр биіктікте айналшақтап жүр. Крамер секіру орнын анықтап, гофр­ленген үш қағаз лентаны лақтырады. Аспанда айнала ұшқан сары, көк пен қызыл-сары келген ашық түсті үш қиынды желдің бағыты мен жылдамдығын анықтау­­ға мүмкіндік береді.

«Есікке жақында», – деп айқайлады Крамер. Тізімді бастап тұрған Итчи атымен белгілі 49 жасар Джефф МакФетридж ұшақтан аяғын салбыратты. «Дайындал!» деп айқайлаған Крамер сәлден кейін арқасынан қағып, белгі берді. МакФетридж ұшақтан секіріп кетті. Үш смоукджампер соңынан ілесті. Екінші кезекте тұрған тағы төртеуі еш ойланбастан төмен қарай сүңгіді. Сәлден кейін олардың қызыл, ақ пен көк парашюттері өртке оранған орман үстінде қалықтап ұшып бара жатты.

Көктен түсіп келе жатқан сегіз жігіттің кәсібі 1937 жылдан бастау алады. Сол жылдың тамыз айында Йеллоустон ұлттық паркінің шығыс бетіндегі ағашқа найзағай түсіп, ол кішігірім өртке негіз болғанымен ақыр аяғында 15 өрт сөндірушінің өмірі мен 700 гектар жерді жалмаған қайғылы Қарасу өртіне ұласқан еді. АҚШ орман қызметінің тергеуі нәтижесінде шалғайда жатқан аудандардағы бұндай айтып келмес апаттардың алдын алу үшін кең таралмай тұрып көзін жою керек деген шешім қабылданды.

Орман қызметі 1930 жылы парашютпен түсетін шағын топтардың тиімділігін шалғай аудандарда сынақтан өткізе бастайды. 1940 жылдың 12 шілдесінде алғашқы арнайы жасақ Айдахо штатының Нез-Персе ұлттық орманындағы Мартен Крик өртінің ортасына түсіп, қауіптің бетін сейілтеді. Кейінгі ондаған жылдарда орман қызметі төменгі 48 штатта мұндай топтардың жеті базасын құрып, екі жер ресурсын пайдалану бюросын ашады. Оның бірі – Аляскада. Бүгінде шалғайдағы орман өртімен күресетін 450-дей смоукджампер бар.

Арнайы жасақтың сарбазы үйлердің жанынан шыққан өрт ошағының маңына қонуды көздейді. Бұл команда мүшесі Майк Микмилланның түсірген суреті. Оның айтуынша, аспанға көтерілген көк түтін тез таралатын өрт – гоблердің белгісі.

«Өртті аумағы ұлғаймай тұрып, қонақ бөлмесіндей ғана жерді алып жатқан кезде сөндіру қаражатты үнемдейді, орманды, тұмса табиғат пен мал-мүлікті сақтайтыны айтпаса да түсінікті, – дейді Ұлттық Смоукджампер Ассоциясының вице-президенті әрі бұл жасақтың бұрынғы сарбазы Чак Шалей. – Бұл заңдылық бүгінгі күні де өміршең».

Бұрынғы шалғай жатқан аудандарға даму жете бастағандықтан мұндай жасақтардың қызметін пайдалану қажеттілігіне күмән келтіретіндер бар. Ал өрттің 90 пайызы жол бо­­йынан бір шақырымнан аспайтын жерлерде болатындықтан оның ошағына көлікпен-ақ жетуге болады. Алайда Алясканың ішкі аудандарына, аумағы шамамен Колорадо, Вайоминг және Монтанамен тең аймақтардың басым көпшілігіне жету әлдеқайда қиын. Ұшақ болмаса болмайды. Шалғайдағы көптеген өрттер ауыздықталмаса да, адам өмірі мен мал-мүлікке қауіп төнсе, осы арнайы жасақ алғашқы боп көмекке аттанады.

Аляскадағы орман өртін сөндіруші жасағының қатарына қосылу үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 200 адам өтініш беріп, олардың шамамен оны ғана таңдап алынады. Үміткерлерге деген талап өте жоғары. Олардың жабайы табиғатта 5 пен 10 жылға дейінгі еңбек өтілі болуы тиіс, олар кемінде 60 рет отырып-тұрып, 35 рет кеудені жерден көтеріп, 10 pет тартыла алуы шарт. Сондай-ақ, жүксіз олар 9 минут 30 секунд ішінде шамамен 2,5 шақырымды немесе 22 минут 30 секунд­­қа жетпейтін уақытта 5 шақырым жерді, ал арқасына артылған 50 келілік жүгімен олар 5 шақырымды 55 минутта жүгіріп өтуге қауқарлы болуы тиіс. Жынысына қарамастан бұл арнайы жасақ мүшелері өз қызметін сақтап қалуы үшін осы сынақты жыл сайын тапсырып отырады.

«Біз стрестік жағдайда өз міндетін мүлтіксіз атқаратын адамдарды ғана таңдап аламыз, – дейді экс-жаттықтырушы Роберт Иегер, – кез келген жағдайда олардың жүйкесі сыр бермеуі керек. Бойындағы адреналинін қадағалап, өмір мен өлім арасында қалған жағдайда жылдам шешім қабылдай алатындай қабілет тек үздіктерде болады».

Бес апталық оқыту курсына қатысқандар өртпен күресудің жай-жапсарын білгенімен парашютті жылдам әрі дәл реттеуді, жел мен жер, сондай-ақ парашюттің жағдайы мен қону аймағының ерекшеліктері секілді үнемі ауысып тұратын көптеген факторларды қаперге алуды олар біле бермейді. Жаңадан келгендер кем дегенде 20 рет ұшақтан секіріп көреді. Айтылған сын-­ескертпеге құлақ аспаса, қабылданғандардың өзі аластатылуы мүмкін. Әдетте, олардың 40 пайызы сынақтан өтпей қалады.

Ал сыннан сүрінбей өткендер элиталық қауымдастық құрамына кіреді. Олардың арасында Эверест тауының шыңына шыққан алғашқы америкалықтардың бірі Вилли Ансолд, Аполла 14 командалық модулінің ұшқышы Стюарт Руса, Вьетнамда қаза тауып, Құрмет медалін иеленген барлау офицері Кен Сислер мен 1981 жылы қатарға қосылған алғашқы әйел Диан Шоумэн бар.

Өрт сөндіру десантшылары 320-шы өрт ошағы деп тіркелген, жалыннан 50 метрге жетер-жетпес жерге араңдап қалмас үшін жамбастарына жантая қонды. Бірден парашюттерін жинап алып, поддондарға тиелген бензоара, күрек, шартылдақ, кетпен секілді өртке қарсы техникаларды түсіре бастады.

«Жел бағытын өзгертті, енді ол солтүстіктен емес, оңтүстіктен соғып жатыр», – деді оқиға орны командирі МакФетридж.

Оқиға командирі Тай Хамфри арнайы техниканы өрт маңына түсірген пилотпен байланысқа шықты. Экипаж мүшелері ағаш үстіне түскен парашютті жинап жатыр.

Әдетте жігіттерде жүкті жинап жататын уақыт жоқ. Олар бірден өртке аттанады. Жалын шырша ағаштарын шарпып өтіп, нәзік бұғы мүгін де құшағына ала бастаған. Орман іші түтіннен көрінбейді. Ұшында жуан резеңке қалағы бар шартылдақпен жігіттер өрт шетін соққылай бастады. Алайда биылғы маусым аса құрғақ болғандықтан, бұғы мүгінің білтесі 15 сантиметрге жеткен. Олар жолын бөгесе де, өрт қайта-қайта лап қойып отырды.

«Өрт бет қаратар емес», –дейді МакФетридж. Жігіттер жақын жердегі жылғаға жүгіріп, төрт 19 литрлік cұйықтыққа арналған қаптарын суға толтыра бастады. Зор денелі, 36 жасар Эван Карп өрт ошағына қарай тұра жүгіргенде қалған жігіттер су сорғысын қондырып, шланг төсей бастайды.

МакФетридж бұйрық та, тапсырма да бермейді. «Әркім өзіне жүктелген міндетті жақсы біледі, – деді ол кейіннен, – команданың кереметтілігі де осында».

Бір смоукджампер камераның босап қалмауын қадағалап отырғанда, төрт жігіт өртке сол қапталдан, ал үш жігіт оң қапталдан тойтарыс беріп жатты. Түтінге тұншыға өрт шетімен бойлаған жасақтың негізгі міндеті отты иіріп, мүлде басып тастау.

Соның арасында бұл өрт сөндірушілер ор қазып, ағаштарды кесіп отырады. Өрт келесі күні ғана, таңғы үштер шамасында ауыздықталды. Шаруа біткенде ғана олар беті-қолдарын күйе басқан күйі қаптарын жайып, көз іліп алды. Таңғы жетілерде олар өрт шекарасына қайта оралды.

Бастапқы соққы аяқталды, МакФетридж өрт аумағы бойымен жүріп өтті. Бар-жоғы 13 гектар, бұл бұған дейін болған өрттермен салыстыруға келмейді. Десек те дер кезінде алдын алмағанда тілсіз жау жүздеген, тіпті мыңдаған гектарды жалмап өтер еді. Ол диспетчерге хабарласып, жағдайды баяндады. Қайтып алып кететін көлік жолға шыққаны белгілі болды. Ендігі кезек Алясканың жергілікті байырғы тұрғындарынан құралған өрт сөндірушілерде. Өрттің толық сөнгеніне көз жеткізу үшін олар тікұшақпен әуеге көтеріліп, әр шаршы метрді мұқият қарап шығады.

Келесі күні кешкі 9 болмай 8 өрт сөндіруші 80 шақырым жердегі Алясканың түбіндегі алақандай Беттлс ауылына тік­ұшақпен жеткізіледі. «Тапсырма орындалды» деп ойлады олар…

Смоукджамперлер иілгіш біліктегі ұшында қатты резеңкесі бар қаққышты жібіген тоңнан төмпешік боп қалған шөп пен жанып жатқан мүкті төмен қарай қопсыту үшін пайдалануда. Бұндай батпақты, қылқан жапырақты орман солтүстіктің жоғарғы ендіктері үшін қалыпты көрініс.

320-сыншы кодты өрт ауыздықталғаннан кейін екі келеңсіз оқиға орын алды: бірі жергілікті Аляска тобының құрал-саймандары Фэрбенксте кідіргендіктен, олар тазалау жұмыстарын жүргізе алмаған; екіншісі, солтүстіктен жел тұрып, шоқтарға қайта «жан бітіпті». Өрт тұтана бастағанда ұшып шыққан тікұшақ кері қайтуға мәжбүр болды. Түс ортасында от шарпыған аймаққа қайта оралғанда жалын 60 гектар жерге жайылып үлгерген. Тез арада қосымша көмек қолы шақырылды. Осылайша сегіз адамнан тұратын тағы бір арнайы жасақ көмекке келді. 16 жігіт оң қапталды тоқтатуға Иниакук өзенін пайдаланып, сол қапталдың жаңадан маздаған өрт сызығын бөгеуге кірісіп кетеді. Қурап қалған шөп пен ағаш бұталардың кесірінен өрт өрши түсті. Көп мөлшердегі су болмаса, шыдас берер түрі жоқ. Тілсіз жауға соққы беру үшін смоукджамперлер 3000 литр су тасымалдау мүмкіндігі бар аэротозаңдандырғыш әуе «тракторын» шақырады. Суды тастаған ұшақ, уақыт үнемдеу үшін Иниакук өзенін пайдаланып, сағатына 130 шақырым жылдамдықта су бетімен сырғи ұшып, 3000 литр суды жинап, оны жалынды қайта көздейді.

Жалын, сонда да дес берер емес. Жалындағаны соншалық, ол су құйған сайын өршіп бара жатқандай. Желден күш ала жанғаны құдды жасыл орман ішінде балқыған жанартаудай көрінеді. Ұзына бойы аспалы, алып су құйылған күбісі бар, бір мезетте 6000 литр суды шаша алатын CL-415 амфибия ұшағы көмекке шақырылды. Әуе күштері тілсіз жауды бомбалап жатқанда, жердегі жігіттер орман арқылы өтетін cолтүстік беттегі қорғаныс шебін құру үшін ағаштарды отап, бұталарды шауып, отты соқпақтап жанталасуда. Жеті сағаттан кейін ғана, яғни кешкі онға таман, сол қапталдаға Иниакук өзен маңындағы шайқас жеңіспен аяқталды.

Түн ортасында көздері жасаурап, денелері әбден қалжыраған смоукджамперлер өрт маңындағы лагерьге аттанды. Олар дайын аспен қатар чили, үрмебұршақ, сардиналар секілді күш-қуат беретін тамақ жейді. Алайда бұл түннің арнайы тағамы – көк пияз бен бұрыш қосылып, қуырылған ет екен.

Масаларға таланып жатса да ішінен әңгіме айтуға құмар біреуі – Дэвид Блумкер өз иығын шығарып алған кезді есіне ала бастады. Жағдай Аляскада өрт маусымы аяқталып, Монтана штатындағы Кутенай ұлттық қорығына парашютпен түскен кезінде болған: «Кейін жел тына қалды да мен байқамаған бөрене үстіме құлады, ˗ деді өмірінің жиырма жылын өрт сөндіруге арнаған 45 жасар Блумкер. – Аяғым қалың шөпке оралып қалғандықтан қашып үлгермедім, әп-сәтте гүрс ете қалды. Иығымды сындырып, үстіңгі ернімді жырып өтті. Содан бірнеше шақырым жердегі тікұшақ қона алатын жерге сол хәлімде жетуіме тура келді». Жігіттер үнсіз бастарын изесті, көбі бұл оқиғамен таныс. Бұл уақытты тиімді өткізудің ғана емес, бір-бірін үйретудің де жолы. Жапандағы жабайы табиғатта тілсіз жаумен күресудің өмірлік сабақтарының көптігі сонша, санаулы жаттығу жеткіліксіз. Құбылмалы желдің өзгеруі, көктемде лап беруі үшін қыстан аман қалған шоқ, негізгі және қосалқы парашюттің істен шығуы, бензоарамен «тіл табыса алмау», осында жұмылдырылғаннан кейін сол күйі үйіне оралмаған әріптестер, осындай өмірден түйген жүздеген мысалдар алау айналасындағы қалжыраған өрт сөндірушілердің басынан өткен не өтеді.

Әрбір смоукджампер шалғайдағы тілсіз жаумен күресте аман қалуы үшін уақытпен сыналған 50 келіге жуық құрал-сайман арқалайды.

  1. Тор іспеттес шлем десантшының бетін бұталардан қорғайды.
  2. Құралдарын салып жүруі үшін комбинезон бірнеше қалталы етіп тігіледі. Кеуде тұсында қосалқы парашют бар. Тізеқап киімнің ішкі жағында қалады. Ауыр былғары қолғап пен етік қосымша қорғайды.
  3. Радиобайланыс.
  4. Жеке жүк сөмкелерінде су, белгі беруші ракета, компас, GPS, тамақ, су өткізбейтін плащ, өрттен қорғайтын шатыр, шам мен құрт-құмырсқаға қарсы спрей секілді заттар болады.
  5. Парашют контейнер десантшыны алдымен тепе-теңдікте ұстау үшін шығарылатын тежегіш пен жасыл бауын жұлқи тартқанда толық ашылатын негізгі парашюттен тұрады.
  6. Ағашқа қонған жағдайда түсуге арналған жабдықтар.
  7. Үлкен сөмкеде қажеттінің бәрі бар.
  8. Мүктің сулы қабатында жанған өртті сөндіру үшін қаққыш қолданылады.
  9. Өртті өшіру үшін қапшықты сулап не сулы мүкпен толтырып қоюға болады.
  10. Кішкентай ағаш пен бұталарды шоқтан тазалау үшін кетпен қолданылады.

 


Блумкер орнынан тұрып, қаңылтыр құтыдағы тамақ қалдығын отқа тастап, келесі әңгімеге арқау болған белбеуіндегі Смит пен Вессонның 44-калибрін дұрыстады.

«Бэр-Лейк көлінің маңындағы орманға қарай бет алған болатынбыз. Осы маңда үйге баса-көктеп кіретін, қолға үйретілген аюдың барын естідік. Өрттен лагерьге қайта оралғанымызда, аю құрал-саймандарымыз­­ды шашып кетіпті. Келесі күні аю қайта оралып, бір шатырымызға баса көктеп кіріп келді. Бензоараны іске қосып, оны үркітіп, қуып жібердік. Кешке аю қайта оралып, бұл жолы қорықпайтынын аңғартты. Ашуына мініп, кей жігіттерді ағаштар арасымен қуа бастады. Сөйтіп аспанға бір-екі рет оқ атқанымыздан түк шықпағандықтан ағаштың тасасында тығылып тұрып атып қалып едім аюдың қақ маңдайына тигіздім».

Бұл оқиға шалғайда кездесетін мың қауіптің бірі ғана. Әңгіме біткенде жігіттердің кейбірі қалың ұйқыда еді.

Таңғы жетіде олар 320-ға қайта оралды. Түнде жел бағыты тағы өзгеріп, жалын 250 гектарды жалмап үлгеріпті. Ол шоқтарын жан-жаққа кемінде 50 метр жерге лақтырып жатыр. Өзеннің арғы беті ырыққа көнбейтінін тез түсінген жігіттер оңтүстік шепті сол қапталмен біріктіру үшін қимылдай бастаған. Олар сағаттар бойы дамыл тапқан жоқ.

«Арнайы жасақтың өрт сөндіру десантшылары бұндай өзгерістерге қырағы болуы керек, – дейді Макфетридж, – желді бақылауда ұстау мүмкін емес. Ажал құшуың да мүмкін».

Құрғақ бұғы мүгінің арқасында өрт айналаға тез тарауда. Жігіттердің дені бұл жерді оқшаулау үшін оңтүстікке қарай кетті. Бензоарасы бар екі жігіт өрт етегіндегі көзге көрінгеннің бәрін жайпап жатыр. Команда мүшелерінің кейбірі жанбаған ағаш діңдерін өрт аузынан арашалап, жасыл алқапқа тасуда. Қалғандары өртті шартылдақпен қаққылап әуре. Әуе «тракторы» әр төрт минут сайын тас төбеңнен гүрілдей өтіп, су шашады. Үсті су болған жігіттер кейін шегінді.

Әбден қалжыратқан жұмыстан кейін жаңа өрт ошағының солтүстік пен батыс етектері бақылауға алына бастағандай еді солтүстіктен соққан желден «шабыт» алған өрт енді оңтүстікке бағыт алды. Оның бетін қайтаруға 16 өрт сөндірушінің шамасы жетер емес. Жалғыз жол дер кезінде шегіну.

Ертеңіне тілсіз жау 600 гектар аумаққа тарағаны белгілі болды. Өрт сөндірушілер шабуылдан, қорғанысқа көшуге мәжбүр болып, приоритет Иниакук көліндегі бірнеше күрке мен үйшіктерді аман алып қалуға берілді. «Зодиак» кемесі арқылы олар көлдегі өртпен күресу нысандарына шланг, су сорғылары мен шашқыштарын тасып, шешуші шайқасқа әзірленді.

Өртке ең жақын Джефф Пурдің кабинасы тұр. Ол өз күркесін 1976 жылы соққан. «Бірегей өрт сөндіру жасағын өз көзімен көргеніме қуаныштымын, – дейді қасқыр, сусар мен сілеусін терілерін орыс саудагерлеріне сататын Джефф, – көмекке әрдайым ризамын».

Бұл өрт туралы хабар берген Пэт Гедеки өз үйшігін күйеуі екеуі 1974 жылы соққан. «Осының бәрі бізді құтқару үшін жасалып жатқанына сене алар емеспін», – дейді ол.

Қыс бойы бықси жанған «Үлкен батпақ өрті» 2016 жылдың ыстық, құрғақ әрі желді көктемінде Тананадан оңтүстік-батысқа қарай 90 шақырым жерде қайта оянды. Өзен жағасындағы жалғыз күркені қорғау үшін өрт сөндірушілер жіберілгенімен ақыр аяғында жалын 18 мың гектар жерді жалмап өткен.

Ондаған су шашқыш пен жүздеген метр шлангінің дымқыл болуы да аса маңызды.

Кешкі онға таман жасақ сарбаздары лагерьге оралды. Әбден шаршағандары отыр­ған жерінде ұйықтап қалған. Қалғандары банкідегі шабдалыны бір-біріне берісіп, қап-қара саусақтарын ыдысқа сап, іліккендерін олжа қылуда. «Әй, жігіттер, естеріңде ме…», – деп біреуі әңгіме бастауда.

Осылайша Иниакук көліндегі өртке алғашқылардың бірі болып тойтарыс берген сегіз смоукджампер 16 күндерін сарп еткен. Апаттың салдарынан 140 мыңнан астам гектар жер отқа оранғанымен аймақтағы үй-жайдың барлығы аман қалды. «Өрт жаз бойы толастаған жоқ, қыркүйекте кері қайтқанымызда да жағдай өзгермеді, – дейді Пэт Гедеке. – Өрт қар жауған кезде ғана сөнді. Бұл өртке табиғат ананың ғана шамасы жетті, қалай болушы еді?»

Авторы: Марк Дженкенс, фото: Марк Тиессен


0

Мозамбиктің жаңа тынысы

$
0
0

Мозамбиктегі Горонгоса ұлттық паркінде жайылып жүрген аталық пілдің көрінісі. 15 жылға созылып, 1992 жылы аяқталған азаматтық соғыс кезінде пілдер жойылуға шақ қалған. Браконьерлерге тосқауыл қойылғалы бері мұндағы пілдердің саны да айтарлықтай артты.

Азаматтық соғыстың зардабын әбден тартқан Горонгоса ұлттық паркі қайта қалпына келтірілуде. Ондағы жан-жануардың тағдыры жақын маңда тұратын тұрғындардың тұрмысына тікелей байланысты.

Құрғақ маусымның соңғы айы – қарашаның жылы таңында күрең түсті Bell JetRanger тікұшағы Мозамбиктегі Горонгоса ұлттық паркі үстімен шығысқа қарай ұшып өтті.

Ұшақты зимбабвелік тәжірибелі ұшқыш – Майк Пинго басқарып келеді, ал оның оң жақ қапталында отырған Оңтүстік Африканың жабайы табиғатын зерттеп, жан­уарларға қарғыбау тағумен айналысатын маман – Луис ван Уик транквилизатормен толтырылған оғы бар мылтығын ұстаған қалпы сілтідей тынып қалды. Пингоның қасында парктегі пілдерге жауапты мозамбиктік жас эколог – Доминик Гонсалвес отыр.

Бүгінгі таңда Горонгосада 650-ден астам піл мекендейді. Бұл елдегі азаматтық соғыс болған жылдармен (1977-1992) салыстыр­ғанда айтарлықтай көп. Ол кезде қару мен аммуниция алу үшін халық пілдерді қынадай қырып, азуы мен етін сататын болған. Гонсалвестің міндеті жыл өткен сайын саны артып келе жатқан әр матриархалды табынның ересек аналықтарына GPS- құрылғысын тағу.

Африканың Ұлы рифт аңғарының оңтүстік нүктесінде орналасқан, 4 мың шаршы шақырымға тең Горонгоса паркінің аумағына тау бөктері, үстірттік ормандар, құлама каньондар, пальмалық саванналар мен сулы-батпақты жерлер кіреді. Ежелгі борпылдақ топырақтың эрозияға ұшырауынан пайда болып, жанартаулық тастардан құралған төбешіктер, яғни Бунга инзельбергтері орманның әр жерінен бой көрсетеді.

Алдымыздан шыққан табыннан бір пілді Гонсалвес таңдап алған соң, Пинго тік­ұшақты барынша төмендетті. Сол уақытта тікұшақтың дықылдаған дыбысынан үркіген пілдер аласұрып қаша жөнелді. Көздеген пілдің оң жамбасына Ван Уикк дротикті дөп тигізді.

Тікұшақ жерге қонғанда қалған екеуі одан секіріп түсті де ессіз жатқан пілге жақындады. Көп ұзамай ауыр техника мен оны жетік білетін мамандар, сондай-ақ қарулы рейнджерлер де келіп жетті. Гонсалвес пілдің еркін тыныстауы үшін тұмсығының астына кішкентай таяқты тіреп қойды. Жерде етбетінен жатқан жануар бір уақытта қатты қорылға басты. Мамандардың бірі пілдің сол құлағындағы тамырынан қан сынамасын алып жатқанда, екіншісі пілдің мойнына қарғыбау тағумен әлек.

Медициналық қолғап киген Гонсалес жануардың аузы мен тік ішегінен сұ­­йықтық алып, арнайы құтыларға бөлек-бөлек салып жатты. Кейін ол сол қолына ұзын жеңді полиэтилен қолғап киіп, пілдің тік ішегінен тамақтану әдебін зерттеуге мүмкіндік беретін талшықтар мен сарғылт түсті тезекті алып шықты.

«Луи, оның буаз не буаз еместігін біліп бере аласың ба?» – деді Гонсалвес.

«Ол жуырда балалап қалады», – деді Уик пілдің ісінген емшектерінен тамшылап тұрған сүтті нұсқап.

Соғыс кезінде Африкалық жабайы иттер ­ біржолата жойылып кеткен еді. Шөпқоректілердің күрт көбеюіне байланысты жыртқыштарға қажеттілік туындағандықтан, 2018 жылы Оңтүстік Африкадан әкелініп, жіберілген 14 жабайы ит парк эко­жүйесін тепе-теңдікте ұстап тұр.

Пілдер санының өсуі – Горонгосадағы жағымды жаңалықтың бірі ғана. Соғыстан кейінгі 1994 жылмен салыстырғанда мұнда арыстан, африкалық енеке, су сиыры мен гнудың да саны артқаны байқалуда. Табиғат қорғау саласында осыншалықты зор жетістікке жету өте сирек кездесетін жағдай.

Қарғыбау тағылып, сынамалар алынған соң Уик пілдің құлақ тамырына инемен оятатын дәрі салды. Топ мүшелері бірден қауіпсіз жерге қашты. Арада бір минуттай уақыт өткенде әлгі піл орнынан тұрып, ұйқылы-ояу басын шайқап барып, өз табынына қарай бет алды. Бұндай қарғыбаулар пілдердің қозғалысынан хабар беріп, олар парк аумағынан шығып кеткен жағдайда немесе егіс алқаптарына таяғанда дабыл қағатындығымен ерекшеленеді.

Горонгоса паркі 2004 жылы Мазомбик үкіметі мен АҚШ билігі, Грегори К. Карр­дың қоры арасындағы әріптестіктен пайда болған. Піл, гиппопотам мен арыстандар парктің ішінде көбеюі үшін жақын маңдағы адамдардың тұрмыс жағдайы да жақсы болуы шарт.

Ысқыратын аққұба үйректер Горонгосадағы Уремаға барып құятын Сунгуэ өзенінде жүзіп жүрген бірқазан мен дегелек тобының үстінен ұшып өтті. Ылғалды жерлер, әсіресе, құрғақ маусымдарда көптеген құстарға пана.

Шығыс Африкалық рифт аңғарының оңтүстік беткейінде созылып жатқан Горонгоса саванна, орман, батпақты алқаптар мен суы мол Урема көлін бойына сыйдырған аңшылыққа арналған қорық болған. Оның негізін 1921 жылы португалиялық отаршылдар қалаған. Олар табиғатпен етене өмір сүріп жатқан халықты ығыстыра келе алқапты өздерінің көңіл көтеретін мекеніне айналдырады. Ол жер 1960 жылы ұлттық паркке айналғанда мұнда шамамен 2200 піл, 200 арыстан, 14 000 африкалық екене, импала, зебра, гну, су сиыры, канна антилопаларымен қатар Африка символына айналған өзге де жануарлар мекендейтін.

Дегенмен парктің шалғайлығы мен оқшаулығы оның сорына айналды. 1975 жылы тәуелсіздік алғанға дейін 15 жыл бойы Горонгоса RENAMO (Resistência Nacional Moçambicana), яғни Мозамбик ұлт-азаттық көтерілісі оңшыл саяси партиясының басқаруында болды. Аталмыш көтерілісші топ әскери көмекті көршілес Родезия (қазіргі Зимбабве) мен Оңтүстік Африкадан алдыртып отырды. Ол жерге жергілікті үкімет әскері келгенде Горонгосада шайқас оты тұтанып, парктің штаб пәтерінен ракета жіберіліп, саванналардың маңында нағыз қырғын орын алатын. Сол уақыттарда пілдермен бірге мыңдаған зебра мен басқа да ірі жануарлар азық, ал кейде қызық үшін өлтірілді. 1992 жылы соғысты уақытша тоқтатуға келісім жасалғанымен, кәсіби аңшылардың браконьерлік әрекеттері жалғаса берді. ХХІ ғасырдың басында Горонгоса ұлттық паркінің жабайы табиғаты толықтай жойылуға шақ қалады.

Хасинта Сайнет Микироссе Горонгоса тауындағы үйінде ас дайындау үшін от жағып жатыр. Ондаған жылдар бойы тау халқы ағаштарды отап, басты дақылдары – жүгеріні егумен күнелтіп келді. Бүгінде Микироссе мен оның көршілері фермаларында өсіретін дақылдар қатарына кофені қосып, оны баптау барысында көлеңкелі ағаштарды отырғызу арқылы орманның қайта қалпына келуіне үлес қосуда.

Парктің айналасындағы жағдай да мәз емес-тін. Жобалаушылар «буферлі аймақ» деп атайтын жерде 100 мыңға жуық адам жұпыны тірлік кешіп жатқан ол уақытта. Көптеген отбасылар тек жүгері мен кейбір дәнді дақылдар өсірумен ғана күнелтіп жатты. Мұндай тіршілік отбасыларын асырауға әрең жететіндіктен балалардың білім алуы мен денсаулығын тексертуде мүмкіндіктері болған жоқ.

Қуаңшылық жылдары фермерлер орманды алқаптарды отап, ылғалы сақталған орынды жыртуға көшті. Ақырында, олардың ағаштарды кесуі мен егін егу әрекеттері парктің батыс шекарасын жапырып өтті. ХХІ ғасырдың басында 5400 шаршы шақырымдық «буферлі аймақтағы» орманның бір бөлігі жым-жылас жоғалған.

Осы үмітсіздік пен шығын кезеңінің нүктесі 2004 жылы қойылды. Сол жылы Мозамбик президенті Жоаким Чиссано америкалық Грег Карр шақыртуымен Гарвард университетіне лекция оқуға барады. 1986 жылы Карр өзінің бір досымен телефон жүйесін компьютермен байланыстыру жолдарын ұсынатын көреген «Бостон технологиясы» компаниясын ашады. Олардың тағы бір сәтті бастамалары 1998 жылы дүниеге келеді. 40-қа әлі толмаған Карр компания­сын 800 миллион АҚШ долларына саудалайды. Горонгосада әңгімелескенімізде ол маған: «Менің хоббиім бес долларлық жұмсақ қаптамадағы кітаптарды оқу-тұғын, – деді, – бұл маған қажетті сомадан да артық қаражат болатын».

Ол филантропиялық «Карр қорын» оның мақсатын білмей жатып ашыпты. Дегенмен Эдвард О. Уилсонның туындылары оның табиғатты қорғауға деген қызығушылығын оятады. Сонымен қатар оның назары адам құқығы тақырыбын зерттеуге және Нельсон Манделаның еңбектеріне ауады. Кейінірек, Карр Оңтүстік Африканың президентіне айналған Манделаның көрші елдің басшысымен бірігіп, Мозамбиктің шекарасы арқылы жабайы табиғатты қорғау үшін әрі жергілікті халықтың игілігі үшін «бейбіт парктер» деп аталатын транксшекаралық ұлттық парк ашқалы жатқанын білгенде, аталмыш қос зерттеуін ұштастырады.

Фермерлікке машықтанған Муссинья ауылындағы қатарында екі мыңнан астам қыз бала бар «Қыздар клубының» мүшелері күнделікті сабақтан тыс уақытта парктің айналасында бас қосады. Клуб жаттығуларына сауат ашу, ерте жүктіліктен сақтану бойынша дәріс, түрлі ойындар мен байқау­лар, қыздарға түрлі тақырыпта пайдалы кеңестер беру кіреді.

«Президент Чиссано ұлттық парктерді жақсы көретін, – дейді 2004 жылы мұнда алғаш келген Карр, – ол маған Горонгосаны сақтап қалуға атсалысуымды ұсынды».

Ал арада үш жыл өткенде Карр үкіметпен ұзақ мерзімдік келісімге қол қояды. Бұл оның басқару қабілеті мен қаржы ресурстарын ғана емес Горонгосаның «адам құқықтары паркіне» айналады деген ортақ пікірді сынаған уағдаластық еді. Ал ол үшін аумақтың ландшафтысы, су ресурстары мен барлық формадағы биологиялық алуантүрлілікті сақтап, денсаулық сақтау, білім беру мен ауыл шаруашылығы саласын жолға қою арқылы парк айналасындағы жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру керек еді. Бұл іске National Geographic қоғамы да сүбелі үлес қосып, парктің іші мен айналасындағы ғылым мен табиғатты қорғайтын бүкіл бастамаларға, одан бөлек қоғамдық даму, әйелдерге білім беру мен олардың құқықтарын қорғайтын жобаларға қаржылай қолдау көрсетті.

Жер ылғал тартқан сәуірдің бейсенбілік таңы. Парктен 32 шақырым жердегі Мекомбези Понте ауылында арқасында Rapariga do Clube (қыздар клубы), ал алдында Parque Nacional da Gorongosa деген жазуы бар қара-көк футболка киіп алған тоғыз қыз секіртпемен ойнап жүрді. Олардың жанында қыздарды өз еріктерінен тыс тұрмысқа беру не ерте жүктілік секілді қауіптерден сақтайтын он madrinhas немесе ерікті «өкіл ана» бар.

Мекомбези Понтенің «Қыздар клубы» – буферлік аймақтағы 2000 оқушы қызға қамқор болып отырған 50 клубтың бірі ғана. Қыздар дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күндері хат тануды үйренсе, сейсенбіде денсаулық сақтау мен бала туу мәселесінде білімдерін жетілдіреді. Карр екеуіміз куә болғандай, қыздар бейсенбі күндерін ойынға арнайды. Қыздар айналып жатқан секіртпеден кезек-кезек ытқып жатқанда, тәлімгер-еріктілер қол шапалақтап, ән айтып тұрды. Карр қыздардың қатарына қосылып алып, барынша секіруге тарысқанымен қыздардың одан жақсырақ секіретіні байқалып-ақ тұрды.

Карр Горонгоса ұлттық паркін қалпына келтіруде «Қыздар клубының» атқарар міндеті зор деп есептейді. Оның ойынша, әйелдердің қоғамдағы орны еркектерге қарағанда басымырақ. Себебі буферлік аймақтағы қыздардың жастай отау құруынан халық саны үздіксіз көбейе беретін болса, парк айналасындағы ланшафт пен фаунаны қорғау шараларының ешқайсысы нәтиже бермек емес. «Ал егер қыздар мектепте оқып, әйелдер жаңа мүмкіндіктерге ие болса, екі балалы отбасылар қалыптасады, – дейді Карр. – Бұл – әйелдер құқығының қорғалып, түрлі шаруалармен айналысуына мүмкіндік береді. Бұл – адамзаттың дамуы мен табиғатты қорғаудың тоғысқан тұсы. Африкаға ұлттық парктерін сақтап қалу үшін әйелдер мен балалардың құқығын қорғай отырып, кедейлікті азайту қажет», – дейді Карр.

Қазіргі таңда, парк­тің күзет қызметінің құрамында 261 адам жұмыс істесе, олардың 11-ін әйелдер құрайды. Патрульдің негізгі міндеті айналаны күнделікті шарлап шығып, парк аумағын заңсыз қойылған қақпандардан тазартып, браконьерлерге тосқауыл қою.

Қыздар клубынан қайтарда біз шағын рәсімге куә болдық. Алтыншы сыныпта оқитын Хелена Франциско Текуэс алға шығып, ламинацияланған қағаздан балалардың 10 құқығы мен 10 міндеті жазылған декларацияны оқып шықты. Ол «балалардың тамақтануға құқығы бар және тамақ ысырап болмауы тиіс, балалардың сала­уатты қоғамда өмір сүруге құқығы бар және табиғат аялануы міндетті» деп оқыды.

«Бұл, шынында да, өте әсерлі болды, – дейді Карр, – мен мұнда алғаш келгенде, қыздар оқи алмайтын». Олар қыздардан өскенде кім болғылары келетінін сұрады. Қыздардың әрқайсысы ортаға шығып, өздерінің есімдерін атап тұрып, байсалды түрде медбике, акушер, мұғалім, полиция қызметкері болатындарын айтып жатты.

Парктің негізгі шекарасынан тысқары болса да, Горонгоса тауы Горонгоса экожүйе­сінің ажырамас бөлшегі б.т. Тау жауын-шашын суын жинап, оны парк аумағындағы өзен алқабына жеткізіп, жалпы Горонгосаның қырларына, климатына, топырағына, өсімдігі мен жабайы тіршілігіне биоалуантүрлілік сыйлайды. 1969 жылы оңтүстікафрикалық эколог Кен Тинли тау мен парктің шекарасынан шығысқа қарай созылып жатқан үстіртті біріктіріп, жалғыз басқару ауданын құруды ұсынды.

2010 жылы Горонгоса тауының жоталары (700 метрге дейінгі биіктік) парктің бір бөлігіне айналды. Тау шыңы – Вундузи өзенінің көзі әрі шалғайдағы адам қолы жете қоймаған көне орманды жасырған мекен. Алайда таудың төменгі сағасындағы кереметтей таңдауы жоқ жергілікті халық орманды отап, алқапты өртеп, егіншілік жұмыстарын кешеге дейін жалғас­тырып келді.

Кездесулердің бірінде паркке тиесілі орман шаруашылығының басшысы, мозамбиктік Педро Муагура ағашсыз қалған тау бөктерінде бізге кофе өсіруді ұсынды. Ол қайта отырғызылған ағаштардың көлеңкесінде өсіп, жергілікті халыққа азын-аулақ табыс көзі әрі орманды қалпына келтіруге сеп болар еді. 2014-2016 жылдары соғыс оты қайта тұтанып, үкімет әскері тауда жасырынған көтерілісшілердің соңына түсіп, Горонгоса тауы аяқ асты майдан шебіне айналғанына қарамастан бұл идея Муагура жүзеге асырып келеді.

Құрғақ маусымның соңына таман Муссикадзи өзенінің тармағындағы су бассейнін көкқұтан, Scopus umbretta секілді аш құстар мен сусаған аңдар паналай бастайды. Маусым сайын жыл құстары келген шақта Горонгоса паркі құс базарына айналады.

Квентин Хаархоф парктің кофе өсіру жөніндегі бас маманы. Ол бұрын Зимбабведе кофе өсірген, кейіннен, өзі айтқандай, ел президенті Роберт Мугабэ ақ фермерлерден теріс айналған соң ол елден қуылған. Кофе өсіріліп жатқан аймаққа жету үшін біз тау сілемінің оңтүстік баурайындағы қос торапты тік жолмен көтерілдік. Жол бойында біз соргум, жүгері мен ананас алқаптарын, сондай-ақ бірнеше үй мен лашық үйлерді көрдік. Біраз көтерілген соң кофе өсіруге қолайлы биіктікке де жеттік.

«Бұл таудың табиғаты ғажап», – дейді Хаархоф. Оның ылғалдылығы жақсы, температурасы салқын, ол құбылмалы емес және мұндағы егінді үсік шалмайды.

Соғыс оты өршіп тұратын аймақта кофе түйіршіктерін өсіру мен орманды қайта қалпына келтіру әлі күнге дейін қорқынышты. Соған қарамастан, жергілікті фермерлер бұл кәсіпті бірден алып кетті.

Біз джип көлігімізді қалдырып, жолды жаяу жалғастырдық. Біршама жүргеннен кейін біз ағаштардың көлеңкесін паналаған 260 мың кофе өскініне тап болдық. Олардың әрқайсысы құмыра тектес плас­тикалық ыдыстағы бір күрек топыраққа отырғызылған. Тағы көтерілгенімізде басқа да кофе ағаштарының арасынан өттік. Хаархофтың айтуынша, қазіргі таңда, бұл демонстрациялық жоба шеңберінде паркте 180 адам жұмысқа жұмылдырылған. Жоспар – мұның қалай жүзеге асатынын байқап көру. Яғни, тармақтарының арасында қосалқы дақыл ретінде көкөніс, жеміс, бұршақ өсіре отырып, тыңайтқышпен жабындалған, арамшөбі қолмен оталған, жергілікті ағаштардың көлеңкесінде кофе бұталарының қалай өсірілетінін көрсету. Содан соң, осы кофе түйіршігі мен өскінін табиғи тауарларды сатумен айналысатын Produtos Naturais компаниясына жақсы бағаға өткізіп, халықты оқу құрал-жабдығымен қамтамасыз ету керек.

Бірнеше жыл қорғау­дағы қорықта көбейтілгеннен кейін зебралар парк­­ке жіберіледі. Соғыс кезінде парк толықтай жойылып кетуге шақ қалған.

Produtos Naturais жақын маңдағы жаңа зауытта кофені өңдеп, қуырылған кофе түйіршіктерін Мозамбиктің саудагерлеріне сатады. Бұл жергілікті халықтың тұрмысын жақсартып, олардың ағаштарды отап, өртелген жерге жүгері егуіне тосқауыл болады. Осылайша, таудағы орман ағаштарын қорғап қана қоймай, оталған жерлерді қайта орманға айналдыруға мүмкіндік туады. «Мен ғалым емеспін, – дейді Хаархоф, – дегенмен, құстар мен аралардың қайта оралғанын байқамау мүмкін емес. Сіз табиғаттың иығынан жүк түскендей еркін тыныстағанын көре аласыз».

Табиғат өте икемді, десе де оның жарасынан толық айығып, жаңаруы үшін тау бөктеріндегі орманды қайта қалпына келтіру мен оны браконьерлерден қорғау жеткіліксіз. 2018 жылы Африкадан арнайы әкелінген бір топ жабайы ит (соғыс кезінде көше кезіп кеткен жыртқыштар) қоршаған ортаға бейімделіп, артынша паркке жіберілді. Мұнда әкелінген зебралардың шағын үйірі де паркке үйренісіп кетті. Сол уақытта оңаша жүрген бір барыс та көзге ілінді.

Кезінде Горонгосада қара мүйізтұмсықтардың да саны көп болатын. Осылардың барлығын қайта қалпына келтіру уақыт пен қолайлы ортаны қажет етеді. Каррдың тобы мен мемлекет арасында жасалған ұзақ мерзімді келісім 2018 жылы қайта қаралып, тағы 25 жылға созылды. Әрине, экологиялық тұрғыдан қарағанда 25 жыл аз уақыт емес.

Қорғалатын аймақтың кең болуы маңыз­­ды. Үлкен аймақтағы алуантүрлілік жан-жануардың тіршілік етуіне аса қолайлы болатындықтан Карр Мозамбик үкіметіндегі серіктестерімен бірге Горонгосаны «таудан мангр нуына дейін» үлгісі бойынша кеңейтуге құлықты. Олардың мақсат-мұраты зор: бұл батысындағы Горонгоса тауы мен оңтүстік Рифт аңғарындағы паркті, Черингома үстіртінің жапырақты орманын біріктіру. Сондай-ақ, оның құрамына Горонгоса экожүйесінен бөлек, жақын маңдағы фермалар мен кәсіпорындар да кіреді. Бұл пазлға кіретін африкалық енеке мен құстарға бай Marromeu ұлттық қорығы секілді ылғалы мол мекеннің жағалаулық бөлігі қазірдің өзінде белгілі бір деңгейде қорғалады.

Қарғыбауын ауыстыру қажет болғандықтан «сенаторлар» атымен танымал қос арыс­танның бірі тыныштандырылды. Бұл кезде рейнджер Кубалуа Жоаким пілдер мен басқа арыс­тандарды бақылау­мен болды. Ветеринар оқуын оқып жүрген Мерсиа Анжела (қолында антеннасы бар) мен АҚШ зерттеушісі Вик­тория Грант арыстанға вакцина салуда.

Тағы бір жолы Карр екеуіміз парктің ғылым департаментінің директоры Марк Сталманспен бірге JetRanger тікұшағымен саванналардың үстімен ұшып, үстірттегі және пальма ормандарын артта қалдырып, шығыстағы Marromeu қорығына бет алдық. Каррдың айтуынша: «50 жылдан кейін ондағы тұмса табиғат көздің жауын алатын болады. 50 мың енеке, 10 мың піл, 1 мың арыстанды көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Қиын болғанымен, мұндай көрсеткішке жетуге әбден болады. Шектеулі мүмкіндігімізге қарамай, мұндай жоспар қоюдың өзі жеңіс».

2018 жылдың қазан айында соңғы рет санақ жүргізілгенде аң-құс популяциясының артқаны байқалған. Енеке, орман бөкені, импаланың қарасы көбе­йіпті. Африкалық жабайы иттердің қайта әкелінуімен қатар, зебра, гну мен канна бөкенінің де саны да артқан. Партуль қызметі браконьерлікті барынша азайтты. Дәл қазір паркте 261 қарауыл бар. Соңғы санақ Каррдың алға қойған мақсатына жетуіне әлі біршама уақыт қажет екенін көрсетеді. Алға қойылған мақсат тек осы Горонгоса ұлттық паркінде ғана жүзеге асуы мүмкін дейді экологтар.

Пинго тікұшақты Marromeu қорығындағы жағажайға қондыруға бет алды. Карр айналаны шолып шыққанша, Пинго, Сталманс үшеуіміз африкалық енеке туралы әңгіме өрбіттік. Азаматтық соғысқа дейін Marromeu ұлттық паркінде 55 мың енеке болған екен. Екі мыңға жуық енеке ылғалды жағалаулық аймақ аңшылыққа қолайсыз болған үшін ғана аман қалған.

Карр қиялына ерік беріп, тау, аңғар, көл, үстірт, сулы-батпақты жерлер мен мангр орманы секілді экожүйесі бай жағажайға үйшік, қоршаған ортаны зерттейтін станция салынса, мұнда қаншама турист келер еді деп ойлады.

Жас мозамбиктік эколог, National Geographic қызметкері Доминик Гонсалвес Горонгосаның пілдері бағдарламасына басшылық етеді. Парктің ғалымдары мен басшылары көпұлтты, бірақ жыл санап басшылық құрамда мозамбиктіктердің үлесі артып келеді. «Адам құқығы қорғалатын парк» атауына сай болу қашан да басты назарда.

«Мұның бәрін біріктіріп көріңізші, – дейді Карр шабыттана, – ерекше дүниеге қол жеткізесіз».

Біз тікұшаққа қайта міндік. Көтеріліп бара жатып, үміт сыйлайтын көріністі – әрқайсысының арқасына қос көкқұтаннан жайғасқан бір үйір қара және жалтыр енекені көрдік…

 

Авторы: Дэвид Кваммен, фото: Чарли Хамильтон Джеймс


0

Дермене

$
0
0

Осы бір өсімдік атауын біз ең алғаш 1967 жылы жазушы Әнуар Әлімжановтың «Білім және еңбек» журналында жарияланған деректі шығармасынан оқып білгенбіз. Ол туынды қаламгердің Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби туралы жаңадан жаза бастаған «Ұстаздың оралуы» атты тарихи романының алғашқы фрагменттері еді. Міне, сонда Әбунасыр бабамыздың әкесі үлкен қолбасшы болғаны, көктем шыға бере ол кісі шаһардан әскерін шығарып, алыстағы далада жаттығу жүргізетіндігі айтылады. Сондай бір кезекті жасақ әзірлігі кезінде әскербасы оған өз нөкерлері арасынан қастандық жасалады. «Суық хабар шаһарға жетіп, жас Әбунасыр өзінің жанашырларымен қырға жеткенде, – дейді автор, – өлімші болып жараланған тархан беткейдегі дала шөбі – дерменені тырмыса ұстап жатыр еді. Баласы келіп басын сүйегенде, әбден әлсіреген ол: «Кегімді алыңдар… Қанға – қан! Аяушылық болмасын…» – деді де үзіліп кетті. Ал уысында бір түп дермене қалып қойды. Бұл 877-жылғы көктем еді».

Содан соң… иә, содан кейін өзіміз сөз етіп отырған шөп ежелгі Русьтің Волынь жылнамасында айтылады. Онда ұлы даланың оңтүстігіндегі аптап күн астында емдік жусан өсетіні баяндала келіп, оған: «түсі бозғылт, дәмі ащы оның өткір исін бір рет сезіп-білген адам мұны ешуақытта ұмытпайды», – деген анықтама беріледі. Атап айтарымыз, бұл сөздерде ешбір жалғандық жоқ. Неге десеңіздер оған тағдырдың жазуымен туған жерінен ерте қол үзіп, жат жерде ғұмыр кешкен атақты Бейбарыс сұлтан өміріндегі мына мысал анық дәлел. Мәмлүктер көсемі, сонымен қатар Тигр мен Евфрат және Ніл сияқты үш өзен аралығы елдерінің билеушісі болған бұл бабамыз өзінің сәби кезіндегі есінде қалған бір елесті өле-өлгенше ұмытпаған. Ол – кең дала…  Сондағы жайқалып өскен дермене атты жусанды алап… Оның құрғақ ауадағы өзегіңді ашар өзгеше исі… 1270-1300 жылдардағы Мысыр жазбалары мұрағатында сақталып қалған аталмыш дерек негізінде 1969 жылы жазушы Морис Симашко «Емшан» атты хикая жазғаны бар. Қаламгер осы шығармасының басына ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Аполлон Майковтың дермене жусаны туралы: «Степной травы пучок сухой…» – деп басталатын өлең жолын эпиграф етіп алған. Ойланып көрген адамға мұның да өзіндік сыры болуы мүмкін. Ал, жазушы Дулат Исабековтің 1980 жылы жарық көрген «Дермене» атты көркем туындысы ше? Мұнда да біз сөз етіп отырған өсімдік сөз болады. Оны кеңестік кезеңдегі ауыл адамдарының Арыс бойынан орып, дәрі-дәрмек жасайтын мекемеге шикізат ретінде өткізіп, тіршілігін түзеуге деген қарекеті шығармада нанымды суреттеледі.

***

 Сонымен…

***

Дермене қандай өсімдік? Біздің білетініміз – оның дүниежүзінде бір-ақ жерде, атап айтқанда Оңтүстік Қазақстанда ғана өсетіндігі. Одан соң шипалық қасиеттерінің мол екендігі. Осы арада: «Аталмыш өсімдікке байланысты берілген бұл «мінездеме» нендей дәлелге сүйеніп айтылып отыр?» – деген сұрақтың да туындауы мүмкін. Оған қайтарар жауабымыз мынау.

Дермене жусанының қасиетін өлке халқы өткен ғасырларда-ақ, оты мол өрістен гөрі осы бір өсімдік өскен тақыр жерге қарай ентелеп тарта беретін қой отарларының қимылынан білді деуге болады. Өйткені оған жайылған малдар тұяқ арасының қиылып ақсақ болу, тазқабақ қотыр шығу сияқты кеселдерден сап тыйылған. Ол ол ма, денесіне май жұқпай жүрген арық қойлардың өзі әлгі жерге барғанда оңалып кетіп отырғаны малсақ халықты қатты таңдандырған. Бұл өсімдік бертініректе адамдарға да көмекке келе бастады. Соның ең бастысы – дермененің іш құрылысы ауруларын, әсіресе ішек құртын түсірудегі қасиеті еді.

Бұл аңыз ба, әлде шындық па? Шындық. Олай деуімізге 1884 жылы дәл сол аймаққа, атап айтқанда Шымкентке неміс капиталистерінің негізгі шикізаты дермене болып табылатын сантонин зауытын салуы. Ол қазіргі Қазақстан территориясындағы фармацевтикалық тұңғыш, ал дүниежүзі бойынша сантонин шығаратын бірден-бір кәсіпшілік еді. Өйткені оған кажетті өсімдік Қазақстанның оңтүстігінде өсетін дермене болатын. Басқа жерде бұл шөп өспеді және жерсінбеді. Өлкенің шалғайлығын қиынсынған неміс кәсіпкерлері артық шығынды азайту мақсатында дерменені Германияда өсіру үшін көп әуреленді. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Бөгде жерді менсінбеген дала өсімдігі Еуропа топырағына тамыр жаймай-ақ қойды.

Дермене жусаны XIX ғасырдың соңғы кезеңіндегі 16 жыл ішінде медицина қызметкерлерін бір ғана қасиетімен, адам және мал организміндегі ішек құртын жоюға тосқауыл болу ерекшелігімен табындырып келсе, XX ғасырдың басында оның тағы бір пайдалы сыры ашылды. Ол – бұл өсімдіктен сол кездегі парфюмерия өндірісіне өте қажет катализатор – эфир майының өндіріле бастауы. Содан соң тағы бір препарат – даркинол алынды. Міне осы қасиеттері ғалымдардың оған үсті-үстіне баса назар аудара түсуіне бірден-бір себеп болды.

1980 жылғы іссапарымызда біз Шымкент облыстық өлкетану музейінен Ұлы қазан төңкерісіне дейінгі сантонин зауыты жайынан мәлімет беретін шағын бұрышты көріп, танысқанымыз бар. Соның ішінен  байқап қараған адамға мына бір жайт еріксіз көзге түсетін. Ол – әлгі өсімдіктен алынған дәрі-дәрмектердің жыл санап мол сұранымдарға ие болғандығы.

1917 жылғы төңкерістен кейін Кеңес өкіметі одақтағы, соның ішіндегі Қазақстандағы Риддер, Қарағанды сияқты көптеген ірі кәсіпшіліктерді шетел капиталистерінің тырнағынан ажыратып алып қалғаны бәрімізге жақсы мәлім. Олардың қатарына осы өзіміз сөз етіп отырған Шымкенттегі сантонин зауытын да қосуға болады. Оған Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылдың 16 қыркүйектегі тиісті орындарға     осы мәселемен айналысу жолындағы жазған ескерту хаты куә. Соның нәтижесінде үлкен де игі іс жүзеге асты. Бұл – сол жылдың 22 қарашасында Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің әзірлеуіндегі В. И. Лениннің өзі кол қойған «Шымкент сантонин зауытың басқаруды ұйымдастыру жөніндегі» қаулы еді. Міне, содан бері өз цехтарында 500-ден астам медициналық препараттар жасауға  қол жеткізген Шымкенттегі бұрынғы Ф.Э.Дзержинский атындағы фармацевтика зауыты, қазіргі «Химфарм» бірлестігі бір кездегі сантонин кәсіпшілігінің негізінде осылай өмірге келіп, осылай жұмыс өнімін арттырып, белгілі болған еді.

Дермене өсімдігінің ХХ ғасырдағы жағдайы қандай болды? ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында ше? Бұл сұраққа жауап берер болсақ, кеңестік кезеңде оның фармацевтика үшін өте қажет шикізат болғандығы. Оған дәлел – бір кездегі Шымкент облысының Бөген ауданынан «Дермене» атты арнайы шаруашылықтың құрылып, 1950-1991 жылдары осы бағытта жұмыс істегендігі. Оны 1980 жылы өзіміз барып көрдік те.

– Біздің «Дермене» шаруашылығы КСРО Медицина өнеркәсібі министрлігінің Бүкілодақтық «Союзлекарспром» бірлестігіне қарайды, – деген еді сонда кеңшар директоры Асылбек Мұсаұлы Маралбаев. – Ұжымымыздың негізгі міндеті – дермене жусанын одақтағы фармацевтика зауыттарында жеткілікті түрде әзірлеу және Орта Азия мен Қазақстандағы емдік қасиеті бар жабайы өсімдіктерді өзіміздегі кеңшар бөлімшелерінде жерсіндіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізу. Бұл бағытта табыссыз да емеспіз.

Директордың әңгімесіне қарағанда «Дермене» өсімдік шаруашылығы жылына 1000 тоннадан астам өнім дайындайтын болып шықты. Мұны олар Ташкент, Баку, Қазан мен Житомир қалаларына жөнелтіп отырады екен.

Емдік қасиеті бар жабайы өсімдіктерді біздің шаруашылыққа шоғырландыру жайындағы жоғарыда айтқан сөзімізге келетін болсақ, – деген еді Асылбек Мұсаұлы, – мұның өзі 1977 жылдан  бастап екі бағыт бойынша жүзеге асуда. Оның біріншісі – кейбір шикізат шөптерді осында жерсіндіру де, екіншісі – сол өсімдіктер өсетін аймақтың дайындау мекемелерімен байланыс жасап, оны жинаттыру.

 Мұны нақты мысалдармен түсіндірсеңіз?

Ол оңай. Мәселен, біздің ауданда өсетін емдік шөп – дермене. Шаруашылық бүгінгі күннің талабына байланысты тек осы жалғыз түрлі өніммен шектеліп қалмайды ғой. Сондықтан оған кейінгі кездері осы өңірде өсетін мия, меңдуананы жинастыру косылды. Мұнымен бірге сана секілді кейбір шөптерді жерсіндіре де бастадық. «Союзлекарспромның» нұсқауында бізге жоғарыдан басқа да өнімдерді өткізу тапсырылған. Олар Түркіменстанда өсетін Рихтер сораңы, Тәжікстандағы унгерн, Өзбекстандағы інжір жапырағы. Бұл сол аймақтардағы дайындау мекемелері арқылы жиналады да осы жерге шоғырланып, Шымкенттегі фармацевтика зауытына жөнелтіледі.

1980 жылғы сол жүздесуде кеңшар директоры Асылбек Маралбаевтың сөзінен біз көп нәрсені ойға түйгенбіз. Соның негізгісі, «Дермене» шаруашылығының Орта Азия мен Қазақстандағы шипалы шөптерді жинастырумен, өсірумен шұғылданатын жалғыз еңбек ұжымы екендігі және оның бір ғана дерменені емес, дәрілік қасиеті бар 12 түрлі өсімдікті дайындаумен шұғылданатыны. Бұған кеңшардың жақсы мамандағаны білініп тұрды. Мәселен шаруашылықтың сол кездегі облыс орталығы Шымкентте өз шикізаттарын, өнімдерін зерттеуден өткізетін аналитикалық лабораториясының бар болуы оның жұмысты ғылыми тұрғыдан шебер ұйымдастыра білетінін анық та айқын көрсеткен.

…Ал қазір ше? Әңгімені 1994 жылғы бір көріністен бастайық. Күз кезі еді. Бөген мен Арыс өңірінде көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 90 жылдығы аталып өтілетін болды да Алматыдан келген қонақтардың қатарында газет қызметкерлері біздер де осы аймақты аралап жүрдік. Бір елді мекеннің тұсынан өтіп бара жатқанымызда, ол көзімізге оттай басылды. Бұл осыдан 14 жыл бұрын өзіміз болған, тіршілік тынысымен танысқан «Дермене» кеңшары еді. «Шаруашылық қазір бар ма? Өтпелі кезеңнің мынадай өлара шағында мұндағы ауыл ададары немен шұғылданып жатыр?» – деді автобус терезесінен сыртқа көз тастаған ғалым ағамыз Рахманқұл Бердібай жолбасшы міндетін атқарушы Төлепбек Назарбеков ақсақалға. «Жоқ, кеңшар тарап кетті, – деді қария. – Бұрын мұнда дәрілік өсімдіктердің мол шикізат қоры жасалатын. Оны Ресей, Украина, Өзбекстан алатын. Қазір ол байланыс үзіліп қалды. Ал іргедегі өзіміздің Шымкент фармацевтика зауыты болса, қаржы тапшылығынан бұлардың өніміне тапсырыс бере алмай отыр. Осыдан соң ұжым таралмағанда қайтеді».

Мына сөзді естігенде біз селк ете түскенбіз. Өйткені, көз алдымызға бұдан біраз жыл бұрынғы дәулетті де сәулетті кеңшар келген еді. Ендігі жағдайын ақсақал жасырмай айтып отыр. Ішіміз удай ашыды дейсіз…

Содан арада 24 жыл өткен. Таяуда, яғни, сәуір айында біз іссапармен Шымкентке барғанбыз. Діттеген шаруамыз шешімін тапқан соң, бір кездері осы шаһардағы тұңғыш зауыт атанған сантонин кәсіпшілігінің шикізат көзі – Бөгендегі дермене өсімдігі ойымызға қайта оралды. «Соның жағдайы қалай екен?» – деп Шымкентте көптен бері тұратын жазушы Мархабат Байғұт ағамызбен тізе қосып, сол боз жусан тағдырын білуге тырыстық. Сонда мынадай жәйттер белгілі болды. Біз білетін «Дермене» кеңшары қазір Дермене ауылдық округі деп аталады екен. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Асылбеков кеңестік кезеңде мұндағы шаруашылық Ресейдің Красноярск, Украинаның, Житомир, өзіміздің «Шымкентхимфармге» дәрілік өсімдіктерді дайындап өткізумен айналысқанын растайды. Бірақ, қазір бұл жерден сондағы басты өнім – дермене жиналмайды екен. Себебі, жекешелендіруге көшкен 90-жылдардан бастап мекемелер арасындағы үзілген байланыстарды жалғастыратын, жұмысты ұйымдастыратын, шикізатты өткізумен шұғылданатын ешкім болмаған. Мұның сыртында осы шикізатқа бірден-бір тапсырыс беруші «Химфарм» қазіргі медицинада дермене препаратына балама дәрі табылғандықтан, оған деген сұранысты тоқтатқан. Бұл жағдайға қоса соңғы жылдары осы өңірде дәрілік шөптерді қорғау жөніндегі қоғамдық қозғалыс өмірге келіп,белсенді жұмыс жүргізе бастаған. Олардың мақсаты-мия мен дерменені өсімдік браконьерлері тарапынан жабайы түрде жұлып, қопарып пайдалануды тоқтату. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл жерде енді түйе, қой, ешкі шаруашылығына көшкен жөн деп, соны мықтап қолға алыпты. Ел қазір міне, осы кәсіппен күн көруде.

Иә, мұндағы жұрттың бұл тіршілігіне қай-қайсымыз да: «Неге олай?» – деп айта алмаймыз. Өмір талабы осылай-ау шамасы. Уақыт та соны дұрыс көріп отырған шығар. Бірақ: «ХІХ-ХХ ғасырларда Шымкент шаһарының даңқын шығарған дермене шөбі дәрі-дәрмектерінің ХХІ ғасырда неге бағы жанбай қалды?» – деген сауалды әлеумет алдына қоюға біздің де құқымыз бар сияқты. Неге десеңіз жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің мұрағатындағы дерекке ден қойсақ, 1913-1918 жылдары Шымкенттен Германияның Гамбург қаласына кетіп жатқан аталмыш өсімдік өнімінің әрбір пұты (1 пұт – 16 килограмм, -авт.) 200 сом алтын ақшаға бағаланған екен. Сондай құнды фармацевтикалық шикізатты бүгінгі нарыққа ыңғайлайтын кәсіпкердің табылмағаны ма? Мәселе тәртіп пен реттілікте.Үнем мен ұқыптылықта. Алқапқа ашкөздікпен қарамауда. Қарағандыда Арқаның тықыр жусанынан ракка қарсы арглабин дәрісі өмірге келіп жатыр ғой. Дермене жусанының әлеуеті одан кем емес. Мақсат-шикізатты жанашыр көзқараспен пайдалану, қазіргі заманда үйлестіре білу. Егер үлгі болатын үнемді істің үйлесімі табылып жатса, мұның ең алдымен сол жердегі халықты жұмыспен қамтуға себі тиер еді ғой. Сөйтіп ел нәпақасын мал шаруашылығымен бірге дермене жусанын дайындаудан да тауып жатса ол біреудің тақиясына тар келе ме? Дүниеде жоқ жаман. Ал бар зат бізге артық етпесі анық. Осыны ұмытпайық.  

 

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ, журналист.

Рептилия билік құрған жер

$
0
0

Фотограф адам аяғы баспаған, экожүйенің бір бөлігіне айналған оқшауланған Атолл тапты.

Альдабра маржантас атоллындағы Мидл-кэмп лагеріндегі күркемнің жанынан тасбақа жорғалап өткенде таң қалған едім. Тұмса табиғат өкілімен кездейсоқ бетпе-бет келуімді маған бұйырған мүмкіндік деп қабылдап, оны армансыз суретке түсірдім. Мұндай кездесудің бір емес бірнеше рет қайталанатынын білген жоқпын ол кезде?! Әбден мезі болған соң телефоныма түсірген кездерім де болды. Кейін оларға мән бермейтін жағдайға жеттім…

Сейшел аралдарына ұзап шыққандағы мақсатым қалпына келіп жатқан табиғатты суретке түсіру еді. Шамамен өткен ғасырдың ортасында Үнді мұхитындағы шағын арал құрдымға кетуге шақ қалған. Кокос пен даршынды егу үшін жергілікті өсімдіктер оталып, егеуқұйрық пен тышқан қаптап, оның арты аралдағы теңіз бен алып тасбақалардың құрып кетуіне әкеп соқты.

Алайда мемлекеттік қолдаудың арқасында кейін табиғатты қорғау ісіне қан жүгіріп, алып Альдабра тасбақасы аралға қайта орала бастады. ХVII ғасырға дейін теңізшілер осы еңгезердей рептилияның айлар бойы сусыз, тамақсыз өмір сүре алатынын біліп, оны ұзақ сапарларға азық көзі ретінде алып жүрді. Оған дейін бұл тасбақалар Үнді мұхитының көптеген аралдарында тіршілік ететін. Бір аулағанда олар трюмдерін жүздеген тасбақаға толтырып, кеме кезіп кетпеулері үшін оларды арқасымен жатқызып қоятын. Осылайша Үнді мұхитындағы тасбақалар күрт азайып, тек Альдабра түрі, оның өзінде бірнеше мыңы ғана аман қалған.

Альдабра аралының оқшаулығы мен адамның өмір сүруіне қолайсыздығы тасбақаларға әлі күнге қорған болып келеді. Альдабра бүгінге белгілі бірде-бір маршруттың тікелей жолында жатқан жоқ. Оған жету үшін ұшақ пен кеме жалдауыма тура келді. Әлемдегі ең ірі маржантас атоллдарының бірі Альдабра қонақжайлықтан мүлде ада. Оның жағалауы пышақтай өткір кораллдарға толы. Бұл жерде тұщы су жоқтың қасы. Маса буып тұр. Күннің шыжып тұрғаны сондай, көлеңке таппаса тасбақа өз сауытының ішінде қуырылып кетеді. Бұған қарамастан, мұнда тасбақалардың өмірі жаман емес, өйткені осында келіп, олардың мазасын алуға ешкімнің дәті жетпейді. Әрі үкімет бұл аралды арнайы қорыққа айналдырып, ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандары тізіміне енген. Адам әрекетінен қорғалатын тасбақа популяциясы осы күні шамамен 100 мыңға жетіпті.

Альдабрада болған алты аптаның екеуін мен Мидл-кэмп лагерінде өткіздім. Едені балшық, шатыры қаңылтыр лашықта күнелтіп, түнде кокос шаяндарының шатыр үстінде тырс-тырс кезгенін естіп жүрдім.

Алып тасбақалар Альдабра маржантас аралында еш уайымсыз ұйықтай алады. Мұнда олар жыртқыштардан қорықпайды.

Тасбақалар National Geographic журналында фотограф болып істейтін мені мүлде елемей, өзге аң-құстан бөліп-жарған жоқ. Атоллға келген жанның барлығы экожүйенің ажырамас бір бөлігіне айналады. Лашық есігін ашқан бетте ішіне тасбақа баса-көктеп кіретін. Біз тамақ дайындап жатырмыз ба, ұйқыдамыз ба – оларға бәрібір. Адамнан «қорқатыны» соншалық, лашық артындағы құм бар жерде тамақтанып отырған бізді тасбақалар туп-тура бір жол күреген бульдозерлер сияқты үстімізден өтіп шығуға тырысатын.

Күн батуға шақ қалғанда жайы­лып болған тасбақалар созылған күйі ұйқыға кететіндіктен түн уағында дәретханаға жету азапқа айналды біз үшін. Ол лашықтан 60 метрдей жерде еді. Маңыздысы – тасбақаларды мазаламау және де өзің араңдап қалмау.

Альдабрадағы миссиямыз қиындықтарға толы болды. Десек те, бұл рептилия билеген соңғы жерде күн өткізу өмірімдегі ең жарқын сәттердің біріне айналды.

Мақала мен фото авторы: Томас П. Песчак

Фотограф әрі теңіз биологы Томас Песчактың National Geographic журналына осы күнге дейін тоғыз мақаласы жарық көрді. Оның көп еңбегі мұхит пен аралдардың көркемдігі мен нәзіктігін паш етуге арналады.


Аулаудың кесірінен панголин жойылып кетуі мүмкін

$
0
0

Зимбабведегі сауықтыру орталығында Тамуда есімді дала панголині қоректену үшін құмырсқа не термиттерді іздеп жүр. Тамуданы заңсыз аң саудагерлерінен арашалап қалмағанда, оның қабыршақтарын Азияға дәстүрлі емдік мақсатқа контрабандалық жолмен өткізіп жіберер ме еді.

Дәстүрлі қытай медицинасында өте жоғары сұранысқа ие бұл қорқақ мақұлықтың дүниежүзіндегі заңсыз саудасы қызып тұр.

Үсті қабыршақ басқан оның көлемі төбет күшігіндей ғана. Алдыңғы кіші аяқтары тираннозавр рекстей кеуде тұсында, ал жерге параллель созылған құйрығы көбіне аяқты тең басу үшін керек мына мақұлыққа Тамуда есімі беріліпті.

Күтім көрсетуші жаймен жас панголинді топырақ үйіндісіне бағыттап, әлгі үйіндіні қайламен қопара бастады. Ол Тамудаға азығын нұсқауда: құмырсқалар. Ымды түсінген Тамуда денесінің ұзындығындай тілін қуыс-қуысқа сұғып оларды жей бастады.

Панголиндерді қабыр­шақтары үшін де, еті үшін де аулайды. Оның еті кейбіреулер үшін деликатес саналады. 2015 жылдың сәуір айында Индонезияда ішінде балық болуы керек контейнерден 4 мыңнан астам панголин өлігі мен сансыз қабыршақ, сондай-ақ тірі қалған жүз шақтысы тәркіленген.

Бірнеше минут трапезадан кейін әрмен қарай жылжитын уақыт келді. Ол бақырып жылағалы жатқан баладай бір бүйіріне сарт етіп құлап, денесін қараушының етігіне үйкеп жатыр. Күтуші оны итеріп тастамақ болды, ал Тамуда болса өзіне назар аударғысы келеді.

Оның бетіне қараған Тамуда «қолдарын» созып, көтер деп жалына ымдайды. Күтім көрсетуші қатаң болуға тырысады – ол Тамудаға өзін қорғауды үйретуі керек – бірақ оның бұл қылығына еміренбеу қиын. Мейірімді күтуші Тамуданы қолына алып, баласындай тербете бастады.

Тамуда дайындығы Зимбабведегі Хараре қаласының маңайында орналасқан құтқару орталығы Тикки Хайвуд қорығында өтіп жатыр. Мұнда панголиндер заңсыз жабайы табиғат саудасынан қорғалып, сақталады.

Лиза Хайвуд 2012 жылдан бері 180-нен астам панголин құтқарған. Бала панголиндер өздерін көтергенді ұнатады. Оларды бірнеше ай толғанға дейін аналары арқасынан түсірмей тасып жүреді. Осылайша олар өз-өзін қалай ұстау керектігін үйренеді. Анасы екеуі браконьерлердің қолына түскенге дейін ол осындай мейірімнен ада болмағаны көрініп-ақ тұр. Панголин аналығы үріккен кезде түкті жұмсақ қарны мен төлін сауыт қабыршақтарымен қорғау үшін допша домаланады. Мұндай қорғаныс тәсілі арыстан секілді жыртқышқа қарсы тиімді. Ал алдыңнан адам шықса, біттің дей бер, ол сені жалаң қолымен-ақ ұстап ала алады.

Өздерінің кім екендерін жасыру үшін масқа тағып жүретін Кот-д’Ивуардің ұйымдасқан қылмысқа қарсы полиция жасағының офицерлері 2017 мен 2018 жылдары тәркіленген панголин қабыршақтарының үстінде отыр. Бұл қабыршақтар Қытайға не Вьетнамға бағыт алған болуы ықтимал. Азиядағы панголиндердің төрт түріне жойылу қаупі төнгендіктен контрабандашылар Африкадағы түрлерін аулауға көшкен.

Тамуда мен анасы осы құтқару орталығына 2017 жылдың басында әкелінген. Мозамбиктік бір азамат оларды қапшыққа салып ел аспақ болғанда Зимбабве шекара қызметінің офицеріне ұсталады. Traffic жабайы табиғат саудасына мониторинг жүргізуші ұйымының деректері бойынша 2000-2013 жылдары аралығында бір миллион шамасында панголин заңсыз ауланған. Оларды, негізінен, дәстүрлі медицинада қолданатын қабыршақтары үшін аулайды. Дүниежүзінде ең көп ұрланатын сүтқоректі жануар панголиндер деп есептеледі.

Зимбабведегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері панголинді тәркілеген кезде оны Хайвудке апару керектігін біледі. Ол панголиндерді қолда асырай алатын әлемдегі санаулы адамдардың бірі. Панголин – сезімтал мақұлық, әрі олар құмырсқалар мен термиттердің тек белгілі бір түрлерін ғана жейтін талғампаз. Қолда асырау шарттарында мұндай ас мәзірімен қамтамасыз ету оңай шаруа емес.

Алайда қастарына күзетші қосып, нысан аумағында кезуіне мүмкіндік беру арқылы Тикки Хайвуд көптеген панголиндерге жабайы табиғатқа оралуға болатындай қалпына келуге көмектесті. Солардың ішінде Тамуда мен оның анасы да бар.

Зимбабведегі Тикки Хайвуд панголин құтқару орталығында мына фотодағы Тамуда сияқты әр панголинге қараушы тағайындалады. Бұл панголиндер өздеріне құмырсқалар мен термиттерді қалай аулау керектігін үйрететін адамдарға қатты байланады. Бала кезінде құтқарылған Тамуда, күтім көрсетушісінің айтуынша, алғашында қырсық әрі содыр болған.

«Бізге панголин түскен сайын, бұл соңғысы ма деп уайымдаймын», – дейді жануарларды құтқару орталығын 1994 жылы ашқан Хайвуд.

Төрт-төрттен Африка мен Азияда ғана кездесетін панголиндердің барлық сегіз түріне заңсыз сауда кесірінен жойылып кету қаупі төніп тұр. Сол үшін Тамуда қараушысының есімі де аталған жоқ бұл мақалада. «Бұл сүтқоректіні қолға түсіру үшін қылмыскерлер күтім көрсетушілердің артынан түсуге тайынбайды», – дейді Хайвуд

Түріне қарамастан панголин аю мен итке жақын болып келеді. Олар өз таксономикалық тәртібіндегі санаулы түрлердің бірі. Егер олар жоғалып кетер болса, панголиндерге ұқсайтын Жер бетінде мақұлық қалмайды.

Панголиндердің Азиядағы төрт түрінің халықаралық саудасына 2000 жылдан бері тыйым салынған. 2017 жылы панголиндердің барлық сегіз түрі бойынша халықаралық коммерциялық саудаға тыйым салынды. Оған құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға (ағылш. қысқа атауы – CITES) мүше 183 ел дауыс берген. Аталған конвенция жабайы жануарлар мен олардың дене мүшелерінің трансшекаралық саудасын қадағалайды.

Traffic ұйымының деректеріне сүйенсек, панголин саудасы кемінде 67 ел мен алты құрлықта жүзеге асырылады. Алайда олардың ең ірі масштабтағы контрабандасы Камерун, Нигерия, Сьерра-Леоне мен Уганда арқылы, негізінен, Қытайға қарай ағылады.

«Өткен онжылдықта панголиндердің, әсіресе, олардың қабыршақтарының құрлықаралық саудасы күрт өсті, – дейді Халықаралық табиғат қорғау одағының маманы Дэн Чаллендер. – Бұрын, панголиндерді заңсыз аулау мен контрабандалық әдіспен тасымалдаудың көбі Азиямен шектелетін». Бұл кәсіптің құрлық ауыстыруы панголиндердің онда тапшы болып кеткенін, алайда олардың қабыршақтарының құны Африкадан Азияға контрабандалық жолдармен тасу шығыны мен машақатына тұрарлықтай екенін көрсетеді.

Африканың батысы мен орталығында, ал Азияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында панголин еті жоғары бағаланып, Вьетнам мен Қытайдағы кей адамдар арасында панголин еті, тіпті, деликатес саналады. Бұл сүтқоректі Гана, Нигерия, Оңтүстік Африка мен Сахара шөлінің төменгі бөліктерінде де үлкен сұранысқа ие. Онда олардың дене мүшелері дәстүрлі ем-дом шараларында кеңінен қолданылады. Өкінішке қарай, панголин қабыршағы, оның бағына емес сорына айналды.

Әдетте, панголиндер жалғыз өмір сүреді. Бірақ Тамуда мен Лулеко шалшықтан су ішу үшін ара-тұра бірге уақыт өткізеді. Дала панголиндері артқы аяқтарымен жүріп, құйрығы және алдыңғы аяқтарының көмегімен тепе-теңдік ұстайды. Олардың жабысқақ тілдерінің ұзындығы денелерімен бірдей және көкірек қуысына байланған.

Әдетте, құрғатылып, ұнтақталып таблеткаға айналдырылатын панголин қабыршақтары дәстүрлі қытай дәрі-дәрмектерінің бірқатар түрінде кеңінен қолданылады. Оны аналардың лактациясынан бастап, артрит, ревматизмге дейін түрлі ауруларды емдеуге пайдаланады. Оның сауытын Азия бойынша, соның ішінде Вьетнам, Тайланд, Лаос пен Мьянмадан медициналық сауда орындарынан табуға болады.

Қытайда мұндай ем-домдарға үкімет рұқсат беруін жалғастыруда. Қытай биоалуантүрлілікті сақтау және көгалдандыруды дамыту қорының 2016 жылғы есебі бойынша 200-ден астам фармацевтикалық компания құрамында панголин қабыршағы бар 60 шақты дәстүрлі дәрі түрін шығарады екен. Жыл сайын Қытайдың провинцияларында жалпы алғанда компанияларға орташа 29 тонна қабыршақ пайдалануға рұқсат беріледі. Мұндай мөлшердегі қабыршақ үшін шамамен 73 мың панголин қажет.

Кейбір деректер бойынша шамадан тыс аулау салдарынан Қытайдың панголиндері 1990-шы жылдардың ортасында-ақ тапшы боп қалған екен. Қытай компаниялары панголин өнімдерін шығаруды тоқтатпады. Олар қабыршақтардың екі заңды көзін пайдаланады-мыс: саны түгесілместен бұрын Қытайда ауланған панголиндерден жиналған қор мен тыйым салынғанға дейін импортталған қор.

CITES конвенциясының панголин саудасы жөніндегі деректері бойынша 1994 пен 2014 жылдары аралығындағы 21 жыл ішінде Қытайға 16 тоннадан астам қабыршақ импортталған – бұл фармацевтикалық компаниялардың қажеттілігін қанағаттандыруға жеткіліксіз. «Бұдан бөлек, қабыршақтар жуырда және заңсыз түрде жаңа ауланған панголиндерден алынған ба әлде бұрын жиналған қордан келген-келмегенін провинциялық әкімшіліктер тексере бермейді», – дейді Бейжіңдегі Қытайдың биоалуантүрлілікті сақтау тобының директоры Жоу Жинфең. Ол Қытайдағы панголин іс жүзінде жоғалғанға дейін жиналған қордың компаниялардың сұранысын қанағаттандырарлықтай жеткілікті екеніне күмәнмен қарайды.

Жыл сайын қанша тонна панголин қабыршағы контрабандалық жолмен тасымалданып жатқанын дөп басып ешкім айта алмайды. Оның мөлшері көп, ал ең ауқымдысы Қытайға тасымалданады.

Мәселен, 2017 жылы Қытайдың кеден қызметкерлері шамамен 30 мың панголиннен алынатын 11,9 тоннадан астам қабыршақ тәркілеген. Бұл – конфискацияланған контрабандалық тауарлар ішіндегі ең ірілерінің бірі. Өткен жылы Гонконгтің құзыретті органдары Қытайға бет алған бір партиядан 7,8 тонна қабыршақ тәркілеген.

Камерунда азық-түлік сататын дүңгіршегі бар жас келіншек үйінің артындағы тар көшеде ақбауыр панголинді сойып, бөлшектеуге дайындалуда. Панголин саудасына тыйым салынғанымен, камерундықтар бұл жануарды баяғыдан азыққа пайдаланып келеді. Бір кездері лақтырылып тасталатын панголин қабыршақтары қазір қалалардағы жабайы аң саудагерлеріне сатылады.

Жалпы, Traffic ұйымының деректері бойынша 2010-2015 жылдар арасында дүниежүзі бойынша тәркіленген қабыршақтардың 30 пайызы Қытайдың үлесінде. Тәркілеулер, консервативтік түрде, іс жүзіндегі заңсыз сауда айналымының төрттен бірін құрайды деп есептелетінін қаперге алсақ, бұл сандар жылына жүз мыңдаған панголин өлтірілетінін білдіреді (National Geographic Қытайдың мемлекеттік агенттіктерінен осы сауалға пікір білдіруін сұрағанмен ешбір жауап ала алмады).

Нарықты қамтамасыз ету үшін Қытайлық компаниялар кең ауқымда панголин өсіруді тұрақты түрде қолға алып жатыр деген әңгімелер бар. Қытайдың биоалуантүрлілікті сақтау тобының мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылғы ахуал бойынша үкімет құтқару орталықтарынан инвестициялау компанияларына дейін әртүрлі мекемелерге панголин өсіруге 10 лицензия беріпті. 2014 жылы тағы 20 фармацевтикалық компания – Уганда, Лаос пен Камбоджиядағы кәсіпорындармен бірге – «бірігіп өсіру» бағдарламасын бастады.

Бұл жердегі проблема сол, ешкім әлі панголиндерді коммерциялық мақсатта қалай өсіру керектігін ойлап тапқан емес. «Сұранысты оларды өсіру арқылы қанағаттандыра алмайсыз», – дейді табиғат қорғаушы биолог әрі «Панголиндерді сақта» коммерциялық емес ұйымының қосалқы құрылтайшысы Пол Томсон. Оның айтуынша, өсіріп, көбейтуді былай қойғанда, еркіндіктен айырылған панголиндердің көбі 200 күннен артық өмір сүрмейді.

Бұл қытайлық бизнесмендердің талпыныстарына тұсау болмады. 2013 жылы Ма Жин Ру есімді Қытай азаматшасы Уганданың астанасы Кампала қаласында Olsen East Africa International Investment Co. Ltd. панголин өсіретін кәсіпорнын ашқан. Көп ұзамай «Азия-африкалық панголин өсіруді зерттеу орталығы (ААПӨЗО)» деп аталатын компания Кампала қаласында тіркеліп, лицензияға ие болды.

2016 мен 2017 жылдары қос компания да Уганданың құзыретті органдары тарапынан тексеруге алынды. Бұл компаниялар жабайы табиғаттан ауланатын панголиндердің контрабандалық тасымалы үшін қолданылады деген күдік пайда болды.

2016 жылы Мозамбикте ашылған ААПӨЗО де құзыретті органдардың назарына іліге бастады. Қытайда «Жоу» коммерциялық емес ұйымының зерттеушілері лицензиясы бар бірнеше мекемеге бас сұққысы келгенмен, ешқайсысы оларды кіргізбеген.

Панголиндерді қолда аман-есен өсіру қиынның қиыны. Олардың ерекше диетасына қоса оларға ерекші күтім керек. Себебі олар асқазан жарасы мен пневмонияға шалдыққыш келеді. Мұның басты себебі – күйзеліс. 2016 жылы АҚШ-та алты зообақ пен бір коммерциялық емес ұйым 46 панголинді Тогодан импорттаған. Мақсат – оларды бақыланатын шарттарда зерттеу және өз-өзін қамтамасыз ететін популяция шығару. Наурыз айының басындағы мәлімет бойынша 16 панголин өліп қалған.

Индонезиядағы бір ауыл аңшысы Сурабая қаласына апта сайын панголин әкеліп тұратынын айтады. Панголиндері бар елдерде оларды қорғайтын заңдар қабылданған. Олардың халық­аралық саудасына тыйым салынғанымен, басты қауіп осы заңсыз аулау мен контрабандалық жолдармен тасымалдаудан келуде.

Камерунда панголиндерді табу қиын емес. Оларды ет сататын ашық базарлардан өлі күйде маймылдар мен питондардың қасынан көре аласыз. Оларды жол жиектерінде де сата береді. Мұндай көрініс айтарлықтай кең тараған, ол адамды «панголиндер, шын мәнінде, жойылуға шақ қалды ма» деген ойға жетелейді.

Сұрақтың жауабы сол, біз, ең алдымен, олардың саны қанша екенін нақты білмейміз. Олар түнде тіршілік етеді, жалғыз жүреді әрі ұялшақ келеді. Бұл олардың санағын жүргізуді қиындатады. Бірақ Traffic және басқа үкіметтік емес ұйымдар жинаған деректерден панголиндердің Камерун мен Африканың батыс және орталық елдерінде дабыл қағарлық мөлшерде тұтынылып, экспортталып жатқанын түсіну қиын емес.

Фотограф Брент Стиртон екеуміз өткен жазда Камерунға барғанымызда Ангелия Яңды шақырып алдық. Ол күйеуі және үш баласымен бірге ел астанасы Яунде қаласында тұратын Оңтүстік Африка тумасы. Бұл Яңның Камерундағы алғашқы панголиндерді құтқару орталығын ашуға ниеттеніп жатқан кезі еді. Ол бізді бір мейманханаға апарды. Қолымызға ас мәзірі берілді. Онда кусукус, жолжелкен, көк асбұршақпен бірге жайра, бөкен мен панголин еті де бар еді.

Қаладағы кез келген мейманхананың стандарттық ас мәзірінің сиқы осындай. Яңның айтуынша, Камерунда аң етіне сұраныс көп. Мұнда көбі төрт түлік малға қарағанда аң етіне әуес. Бұдан бұрын шалғай бір қалашықта базарға барғанымызда бір жас келіншек сату үшін панголин етінен ас әзірлеп жатыр екен. Мен одан неліктен панголин етінен тамақ дайындағанын сұрағанымда, ол: «Несі бар? – деп жауап берді, – ол дәмді».

Біз панголин етінен дайындалған тағамға тапсырыс бермедік (Камерунда оны аулау, сату не сатып алуға тыйым салынған). Десе де біз іздеген панголин осы мейрамханада бар ма деген ой мазалағаны рас. Аспаз жауабын көрсетуге қуана келісіп, шағын астауға олардың мұздатылған төшкелерін салып әкеп көрсетті.

Яң бізді қайтадан үйіне апарды. Тоқтағанымызда оқушыны көрдім. Бұл Яңның ұлы Нейтан екен. Ол қасында ит сияқты бір мақұлықты жетектеп келеді. Ол жануарынан көз алмай қалташамын жиектас пен көрші дуал арасындағы кеңістікке түсіріп тұр.

Вьетнамда алтыншы буындағы дәстүрлі медицина өкілі құрғатылған панголин қабыршағымен араластыратын шөптерді қалай дайындайтынын көрсетуде. Қабыр­шақтар бірқатар ауру түрлеріне шипа болады деген сенімге ешбір ғылыми негіз жоқ.

Жақынырақ таяп барғанымызда жетектегені ит емес, панголин екенін аңғардым. Кішкентай мақұлық жерді иіскеп, тіміскілеп, топырақты тырнап құмырсқа іздеп жатыр екен. Бұл Яң құтқарып, үйінде қайта қалпына келтіріп жүрген бірнеше панголиннің біреуі ғана.

Яң бізді сегіз жасар ұлы Нейтанға таныстырып, оған бұрыштағы азық-түлік дүкенінен жасыл пияз алып келетінімізді айтты. Жолда Нейтан панголиндерді сондай жақсы көретінін әрі оларға күтім көрсетудің қалай ұнайтынын айтып берді. Оның анасын мақтан тұтатыны көрініп тұрды.

Көше дүкенінің жанында ер-әйелі аралас қытайлық бір топ кешкі ас ішуде екен. Олар бізге езу тарта, французша амандасты. Көкөніс ала бастағанымызда Яң солға қарай иегін нұсқап әлденені меңзеді. Үстіне ондаған панголин қабыршақтары кептірілуге қойылған мұздатқыш камера тұр екен. Яң мен Нейтан жасыл пияз бен басқа көкөністер сатып алып жатқанда мен қабыршақтарға мұқият көз тастаумен болдым.

«Мұндайды көру, кез келгенді есеңгірететіні анық, – деді артынан Яң, – бірақ бұны күнде көріп жүрген олар үшін бұл таңсық емес».

Жуырда Камерунға панголин қабыршағының ірі партиясы әкелінбекші. Мұны бізге кеңселеріне барған кезімізде «Соңғы адам тектес ұйымы» ҮЕҰ зерттеушілері айтты.

Әрине, мен елден кеткеннен кейін полиция мен тұмса табиғатты қорғау саласындағы құзыретті органдар жүкті қолға түсіріп, алты адамды қамауға алған. Панголин қабыршақтары жүк көлігімен Оңтүстік Африка республикасынан келген. Контрабандашылар оларды ұсақ саудагерлерден, сондай-ақ Камерун мен Конгодағы сатушылардан жинаған болулары тиіс. Аткезшілердің жоспары тауарды Дуалаға жеткізіп, ақырғы нүктеге салып жіберіп, табыстау екен. Қабыршақтардың келесі пункті Нигерия, артынша ол Қытай, Малайзия не Вьетнамға жөнелтіледі.

Африкадан Азияға өзге аң-құсты тасу бағыттарының болуы қарақшылардың ісін жеңілдетіп отыр. Панголин қабыршақтарының піл сүйегі, бегемот тістері және басқа да заңсыз аң мүшелерімен бірге тәркіленген кездер жетіп артылады.

Вьетнам. Заңсыз саудалаудан құтқарылып, еркіндікке жіберілмекші болып жатқан 25 панголиннің біреуі қорап тесігінен сығалап тұр. Кукфуоң ұлттық паркінде орналасқан «Вьетнамның жабайы табиғатын сақтау» коммерциялық емес ұйымы елдегі браконьерлерге қарсы алғашқы топты даярлауға көмектесіп, мыңнан астам панголин құтқарды.

Уашингтон қаласындағы қылмыстық желілерді зерттеумен айналысатын «Қорғау саласындағы перспективалық зерттеулер орталығының» мәліметтері бойынша піл сүйегін тасымалдайтын ұйымдасқан қылмыстық желілер панголин қабыршақтарын да тасиды. Әдетте, мұндай қылмыстар ақшаның ізін жасыру, салықтық алаяқтық, заңсыз қару ұстау секілді көптеген істермен байланысты келеді.

Қытай панголин қабыршақтарының ең ірі тұтынушысы. «Бұлай болуы тиіс есес еді», – дейді Сан-Францискодағы Дәстүрлі Қытай медицинасы колледжі деканының орынбасары болған Стив Гивен. Ол науқастың еміне қарай қытай медицинасының фармакопеясында кемінде 125 шөптік, минералдық және жануардан алынатын балама элементтерді анықтаған. «Іс жүзінде кімнің болса да чуан шан цзяны клиникалық мақсатта пайдалануына негіз жоқ», – дейді ол панголин қабыршағын дәстүрлі атауымен атай отырып.

Батыс медицинасында құрамында кератині бар панголин қабыршағы адам ағзасына қандай да бір әсер беретініне ешбір дәйек жоқ. Дәл сол кератин тырнақ пен шашта да бар. Бірақ дәстүрлі медицина жазбаларында панголин қабыршақтары ағзаның дисбалансын емдеуде, айталық, қан кетуді тоқтатуға, етеккір циклінің бұзылуына, лактация мен артритке қатысты проблемаларға қарсы  тиімді екені айтылады.

«Миллиондаған адам шипа іздеп дәстүрлі медицинаға жүгінеді. Олардың саны артатынға да ұқсайды, себебі, дәстүрлі қытай медицинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық жинағына ресми түрде кіреді деп пайымдалып отыр. Сондықтан медициналық қызметін ұсынатындар мен пациенттерге альтернатива туралы айтып жеткізу панголиндерді құрып кетуден сақтаудың маңызды жолы болмақшы», – дейді Гивен.

Камерунға оралайық. Яң үш панголинді қайтадан жабайы табиғатқа жібергелі жатқанын айтып, Стиртон екеумізді келіп көруге шақырды. Әдеттегі жіберетін жерге қоя берейік десек, жаңбырмен жер-дүниенің астан-кестеңі шыққан. Сондықтан ашық далаға барып тоқтадық.

«Вьетнамның жабайы табиғатын сақтау» коммерциялық емес ұйымы өсіп-жетілгенге дейін мына бала панголинге күтім көрсетеді. Панголиндердің көбі Қытайға жөнелтілетіні айдан анық. Өйткені онда құрамында панголин қабыршағы бар дәстүрлі медицина дәрілерін жасап сататын фармацевтикалық компаниялар көп. Сарапшылардың айтуынша жоғалып бара жатқан жануарға деген сұранысты азайту үшін тұтынушылар мен медицина мамандарына қытай фармакопеясындағы өзге альтернатива туралы үйрету керек екен.

Дала төріне қарай бірнеше метр жүргенімізде Яң бірінші панголинді жерге қоя берді. Ол биік өскен шөп арасына кіріп, көзден ғайып болды. Біз шөп басының жай ғана сусылдағанын ғана көрдік. 15 минут ішінде қалған екі панголин де еркіндікке жіберілді.

Қайтып келе жатқанымызда Яңнан бір уыс панголин қабыршақтары кептірілуге қойылған, қасынан өтіп бара жатқан ет базары туралы сұрадым: «Жаңа ғана еркіндікке жіберілген панголин таяу арада ауланып қалуы мүмкін емес пе?»

«Иә, мүмкін. Оларды еркіндікке жіберген қуантады әрі мұңайтады. Ешқандай кепілдік жоқ», – деді ол, – қалай дегенмен де бұл екінші мүмкіндік. Бәлкім, олар қайта қолға түскенше тұқым көбейтіп, құрып бара жатқан түріне бірнеше бала панголин тастап үлгеретін шығар. Қазір әрбір панголин мен оның әлеуеті маңызды».

 

Авторы: Рейчал Бейл, фото: Брент Стиртон

 

Жасырын табиғаттың символы

$
0
0

Кемінде бір көбелектің қызметіне жүгінетін орхидея

 

Экзотикалық әдемілік жағынан елес орхидеямен (Dendrophylax lindenii) бәсекеге түсетін гүл кемде-кем. Оның ұзын түтікшесіндегі шәрбатқа жету үшін күйе көбелектер тіл сияқты бізтұмсығын пайдаланады. Қоректеніп жатқанда жәндік өзге орхидеяға жеткізетін дән жинап, тозаң көзіне үйкеледі.

 

Осы күнге дейін бұл орхидеяны тозаңдандыра алатындай ұзын бізтұмсық тек сфинкс күйе көбелегінде бар деп есептелініп келгенімен жаңа фотолар бұл пікірді жоққа шығарды. Карлтон Уард Дж. мен Мак Стоун фотографтары, сондай-ақ биолог Марк Дэнәхер мен Питер Хулихан мұндай суреттерге қол жеткізу үшін қашықтықтан түсіретін камераларын ұзақ көздеген. Нәтижесінде үстінде тозаңы бар тағы екі күйе көбелек түрінің елес орхидеяға келетіні анықталды (жолақты сфинкс күйе көбелегінің суреті). Соңғы зерттеулер күйе көбелектің бұдан да көп түрі бұл орхидеяның нектарына жете алатынын ұсынады. «Жасырын табиғаттың символы туралы жаңалық ашу ғажап сезім», – дейді Уард.

 

 

Авторы: Дуглас Мэйн


Алабажақ тиін

$
0
0

Көлемі мен реңі бойынша бұл тиінге тең келері жоқ.

 

Бұл түрлі-түсті кеміргішті әуесқой фотографтардың бірі алғаш рет Үндістанның оңтүстік ормандарынан байқаған екен. Ол түсірген суретті интернеттен көргендер таң қалумен болды. Алып тиінінің салмағы екі келі, ал құйрығының ұшынан тұмсығына дейінгі ұзындығы бір метрге дейін жетеді. Көлемі жағынан ол Еуропа мен Солтүстік Америкадағы тұқымдастарына қарағанда екі есе үлкен болып келеді. Солтүстіктегі титтей көршілері­­не қарағанда өте икемді келетін табаны мен тобығының арқасында бұл «пілдер» бұтақтан бұтаққа алты метрге дейін секіріп, тропикалық ормандарда емін-еркін қоректенеді.

«Көлеңке мен сәуле мозайкасында өмір сүретін алыптың ерекше терісі теңдесі жоқ камуфляж қызметін атқарады», – дейді «Әлем тиіндері» кітабының авторы Джон Копровский. Ал эволюциялық биолог Дана Кремпелдің айтуынша: «Олар жыртқыштардың көзіне түсе қоймаса да, тиіндер бір-бірін алыстан байқайды».

 

Авторы: Джереми Берлин

 

 

Төменнен төнген қауіп

$
0
0
Шығыс Сібірдегі Батагайка кратерінің ені шамамен бір шақырым және ол өсе түсуде. Ол Арктикадағы көп кратердің ішіндегі ең ірісі. Көмулі жатқан мұздан кратерлер мен көлдер пайда болады.

Арктиканың қатқан жыныстары болжанғаннан анағұрлым жылдам еріп, құрлықтың бет-бейнесін құбылтып, климат өзгерісін үдете түсуі мүмкін улы газдардың бөлінуіне себеп болып отыр.

Қуатты парниктік газ б.т. метан Арктикадағы көлдердің астынан көпіршіп шығуда. Қыста үстіңгі қабаттағы мұз газды ұстап қалады. Алясканың Фэрбенкс қаласы жанындағы мына тоғанда ғалымдар мұзды тесіп шыққан газды тұтандырды.

Мамандығы бойынша эколог Сергей Зимов мамонттың түкті сүйегін үйіндіге тастай салды. Ол үгітіліп жатқан жердің мұнарадай жартасынан төмен, суы салқын ені кең Колыма өзені жағасында жүресінен отыр. Арктика шеңберінен әлдеқайда жоғары орналасқан Шығыс Сібірде қазір жаз. Көз алдындағы далада аяз да, қар да жоқ. Десек те, Дуванный яр деп аталатын мына тірек қимада Колыма өзені жазықтықты шайнап өтіп, оның астындағы дүниені жалаңаштауда. Салдарынан тереңдігі жүздеген метрге жететін қатқақ жер жылдам жіби бастаған. Бұтақтар, басқа да өсімдік қалдықтары мен мұз дәуіріндегі жануарлардың дене бөліктері ша­­йылып келген күйі Зимовтың етігіне жабысып жатыр. «Дуванный ярды жақсы көремін, – деді ол тасқа айналған сүйектерді балшықтан шығарып жатып, – кітап сияқты оның әр парағы табиғат тарихына тұнып тұр». Ғаламшар төбесіндегі 23 млн шаршы шақырым ауданда климат өзгерісі тарихтың жаңа тарауын жазып жатыр. Арктика құрсауы ғалымдар болжағандай біртіндеп еріп жатқан жоқ. Геологиялық тілмен айтар болсақ ол «бір түн ішінде еріп бітетіндей қарқынмен» еріп жатыр. Дуванный яр сияқты жерлердегі топырақтың жұмсарып, шөгуімен, олар ежелгі тіршіліктің қалдықтарын, яғни мыңдаған жылдар бойы қатып жатқан лай ішінде көмулі тұрған көміртегі массасын шығарады. Метан не көмір қостотығы климат өзгерісіне көсеу бола түсері анық.

Бұл қауіпті Зимовтан артық түсінетін жан жоқ. Ол Дуванный ярдан моторлы қайықпен үш сағат жердегі Черскийде орналасқан ғылыми зерттеу станциясында жылынып жатқан Арктиканың тылсым сырларын ашам деп ондаған жыл өмірін сарп етті. Осы уақытта ол жалпы көпшілік санасына сіңіп қалған түсінік-ұғымдарды, әсіресе қиыр солтүстік сонау плейстоцен мұз дәуірінде шексіз шұбатылған мұзды шөл мен үстін сәлбен басқан жұқа топырақты дала болған деген көзқарасты теріске шығаруға ықпал етті.

«Сібір, Аляска мен Канаданың батысында бұрын талды-шөпті құнарлы жайылымдар болғанының дәлелі Дуванный яр мен өзге де учаскелерден табылып жатқан мамонт сияқты ірі жануарлардың қаңқа қалдықтары», – дейді Зимов. Бұл жануарлар мен өсімдіктер өлген кезде суықтан шіріп үлгермей, уақыт өте келе жел айдаған лайға көміліп, шыңырау астында мәңгілік тоң құрсауына кете барған. Осылайша, Арктика қойнауы ғалымдар болжағаннан да мол көміртегі қорына ие.

Сергей Зимов (оң жақта) пен ұлы Никита Ресейдің Черский қаласында, Колыма өзені бойында Арктиканы зерттеу станциясы қызметін жүргізіп отыр. Үлкен Зимов мәңгі тоң құрамында бір кездері ғалымдар ойлағаннан да көп көміртегі бар екенін алғаш анықтады. Температураның көтерілуімен қазір сол көміртегінің бір бөлігі ауаға бөлінуде.

Соңғы ашылымдар ғаламшардың жылынуымен көміртегі газының бөлінуі жылдамырақ жүретінін көрсетіп отыр. Арктиканың жылынуы күтпеген жылдамдықпен орын алуы және еріген судың молаюы Жердің орташа температурасын әр кезең сайын бір градусқа көтерілуі қатқан жерден бір жылдың ішінде 4-6 жылда шығатын көмір, мұнай мен табиғи газ эмиссиялары ауаға тарайды деп жағасын ұстап отыр. Бұл ғалымдардың бірнеше жыл бұрын ғана жасаған болжамынан екі-үш есе көп. Бірнеше онжылдық ішінде егер қазба ресурстарды пайдалануды азайтпасақ, бөлген эмиссия жағынан мәңгі тоң бүгінгі таңда әлемдегі парник­тік газ шығарындылары бойынша дес бермей келе жатқан Қытаймен теңеседі.

Біз мұны есепке алмай отырмыз. БҰҰ-ның Климат өзгерісі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобы (КӨЖҮСТ) енді ғана қатқан жынысты өзінің зерттеулеріне қоса бастады. Олар әлі де бұл «Пандораның» қаншалықты кең ашылып, соңы қандай хаосқа ұласатынын білмейді.

Мәңгі мұздықтың ғаламшарды жылыту потенциалын көргіміз жоқ. Еру процесін ескерген жаңа зерттеудің бірі, 2015 жылы Парижде 195 мемлекет келіскендей жылынуды Цельсий бойынша екі градусқа шектей алып, КӨЖҮСТ дайындаған болжамды орындау үшін, эмиссияны әлдеқайда ерте, сегіз жыл бұрын азайта бастауымыз қажет екен көрсетті. Бұл баламалы энергия көздеріне ауысуды жеделдетудің ең негізгі себебі болса керек: жылынумен күресуде алға қойған қандай да болмасын мақсатқа жету үшін ойлағанымыздан да шапшаң әрекет етуіміз керек.

Зимов Черскийге алғаш 1970 жылдары бір экспедиция құрамында карта жасау­­ға көмектесу үшін студент кезінде келген. Ол араға шамалы жыл салып қайта оралып, Солтүстік-Шығыс ғылыми зерттеу станциясын ашады. Бүгін ол станцияны ұлы Никитамен бірге басқарып отыр. Бұл азғантай ғана бюджетпен жұмыс істеп отырған импровизациялық ұйым. Бірақ станция Арктиканы зерттейтін ғалымдарды әлемнің әр түкпірінен магнитше тартуда.

2018 жылы жаздың бір күнінде фотограф Кейти Орлински екеуміз Колыма өзенінің Арктика теңізіне құятын тұсына таяу орналасқан Амбарчик шығанағындағы мониторинг нысанына керек-жарақ таситын ескі кемеге мініп, Зимовтың қасына бардық. Біз шөп арасымен ескі бу радиа­тор­­­лары төселген жолмен жүріп өттік. Зимов жүріп бара жатқанымызда мәңгі тоң тереңдігін тексеру үшін жерді металл шыбықпен шұқылап қарап отырды.

Аляскадағы Брукс тау жотасынан оңтүстікке қарай ағатын Алатна өзенінің алқабы аң-құс үшін солтүстікке, жылынып жатқан Арктикаға қарай көшетін дәлізге айналған. Құндыздар популяциясы толассыз артуда және олардың тоғандары – олардың кейбірін сол жақтағы өзеннің арғы басынан көруге болады – қатқан жыныстың еруін үдете түсуде.

Мәңгі мұздық не тоң (қатқан жыныс) жыл он екі ай мұз боп жататын жер бетін төрт метрге дейінгі қалыңдықтағы балшық пен өсімдік детритінен тұрады. Белсенді қабат деп аталатын осы топырақ жаз сайын еріп, қыста қатқан жынысты жоғарыдағы көтерілген ыстықтан қорғап, қайта қатады. Бірақ 2018 жылы Никита қарамағындағы жұмыс тобы Черский айналасындағы жер бетіндегі балшық солтүстік полюс­тің ұзақ та қараңғы түнінде қатпағанын байқаған. Мұндай жағдай бұрын болмаған-тұғын: Сібірде қаңтар айының суықтығы соншалық адам тынысы шытырлап қатып қалады, жергілікті якуттар мұны «жұлдыздар сыбыры» деп айтады. 75 см төмендегі қабат қатып қалуы керек еді. Ол болса былжырап жатты.

«Үш жыл бұрын жер үстіндегі ауа температурасы -3 C° болатын, – деді Сергей Зимов, – кейін -2 C°, одан соң -1 C°. Ал биыл +2 C° болып тұр».

Бір жағынан бұл таң қаларлық жағдай емес. ХІХ ғасырдың соңынан бері Жердегі ең жылы бес жыл 2014 жылдың бергі жағында болды және салқындатып тұратын теңіз мұзы еруімен Арктика ғаламшардың өзге бөліктеріне қарағанда кемінде екі есе жылдамдықпен жылынуда. 2017 жылы Тундра өз тарихындағы ең сұрапыл орман өртін бастан кешірді. Біз Сібірге аяқ басардан бірнеше күн бұрын Солтүстік полюстік шеңберден 390 шақырым жоғарыда Норвегияның Лаксельв қаласында термометрлер 32° С көрсетті. Суық іздеген Арктика бұғысының тынысы тарылып, ол туннельдерді паналап, жан сақтаған.

Мәңгі тоң температурасы жаһандық масштабта жарты ғасыр бойы­­на артып келеді. Алясканың Норт Слоуп ауданында ауа температурасы 30 жылда 8,5 C° көтерілген. Мәңгілік тоңның жергілікті деңгейде, әсіресе, ауылдық жерлерде еруі жер бетін бүлдіреді, ыстықтың тоң ішіне кіруіне жол ашып, жағалау аймақтарды, жолдар мен мектептерді, құбыр желілерін, сондай-ақ Арктика аңшылары морж бен көк кит етін сақтайтын жерқоймаларын бүлдіреді. Жаздың жылы болуы қазірдің өзінде мұндағылардың өмірін өзгертуде.

Десек те, Зимовтар 2018 жылдан бері тіркеген қысқы жылымық мүлде ақылға сыймайды, оған Арктиканың да қатыс­тылығы шамалы. Парадокстылығы сол, бұған қалың жауған қар себеп. Сібірде жер құрғақ, бірақ 2018 жылға дейін де өңірге бірнеше қыс бойы қалың қар түскен. Қар жамылғысы топырақтағы жаз ыстығын ұстап қалады. Черскийден 18 шақырым жердегі зерттеу алаңында Германияның Макс Планк биохимия институтында жұмыс істейтін Матиас Гоикид бес жыл ішінде қар қалыңдығы жағдайды қиындатқанын анықтаған. 2018 жылдың сәуір айына қарай белсенді қабаттағы температура 6 C° көтерілген.

Мына суретте Батагайка кратерінің қабырғасында көрінетін Арктиканың қатқан жынысындағы топырақта Мұз дәуірінде жойылған жапырақтардың, шөп пен жануарлардың органикалық қалдықтары бар. Осы күнге дейін сол көміртек қоры жер қойнауында жатқан болатын.
Фото Любовь Куприянованың көмегімен түсірілді

Бұл құбылыс Сібірмен шектелмеді. Мұзды қабат сарапшысы Владимир Романовский Аляскадағы 180 зерттеу алаңында белсенді қабаттың қаңтар айының орталарына таман толық қатып қалатынына талай жыл куә болған. Алайда бұл жерлерге де жақында қар қалыңдап жауа бастағандықтан қабаттың қатуы алдымен ақпанға, кейін наурызға дейін кешігетін болған. 2018 жылы Романовский бақылайтын Фэрбенкс жанындағы алаңдардың сегізінде және Сьюард түбегіндегі он екі алаңда жер бірде-бір рет толық қатпаған.

Дүниежүзі бойынша мұзды жыныс қойнауында 1600 гигатоннаға дейін көміртегі бар. Бұл атмосферадағы мөлшерден екі еседей көп. Ешкім осы мұзды жыныстың түгел не тіпті, көп бөлігінің еруін күтіп отырған жоқ. Бұған дейін зерттеушілер мұзды жыныс құрамындағы көміртегінің әрі кеткенде он проценті ғана бөлінеді деп шамалап келген. Мұның өзі, жорамал бойын­­ша 80 жылға дейін созылуы мүмкін еді.

Бірақ белсенді қабаттың қыста қатпауының кесірінен бұл процесс үдей түсті. Қосымша жылу микробтардың топырақтағы органикалық заттармен қоректеніп, жаз мезгіліндегі азғана уақыт ішінде көміртегі мен метан бөлуіне әкеп соғуда. Және қысқы жылымық мәңгі тоңға тарап, оның еруін жылдамдата түсуде.

«Есеп-қисабымыздың астаң-кестеңі шығып жатыр», – дейді әуедегі көміртегі эмиссияларына бақылау жүргізетін Колумбия университетінің атмосфера химиясы жөніндегі маманы Ройзин Комман. Ройзин әріптестерімен бірге қыстың басында Алясканың Норт Слоуп ауданынан келетін көміртегі қостотығының мөлшері 1975 жылдан бері 73 пайыз­­ға артқанын анықтаған. «Арктикада не болып жатқанын түсінуге тырысып келеміз, – дейді Комман, – бірақ, нағыз өмір күн батқаннан кейін басталады».

Бірнеше қарлы қысқа бола тренд қалыптаспайды. Черскийде өткен қыста қар аз болды және топырақ қайтадан айтарлықтай салқындады. Фэрбенкс қаласында да қар аз жауды. Десек те, Аляскадағы Романовскийдің зерттеу алаңдарының кейбірінде белсенді қабат толық қатуға мүмкіндік бермейтін қызуын сақтап қалған.

«Бұл шынымен таңдай қақтырар нәрсе, – дейді Аляска мен Черскидің де көміртегі циклін зерттеген Массачусетстегі Вудс-Хоул зерттеу орталығы директорының орынбасары Макс Холмс, – негізі, мен мұзды жыныстың еруі баяу әрі тұрақты процесс деп ойлаған едім. Бірақ олай болмай шықты. Егер өзгерістер біз ойлағаннан жылдамырақ болып жатса ше?».

Әкелі-балалы Зимов­тар Мұз дәуірінде Арктиканың құнарлы жайы­лымдарын сақтап отыруға шөпті тезегімен тыңайта ірі шөпқоректілер сеп болды деп есептейді. Құрғақ даланы қайта оралту және қатқан жыныс­тың еруін бәсеңдету үмітімен олар жабайы жылқылар мен басқа да шөпқоректілерді Колыма өзені сағасындағы жоба алқабына әкелуде. Олар бұл алқапты Плейстоцен паркі деп атайды.

Бұл өзгеріс Арктика теңізіндегіндей өз-өзін қуаттандыратын процеске айналса ше? Теңіз мұзы күн сәулелерін шағылыстырып, астындағы суды салқын күйде ұстайды. Алайда мұздың еруімен қара су жылуды сіңіріп, мұздар онан әрмен ери түседі.

Әдетте, мұндай кері байланыс циклдері басталатын өзгеріс кезеңдерін болжау оңай емес. «Аттап өткіміз келмейтін табалдырықтар бар екенін білеміз, – дейді Стэнфорд университеті жанындағы Вудс экология институтының директоры Крис Филд, – бірақ, олардың қай жерде екенін айту мүмкін емес».

Мұзды жыныс салдарынан біз көре алмайтын дүние тым көп. Ғалымдар шағын жер телімдерін зерттейді, басқаларын қашықтан қадағалап, қолда бар мәліметпен қорытынды жасайды. Бұл жағдай толықтай жер серіктері арқылы зерттелген Арктика теңізіндегідей емес. «Интернетке кіріп, теңіз мұзына не болып жатқанын көре алмайсыз, – дейді мұзды жыныс жөніндегі сарапшы Тед Шуур, – қалың мұз үшін біз тереңге үңіле алмаймыз. Не болып жатқанын өлшейтін құралдарымыз да шамалы».

Мәңгі тоңның 20 пайыз не сол шамасындағы қатты мұз қоры бар шөгінділер зерттеушілерді ерекше алаңдатып отыр. Бұл мұздың көп бөлігін топырақ арқылы төмен сіңіп, мұзды жынысқа жеткенде қатып қалған су, бір бөлігін Арктиканың мыңдаған жыл қысында сығылып, көпбұрышты құрылымдарға бөлінген қабаттар құрайды. Көктемде еріген су осы саңылауларға толып, кейін қатып қалған. Уақыт өте келе көміліп қалған мұз қатқан жыныс құшағындағы алып сыналарға айналған. Дуванный ярда ондай жерлер жетіп артылады.

Мәңгі тоң қайтқан кезде құрылым «түйіні шешіліп», мұз тез ериді. Судың жылыстауымен жылу таралып, артында туннельдер мен ауа қалталары қалады. Пайда болған саңылауларды толтыру үшін жер шөгіп, бетінде ойпаттар шығады. Ол жаңбыр және еріген сумен толып, су көлшіктерді тереңдетіп, көлшіктер тоғанға, ал тоғандар көлге айналғанға дейін олардың мұзды жағалауларын кеміре береді. Салдарынан жылыған жердің көлемі артып, мұздар ери береді.

Ғалымдар «күрт еру» деп атайтын бұл процесс ландшафтыны түгел өзгертіп, сырғымаға себеп болады. Ғалымдар Канаданың Банкс аралында 1984-2013 жылдар аралығында топырақ шөгуінің 60 есе артқанын тіркеген. Бұл ормандардың азаюына әкеледі. Канаданың Гуэлф университетінің экологы Мерритт Турецки соңғы 15 жылда Фэрбенкс қаласының жанындағы шырша орманындағы күрт еру процесін бақылап келеді. Оның байқағаны, бұл жақта су тасқыны ағаштардың тамыры мен діңгегін дестабилизациялайды. Турецки жақында бүкіл ағаш құлап, оларды батпақ жұтып қояды деп қорқатынын жасырмайды.

Ерлі-за­йып­­ты Николай мен Светлана Ягловский әлі күнге дейін Черский маңындағы Колыма өзені бойында аң мен балық аулаумен күнелтеді. Мәңгі тоң еріп, үйлер опырылып, бағыт-бағдар табу қиындай түскендіктен олардың кей көршілері қалаға көшіп кеткен.

Мәңгі тоң еріген тұста парниктік газ эмиссиялары болады. Бірақ ақпайтын су қауіпті үдете түседі. Тоғандар мен көлдер астындағы оттегісіз балшықтан көпірген газ көміртегі қостотығымен шектелмейді, ол жерде метан да бар. Ал метан болса көміртегі қостотығына қарағанда 25 есе қуатты болып келеді. Эколог Вейти Уолтер Энтони Арктика көлдерінен бөлінетін метан газы мөлшерін жиырма жыл бойы өлшеп келеді. Оның 2018 жылы жарияланған соңғы есептеулері бойынша күрт еру қатқан жыныстан бөлінеді деп жорамалданған парниктік газ мөлшерін үш еседей арттық бөлдіруі мүмкін.

Осы хабарламаның мінбердегілердің құлағына қаншалықты жеткені белгісіз. Өткен қазан айында БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 2015 жылы Париж конференциясында қабылданған температура бойынша екі амбициялық мақсатқа қатысты жаңа баяндамасын жариялады. Онда ХІХ ғасырдан бері ғаламшар шамамен 1°С жылынған. Баяндамада жаһандық жылынуды 2 емес, 1,5 градуста ұстап тұрған жағдайда 420 млн адамға дейін халықты экстремалдық ыстық ауа райына соқтырмай, көптеген өсімдік мен аң-құстың тіршілік ортасын аман алып қалуға болар еді деп жазылған. Сондай-ақ ол ауданы 2 миллионға дейін шаршы шақырым қатқан жынысты сақтап тұруға көмектесер еді. Алайда БҰҰ-ның КӨЖҮСТ-ның па­­йымдауынша 1,5 градустық мақсатқа қол жеткізу үшін әлем парниктік газ шығарындысын 2030 жылға дейін 45 пайызға және 2050 жылға дейін толық тоқтатуы әрі оның атмосферадағы зор көлемін сорып алатын технологиялар жасап шығаруы қажет екен.

Бұл тапсырма тіптен күрделі болуы мүмкін. БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 1,5 градусты мақсат еткен баяндамасында алғаш рет қатқан жыныс эмиссиясы есепке алынғанымен күрт еру салдарынан шығатын эмиссиялар қаперге алынбаған. Климат модельдеуі де осындай лездік өзгерісті қамти алатындай жеткілікті дамыған емес. Алайда National Geographic өтінішімен Кейти Уолтер Энтони мен модельдеуші Чарльс Ковен күрт еру салдарынан пайда болатын эмиссияларды қосатын долбарлы есептеу жасап шығарды. Температура көтерілуін 1,5 градуста шектеп ұстап қалу үшін отын жағудан шығатын эмиссияларды КӨЖҮСТ меңзеген кестеден алты жыл бұрын 2044 жылдан кешікпей тоқтатуымыз керек. Бұл бізге жаһандық энергетикалық жүйені трансформациялауға тек ширек ғасыр ғана уақыт береді.

«Біз осындай толық емес құралдар жиынтығы бар белгісіз болашақпен бетпе-бет келіп отырмыз, – дейді Ковен, – белгісіздік біз жақ емес. Істің насырға шабуына апарар жол көп».

Сібірден кейін, бірнеше апта ішінде Орлински, мен және Кен Тейп есімді эколог үшеуміз Аляскадағы Гейтс-оф-те-Арктик ұлттық паркі арқылы саяхатқа шықтық. Жүзбелі ұшақ бізді орталық Брукс тау жотасындағы Гайдик көліне тастап кетті. Сол жерден біз төмен қарай оңтүстіктегі Алатна өзеніне жол тарттық. Қыркүйектің күні су бетінде шағылысып тұрды. Екі шақырымдай жерде, жағалау бойынан мүжілген таяқтарды көрдік. Өзендердің біріне түсіп, жаңа қалыптасқан аумағы 15 га көлге жеткенше бір апта уақытымызды сарп еттік. Көлдің ортасында құндыздың алып ордасы бар екен.

Астындағы қатқан жыныс­тың еруімен Аляс­кадағы 380 тұрғыны бар Ньюток ауылы жерге шөгіп барады. Жазғы құс аулау кезінде төрт юпик баласы – солдан оңға қарай Кенйон Кассаули, Джона Энди, Ларри Чарьлз пен Риз Джон – су басқан жолды кешіп барады.

Тейп Алясканың табиғаты қалай өзгеріп жатқанын және оның қатқан жынысқа қалай әсер етуі мүмкін екенін бақылау үшін әуеден және ғарыштан түсірілген суреттерді пайдаланып келеді. Қатқан жыныстың еруімен және жылы маусымның ұзаруымен Арктика жасыл желектеніп келеді: Алясканың өзенді алқаптарындағы жасыл желек шамамен екі есе артып, солтүстік жануарларын өзіне тартуда.

Қарды тесіп шығатындай биіктігі жеткілікті қызылталдар арқасында ақ қояндар үшін пана мен қорек мәселесі шешіліп, олар Солтүстік мұзды мұхитқа дейін тарап кеткен. Әдетте тек орманда тіршілік ететін бұл қояндар қазір жүздеген шақырым айналасында бірде-бір орманы жоқ Канаданың Норт Слоуп алқабын жаулап алған. Шамасы, екеуі де тал-шілікпен қоректенетін бұлан салған соқпақпен жүрген болуы тиіс. Қазіргі уақытта Колвилл өзені маңайында шамамен 1600 бұлан бар деп есептеледі. Бұрын олар мұнда мүлде аяқ баспайтын.

Осы ашылымдар Тейпті Тундраның жаңа тұрғындарын фотоға түсіру жорығына алып шықты.

«Ғарыштан көруге болатын белгі қалдыратын жануар аз, – деді ол, – солардың бірі Құндыз».

1999 жылдан 2014 жылға дейін түсірілген үш су бассейнін қамтитын суреттерде ол құндыздардың 56 жаңа тоғандық кешенін байқаған. 1980 жылдары олар мұнда болмаған. Олар жылына сегіз шақырымға дейін жылжи отырып, солтүстік Алясканы кәдімгідей жаулап алуда. Тейптің есебі бойынша Арктикалық Аляскада қазір 800-ге тарта құндыз тоған кешені бар. Оның ішіне Алатна өзеніндегі алып ін де кіреді. Тейп оған Лодж Махал (ағылшынша Lodge – ін) деп ат қойған.

Бірқатар бөгет үшін өзен арналары өзгерген жер көп. «Лодж Махал айналасындағы батпақ жаңадан пайда болған, – дейді Тейп, – егер елу жыл кейінге барар болсаңыз, бұл жерден құндыз таппаушы едіңіз».

Тейп пен Уолдтың Алатна өзенін зерттеуге құмартуының бір себебі жолсілтеу­шісінің Нигу өзені жағалауынан құндыз кемірген ағашты тауып алуы еді. Нигу Гайдик көліне таяу тұстан, Алатнаның жоғарғы жағынан бастау алады. Бірақ ол құрлық бөлінген жердің келесі жағында, сондықтан ол солтүстікке қарай Колвилл өзеніне және Солтүстік мұзды мұхитқа қарай ағады. Алатнаның бойында, Лодж Махал үстінде біз басқа тоғандар мен тастанды бөгеттерді таптық. «Алатна өзенін жол бағдары ретінде пайдаланып, құндыз­дар Брукс тау жоталары арқылы Норт Слоупқа қарай бара жатқан болуы керек. Біз осыны шынайы уақыт режимінде көріп отырмыз», – деді Тейп.

Тейп бұл процеске климат өзгерісі түрткі болып отырғанын дәлелдей алмайды. Бір жағынан, құндыз түгі саудасы 150 жыл бұрын аяқталғандықтан олардың популяциясы да артып келеді. Бірақ, қалай болғанда да, олар қатқан жынысты алқаптардың бет-бейнесін айтарлықтай өзгеріске ұшыратуы мүмкін.

Беринг теңізі маңындағы Нинглик өзені бойында орналасқан Ньюток ауылында қатқан жыныс­тың қираған кесектері кей үйлерге жақындап келеді. Ауыл өзеннің жоғарғы ағысындағы 14 шақырымнан астам жерге көшірілуде. Бір күні Аляскадағы ауылдардың көбі осы көшке қосылуы мүмкін.

Тейп соның алғашқы көрінісіне куә болды. 1950-1985 жылдар аралығында Алясканың Сьюард түбегіндегі Шишмарев қаласының оңтүстік-шығысындағы Серпентин өзені тармағында түсірілген суреттерде ешбір өзгеріс байқалмайды. 2002 жылға таман құндыздар аймаққа еніп, алқапты суға бөктірген. 2012 жылға таман кей жерлер шөгіп, батпаққа айналды. Мәңгі мұздық болса еріп түгесілуде.

Бірнеше жүз құндыздың Арктика құрлығын өзгертуі екіталай. Бірақ жануар­лар Канада мен Сібірде солтүстікке беттеп бара жатқан болуы мүмкін, әрі олар тез көбейеді. Аргентинаның тәжірибесінен сабақ алуға болады: 1946 жылы түк саудасын қыздыру мақсатымен оңтүстікке жиырма құндыз әкелінеді. Бүгін олардың саны жүз мыңнан асқан.

Зимовтың Арктикадағы қатқан жердің өткені мен келешегіне деген көзқарасы бойынша аңдар да басты рөлге ие, бірақ аңдар құндыздарға қарағанда ірі және олардың мәңгі тоңға әсері соншалықты зор емес. Зимов плейстоцен алқаптарын кезген бизон, мамонт, жылқы мен бұғы үйірлері шөп жеуден бөлек маңызы орасан екенін көп уақыттан бері айтып келеді. Бұл жануарлар осы өңірді сақтап келген.

Соңғы мұз дәуірінен бері Шығыс Сібірдің құрғақ да шұрайлы өрістің орнын ылғалды тундра басқан. Оның солтүстігінде мүк, қиыр оңтүстігінде орман бар. Зимовтың айтуынша, осы өзгерістің басты факторларының бірі аңшылардың шамамен 10 000 жыл бұрын көк жейтін ірі шөпқоректілердің түбіне жетуі. Топырақты құнарландыратын жануарлар болмағандықтан, шөп шықпай қалды, ылғал тартатын шөп болмайынша топырақтың ылғалдылығы артты. Мүк мен ағаш үстемдік құра бастады. Бірақ мыңдаған жыл бұрын адамдар экожүйені өзгертпегенде Сібірде әлі күнге мамонттар жайылып жүруші еді.

Зимов 25 жыл бұрын Черский жанындағы төменгі алқапта Плейстоцен паркі деп аталатын ауданы 144 шаршы шақырым демо-жобасын ашты. Оның идеясы шөпқоректі ірі жануарларды кері тартып, олардың бұл алқапты жайылымға айналдыруын бақылау еді. Ол өзі және кейіннен Никита екеуі жабайы жылқыларды, артынан Байкал көлі маңынан қодастар мен қойлар әкелді. Өткен көктемде Никита Даниядан 12 бизон әкелді. 2018 жылы Зимовтар Гарвард университетінің генетигі Джордж Черчпен әріптес­тік байланыс орнатты. Черч, негізінде, мамонтты клондауға болады деп есептейді. Осыдан келіп Антропоцен дәуіріндегі Плейстоцен паркінде жойылып кеткен жануарлар жайылып жүреді деген үміт туады.

Бұл парк Сергей Зимов гипотезасының ақырғы сынағы б.т. Жайылым жер, әсіресе, үстін қар басқанда қараңғы орманға қарағанда жарықты көбірек шағылыс­тырады. Шөпқоректі жануарлар қалың қарды таптап, жылудың топырақтан босап шығуына мүмкіндік береді. Екеуі де жерді салқындатады. Егер табиғат жа­­йылым жерлерді қалпына келтіре алса, бұл қатқан жыныстың еруін және сәйкесінше климат өзгерісін баяулатар еді. Алайда, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін Арктиканың миллиондаған гектар аумағын толтыратындай мыңдаған жануарды әкеп төгуге тура келер еді.

Мыңдаған жылдан бері Алясканың Норт Слоуп ауданында инупиаттықтар полярлық кит аулаумен келеді. Еті мен майын дұрыс сақтаса, бір ғана кит бір ауылды бір жылға дейін асырауы мүмкін. Ол үшін, әдетте, мәңгі мұздық үстінен мұз кабинкалар қазылады. Қатқан жыныстың еруінен, мұз ұяшықтар суға кетуде.

Зимовтар өздерінің аумағы 14 400 га паркіндегі айғақтар үміт отын жағатынын айтады. Тіпті, жүз шақты жануардың өзімен парктегі жайылым жерлер айналадағы басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай салқын күйде қалып отыр.

Зимовтардың амбициялары мен парктегі шынайы өмір арасындағы алшақтық, сөзсіз, үлкен. Бір күні түс ауа Никита бізді сегіз дөңгелекті мини танкке отырғызып, талдарды жапырып, серуен­­ге алып шықты. Тік өрмелеп бір төбеге шыққаннан кейін біз қалың сағызқарағай тоғайының үстінен бір-ақ шықтық. «Осы себепті де мұнда алып шөпқоректілер керек, – деді ол. – Дәл қазір менде мына ағаштардың көзін құртатын жануар жоқ боп тұр». Ол осы тұжырымдама дұрыс­тығының дәлелдеу үшін ғана қаржы жинауды жалғастыра бермек.

Кей ғалымдар Зимов­тардың Плейтоцен дәуірінде Сібірде қанша ірі жануар болғаны туралы пайымымен келіспей, олардың өткендегі және келешектегі экологиялық өзгеріс туралы теориясы тым қарапайым деген уәж айтады. Вудс Хоулда істейтін Макс Холмс оларды жақсы біледі. Холмс бұл жобада данышпандық сәулесі бар деп есептейді. «Зимовтардың тұжырымдамасы секілді кез келген үлкен идея мен алып қадам күмәнмен сыналады», – дейді ол.

Плейстоцен паркінен тысқары қазіргі әлем Арктиканың жылынуына бейқамдықпен қарауда. Ондаған жылдар бойына біз климат өзгерісінің айғақтарына селқостық танытып, жағдай соншалық ушыға қоймас деген оймен келдік.

Алясканың Уткиавик (Барроу) қаласында тұратын инупиаттық жас кит аулаушы Джозиа Оулмаун отбасылық тоңазытқыш ұяшығына кит етін реттеп салып жатқан сәті.

Зимовтардың ойы басқаша: Олар қыңыр­лыққа ерекше сыйы бар, сұрапыл ландшафт үшін өмірлерін бекер арнаған жоқ. «Адамзаттың энергетика жүйесін тез арада қайта жарақтандыруына үміт артқанша Арктика даласын қалпына келтіру арқылы қатқан жынысты сақтауға тырысудың несі ессіздік? Бәлкім, бізге кішкене ессіз болу керек те шығар», – дейді олар.

«Климат өзгерісімен күресуге түрлі тараптар жан-жақты әрекет етуі керек, – дейді Никита, – тек сол әрекеттердің барлығын біріктірген кезде ғана жұпыны келешектен алыстаймыз».

Алясканың Кактовик елдімекені маңында ақ аю көлікті зерттеп жатқан сәті. Теңіздегі мұздың еруінен ақ аюлар азық іздеп құрлыққа шыға бастаған. Сол сияқты, қатқан мұздың еруі, су басуы салдарынан аляскалықтар да балық пен етті сыртта сақтауға көшті.

Автор: Крейг Уэлш, фото: Кейти Орлински

Арктика тағысы

$
0
0
Қасқырлар қошқар өгіз қалдығын тіміскілеу­­де. Осы суретті түсіру үшін фотограф Ронан Донован камераны қаңқаның ішіне орналастырды. Талғажау ету үшін үйір жемтікке бір ай бойы оралып отырды.

30 сағат бойы арктикалық қасқырлар үйірімен жалғыз қалған тілшімізге Тундра тағысы ұялатқан сезім…

Арктиканың ала таңының көкшіл тартқан жарығы астында қыңсылай-ырылдасқан жеті қасқыр мұз үстінде хоккей шайбасындай мұз кесегін қуаласты. Дәл сол мезетте тоған аспан әлемінің айнасындай сан түске боялды, қасқырлар да «өз бақыттарынан бастары айналып», өзге әлемнің жаратылыстарындай көрінді. Олар тоған бойымен ерсілі-қарсылы қуаласты, төрт бөлтірік «шайба» соңынан тырбаңдаса, ал ересек үш қасқыр оларды аяқтарынан шалып, жағалауда мұз боп қатқан шөпке сұлатып, бөлтіріктерін сынап көрді. Сақылдаған сары аяздан дірілдеп, оқуға мүлде келмейтін жазумен күнделігіме «есерсоқ» деп түртіппін. Араларындағы ең ірі арланның салмағы шамамен 30 келі. Қасқырлардың дауысы мен мұзды тілген тырнақ дыбысы ғана естілетін тундраның мүлгіген тыныштығын төбеде көлбеңдеген қос қарғаның «келекесі» ғана бұзды.

Біздің түсірілім тобына Сұр Мэйн ретінде таныс бір жасар көкжал үйірлестерін аңға бастап барады. 2018 жылдың жазында олардың соңына түскен документалисттер екі күнге созылып, 100 шақырымдай жерді қамтыған аңшылыққа куә болды.

Ақыр соңында шөпке сырғап кеткен кесек мұзды көксерегі қуалап жүріп, парша-паршасын шығарды.

Қалғандары бастарын бір жанға бұрып, тұрып қалды. Сәлден кейін үйір мүшелері бірінен кейін бірі бастарын бұрып маған қарады.

Жыртқыштардың сені нысана қып, жанарыңды жүрек дүрсілімен жіпсіз байлаған сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл сәт есімде қазық боп қағылды. Әдетте адамзат бұндай бақылаудың «басты кейіпкері» бола бермейді, алайда денем ойымнан оза шауып, істің мән-жайын түсінгендей. Мен қайтадан селк еттім, бірақ бұл жолы аяздан емес еді. Бірнеше минут бұрын қаншалықты ойнақы мақұлықтай көрінген олар жыртқыш аңның кейпіне ене кетті. Ақ жүндері жұққан қаннан қарайып кеткен. Жақын маңда менен бірнеше есе үлкен, көкірек қуысы айырылған, қабырғалары аспан астында желпуіштей шашыраған қошқар өгіздің мүжілген қаңқасы жатты.

Қасқырлар маған үнсіз қарады, алайда бір-бірімен құлақ қағыстырып, құйрықтарының бұлғаңдарымен өзара «сөйлесуде». Олар шешім қабылдады да, сәлден кейін маған жақындай түсуді ұйғарды.

Осындай сәтті бастан кешкен жер бетінде, бәлкім, ешкім жоқ шығар. Канадалық Арктиканың жоғары жағындағы Элсмир аралына аттанып, деректі фильм түсіру тобына қосылғаным да сондықтан. Ландшафтының алыс жатқандығы мен қысының қытымырлығы соншалық бұл жаққа адам аттап баса бермейді. Батыс жағалауға бекітілген «Эврика» ауа райын болжау станциясында сегіз-ақ адам қызмет етеді. Ал ең жақын елдімекен – оңтүстікке қарай 400 шақырым жердегі 129 тұрғыны бар Гриз-Фьорд қана.

Канада солтүстігіндегі құзды тауларда шашырап, сиреп кеткен осынау қасқыр популяциялары Еуропа мен Азия бойында кездесетін cұр қасқырлардың тұқымдасы. Өркениет өкшесін басып, оларды ешқашан ешкім ауламаған және қумаған, азығы арамдалып, уланғанда жоқ, малшылардың да қақпанына түскен емес. Оларды бір жыл қорғап, келесі жылы бастарын қауіпке тігіп, өзгере беретін заң да, машина қағып жүр дейтіндей жол да жоқ. Оларды саусақпен санарлықтай ғана ғалым зерттеген.

Бөлтірік қауырсынды тістеп тұр, ал екіншісі болса үйірдің қартайған аналығы, «Ақ жаулықты» иіскеп жатқан сәті (оң жақтағы шеткісі). Ол қатысқан соңғы қантөгістен кейін «Ақ жаулық» алдымен күшіктерін тамақтандырып, кейін тундраға сіңіп, жоқ болды. Олардың ішінен ұрғашыларының бірі көш бастауға талпынғаны бар.

Бұдан келіп, қасқырлар адамдарға еш кезікпейді деген қорытынды жасау дұрыс емес. Атақты биолог Л.Дэвид Меч 1986 жылдан бастап өмірінің 25 жазын осындағы қасқырларды бақылаумен өткізіпті. Ауа райын болжау станциясының қызметкерлері оларды жиі көреді және қаумалаған қасқырлар тобы станция аумағында жүргендігі хабарланған жағдайлар болған. Түсірілім тобындағы менің достарым үйірдің үздіксіз қозғалысын квадроциклмен айнала аңдып, олардың бір бөлшегіне айналды.

Адамзатпен арадағы осы байланыс оларды аз да болса жабайылықтан құтқарды ма? Жануар жабайылылығының өлшемі адамзатпен арадағы алшақтықпен тең бе екен? Элсмир қасқырлары Айдахо немесе Монтана секілді оңаша ландшафтарында тұратын қандастарынан әлдеқайда шалғай жерде мекендейді. Бұл жерде қасқырларға адамзат қолынан қырылудың еш қаупі жоқ. Бұнда олар адам келеді деп қорықпастан күн кешуде, қорқудың да қажеті шамалы.

Сол күні қатқан тоғанға қасқыр үйірі ауаны иіскелей, асықпай жақындады. Қыркүйектің басы болатұғын, ауа температурасы -3°С. Шолтиған арктикалық жаз бітсе де аспандағы күн тәулік ішінде 20 сағаттай аялдап тұратын. Төрт айға созылар тас қараңғы түн – қыстың түні мен температураның -50°С төмен түсер уақытына санаулы апта қалды.

Қарусыз, жалғызбын. Өмірімде дәл осылай мұзда үстінде жалғыз қалған сәттерім болғанымен, дәл мұндай шарасыз күйге түсіп көрген емеспін.

Қасқырлар айналама түтіндей жа­­йылды. Қысқы жүндері өсіп қапты. Мойын тұсында сұр жүні бар бір жасар бөрісі мен сол жақ көзінің жанары тесілген (бәлкім, қошқар өгізбен қақтығыстан қалған болар) құртқасы жанымнан жүріп өткенде оларды ажыратуға көмектесетін дене белгісі еріксіз көзіме түсті. Бұл белгіні оларды бейнетаспаға түсіру кезінде де байқағанбыз. Көп ұзамай бөлтіріктердің қарайған құйрық ұштары да ағарады. Олар қошқар өгіз қанына малынғандықтан қан иісі мұрныма келді.

Дүрдиген табандарымен ебедейсіз секірген бөлтіріктері қашықтау жерде жүрді. Үлкендері бермен төніп келеді. Екі, не үш жасарлық батыл қаншық қол созым жерге келіп тоқтады. Қатқан қан не «Эвриканың» өртенген қоқыс үйіндісін тіміскілегеннен болар тұмсығы қап-қара келсе де, көздері ашық кәріптастай.

Қыркүйектің ымырт қараңғысында қошқар өгіздің жас төшкесімен тамақтанып болған 12 апталық күшік керіліп тұр. Саяхаттауға жарап қалған күшіктер қыс басталмастан салмақ қосып, аң аулау мен басқа үйірлес­терден алшақ жүру секілді тірі қалудың маңызды дағдыларын үйренуі тиіс.

Кенет, бір қарасам, санаулы қадам жерде түз тағысы маған тесіле қарап тұр екен. Менде еш қозғалмастан оған таңғала қарауды ұйғардым.

Айнала тым-тырыс. Асқазанымның гүрілі үстімнен тура бейне-бір ұшақ ұшып өткендей шулады. Ол басымнан бақайшағыма дейін қарай бастағанда тұмсығы ауада сурет сап жатқандай қозғалды. Сосын ол жақындап келді де күтпеген жерден шынтағыма мұрнын тақады. Тоқ соққандай болды, тұла бойым шіміркеніп кетті. Ол бүйіріне қарай ыршып түсті де қошқар өгіздің қалған қаңқасын мүжуге асыққан отбасының қалған мүшелеріне иығынан асыра көз тастады.

Көзі ақшыл шулан мені асықпай, ұзақ зерттеді. Ол көз контактісін үзгенде басқа аңнан еш көрмеген бірегей ақылына куә болдым. Жаратылысымыздың бөлектігіне қарамастан жүрек түбінде бір-бірімізді танитындай сезім бойды биледі.

Мен қандай да бір жеке байланысты меңзеп тұрғаным жоқ. Әлгі қасқырмен рухани жақындығым жоқ. Менің меңзегенім генетикалық негіз, биологиялық жақындық. Қасқырдың қазіргі адамнан аздап болса да жолы үлкен. Homo sapiens  пайда болғанда, ол толыққанды қалыптасып үлгерген болатын.

Қасқырлар да адам секілді мына ғаламшарда бағы жанған әмбебап жыртқыштардың бірі. Үйірдегі отбасылық қатынас бізге ұқсас деп саналатын приматтардан да жақын келеді. Ауа райының өзгерісі Арктиканы жылы, болжауға келмейтін аймаққа айналдырып жатқандықтан қасқырлар да жаңа өмірге біз секілді бейім­деледі – жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басқа жаққа «жүгін жинап» көшіп жүре береді.

Біршама уақыт бұрын мен Элсмирға келгенге дейін үйір өз аналарынан көз жазып қалыпты. Бүйірі суалған, асықпай орнынан тұрса да көш бастау­дан қажыры таймаған құртқаның жасы бес не алты жас шамасында еді. Тамыз айында кездескенде менің достарым оның әлсіздігін байқаған да жоқ. Ол жіптіктей арлан серігін санамағанда топ ішінде басқа қасқырларға енесіндей еді. Арланы топ бастаған аңшы болса, құртқа оның қазығы еді. Топ басшы қайсысы екендігіне күмән жоқ-тұғын.

Құртқа менің достарыма да, олардың камераларына да аса көп мән бермеген сыңайлы, әйтсе де жаңа туған күшіктеріне жақын келуге рұқсат беріп, кейіннен үйірлестердің маған деген толеранттылығына жол ашқан сабырлық көрсеткен. Түсірілім тобы маған шамамен бір апта бұрынғы шуланның соңғы жанқиярлығы күтпеген әрекет болғанын жеткізді.

Жемтікке зар болған үйір Гриз-Фьордтан қошқар өгіз бен арктикалық қоян іздеп жүр. Қыста фьорд қатқанда олардың аңшылық территориясы арғы беттегі тауларға дейін жетіп, асады.

Бірнеше сәтсіз жорықтан кейін үйір (қасқырлар үнемі олжалы бола бермейді) 100 келіні құрайтын қошқар өгіз төлін құлатып жығады. Бұндай астатөк тағамды көптен жемеген қасқырлар қалжырай, демдерін зорға ала, асқазандары шұрқырап, айнала жиналды. Алайда құртқа қаңқаға үлкендерін жолатпай, тек төрт кішкене күйкі күшіктеріне ғана ауыз салуға рұқсат берді.

Үлкендері жалынып, қыңсылап, құрығанда тіске басардан дәмеленіп, қарындарымен алға қарай жылжыды. Құртқа күшіктері тоя жеп, қарындары боулинг шарының көлеміндей болмайынша ырылдап, тісін қайрап міз бақпады. Бұл олардың жас еттен болған алғашқы асы болуы мүмкін.

Ақыр аяғында қалғандарына да жеуге рұқсат берілді. Қасқырлар өлгенше тоя жеп, қайғысыз, қамсыз күйге енді. Осыдан кейін құртқа көз алдынан жоқ болды. Ол оралмады, оған не болғанын біз де біле алмадық.

Қасқырлар қошқар өгіздің қаңқасын елеместен Канаданың әскери бекінісін шарлап шыққаннан кейін үйір аэродром маңындағы шөп арасынан қоян аулауға кірісті.

Қасқырлардан көз жазғым келмегендіктен тоған басында 30 сағатқа жуық отырдым. Үйірдің басына түскен қиыншылықтарына қарамастан, олар бақытты сәтті бастан кешіп жатты. Олар ойнақ сап, иіскеп, көз шырымын да іліп алды. Дистанция сақтағым келсе де қасқырлар қайта-қайта мені тексеру үшін кеп тұрды. Сұмдық дем мен сұмдық осырық иісін де естіп, сезіп отырдым.

Біртіндеп олардың маған деген қызығушылығы басылды, алайда қатты суықтан сағат сайын өзімді орнымнан күштеп тұрғызып, көлеңкеммен жұдырықтасып, қолдарымды төбемнен асыра шапалақтай, бір орнымда секіре бердім. Абыржып тұрғанымды сезгеннен болар, қыздырылған сайын қызыққұмар әрі батыл итқұстар мені айнала қоршап алатын.

Бірер сағат ұйықтап алу үшін белгілі бір уақыттан соң алшақтау жерге шатыр тігіп алдым. Әбден шөлдеп, мұзды ерітіп отыр­ғанда, жалғыз көзді құртқа шатырды өткір тырнағымен тіліп, бүкіл затымды сыртқа сүйреп, оларды қаздай тізіп, үрмелі көпшігімді алып қашып кетті.

Үш қошқар өгізді көзінен екі елі ұзатпай ұстап тұрған қасқыр үйірі. Салмағы 300 келідей шөпқоректіні жығу үшін үйір алдымен бірігуді үйренуі керек. Қошқар өгіз –­ бірге қорғанатын, аздаған жемтіктің бірі. Қасқырлар табын қорғанынан біреуін бөліп алып кетудің мүмкіндігін қарастыруда.

Ақыр аяғында, қасқырлар жантайып, бөлтіріктері де бейберекет бір-бірінің үстіне жата кетті. Түлкілер мен қарғалар үнсіз. Жыл құстары оңтүстікке бет алып барады. Жазда түлеп, жаңа орған шөп иісі шыққан қошқар өгіздің жүндері жел әкетіп жатты. Айналада шіріп, жерге шөккен қошқар өгіз бен қасқырдың өзге жемтігінің сүйектері шашылып, қынадан сарғайып жатыр. Өзімді бос үйдің бөлмелерін кезген қылмыскердей сезіндім.

Бірнеше сағат өткен соң, үйір оянып, әдеттегідей, түскі көз шырымын алғаннан кейін құйрықтарын шошаңдатып, толассыз бет жаласуға кірісті. Жер түбіндегі махаббат осылай бірнеше уақытқа созылды, ересектері төрт бөлтірігін жаныма тастап, беттерін аң аулау бағытына қарай бұрды. Бұл маған да, оларға да ыңғайсыздық тудырды. Бұл артқан сенім емес, немқұрайлылыққа көбірек ұқсады. Мен олжа да, төнер қауіп те емес, екеуіне де жатпайтын үшіншісі едім, ересек қасқырлар осыны түсінді.

Жас қошқар өгіз жер жастанбас бұрын 20 минут бойы қасқыр­лардан өзін қорғап бақты. Жалғызкөз (сол жақтан шеткі) жемтіктің тұмсығына жармасып тұрғанда өзгелері артқы жақтан шауып жатты. Кейде жемтігі жан тапсырмай жатып, қасқырлар жей бастайтыны бар.

Ересек қасқырдың бірі көзден таса болған күні, бөлтіріктер бой көтеріп, артынан іздеуге бел буды. Мен арттарынан ердім, көп ұзамай бесеуміз де адас­тық. Біз бір сағаттай тентіреп жүргеннен кейін бөлтіріктер белгісіз қырқа бойына шығып алып, ұли бастады, кішкене дауыс­тары жартас арасынан естіліп жатты. Үйірдің қыстан қыстан дін аман шығып, бөлтіріктердің аңға шығып үйренгеніне менің еш шүбәм жоқ.

 

Автор: Нэйл Шэй, фото: Ронан Донован

Тұщы су тынысы

$
0
0
ТЕЛЛИКО ӨЗЕНІ, ТЕННЕССИ ШТАТЫ
Хэллбендер саламандрасы су жыланына көп әуес емес, көбіне ол ұсақтау жемтіктерді таңдайды. Фотограф Дэвид Херасимчук мына ерекше кадрды штаттың шығыс бөлігінде түсірген.

Өзен, жылға мен көл астындағы жойылу қаупі төнген әлем…


 

Жердегі судың үш пайызға жетпейтін мөлшері ғана тұщы, десе де осы бассейндерде барлық балық түрінің жартысына жуығы мекендейді.

ДЕШУТ ӨЗЕНІ, ОРЕГОН
Суды ауылшаруашылыққа бұру Каскад тау жоталарындағы Орегон дақты бақасының тіршілік ортасын тас талқан етті

Дэвид Херасимчуктің мұз қатпайтындай суда 10 сағатқа дейін жүре беретін кездері көп. Ол сүңгуір костюмін киіп алып, камерасын құшақтап, суда қалықтап күтумен көп уақытын өткізеді. Соншалық сабырына қарап оның асыққанын байқау қиын. «Мына тіршілік иелерінің көбі миллиондаған жылдардан бері бар, – дейді ол, – тек соңғы жүз жылда ғана олар жойыла бастады».

МАГЛОУЭЙ ӨЗЕНІ, МЭН
Бақтақ аталықтары уылдырық шашуда басымдыққа ие болу үшін бір-бірімен долдана шайқасуда
СМИТ КРИК, ТЕННЕССИ
Теннесси тортасы сияқты талма балықтар жұптасуға дайындалғанда күміс түстен жарық ашық бояуға өзгереді

Херасимчук Freshwaters Illustrated коммерциялық емес табиғат қорғау ұйымында фотограф әрі оператор болып істейді. Аталған ұйым үшін ол әлемдегі өзен-көл атаулының жойылу қаупі төнген жабайы табиғатын түсіреді. Ғалымдар тұщы суда тіршілік ететін балық түрлерінің кемінде 20 пайызына жойылу қаупі төнген не мүлде жойылып кетті деген баға береді. Өйткені су бөгеттері олардың көшу жолдарын жауып, сарқынды судан ластанған әрі температурасы жоғарырақ тіршілік орталары оларға жат болып келеді.

УИЛЛАМЕТТ ӨЗЕНІ, ОРЕГОН
Тынық мұхит миногасы сарқырамамен жоғары жүзіп барып, тастарға жабысып қала алады
УИЛЛАМЕТТ ӨЗЕНІ
Ересек қатпар терілі тритон жұптасу үшін орманнан батпаққа көшеді.

Олардың жойылуының адамға әсері жоқ емес. Ауызсу алатын тұщы су бассейндері экожүйенің саулығына тәуелді. Қосжарнақтылар мен батпақ өсімдіктері ластаушы заттарды сорып-сіңіріп алады. Ал кей жануарлар су сапасын түсіретін детриттерді тұтынады. Олардың ареалына әсер ететін ластаушы заттар аталған жануарларды жойып жіберуге жеткілікті. Олар адамнан үріккіш келеді, сондықтан Херасимчуктің сабыры үнемі жемісті бола бермейді. «Мына тіршіліктің бәрі жойылып барады», – дейді жан-жануардың жойылу процесіне қарсы жарысып жүргенін есінен еш шығармайтын ғалым.

Херасимчук тұщы су бассейндерін түсіреді, мәселен, мынау биоәлемге бай Теллико өзені.

Авторы: Мелисса Суран, фото: Дэвид Херасимчук

Жирафтар

$
0
0

Африкада осы алып жануарларға төнген қауіп арта түсті. Мекенін ауыстыру кейбірін сақтап қалуға көмектескенімен, бұл амал жаңа қатерлерге жол ашып отыр.

Техастағы таксидермия дүкенінде сатуға қойылған «трофей жираф». Жираф формасындағы стиролдық пенопласт қатқанға дейін картон таспа мен түйреуіштер теріні қозғалтпай ұстап тұрады. Бұл алыптардың саны 30 жыл ішінде 40 пайызға кеміп, тұмса табиғатта олардың шамамен 110 мың басы қалған.

Ветеринар Пит Моркел өзінің еңбек ғұмырында Африканың барлық ірі сүтқоректілері – арыс­тан, орман пілі, ақ мүйізтұмсық, жирафпен де жұмыс істеп көрді. Соның ішіндегі соңғысы күйзеліске бейім екенін анықтаған. Басқа аңдарды қозғалыссыз күйге түсіруге анестетикалық дәрінің қалыпты мөлшері жеткілікті болса, ал жирафты ұйықтату үшін шамадан тыс дәрі қолдануға тура келеді. Нигердің бұталы алқаптарының бірінде ел астанасы Ниамейден шығысқа қарай шамамен 100 шақырым жерде екі жасар ұрғашы жирафты аңдып жүрген кезімізде 59 жасар ветеринардың маған айтқаны осы болды.

Моркел дротикті қаруына морфиннен 6000 есе қуатты апиын – эторфин дозасын оқтады. Дәрі жирафтың терісіне қадалғаннан кейін Моркел мен оның командасының құзырында санаулы минут қана бар. Осы уақыт ішінде олар жануар құлаған бойда оның мойнына антидот салып үлгеруі керек. Егер ол Нигер елі арқылы мекенін ауыс­тыру үшін 800 шақырым жолдан аман шықса, әлемдегі ең сирек сүтқоректілердің бірінің жаңа популяциясын бастайтын сегіз «Адам ата мен Хауа аның» біріне айналмақшы.

Жетім қалған жираф Кенияның солтүстігіндегі Сарара лагерінде күтушісін иіскеп тұр. Самбуру бақташылары жалғыз қалған жираф төлін тауып алғаннан кейін, оларды асырап, кейін табиғатқа қайта жіберумен аты шыққан Сарара орталығына хабарлаған. Қазір мына жас жираф жабайы үйірге қосылған.

Біз бір апта бойы артынан ілесіп жүрген жирафтар 1980-ші жылдардың соңында құрғақшылық пен соғыс кесірінен көршілес Малиден Африканың батысындағы Нигерге ауған

50 шақты алыптың ұрпақтары б.т. Олар оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа қарай көшіп, Нигер өзені бойымен Сахель аймағын кешіп өтіп, Ниамейді айнала ақыр соңында құрғақ та, шаңды үстірттегі Куре мекеніне барып қоныс тепті.

«Мойны мен мүйізіне қарап оны сайтан екен деп қалдық. Аң патшасы сияқты қауіпті аңдар бар екенін еститінмін, бірақ жираф туралы ешкім айтпаған-тұғын. Бойымызды үрей биледі. Тіпті, сиырларымыз да үркіп кетті», – дейді ондаған жыл бұрын сол жирафтардың бірімен бетпе-бет келген сәтті еске алған, 76 жастағы Амадоу Хама есімді бақташы.

Жаңадан келген сол алып қонақтар өткен ғасырдың соңында Сенегалдан Нигерия­­ға дейін жағалау аймақтарда, Батыс Африканы түгел қамтыған тіршілік ортасын мекен еткен ақ жирафтардың ірі популяциясынан аман қалған соңғы тұяқтар еді.

2016 жылы бір топ ғалым жирафтар жөнінде ортақ пікірге тоқтаған. Оған дейін жирафтардың бәрі бір ғана Giraffa camelopardalis деген түрге жатады деген ортақ пікір бар еді. Алайда бүгінгі күні генетикалық талдау жирафтардың төрт анық түрі бар екенін көрсетіп отыр. Сол төрт түрдің өзі бес қосалқы түрге бөлінеді, солардың ішінде сирек кездесетін батыс-африкалық Giraffa camelopardalis peralta да бар. Осы бозғылт, теңбіл жирафтарды қазір тек Нигердегі Куре аймағынан таба аласыз. Осы таксономия­­ға сүйенсек, екі қосалқы түрінен басқаларын «осал», «жойылу қаупі төнген», «жойылуға шақ қалған» категорияларына жатқызуға болады және Африка бойынша олардың популяциясы өткен отыз жылда шамамен 40 пайызға азайып, әлемде 110 мыңдайы ғана қалған.

Кенияның астанасының орталығынан 6 км жердегі Найроби ұлттық паркінде жайылып жүрген бір топ жираф. Ауданы 117 км2 паркте сүтқоректілердің жүзден астам түрі бар. Алайда астананың кеңеюі оларға қауіп төндіріп отыр.

Жирафтарды сақтау қорының (ЖСҚ) қосалқы директоры Джулиан Феннесми мұны «үнсіз жойылу» деп атайды, өйткені адамдардың көбі жирафтар тұмса табиғатта өріп жүр деп ойлайды.

Іс жүзінде Африканың кей бөліктерінде олардың жағдайы жаман емес. Оңтүстік Африка мен Намибиядағы жеке ойын-сауық фермаларында жабайы аңдардың саны артқаны байқалуда. Мұнда жирафтарды аулау заңды және олардың популяциясы соңғы онжылдықта екі есе өскен. Алайда Африка шығысындағы жирафтардың тор көзді және масай түрлерінің жағдайы мүшкіл. «Кенияның оңтүстігінде бұл алыптың түбіне қоршау­лар жететіндей. Бұл, тіпті браконьерліктен де зор зардап тигізіп отырған фактор. Жирафтар қоршаудан секіріп өте алмағандықтан бұл олардың өрісін тарылтады», – дейді ЖСҚ-ның Шығыс Африкадағы үйлестірушісі Артур Муенза. Халық санының артуы, малға жайылым жерлердің жетіспеуі және климат өзгерісі малшылар мен фермерлерді жабайы табиғат пен жирафтардың тіршілік ортасына қарай «қол сұғуына» мәжбүрлеп отыр. Ал бұл уақытта көбіне Угандада кездесетін нубалық жирафтар өткен отыз жылда 97 пайызға дейін азайып, әлемнің ең жоғары деңгейде жойылу алдында тұрған сүтқоректілер категориясына кіруіне себеп болып отыр.

Нигер жирафтарының да саны көп емес, десек те 1996 жылғы 49 бастан, батыс – 600-ге дейін көбейген. Олардың популяциясының қалпына келуі құрлықтағы табиғат сақтау талпыныстарының ең табысты үлгілерінің бірі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адами әлеуеттің даму индексі бойынша 189 ел ішінде Нигер ең соңғы орында тұр. Тұмса табиғатты қорғау мұнда бұрыннан негізгі мәселе болып табылмайды. 1996 жылы мемлекеттік төңкерістен кейін Нигердің жаңа президенті көршілес Нигерия мен Буркина-Фасоның президенттеріне сыйға тарту мақсатымен жабайы жануарлардың бір тобын аулау үшін орманға әскер жібереді. Осы операция кезінде қолға түскен ешбір жираф тірі қалмаған және Батыс Африкадағы жирафтар популяция­сының үштен бірі бөлігі жойылып кетті.

Жағдайдың ушығуынан 2011 жылы Нигерде жирафтарды қорғау мақсатымен Африкадағы тұңғыш тұмса табиғатты қорғауға арналған ұлттық стратегия қабылданды. Үкіметтің браконьерлікке толықтай шектеу қоюы және аймақта қандай да бір табиғи жыртқыштардың болмауы Куредегі жирафтар санының артуына  мүмкіндік беріп отыр. Олардың популяциясы жылына 11 пайыздан астам жылдамдықпен күрт артуына байланысты шаруалармен қақтығыс алыста еместей көрінген. Нигер жирафтарын ары қарай көбейтіп, дені сау төл дүниеге келу үшін жаңа мекенде екінші жасанды популяция қалыптастыру қажет.

Бұрынырақта Канаре ауылына жергілікті көсемдерімен тілдесуге барған кезімде Хамадоу Якуба былай дегені бар: «Бұл жақтағылар жирафтарға үй жа­­нуары сияқты қарайды. Құдай жирафтарды мұнда әкелді, сондықтан біз олармен бірге өмір сүреміз».

Табиғат жанашыры Иван Картер дәрінің күші әсер ете бастаған кезде оқ-дәрі енгізілген жирафқа жармасты. Осы және тағы басқа 17 жираф Уганданың солтүстігіндегі Мурчисон-Фолс ұлттық паркінен Ніл арқылы парктің оңтүстік шетіне көшірілді. Солтүстікте браконьерлік, жаңа бөгеттер және жолдардың салынуы оларға өміріне қауіп төндіруде.

Канаре жираф туризмі мен халық­аралық табиғат жанашырлары құрған жергілікті даму қорынан пайда көргені шамалы. Бірақ бүйірдегі Боко Харам мен Аль-Каида әрекеттері кесірінен туризм саласы кібіртіктеп тұр.

Өткен онжылдықта Африкада жабайы табиғат айтарлықтай түлеп келеді. Табиғат жанашырлары Чадтың қылышмүйіз антилопасы сияқты көптен көзге түспей кеткен аң-құстарды байырғы тіршілік ареалына кері қайтарып жатыр. Соңғы екі жылда ЖСҚ тағы үш мәрте жирафтарды көшіру операциясын орындады. Оның екеуі Уганданың Мерчисон Фолс ұлттық паркі ішінде жүзеге асты.

Нигерде елдің потенциалды тіршілік мекенін бағалау нәтижесінде батыс-африкалық жирафтарды орналастырудың ең қауіпсіз паркі анықталды. Бұл – ел аумағының ортасында орналасып, биосфералық қорық ретінде бекітілген, ауданы бір млн гектар, адамдар тұрмайтын Гадабеджи аймағы. Мұнда құзғын мен қарақұйрық көп және елу жыл бұрын осы ұзын мойынды алыптардың ата-бабасы осы жақта мекендеген.

Жирафтарды көшіруге сынмен қарайтындар да жоқ емес. «Ұзын мойындыларға қазіргі мекендерінде қауіп төніп тұрған болса, онда неге олардың саны өсуде?» – дейді 1990-шы жылдардың ортасында Куредегі жергілікті табиғат сақтау жобаларына атсалысқан этолог Изабель Сиофоло. – Мүмкіндігінше тіршілік ортасын таңдауды жирафтардың өзіне қалдырған дұрыс».

Нигерде елдің потенциалды тіршілік мекенін бағалау нәтижесінде батыс-африкалық жирафтарды орналастырудың ең қауіпсіз паркі анықталды. Бұл – ел аумағының ортасында орналасып, биосфералық қорық ретінде бекітілген, ауданы бір млн гектар, адамдар тұрмайтын Гадабеджи аймағы. Мұнда құзғын мен қарақұйрық көп және елу жыл бұрын осы ұзын мойынды алыптардың ата-бабасы осы жақта мекендеген.
Жирафтарды көшіруге сынмен қарайтындар да жоқ емес. «Ұзын мойындыларға қазіргі мекендерінде қауіп төніп тұрған болса, онда неге олардың саны өсуде?» – дейді 1990-шы жылдардың ортасында Куредегі жергілікті табиғат сақтау жобаларына атсалысқан этолог Изабель Сиофоло. – Мүмкіндігінше тіршілік ортасын таңдауды жирафтардың өзіне қалдырған дұрыс».

Гадабеджи био­сфералық резерваты

Жирафтың біріне жақындап келіп, Моркел өз-өзімен: «Ерке қыз», – деп күбірлеп қояды. Оның шамалауынша бұл жираф 700 келідей тартады, сөйтіп, ол 30 метрден ату үшін мылтығының қысымын 12 барға келтіріп, сақтандыр­ғыштан шығарды. Сағат түскі бір, ауа температурасы +38°С.

«Жирафқа бірден жүріп барғанды бастан кешіп көрмеппін. Әдетте, оларды пикапта отырып, алыстан атамыз», – дейді Моркел. Олар егіса алқаптары болсын, далада болсын кез келген жерде жайылып жүре береді. Түнде олар жергілікті тұрғындардың дән қоймаларының қабырғаларынан бастарын асырып, малға деп алып қойған бұршақ жапырағы, манго немесе асқабақты да жеп қоятын кездері болады. Әйтеу­­ір, түсініксіз бір себеппен олар жергілікті халық үшін негізгі ас болып табылатын тарыны ұнатпайды.

Моркел шүріппені басып жіберді. Оқ ұзын сирақтының сол жақ иығына қадалды. Бірақ дәрі ұзақ уақыттан кейін барып қана әсер етеді.

Жабайы жирафтарды ұйықтату салыстыр­малы түрде алғанда жаңа тәжірибе және тәуекелі жоғары. Апиынның дозасы өлімшіл болса, жануардың демі үзіліп кетуі мүмкін. Басымен құлап, бассүйегі шытынауы не ұзын арқасын, болмаса жіңішке аяқтарын сындырып алуы да ғажап емес. Ол жартылай қорытқан асын құсып, оны өкпесіне сорып алуы да мүмкін. Бұл пневмонияға апарады. Сондай-ақ жанып тұрған құмда жатып, денесі шамадан тыс қызып кететін жағдайлар да болып тұрады.

Жабайы табиғатты қорғау ұйымының қызметкерлері Кения­ның Амбосели аймағында өлген жирафты браконьер қақпанынан шығаруда. Бір ғана жираф 300 келіге дейін таза ет береді. Кейбірін әлдебір елдерде мәртебе символы ретінде саналатын құйрығы үшін ғана өлтіреді.

«Анатомиясы ерекше болғандықтан бұл алыптармен жұмыс істеу оңай емес», – дейді Моркел.

Осы мақұлықтың анатомиясындағы бүкіл нәрсе шырқау шегіне дейін тартылып тасталғандай көрінеді: оның атақты мойны, сонымен бірге ерекше ұзын кірпігі, аяғы (кез келген жануардан ұзын келеді), көзі (құрлықтағы сүтқоректілер ішіндегі ең үлкені), созылған бассүйегі мен аузынан жарты метрге дейін созылып шығатын қызылкүрең-қара тұтқыр тілі. Тіпті, жүрегінің өзі ұзындығы 60 сантиметрден асып, жүрек қарыншаларының қалыңдығы жеті сантиметрге дейін жетеді. Құрлықтағы сүтқоректілер ішінде жоғары қарай тік тамырмен қан айдайтын осындай жүрек басқа ешкімде жоқ.

Жануарлар арасында қан қысымы ең жоғары тіршілік иесі де жираф әрі ол әлдебір әдіспен талып қалмай бес метр биіктіктен басын жерге дейін жылдам түсіре алады. Олардың жатып-тұруы соншалықты қиын болғандықтан және жердегі қауіпке тым осал келетіндіктен жираф бірнеше минут қана ұйықтайды. Олар бір аптаға дейін сусыз жүре алады. ЖСҚ-да істейтін Феннесси Намибияның шөлдерінде жирафтарды бақылап жүріп, аяғын талтайтып тұрып су ішкенін бес жыл жүріп әрең көрген.

Шындығында, жирафтың мойны неліктен осыншалық ұзын екенін білмейміз. Эволюционер биолог Никос Соулоуниастың айтуынша, жираф Үндістан субконтинентінде бірте-бірте дамып, сегіз миллион жылдай бұрын Азиядан Африкаға қоныс аударған. Оның ең жақын туысы окапи Конго Демократиялық Республикасының экваторлық жаңбырлы ормандарында тіршілік етеді. Оған өз бауырының ұзын мойны жетіспейтіні бірден көзге ұрады.

Жираф табиғи топиарист. Олар жапырақтары төбесіне қарай өсетін құмсағат пішіндес акацияны мұнарадай мойны мен созылған тілі жеткен жеріне дейін жейді. Бірақ кей зерттеушілер жираф мойнының ұзындығы, іс жүзінде, жыныс­тық сұрыпталу функциясын атқарады деп есептейді. Ол ағаштың төбесін «ою» үшін емес, еркектерінің ұрғашылары үшін таласып, «шайқасқа» түсу үшін керек. Жуан әрі ұзын мойны мен қалың бассүйек бір-бірін аямай, бар күшімен ұрып, кім мықтыны анықтау үшін қажет. Жирафтың ұзын мойны жануарға жыртқышты байқастау үшін эволюциялануы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Жирафтың мүлгіген тыныштығы, күмәнсіз, оның ұзын мойнымен байланысты. Жирафтар ешқашан дыбыс шығармайды және бір-бірімен адам құлағына естілетін дыбыспен тілдеспейді. Бөлініп-бірігіп тұратын қоғамда тіршілік ететін сүтқоректі екенін ескерсек, олардың үнсіздігі тіптен түсініксіз. Араласқан қоғамда тіршілік ететін басқа аң-құс, айталық, пілдер мен шимпанзелер ауыздары жабылмастан араласады. Осыдан келіп, кей зерттеушілер жирафтар бір-бірімен байланыс құруда алыс қашықтықтардан төменгі жиіліктегі инфрадыбысты қолданады деген тұжырым ұсынды (пілдердің төменгі жиіліктегі дыбыспен мыңқылдағанындай), алайда осы уақытқа дейін белгілі болған бүкіл дәлел-дәйек қарама-қайшылықтарға толы.

Кениялық тұмса табиғат сарапшылары Лойсаба қорығында ұйықтатылған жирафқа жақындап келеді. Олар жирафтың оссикондарының (басындағы сүйекті томпақ) біріне GPS құрылғысын орнатады. Осылайша ғалымдар оларды бақылап отырмақ. Қаншалықты кеңістік керек екенін жақсырақ түсіну үшін Африканың басты бөліктерінде 250 жирафты қадағалау жоспары құрылған.

Екі минут тыныш тұрғаннан кейін Моркел атқан жираф өзін біртүрлі сезініп тұрғанын түсіне бастағандай. Кенет ол топтан сытылып шығып, оның ұзын сирақтары баяулатылған темпте қалқып бара жатқандай көрінді.

Көлігіміз 30 км/сағат жылдамдықпен бұталар арасымен теңселе оның артынан қуып келеді. Ақыры оның жолын кесу үшін алдынан атып шыға келдік. Көліктегі төрт адам секіріп түсіп, жануардың жолын бөгеу үшін арқан керді. Қайта шауып, ол арқанға ұрынған кезде, жергілікті бас зерттеушіміз Абдуль Разак Муса Забериу қатты соққыдан ұшып кетті. Жираф жерге құлады.

Моркел құлаған жануардың төбесіне атып шығып, басынан сәл төмен тұсынан антидот толы инені көктамырға қадады. Екі рейнджер жирафты ұстап тұру үшін оның мойнының төменгі жағына мініп алған. Жираф есін жиғанша екі минут бар, сондықтан команда оның құлағын шүберекпен бітеп, көзін байлауға асықты.

Ветеринарлар мен рейнджерлер тобы қан сынамасын алып, Е дәрумені, антибиотик пен қабынуға қарсы дәріні шаншуды ұмытпады. Олар жирафтың температурасын тексеріп, басқа да өлшемдерін алып, кейінірек ДНҚ тексерісі үшін құлағының ұшын кесіп алды.

Жұмысшылар батыс-афри­калық жирафты арбаға тиеп жатыр. Кейіннен ол Нигердің солтүстік-шығысындағы Гадабеджи био­сфералық резерватына қарай 800 шақырым сапар шегетін болады: ол саны 600 шамасындағы осы қосалқы түрдің жаңа популяциясын өсіруге үлесін қосады.

Олар жирафтың кеуде тұсынан байлаған арқанды босатуы сол еді, ол оянып, құтырған аңдай тебіне бастады. Моркел оның артынан шапалақпен періп жіберіп еді, соқыр-керең жираф көлікке байланған арқан жетегіне ілесе жөнелді. Осылай ол үлкен қораға әкелінеді.

Үш аптада қорада өмір сүруге бейімделген соң Гадабеджиге көшірілетін жирафтар тасымалдауға дайын болады. Жексенбі күні шамамен таңғы сағат 11-де алғашқы төрт жираф ақ түске боялып, төбесі кесілген алты метрлік контейнерге қамалады. Тұрған күйінде тасымалданатындықтан олардың астына ылғалды құм төселіп, аш қалмас үшін контейнер қапталдарына жапырақ бекітетін діңгекшелер орнатылған. Тасымал кезінде алыптардың стреске түспеуі өте маңызды.

Оларды электр сымдарына ілініп қалмауды қадағалайтын жол бастаушы көлікке ілескен жүк көлігі Гадабеджиге қарай сағатына 15 шақырым жылдамдықпен ілби қозғалып, 800 шақырымдай сапар кешеді.

Чад Республикасының Закума ұлттық паркінде кордофандық жирафтар мойын тіресіп тұр. Бұл айқасу алдындағы жанасу ма әлде үнсіз жануарлар арасындағы қарым-қатынас құрудың өзгеше бір түрі ма – белгісіз. Закума бұл сүтқоректілер үшін салыстырмалы түрде қауіпсіз жұмақ деуге болады. Планетадағы бүкіл популяциясының тең жартысы осында тіршілік етеді.

Африкалық ақ қараған ағаштары астына күніне екі рет қана қоректендіру және команданың үш сағат мызғып алуы үшін аялдаумен жүрген жолға шыққанымызға қырық жеті сағат өткеннен кейін ақыры Гадабеджиге келіп жеттік. Ол жерде бізді туарег көсемі қарсы алды. Керуен алдынан балалар жүгіріп шықты. Олар біздің келетінімізді естіп, ұзақ күткен екен.

«Жирафтар үшін бұл керемет жер», – дейді Моркел маған күлімдей. Контейнердің бортынан бастарын сыртқа шығарып тұрған жирафтар таза кеңістік пен жеуге болатын қараған ағаштарына көз салады.

AK-47 автоматтарын асынған туарег сақшылары күзетте, ал контейнерлердің есіктері ашық. Бұл бастауыш популяцияның бірінші тобы ғана. Келесі жылы оларға тағы басқа жануарлар қосылмақшы.

Екі минуттан кейін бірінші жираф басын алға шығарып, сақтана жүгіріп шықты. Артынан басқалары да ілесті. Төртеуі бұрылып, көкжиектегі қарағанға қарай ілби басып барады. Олар бір-біреуден сап түзеп, әрмен қарай не істерін білмегендей ауық-ауық артқа қарап қояды. Осылай жылжыған жирафтар бір кезде көзден ғайып болды.

Кениялық оқушы мектебіне
Twiga Walinzi, яғни «Жираф сақшылары» келген кезде жираф маскасын киіп шықты. Аталған топ жұмысы­ның бір бағыты келешекте осы мақұлықты қорғайтын ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен байланысты.

Автор: Джошуа Фоер, фото: Эми Витейл

Viewing all 146 articles
Browse latest View live